Биылғы тасқын тарих пен халық алдындағы ұлы сын болды. Ол сынақтан Қазақстан сыр бермей, сынбай, абыроймен өтті.
Сын сағатта сыр бермей, сүрінбедік...
1,129
оқылды

Табиғи апаттың барлық ауыртпалығын жалғыз төтенше жағдайлар қызметіне артып қоймай, оны еңсеруге, елге көмекке «AMANAT» партиясы бастаған еліміздің барлық саяси күші, ұлттық армия, бизнес, еріктілер, жергілікті тұрғындар – бәрі тартылды. Баршасы жұмыла жұмыс істеу арқылы жаһанға елдік пен бірліктің, берекелі тірліктің, жарқын жасампаздықтың үлгісін көрсетті.

Қамқорлық халықтың көңілін марқайтты

Еліміз осы арқылы ынтымағы ұйы­ған, бүтін, бір екенін паш етті. Ха­лық­аралық қоғамдастық Қазақ елінің қы­ранға тән құрыштай ерік-жігеріне куә болды.

2024 жылғы тасқын кезінде елімізде 34,8 мыңнан тұрғын жай су астында қалып, қирады. 100 мыңнан астам қазақстандық үйсіз-күйсіз қалды. Мемлекеттің қамқорлығы арқасында халық қиындықты еркін, едел-жедел еңсерді. 

Үкімет биылғы қарғын судан келген зардаптың қорытындыларын шығарды. Су тасқыны басталғалы барлығы 12 086 тұрғын үй және 22 723 саяжай су астында қалған екен. Жалпы саны – 34 809 баспана. 

Арнайы комиссия зардап шеккен өңірлерді аралап, тексере келе, олардың 19 342-сін – адамдар тұрақты тұратын және иесінің жалғыз баспанасы болып саналатын үйлер мен саяжайлар деп тапқан екен. Осы 19 342 объект бо­йынша бағалау 100% аяқталды. Қоры­тын­дысында, ең көп зардап шеккен баспана келесі өңірлерге тиесілі болып шықты: Батыс Қазақстан облысы – 5 927, Ақ­төбе облысы – 4 087, Солтүстік Қазақ­стан облысы – 4 001, Атырау облысы – 2 674, Қостанай облысы – 1 283, Ақмола облысы – 1 265 тұрғын үй және басқасы.

Комиссия бағалау қорытындылары бойынша 9 243 үйді жөндеуге болады деп таныды. Олардың бәрін қалпына келтіру шығыны шамамен 271,6 мил­­лиард теңгеге түспек. 

Ал, 8 578 баспананы қызыл су ір­гетасымен жұлып алып, шайып кет­кен, не қабырғаларын қиратып, төбесін ор­тасына түсіріп, қатты бүл­дірген. Тиі­сінше, олар қалпына келтірілмейді, сүріп тасталады. Сондықтан 8,5 мыңнан астам тұрғын үйді мекен еткен отба­сыларға 3 таңдау ұсынылды. Біріншісі – жақын, іргелес ауыл-аудандарда көшіп, сонда тегін үй ала алады. Екіншісі – облыстың нақты бір қаласына қоныс аударып, сондағы көп қабатты үйлердегі дайын пәтерді иеленеді. Үшіншісі – жайрап қалған ескі үйінің орнына өз ауылында жаңадан салынатын тұрғын үйдің тұрғызылуын күтеді.

Үкіметтің дерегінше, зардап шек­кендердің басым көпшілігі алғашқы екі нұсқаны таңдапты: оларға қайталама нарықтан 5 986 үй мен пәтер сатып алынады. Қалған отбасыларға үлгілік жоба бойынша 2 576 үй қарқынды түрде бой көтеріп жатыр. 

Осы соңғы нұсқаны таңдаған адам­дардың бірі – солтүстік­қазақ­стан­дық Людмила Владимирова. Ол өз өмірінде мемлекеттен осымен екінші рет тегін үй алып отырғанын айтып, масайрады. Ол ауылдағы төрт бөлмелі үйінің сонау 1979 жылы салынғанын айтты. 

