Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер төрт қабаттан тұратын сауда орталығының төртінші қабатындағы әкімшілік кабинетінің техникасы мен жиһаздарының жанып жатқанын анықтаған. Бұл жыл басталғалы бері мегаполистегі сауда нысандарында орын алған алғашқы жағдай емес.
Осыдан бірер апта бұрын әлеуметтік желіде Алматыдағы «Мизам» сауда нысанындағы аспалы шамдар сақталған екі қабатты қоймадан өрт шыққаны туралы хабар лезде тараған еді. Адам шығыны тіркелген жоқ, алайда аталған оқиға базарда саудасын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерді материалдық шығынға әкеліп тіреді. Олай дейтін себебіміз, онсыз да қарызға белшеден батқан кәсіпкерлер сату арқылы күнін көріп отырған тауарларынан бөлек, жылы орнынан да айырылып қалған. Онымен қоса, тұрмыстық техникалар мен аспалы шамдардан өзге кәсіпкерлердің құжаттары қоса жанып кеткен.
– Бастапқыда көршілеріміз бізге базарда өрт шыққаны туралы айтып хабарласты. Алайда нысанға келіп үлгергенше біршама тауарымыз күлге айналды. Дүкенім көз алдымда отқа оранып жатты. Оттың қарқынды болғаны соншалық, біз дүкенімізге жақындай алмадық. Өрттің кесірінен үлкен көлемде шығынға батып отырмыз. Сатып алған тауарымыздың қарызынан бөлек, басымызда толған несиеміз бар, – дейді миллиондаған шығынға батқанын айтып ашынған кәсіпкер Айгүл.
Таяуда республикада биылғы 22-28 шілде аралығында сауда нысандарында өрттің туындау қаупін азайту мақсатында акция өткен еді. Акция қорытындысы негізінде белгілі болған деректерге сүйенсек, биыл Алматыда 388 өрт тіркелген. Ал оның 11-і шаһардағы сауда нысандарында болған. Алматы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Константин Канин сауда орындарында өрт шығудың басты себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуы екенін алға тартты.
– Қаладағы сауда нысандарында орын алған өрттің негізгі себептеріне электр сымдары мен құрылғыларының қысқа тұйықталуы (10 жағдай), сондай-ақ дәнекерлеу кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы (1 жағдай) жатады. Осының нәтижесінде меншік иелеріне де, жалға алушыларға да үлкен материалдық залал келтірілді. Бұл тауарлық-материалдық шығын ғана емес. Онымен қоса, көптеген отбасы табыс көзінен айырылды. Биыл 26 сауда нысаны профилактикалық бақылауға алынды. Соның ішінде өрт қауіпсіздігі талаптары 609 рет бұзылған. Басшыларға анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар берілді, – дейді К.Канин.
Қазіргі уақытта департаменттің есебінде жалпы саны 14 мыңнан астам сауда нысаны бар. Олардың ішінде 242 нысан жоғары және орташа тәуекел дәрежесіне жатады. Бұл санаттағы сауда орындары Кәсіпкерлік кодекске сәйкес өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық бақылауға кіреді. Сондай-ақ Алматы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының өкілі жыл соңына дейін тағы 30 сауда нысанына профилактикалық бақылау жүргізу жоспарланғанын жеткізді. Біз қаладағы өрт фактілерінің жиілігіне байланысты сауалдарымызға жауап алу мақсатында Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментімен байланысқа шықтық. Баспасөз қызметі биыл мегаполисте тілсіз жаудың жиілеу қарқыны байқалмағанын, сондай-ақ тұрғын үйлерде болатын сәтсіз оқиғалар көбіне адам қолынан жасалатынын айтты.
Көп жағдайда еліміздегі өрт фактілерінің басым бөлігі адамның іс-әрекетінің салдарынан екені жасырын емес. Бұл – қоршаған ортаға немқұрайлылық пен адам өміріне деген жауапсыздықтың көрінісі. Соның бір мысалы ретінде пәтер мен тұрғын үйлердегі өрт оқиғаларын алып қарайық. Өкінішке қарай, тұрғын үйлерде өрт негізінен үй иесінің салғырт әрекетінен тұтанып жатады. ӨКҚ спикері өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға байланысты автоматты өрт дабылдарының болмауы, эвакуация жолдарында жанғыш материалдарды, қалдықтарды, қаптамаларды сақтау, қолда бар автоматты өрт дабылының дұрыс жұмыс істемеуі, алғашқы өрт сөндіру құралдарының болмауы және т.б сынды ереже бұзушылықтарға жол берілетінін мәлімдеді. Қазір қалада профилактикалық бақылауға жатпайтын сауда нысандарының басшыларымен өрт-техникалық қадағалауды өз бастамасы бойынша жүргізу мәселесі қарастырылып отыр. Сөз соңында мамандар тұрғындарға электр және газ құралдарын қосулы күйінде қалдырмауға, уақытша және зақымдалған электр өткізгіш сымдарын пайдаланбауға, қысқа тұйықталуды алдын алу үшін розеткалардың, электр сымдарының, ажыратқыштардың, электр шнурларының жарамдылығын үнемі бақылауда ұстап отыруға, сонымен қатар сіріңкені балалардың қолы жетпейтін орында сақтауға кеңес береді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы