Өз кезегінде, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (АРРФР) басшысы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанның қаржы секторы 29 негізгі Базель қағидатының 22-сіне толық, қалған 7-еуіне ішінара сәйкес келетінін жеткізді. Дегенмен агенттік FSAP бағдарламасының Ұлттық үйлестірушісі ретінде кемшіліктерді жоюға кіріскенін хабарлады.
Дүниежүзілік банк есебі еліміздің қазіргі экономикалық даму моделіне қысқаша баға берумен басталады.
«Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық перспективасы экономиканы әртараптандыруға тікелей байланысты. Қазіргі табиғи ресурстарға және мемлекеттік басқаруға негізделген даму моделі өз шегіне жетті. Нәтижесінде, Қазақстан үшін «орташа табыс қақпанында» қалу қаупі басым», – делінген баяндамада.
Мамандардың пікірінше, «орташа табыс қақпаны» ел экономикасының өсімі баяулап, жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша орташа табыс деңгейіне жетіп тоқтап қалған кезде пайда болады. Дамушы елдер жалақы мөлшері көтеріліп, баға бойынша бәсекелестік төмендегенде осындай мәселемен бетпе-бет келеді. Өйткені олар экономикасы дамыған, инновациясы мен өнімділігі жоғары елдермен иық тіресе алмайды. Экономикасы төмен, орташа жалақы мөлшері аз әрі өнеркәсіптік тауар өндірісі арзан елдермен бәсекелесе алмайды.
Halyk Finance басқарма басшысының кеңесшісі, экономист Мұрат Темірханов өз зерттеуінде «Қазақстан экономиканы әртараптандырып, өнімділікті арттырғандықтан емес, керісінше, табиғи ресурстардың арқасында табысы орташа елдердің қатарына енген» деген пікірімен бөліседі.
«Әзірге Ұлттық қорда жинақталған мұнай қаражаты Қазақстанның экономикалық даму моделіндегі кемшіліктердің бетін бүркемелеуге жеткілікті. Ұлттық қор қаражатын орнымен қолданбау экономиканың тиімділігі мен өнімділігін төмендететін негізгі проблемалардың шешілмеуіне себепкер болып отыр», – дейді ол.
Ал ХВҚ Қазақстаннан мұнай экспорты 2030 жылға қарай 17%-ға қысқаруы мүмкін екенін атап өтті. Бұл елдің ЖІӨ-нің нақты өсуінің 5,5%-ға төмендеуіне әкелуі мүмкін және валюта бағамы мен инфляцияға айтарлықтай әсер етуі мүмкін. ЖІӨ өсімі 7,7%-ға төмендеуі ықтимал.
Ел билігі 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына ену туралы өршіл мақсат қойып отыр. Бірақ мамандар ол үшін экономикалық өсімге жол ашатын жаңа құрылымдық реформалар қажеттігін алға тартуда. Осы тұрғыда ДБ елдегі бәскелестік пен адами капитал деңгейін арттырып, мемлекеттік сектор мен мекемелердің жұмысын қайта қарауға кеңес береді. Сондай-ақ мемлекеттік институтты күшейтіп, экономикадағы мемлекет рөлін бәсеңдету қажет деп санайды.
Маусым айында М.Әбілқасымова Қаржы нарығын бағалау қорытындысы бойынша 77 іс-шараны қамтитын Жол картасы құрылғанын, оның 30-ы заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді талап ететінін айтқан еді. Агенттік басшысы оларды 2024-2025 жылдары іске асыру жоспарланып отырғанын айтты. Ал алдағы уақытта FSAP нәтижелері бойынша жетілдіруді қажет ететін жеті ұсыныс мынадай:
• Операциялық тәуелсіздік пен ресурстық нығайтуды қамтамасыз ету;
• Барлық банк конгломераттарын қадағалауды жүзеге асыру;
• Ақпарат беру;
• Капиталдың жеткіліктілігі мен өтімділігін қамтамасыз ету;
• Несиелік тәуекелдерді есепке алу;
• Тәуекелдерді басқару.
Мәдина Әбілқасымова бірінші пунктте агенттікті бюджеттік және ресурстық нығайту, сондай-ақ операциялық тәуелсіздікті, қадағалауға жауапты агенттік қызметкерлерін құқықтық қорғауды арттыру ұсынылғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кемшіліктер агенттіктің 2019 жылы Ұлттық банктен бөлінуіне байланысты туындағанын түсіндірді. 2023 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жарлыққа қол қойғаннан кейін агенттік тәуелсіздігі күшейе түскен. Сонымен қатар қазір қадағалау саласында ішкі жасанды интеллектіні автоматтандыруды арттыру бойынша жаңа стратегия әзірленіп жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ қаржылық тұрақтылықты бағалау кезінде ішінара сәйкессіздік анықталған. Яғни, екінші қағида бойынша қаржылық конгломераттарды бір ортадан қадағалау әлсіз. Агенттік басшысының мәлімдеуінше, бүгінде қажетті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу аяқталған.
