Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі өтті.
Орталық Азияның жаңа келбеті қалыптасып келеді
1,075
оқылды

Қазақстан Президенті осы уақытқа дейін өткен Кон­сультативтік кездесулердің нәтижесі аймақтық ынтымақтастыққа жүйелі, жан-жақты әрі ең бас­тысы, сенімді сипат беріп, бұрын-соңды болмаған дең­гейге шығарғанын айтты.

– Бірлескен күш-жігердің арқасында жылдар бойы қордаланған мәселелер шешіліп жатыр. Ай­мақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдануда. Шекара, су­мен қамтамасыз ету, миграция мәселелері жоспар­лы түрде реттеліп, өзара саудадағы көптеген кедергі жойыл­ды. Шекарадағы өткізу пункттері жаңғыр­ты­лып жатыр. Көлік қатынасының мүмкіндіктері кеңейіп, жаңа бағыттар ашылуда. Сауда-эконо­ми­калық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды да­мып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, мә­дени-гуманитарлық байла­ныс мазмұндық тұрғыдан толық­тырылуда. Мемлекет басшысы мәдениет күндері, қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық тағам фестивальдері, жастар форумдары мен басқа да іс-шара тұрақты түрде өткізіліп келе жатқанына назар аударды.

– Былтырғы жылдар ішінде Консультативтік кездесулер ай­мақтың халықаралық субъектілігі мен бірлігін танытатын, сондай-ақ қазіргі сын-қатерлерге төтеп беруге дайындығын көрсететін тиімді алаңға айналғанын сенімді түрде айта аламын. Орталық Азия қашанда бірегей өркениеттер тоғысқан аймақ болған. Оның жалпы әлемдік прогресте атқа­ратын рөлі зор. Бүгінде ортақ тарихымыз бен халықтарымыздың дүниетанымының ұқсастығына арқа сүйеп, Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырамыз. Оны келешекке ұмтылатын әрі мол мүмкіндіктер мекені ре­тін­де танытамыз. Бұл саммит осы жолдағы маңызды белеске айналатынына сенімдімін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемле­кеттер басшылары аймақтық ынтымақтастықты, соның ішінде Консультативтік кездесулер фор­матын дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсап отырғанын жеткізді. Қазақстанның төраға­лығы аясында қауіпсіздік пен экономикалық серіктестікті нығайтуға, қоғамдағы әйелдердің рөлін күшейтуге, сараптамалық тұрғыдан ықпалдастықты ке­ңей­туге бағытталған көп­те­ген бірлескен іс-шара ұйымдас­тырылды.

– Осы жиында 2027 жыл­ға дейінгі Аймақтық ынтымақ­тасты дамытудың Жол картасы бекітіледі. Бұл өзара ықпалдастық тетіктерін жетілдіру тұрғысынан айтулы оқиға болмақ. Аталған құжат үкіметтердің үйлесімді жұмысын жетілдіреді және осы алаңда ұсынылған бастама­лардың орындалу барысына бақылауды күшейтеді. Бұған қоса, «Орталық Азия – 2040» өңірлік кооперациясын дамы­туға бағытталған тағы бір маңыз­ды құжатқа қол қойылады. Осы және өзге де шаралар халық­тарымыздың игілігі жолындағы жан-жақты аймақтық ықпалдас­тыққа бәріміздің бейілді еке­німізді көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пре­зи­денттерді Орталық Азияны қауіпсіз, ынтымағы жарасқан әрі өркендеген кеңістік ретінде сақтау үшін барынша күш-жігер жұмсауға шақырды.

Президент атаған тағы бір маңызды міндет – жан-жақ­ты ықпалдастықтың берік эко­номикалық базасын қалыптас­тыру. Соңғы жылдары бұл бағытта елеулі нәтижеге қол жеткізілді. Өңір ішіндегі сауда көлемі біртіндеп ұлғайып келеді. Бұл көрсеткіш 11 миллиард долларға жетті. Мемлекет басшысы тауар айналымын арттыру және оны 15 миллиард долларға жеткізу маңызды екенін атап өтті.

