Әлеуметтанушылар қазір жастардың үйленуге асықпайтынын айтады. Оған себеп не? Әлеуметтік қиындық па, әлде жастардың жауапкершілікті сезінбеуі ме? Қазақстанда ғашықтар қарым-қатынастарын заңдастыруға асығар емес. Статистикаға сүйенсек, 2013 жылы АХАЖ-да 168 447 ерлі-зайыпты некелескен болса, өткен жылы бұл көрсеткіш төмендеп, бар-жоғы 139 504 неке тіркеліпті. Оған жыл сайын көбейіп отырған ажырасу көрсеткішін қосыңыз. Зерттеулерге қарағанда, елдегі некенің 40 пайызы отбасының бұзылуымен аяқталады екен. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде некелесу мен ажырасудың көрсеткіші қандай? Зерттеулерге сүйеніп көрейік.
Мәселен, статистика бойынша өткен жылғы некелесу саны – 139 504. Некелесу саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Яғни, онда 17 832 неке тіркелген. Ажырасушылар саны да азаяр емес. Өткен жылы 59 796 отбасы некесін бұзған. Сүттей ұйыған отбасының ажырасуына себеп болған не нәрсе? Әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне қарағанда, отбасылардың ұясын бұзуына туыстардың да ықпалы бар секілді. Әйелінің анасы, не болмаса «қиын» қайын ене немесе туыс-туғандар да себепші болып жатады.Туысқандардың араласуынан ажырасқан отбасылардың көшін Алматы облысы бастап тұр. Оларда ажырасу деңгейі өте жоғары. Ал Түркістан облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы да қалысар емес. Мұндай көрсеткіш Қостанай облысы мен Маңғыстау облыстарынан да байқалады. Алматы қаласында да 65,5 пайыз отбасы туыстардың «кесірінен» ажырасатын көрінеді. Ерлі-зайыптының екіге бөлінуіне себеп болатын нәрсенің бірі – моральдық шектеудің болмауы. Ақмола облысы – 53,9 пайыз, Атырау облысы – 48,3 пайыз, Қостанай облысы – 47,7 пайыз, осы себепті ажырайтын көрінеді. Кей жағдайда некенің бұзылуына әлеуметтік желінің де әсері бар. Зерттеушілер мұндай жағдайлар Нұр-Сұлтан мен Шымкентте, Түркістан облысы мен Батыс Қазақстан облысында көбірек тіркелгенін айтады.
Үйлену оңай...
Соңғы 20 жылда қанша неке тіркелді? Статистика не дейді? Қазақстанда 20 жыл ішінде 2 699 751 неке тіркелген екен. Ең көп неке 2013 жылы тіркелген. Олардың саны – 168 мыңнан асыпты. Керісінше, 2014 жылдан бастап бұл көрсеткіш азая бастаған. Неге? Қараңыз: 2000-2019 жылдар аралығында 844 885 отбасы ажыраған. Мәселен, 2000 жылы 27 391 отбасы бұзылған, ал 2019 жылы – 54 797 отбасы. Жарайды, 2000 жылдары некенің бұзылуына нарық экономикасының енуі себепкер болған шығар делік. Аналарымыз ала дорба арқалап, «сары бала, қара қазан» қамымен базар жағалап кетті. Ондағы мақсат – отбасын аман сақтап қалу. Ал экономика түзеліп, елдің тұрмысы оңала бастаған 2019 жылдары бұл көрсеткіш неге көбейді? Оның себебін мамандар несиенің көбеюі мен қаржылық қиындықтан іздейді. Қазақстанда әрбір үшінші отбасы ажырасады. Британдық Economisrt басылымы арнайы статистика жүргізген екен. Олардың пайымдауынша, ажырасу саны жағынан қырғыз елі әлем бойынша 48-орында, Қазақстан алғашқы ондыққа кірген. Миллиардтан астам халқы бар Қытайда мұндай көрсеткіш жоқ.Үй болу қиын...
Қазақстанда ең көп неке Нұр-Сұлтан, Алматы мен Маңғыстау облысында тіркеледі екен. Бұл өңірлерде 2013-2018 жылдары үйлену бойынша ең жоғары көрсеткішке ие болған. Солай бола тұра, ажырасу бойынша да ең көп тіркелетін Нұр-Сұлтан мен Алматы, Павлодар облысы көрінеді. Есесіне, азаматтық некені құп көретіндер жетерлік. Ал Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында азаматтық некеге түбегейлі қарсылар көп. Түркістан мен Қызылорда облысы да мұндай некені қош көрмейді. Азаматтық некені қолай көріп, үйленуге асықпаудың себебін жастар «бір-бірімізді жете тани түсейік» деген сылтаумен түсіндіреді. Оның үстіне ажырасудың көбеюі де олардың «шешім» шығаруға асықпауына себеп болатын секілді. 2018 жылы қыздарымыздың тұрмыс құру жасы – 25, ал жігіттердің жасы 27-ге жеткен. Одан кеш болмаса, ерте үйленуге асықпайды. Мамандар «отбасы құру моделі бала кезден қалыптасатынын» айтады. Қазақтың «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейтіні тегін емес.«Егер бала кішкентайынан отбасында зорлық-зомбылық көріп өссе, кейін соны өзі де қайталайды. Егер бала ата-анасының бір-біріне құрметін, айрықша қасиетін бағалап өссе, олар да өмірде жұбайларына құрметпен қарайтын болады. Кез келген бала тәрбиені отбасынан алады. Ата-анасы балаға дұрыс тәрбие бере алмаса, проблемаларды шешу дағдыларын қалыптастыра алмаса, кейін оның өз бетінше мәселе шешуі қиындай түседі. Өйткені адам жанжалға, ұрыс-керіске қалай әрекет ететінін білмейді», – дейді мамандар.Осыдан бірнеше жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотына А. есімді азамат ажырасу туралы арыз береді. Ол азаматтың кәмелет жасына толмаған алты баласы бар екен. Үлкені – 17 жаста, кішісі – бір жарым жаста. Сотта әйелі: «Ажырасуға қарсы емеспін. Келісемін. Бірақ мен үшін ең қиыны – есі кірген балалардың әкелерінің ажырасу туралы шешімін өте ауыр қабылдағаны болып тұр» деген екен. Өте ауыр жағдай. Алты бала әкесіз ер жетеді, бойжетеді. Ел-жұртқа «әкем бар» деп мақтана алмайтыны. Бірде 1-сыныпта оқитын немере інімнің сабақтан келген соң: «Тәте, біздің сыныпта балалардың көбінің әкелері жоқ. Неге?» деген сауалына жауап бере алмай, дағдарып қалғаным бар-ды. «Әкелі бала – жау жүрек, әкесіз бала – сұм жүрек» дейді қазақ моралі. Кім білсін, замана желі бүгін басқаша соғатын болар. Қалай десек те, тұрмыс құрмауға, үйленбеуге, ұясын бұзуға, отбасынан іргесін аулақ салуға себеп болатын түрлі нәрселер бар шығар. Алайда баланың күлкісінен артық бақыт бар ма екен?!
Тәуелсіз пікір
Маржан ҚҰЛЫМБЕТ, психолог: – Ең бірінші, үйлену тойының жауапкершілігін көтеру керек. Отбасында әке мен шешеден гөрі аға мен жеңгенің орны ерекше еді. Отбасының бұзылмауына сол институт қызмет атқаратын. Қазір аға-жеңге институты өз деңгейінде, өз дәрежесінде қызмет етіп жатқан жоқ. Талантты, білімді, мықты қыздар болмаса, бәрі бірдей білім қуып кетпейді. Қалғанын үй шаруасына, тоқымаға, тігінге бейімдеген абзал. Оларға аналық міндеттің маңызды екенін түсіндіріп, отбасылық құндылықты бойға сіңіруге тырысқан жөн. Үшіншіден, жастардың көбі карьера қууға тырысады. Пәтер аламыз, жақсы қызметке тұрамыз деген мақсатпен өмір сүреді. «Он үште – отау иесі» деп, отбасылық бақытты қазақ бірінші орынға қойған еді. Өйткені «бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық» деген. Денсаулық пен ақ жаулық – бір-бірімен тығыз байланысты дүние еді. Мұның да қадірін түсіріп алдық. Ер-азаматтардың арасында «жұмыссыз» жігіттер көп. Мұндай азаматтарға мемлекет жұмыс ұсынуы керек. Егер ол жұмысқа бармайтын болса, оларға салық салуы қажет. Сонда ер-азаматтың отбасылық жауапкершілігі артады. Қазір еркексіз әйел, әйелсіз еркек күн көре алатын жағдайға жетті. Мұндай жағдай көбейе беретін болса, қазақ ұлты деградацияға ұшырайды. Ұлттың саны азайып, сапасы жоғалады. Шежіре ұмытылады, әулеттік құндылықтар ұмытылады, соның салдарынан отбасы құнсызданады.