«2024 жылдың бірінші жартыжылдығында талқылау және дауыс беру өткізілді. Агенттік жыл соңына дейін қажетті нормаларды бекітеді және агенттік қаржы секторын шоғырландырылған қадағалауға көшеді деп күтілуде», – деді ол.
Қадағалаудың жөні бір бөлек. Дегенмен ДБ есебінде көрсетілген негізгі жеті қағиданың соңғы пункттерінде экономиканы ілгерілетуге сеп болатын негізгі факторлар сөз болған. Мысалы, елдегі экономикалық өзгерістердің негізгі көзіне айналу үшін Қазақстанның қаржы нарығын әртараптандыру және тереңдету қажеттігіне назар аударады. Өйткені әртараптандырылған, тұрақты әрі икемді экономикалық модельге сәйкес қаржылық ресурстар ауқымды әрі тиімді жолмен бөлінуі қажет. Ал қазақстандық қаржы секторы елдің ЖІӨ көлеміне шаққанда әлі де аз. Бұл экономиканың осы секторында қаржылық қызметтің саны мен сапасын арттыру үшін айтарлықтай мүмкіндіктер бар екенін білдіреді. Қазақстанда қаржылық тұрақтылықты сақтай отырып, саланың дамуына дем беру сектордағы мемлекет рөлін азайтуға бағытталған реформаларға тікелей байланысты.
Қазіргі кезде мемлекеттің қаржы секторына қатысы күшейіп барады. Оны қаржылық мекемелерді басқару және несиеге субсидия беру секілді соңғы кезде ерекше күш алып келе жатқан үрдістен байқауға болады. Бұл нарықтың өз бетінше дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан алдағы уақытта мемлекеттің қаржы секторындағы рөлін теңестіріп, тікелей қолдау тетігінен жанама түрде әсер ету арқылы несие инфрақұрылымындағы кемшіліктерді жоюға күш салу қажет.
Сондай-ақ ДБ үкімет біртіндеп елдегі заңды және жеке тұлғаларға арналған жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемеден бас тартып, несие тәуекелдерін мемлекеттік және жеке кредит берушілер арасында тең бөлуді ұсынады. Сонымен қатар жеке бизнесті несиелеуге кедергі келтіріп отырған құрылымдық мәселелерді шешу қажет. «Бәйтерек» холдингі аясына шоғырланған мемлекеттік несие беру бағдарламалары өзінің түпкілікті клиенттері мен экономика сегменттерін жеткілікті түрде қамти алмағандықтан, толыққанды тиімді бола алмады.
Halyk Finance сарапшылары да мұндай байламмен келісетінін жеткізді. Себебі бизнеске нарық деңгейінен төмен пайыздық мөлшерлемемен мемлекеттік несие беру нарықтық несиенің өркендеуіне тұсау болып отыр. Олардың пікірінше, жеңілдетілген несие отандық қаржы жүйесінде мынадай мәселелер туындатып отыр:
Біріншіден, салада мемлекет тарапынан әділетсіз бәсекелестік қалыптасуда. Екіншіден, оның салдарынан халық пен бизнес арасында нарықтағы пайыздық мөлшерлеме әділетсіз деген түсінік пайда болады. Үшіншіден, ол қаржы жүйесінде өтімділіктің шектен тыс көбеюіне, инфляцияның өсіп, базалық мөлшерлеменің артуына әсер етеді.
Бұл мәселе Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген қаржы нарығын дамыту концепциясында да, Ұлттық банктің Ақша-несие саясаты стратегиясында да айтылған. Экономист Мұрат Темірханов Үкімет жеңілдетілген мемлекеттік қаржыландырудың кері әсерін мойындағанымен, әлі де оны шешуді нақты қадамдарын ұсынған жоқ деп есептейді.
Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы жоғарыда аталған қаржы секторын бағалау бағдарламасы экономиканы кредиттеуге қатысты реформалардың нәтиже беруіне үлкен үлес қосады деген пікірде.
«Бұл – тәуелсіз бағалау. Ол бізге әлі де бар сәйкессіздіктерді анықтауға мүмкіндік берді. Біздің тарапымыздан анықталған осал тұстарға ерекше назар аударылатын болады. Бұл, ең алдымен, коммерциялық қауіпсіздік желілері, төлем қабілетті банктерді реттеу. Біз агенттік ретінде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен қаржы орталығын дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерге қол жеткізу арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуді жалғастыратынымызды атап өткім келеді», – деді ол.
Сонымен қатар ХВҚ да Қазақстанға қаржы секторын нығайту жөнінде бірнеше ұсынысын мәлімдеген еді. Олардың қатарында мемлекеттік қаржы институттары мен реттеушілер арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды жаңарту, дағдарыстық жаттығулар өткізу және стрестік жағдайларда нақты іс-қимыл жоспарларын әзірлеу бар. Сондай-ақ ХВҚ мемлекеттің қаржы секторындағы рөлін қайта қарауды ұсынды.
Кәмила ЕРКІН