 – Елдеріміздің экономикасын дамытуға бірлескен ірі инфра­құрылым және көлік жобалары тың серпін берер еді. Өзара тиімді ынтымақтастықтың мұндай оң мысалдары аймағымызда қазір­дің өзінде де бар. Мәселен, Қыр­ғызстандағы Қамбарата 1-ГЭС-ін, Тәжікстандағы Ро­гун ГЭС-ін, Қазақстан, Өзбек­стан және Тәжікстанның газ жобаларын, жаңа көлік дәліз­дерінің құрылысын, сондай-ақ басқа да маңызды жобаларды атауға болады. Бұдан бөлек, шекара маңы аудандарында сауда-логистика желілері мен өнеркәсіп хабтарын дамыту маңызды. Ауыл шаруашылығы, логистика, тоқыма және химия өнеркәсібі, құрылыс секілді перспективті салаларда жаңа келісімдер жасап, жан-жақты серіктестігімізді ны­ғайту қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақ­станның Орталық Азия Іскерлік кеңесін құру туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, аймақтың көлік-транзит әлеуетін одан әрі ілгері­летудің, сондай-ақ Орталық Азияның көлік жүйесін дамыту жөніндегі кешенді стратегияны қабылдаудың мәні зор.

– Транскаспий халықаралық көлік бағыты, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі «Бір жол, бір белдеу» секілді бастамалардың маңызы айрықша. Бұл жобаларға Орталық Азиядағы барлық елдің белгілі бір деңгейде қатысы бар. Бірлескен күш-жігердің нә­ти­жесінде «Қазақстан – Түрік­менстан – Иран» теміржол магистралінің әлеуеті дәйекті түрде артып келеді. Қазір бұл Парсы шығанағындағы елдерге шығатын ең төте жол саналады. Сонымен қатар Оңтүстік Азия нарығына шығу үшін Ауғанстан арқылы теміржол салудың келе­шегі зор деп есептейміз. Қазақстан өзінің көлік-транзит саласында ауқымды жұмыс атқарып жатыр. 2030 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолды жаңғыртып, жаңадан 5 мың шақырым теміржол салуды жоспарлап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өңірдің күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – су-энергетика ресурстарын рацио­налды пайдалану. Мемлекет бас­шысы суды пайдаланудың тең құқылы әрі әділ тәртібіне, өзара міндеттемені мүлтіксіз орындау ережесіне негізделген жаңа су саясатын қалыптастыру керек деп санайды.

– Орталық Азия елдеріне арналған Су-энергетика кон­сорциумын құру және гидро­энергетикалық нысандарды бірлесе салу бастамасы су ша­руа­шылығындағы көпжақты ынтымақтастыққа негіз болады. Суды бөлу мен есепке алуды цифрландыру, ғарыштық мони­торинг технологияларын енгізу, жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізу маңызды міндеттердің санатына жатады, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан білім беру, ғылым, мәдениет және адами капиталды дамыту салаларындағы бесжақты ынтымақтастықты кеңей­туді әрдайым құптайды. Қазір Орталық Азияда бірың­ғай жоғары білім кеңістігі қалып­тасуда.

– Бүгінде Қазақстанда аймақ­тағы елдерден келген 9 мыңға жуық студент білім алады. Біз Ор­талық Азия жастарының елі­мізде жоғары білім алуға ұмтылысын бағалаймыз. Осы күні еліміз АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей және Оңтүстік Кореяның ондаған танымал университетімен стра­тегиялық серіктестік ор­нат­ты. Қазақстанның көптеген ай­мағында шетелдік оқу орын­дарының филиалы жүйелі түр­­де ашылып, студенттерді бел­сенді қабылдай бастады. Бұған қоса Қазақстанда зерттеу универ­ситеттерінің саны артып, тех­но­парктер мен инженерлік ор­­­талықтар іске қосылып жа­тыр. Біз Орталық Азия және Кав­­каз елдерінің жастарын осы мүмкіндікті пайдаланып, халық­аралық деңгейде сұранысқа ие қос дипломды білім алуға ша­­қырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ақ­параттық-сараптамалық саладағы ықпалдастықты жандандыру қа­­жет екеніне назар аударды. Мем­лекет басшысы бірлескен ме­диаөнімдерді шығару жұмыстарын қолға алу жөнінде үкіметтерге тапсырма беруді ұсынды.

– Ортақ тарихи сюж­ет­тер­ді экранизациялауға, ха­лық­­­­­­­тарымыздың достығы мен ынтымағын дәріптеуге ерек­­ше мән беру керек. Біз жалпыөңірлік телеарна және ақпараттық ин­тернет-порталын ашу мәселесін талқыладық. Бұл ретте Орталық Азия елдерінің телехабар тарату саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді әзірлеп, қол қоюдың маңызы зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Орталық Азия мемлекет­тері басшыларының VI Консуль­тативтік кездесуі кеңейтілген құрамда жалғасты. Жиынға құр­метті қонақ ретінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев және БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөнін­дегі өңірлік орталығының басшы­сы Каха Имнадзе қатысты.

Мемлекет басшысының ай­туын­ша, Консультативтік кез­десудің алтыншы рет өткізілуі тараптардың бауырлас халықтар арасындағы ғасырлар бойына жалғасқан достық байланысты нығайтуға, көпжақты ынтымақ­тастықты одан әрі кеңейтуге және халықаралық аренадағы ықпалдастықты күшейтуге бейілді екенін көрсетеді.

– 2018 жылы Астанада өткен алғашқы кездесуден бері бірлескен күш-жігердің арқасында бұл жиынның дамуында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Бұған өңірлік ынтымақтастықты арттыру бойынша маңызды шешімдер қабылданған бұрынғы бес саммиттің қорытындылары айқын дәлел, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті әлемдегі күрделі үдерістер жағдайында өңірлік ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету жөнінде ортақ ұстаным қалыптастыру маңызды деп санайды.

– «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ын­тымақ­тастық туралы шарт­тың» мәні артып келеді. Мем­лекеттеріміз көпжақты құры­лым­дар, ең алдымен, БҰҰ ая­сында ортақ ұстанымдарға сүйене отырып әрекет етуге тиіс. Елдеріміз әлеуетін біріктірсе, біз Орнықты даму мақсаттары саласындағы күн тәртібін жүзеге асыруға елеулі үлес қоса аламыз. Осы маңызды мақсатқа қолдау ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығы қарсаңында Орталық Азияда ор­нықты даму мақсаттарына қол жеткізу туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын қабыл­дау жөнінде бастама көтеруді ұсынамын. Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары лауазымды өкілі, құрметті Каха Имнадзе мырзаның осы саммитке қатысуы игі дәстүрге айналып, «Орталық Азия – БҰҰ» бағытындағы тығыз ықпалдастыққа жол ашады деп үміттенемін, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президент көпжақты ын­ты­­мақ­тастықтың берік эко­номика­лық негізін қалыптастыру кезек күттірмейтін міндеттің бірі деп есептейді.

– Орталық Азия елдерінде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін мүмкіндік мол. Эко­логия және климаттың өзгеруімен күрес саласындағы ықпалдастық аса маңызды. Барлық ел ұқсас сын-қатерлермен бетпе-бет ке­ліп отыр. Сондықтан өзара ықпалдастықты кеңейтудің, үйлесімді жұмысты күшейтудің және климаттық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тәжірибе ал­­ма­судың мәні зор. Осы мүм­кін­­дікті пайдалана отырып, Әзер­байжан Президенті, құрметті до­сы­мыз Ильхам Гейдароғлының биыл күзде COP29 жаһандық климаттық конференциясын табысты өткізуіне тілектестік біл­діремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты жан-жақты нығайту жолындағы ст­ратегиялық бағдары өзгермей­тінін растады. Сондай-ақ бүгін қабылданған шешімдер және оның алдағы уақытта тиімді жүзеге асырылуы ғасырлардан тамыр тартатын достық пен өзара қолдау рухындағы көпжақты серіктестігімізді одан әрі терең­детуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

Жиында Әзербайжан Прези­денті Ильхам Әлиев пен БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзе сөз сөйледі. Саммит соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Консультативтік кездесудің тө­ра­ғасы ретінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының атынан Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті Құрмет бел­гісімен марапаттады.