– Бұл үйді «завхоз» (шаруашылық меңгерушісі – ред.) болғанда берген-тін. 90-шы жылдары Үкімет оны тегін же­кешелендіруге рұқсат етті. Содан бері әбден көнеріп, апатты жағдайда жетті, жұбайыммен жылда жамап-жасқап, ұстап тұратынбыз. Сәуірде ол үйді су ағызып әкетті. Бүгінде Үкіметтің қол­дауы арқасында бес бөлмелі жаңа үйге қол жеткізіп отырмыз. Ішінде барлық сантехникасы, асүй плитасы бар. Тіпті тоңазытқыш пен теледидарды сыйға тартты. Балаларым Ресейде тұрады, жылда шақыратын. Қызымның ресейлік Ор қаласының шетіндегі үйі су астында қалды, билігі өтемақы ретінде бар-жоғы 20 мың рубль беріпті. Үйсіз қалған ол Қазақстанға оралып, қолымызда тұра­тын болды. Қазақстанға риза, мәз бо­лып, көңіліміз марқайған жағдай­дамыз, – деді Людмила. 

Жұртқа ұсынылған жеті игілік

Қазіргі уақытта барлық облыста тұр­­ғын үй мен саяжай құрылысын тексеру және бағалау жұмысы толы­ғымен аяқталды. Енді Үкімет күш-жігерін су тасқынынан зардап шеккен тұрғын­дарды қолдауға, сондай-ақ тұр­ғын үйді жөндеу және жаңадан салу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауға шоғыр­ландырды. Ресми мәліметке жүгінсек, шілде айының қорытын­дысында қарғын судан зардап шеккен қазақстандықтарға 4 790-нан астам жаңадан тұрғызылған немесе нарықтан сатып алынған үй мен пәтерлер та­бысталып болды.

Бұл ретте мемлекеттік қолдау бір­не­ше бағытта жүргізіледі. Біріншіден, 31 шіл­дедегі жағдай бойынша на­рық­тағы баспананы таңдағандарға дайын, бірақ барынша жаңа 4 467 үй мен пәтер берілді. Соның ішінде шілде қоры­тын­­­дысында Атырау облысының тұр­ғын­дарына – 1 372 тұрғын үй б­ерілсе, СҚО-да – 1 102, БҚО-да – 1 004, Ақтөбе об­лы­сында – 447, Қостанай облы­сын­да – 315, А­қмола облысында – 219, Қа­ра­­ған­ды облы­сында – 6, Пав­лодарда облы­сын­да 2 үй мен пәтер ел игілігіне ұсы­нылды.

Екіншіден, жоғарыда айтылған үшін­­ші нұсқаны таңдағандарға ар­налып, 2,5 мыңнан астам баспана жаңадан тұрғызылып жатыр. Топан су топа­лаңы­нан баспанасыз қалғандар үшін жаңа үй құрылысының көрігі негізінен Батыс Қазақ­­­стан (775 үй), Солтүстік Қазақстан (700), Ақтөбе (517), Ақмола (273), Қос­танай (153), Атырау (80) облыстарында қызды. 

Оның ішінде өңірлерде 323-інің құрылысы толық аяқталды және кілті иелеріне табыс етілді. Солтүстік Қазақстан облысында – 235 отбасы, Қостанай облысында – 57, Ақтөбе облысында – 26, Павлодар облысында – 5 отбасы жаңа үйдің кілтін алды. Үкіметтің сендіруінше, су астында қал­ған елді мекендерде күзге дейін барлығы 2 568 үй салып, тапсыру жоспарланған, жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр.

Премьер-Министр Олжас Бектенов тұрғын үйді қалпына келтіруді жеделдету үшін барлық шара қабылданғанын айтты. Әкімдіктер қажетті қаржымен толық қамтамасыз етілді, салынатын үйлердің үлгілік жобалары бекітілді. Бірақ кейбір өңірде құрылыстың жұмыс кестесінен 15-25 күнге артта қалушылығы тіркелген. Президент тапсырмасы уа­қытылы орындалуы үшін әкімдерге әрбір нысанға адамдар мен техниканы жете жұмылдыру тапсырылды. Бек­теновтың айтуынша, өңір әкімдері үйлердің сапасына басымен жауап беретін болады. Ертең жаңа үйлер шіріп, көк басып жататын болмауы тиіс, асығу кезінде құрылыс нормаларының бұ­зылуына жол бермеуі керек. 

Үшіншіден, Үкімет тасқыннан зар­дап шеккен 34 068 отбасыға (барлығы 35 957 өтініш түскен) 100 АЕК (369 200 мың теңге) көлемінде біржолғы тө­лемақы төледі. Жалпы сомасы 12,5 мил­лиард теңге аударылған. 

Төртіншіден, бағалау аяқталған соң, дүние-мүлкіне зақым келген 21 800 отбасыға қосымша 150 АЕК-ке (553 800 теңгеге) дейін төлем жасалды. Бұл қаражатқа олар мысалы, тасқын кезінде жоғалған ең қажетті заттарды, мүлік, жиһаздарды сатып ала алады. Бұл мақсатта Үкімет 9,9 миллиард теңге шығындады. 

Бесіншіден, баспанасына су кірген, бірақ қатты бүлінбеген шаңырақтар да мемлекеттің қамқор назарынан тыс қалмапты. Баспанасын жөндеу, құрылыс материалдарын алу және басқасы үшін 8 717 отбасы жалпы сомасы 48,2 мил­лиард теңге өтемақы алған.

Алтыншыдан, ауылдағы ағайын тасқын кезінде қолындағы малының бір бөлігі суға кетіп, өлгеніне шағымданды. Төрт түліктің суға ағып бара жатқан немесе қарны ісіп, теңкиіп жатқан өлекселері бейнеленген видеолар әлеу­меттік желіде тарады. Мемлекет суға кеткен мал үшін жалпы сомасы 2,8 мил­лиард теңге өтемақы төледі. 

Тарата кетсек, Қостанай облысында – 3 520 бас малға 1 миллиард 400 мил­лион теңге, Ақтөбе облысында – 4 664 басқа 1 миллиард 98 миллион теңге, Атырау облысында – 1 583 басқа 178,6 мил­лион теңге, Батыс Қазақстан облысында – 1 104 бас малға 134,7 мил­лион теңге бөлінді. 

Жетіншіден, Қазақстан қарғын судан зардап шеккен бизнеске келтірілген шы­ғынды да өтеу жолдарын қарастырды. Бұл бағытта өңірлік комиссиялар жалпы құны 5,8 миллиард теңге шығынды өтеу үшін 374 өтінімді мақұлдады. Жалпы, жергілікті әкімдіктердің алдын ала бағалауынша, су тасқынынан 797 кә­сіпкерлік субъектісіне 24,1 мил­лиард теңге сомасында нұқсан келтірілген. Алайда бармақ басты көз қысты жағ­дайларды, жемқорлықты болдырмау үшін арнайы комиссиялар бизнес нысанына шын мәнінде су басу сал­­дарынан зақым келгенін нақтылайды. Объектілер бойынша бағалау және сметалық жұмыстар жалғасты. Соның қорытындысында мәселе өңірлік комиссиялардың қарауына шыға­­рылатын болады.

– Зардап шеккен бизнеске кел­ті­ріл­ген залалды өтеу жұмысы басталды. «Ата­мекен» ұлттық палатасында «1432 қа­­уырт желі» жұмыс істейді, әрбір кәсіпкер соған хабарласып, өтемақы және оған қажетті құжаттарды тапсыру тәртібі туралы ақпарат ала алады. Бар­лық облыста өңірлік және аудандық комиссиялар жұмыс істейді, бағалаушы компаниялар да айқындалды. Өңірлік комиссиялар зардап шеккен шағын және орта бизнестің тізімін жасады. Оларды тегіс тексеру, объектілерді ба­ғалау жүргізіліп, залалдың нақты со­малары айқындалып жатыр, – деп хабарлады Мәжіліске жауап хатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Арқырап аққан суды далаға өткізіп жіберу үшін бұзылған жергілікті жол­дарды жөндеуге және реконструк­ция­­лауға Үкімет резервінен 22,7 мил­лиард теңге бөлініпті. Өңірлерде қарғын судан зақымданған мектептерді қалпына келтіруге 7,5 млрд теңге бағытталды. Бар­­лық мектеп оқу жылы басталғанға дейін қалпына келтірілуі тиіс.

Тасқын қайтып келмей ме?

Биылғыдай төтенше жағдай  қай­талан­бауы үшін мемлекет қамсыз отыр­мағаны жөн. Осы орайда қарғын су саладағы жа­сырулы келген көптеген проблеманы «жалаңаштады». Мысалы, ернеуінен тасып, іргесіндегі елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін су қоймаларында, ірі өзен-көлдерде су деңгейін бақылау автоматтан­ды­рылмаған, бекеттер жет­кіліксіз. Сал­дарынан, әкімдердің өт­кен ғасырдай көктемде су жағасын көзбен шолуы үшін адам аттандырып, кезек­шілік ұйымдастырып жүргені ұят. 

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің мә­­ліметінше, ауа райы болжамдары мен гидрология деректерінің дәлдігін қамтамасыз ету үшін қосымша 114 мете­орология стансасын, 167 агро­метеоро­логия бекетін, 139 гидрология бекетін және 143 экология бекетін ашу қажет.

Осыған байланысты Экология министрлігі Қазақстанның Ұлттық гид­рометеорология қызметін дамы­тудың және жаңғыртудың 2025-2030 жылдарға арналған бағдарламасын әзірледі. Сондай-ақ биыл «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырым­да­масы» шеңберінде ашу жоспарланып отырған гидрология бекеттерінің тізбесі қайта қаралды.

2030 жылға дейін еліміздің жазық аумақтарындағы мониторингпен қам­тылмаған өзендердің су тасу қаупі бар учаскелерінде 42 жаңа гидро­­ло­гиялық бекет салу жоспарланған. Бұл бекеттер Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Қарағанды облыс­тарында, Ұлытау өңірінде, сондай-ақ Қытаймен және Ресеймен трансше­ка­ралық өзендерде орналасатын болады. 

Жиырмаға жуық жаңа су қоймалары салынып, жаңбыр мен еріген қар суы соларда жиналады. 

Өз кезегінде Өнеркәсіп және құ­рылыс министрлігі халықты су басу қау­пі бар учаскелерден және су қорғау аймақтарынан кезең-кезеңімен көшіру жоспарын әзірледі. Жоспарға сәйкес, биылғы жылдың соңына дейін су тасу қаупі бар учаскелер мен су қорғау ай­мақ­тарына талдау жүргізу және сәй­кестен­діру, сондай-ақ осы айма­қтардағы объек­тілердің тізбесін жасау жос­­парланған.

Келесі 2025 жылы пайдаланыл­май­тын учаскелерді алып қою, оны қаржы­ландыру көздерін анықтау, осы жер учас­келеріне инженерлік және көліктік инфрақұрылымды тарту, шешімдер қабылдау жөніндегі іс-шаралар жос­парланған. Бүгінде мем­лекеттік және жергілікті атқарушы ор­гандарда ке­лісімінен өтіп жатыр.

Премьер-министр О.Бектеновтың айтуынша, су басу қаупі бар учаскелерден және су қорғау аймақтарынан халықты көшіру мәселесін Үкімет бақылауына алды.

Қалай болғанда, биыл арқыраған тасқынға тосқын қою, баспанасын су басқан халықты қамқорлыққа алу – бірлікті нығайтатын, Қазақстанды жа­ңарта­тын, өрісін кеңейтетін, жетіс­тігін еселейтін тарихи шараға айналды деуге болады.

Айхан ШӘРІП