Кеген, Нарынқол, Балқаш сынды шалғай аудандарды қоспағанда, берісі республикалық, арысы халықаралық маңызға ие күре жолдардың арасында да жөндеу жұмыстары сағыздай созылып, жүргізушілерді зар илетіп, жолаушыларды әбден түңілдірген жол бөліктері кездеседі. Соның бірі – қазіргі облыс орталығы Қонаев қаласы мен бұрынғы Күрті ауданының орталығы Ақшиді жалғастырып, одан әрі Балқаш пен Қарағанды қалаларына жеткізетін, Астанаға апаратын күре жол.
Осы аса маңызды күре жолдың «Күрті – Бурылбайтал» деген бөлігіндегі жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанына жеті жылдан асты. «Қонаев – Күрті» бөлігінің жұмысы да жылдарға жалғасып, бітіп болмады. Осы жылдар аралығында Алматы облысы екіге бөлініп те кетті. Жолдардың жыры әлі таусылған жоқ.
Кейінгі жылдары экономиканың күретамыры саналатын жолдардың сапасына мемлекеттік тұрғыда баса назар аударылып, жолдар салу мен бұрыннан барларын жөндеуге талаптар барынша күшейтілді. Ел Президентінің өзі осынау елдік маңызы бар мәселеге айрықша көңіл бөліп, мемлекет дамуына қатысты алқалы жиындарда жиі қозғап, нақты міндеттер жүктеп келеді. Осыған орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет еліміздегі жол салу және жөндеу саласын қатаң бақылауға алып, өз міндеттері ауқымында аталған саладағы жемқорлық тәуекелдеріне тұрақты түрде сыртқы талдаулар жүргізуде.
Жол құрылысының сапасына ашық және тұрақты бақылауды қамтамасыз ету үшін мониторингтік жұмыс тобы құрылыпты. Жұмыс тобына жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «ҚазАвтоЖол» филиалдары, жол активтері сапасының ұлттық орталығы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер енгізілген. Осындай топ Алматы облысы бойынша да жұмыс жүргізуде. Жақында арнайы топ Алматы – Астана автотрассасына арнайы шығып, осы күре жолдың жұрт көңілін алаңдатып отырған «Қонаев – Күрті», «Күрті – Бурылбайтал» бөліктеріндегі жөндеу жұмыстарының барысына назар салды. Шамалған айналма жолына да көңіл аударды. Аталған жол нысандарында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары биыл немесе келер жылы толық бітіп, пайдалануға берілуге тиісті. Жобалардың құны шамамен 25-46 млрд теңге аралығанда деп бағаланған. Нысандардағы жұмыстарға мердігер ұйымдардың 775 қызметкері және 314 техникасы жұмылдырылыпты.
Жұмыс тобы мониторинг барысында бас мердігерлермен бірлесе отырып, жүргізіліп жатқан және алдағы кезде жалғасатын жұмыстардың және қолданылып жатқан материалдардың сапасын, сондай-ақ олардың сметалық құжаттамаға сәйкестігін мұқият тексерді.
Бұған дейін «Күрті – Бурылбайтал» нысанында 1,7 млрд теңгенің (жалпы құны 29,9 млрд теңге) сапасыз орындалған жұмыстары анықталған. Өкінішке қарай, жұмыс сапасының нашарлығына қарамастан, шала-шарпы атқарылған істер бойынша төлем толық көлемде жүргізіліпті. Дегенмен нысанды тапсыру мерзімі әлі келмегендіктен, кемшіліктерді жөндеуге мүмкіндік бар. Алдын ала жасалған мөлшерлемелерден кеткен ауытқулардың кесірінен автожолдың есептік пайдалану мерзімі және келесі орташа немесе күрделі жөндеуге қоюға дейінгі уақыт кезеңі айтарлықтай қысқарады. Осыған байланысты Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті тапсырыс берушіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпараттық хат жолдап, онда көрсетілгендер орындалды. Жұмыс тобы бизнес субъектілерінің қызметіне араласпау туралы заң талаптарын сақтай отырып, жол құрылысы нысандарына мониторинг жүргізуді алдағы кезде де жалғастыра бермек.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы