Жастайынан қой бағып, қара жұмысқа ерте араласқан Қастеев қаламынан қазақтың атын әлемге танытқан А.Құнанбаев, Ж.Жабаев, Ш.Уәлиханов, А.Иманов, К.Әзірбаев сияқты тұлғалардың портреттері мен қазақ халқының тұрмыс-салты, әдет-ғұрыптарынан мол мағлұмат беретін құнды өнер туындылары дүниеге келді. Тума талантымен қазақта бұрын болмаған таңсық өнердің негізін қалаушы Ә.Қастеевтің қызы Гүлдария Қастеевамен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында кәсіпқой суретшінің күрделі өмірі мен баға жетпес туындылары жайында сөз қозғады.
– Әңгімемізді суретшінің қандай әке болғанынан бастайықшы. Әбілхан ата отбасында қандай әке еді?
– Әке ретінде өте керемет адам болды. Әйеліне, балаларына дауыс көтеріп сөйлеген емес. Құлқынсәріде тұрып алып үйдің алдына өзі еккен гүлдерді суарып, ауланы сыпырып жүретін. Сөйтіп, шеберханасына кіріп кетеді де, өзінің жұмысымен кешке дейін айналысып отыратын. Бізге тек дастарқан басында ғана ақыл айтқан. Үлкен ағамыздан басқамыз орыс мектебін бітірдік. Сондықтан әке-шешеге, үлкендерге «сен» деп сөйлеп үйрендік. Бірде шай үстінде әкеміз үлкен кісілерге құрмет белгісі ретінде «сіз деп сөйлеген дұрыс» деп ақылын байыппен жеткізген. Отбасында анамыз қаталдау кісі болды. Егер біз анамызды тыңдамай, сөзін екі ете қалсақ бірден әкемізге шағымданатын. «Балаларға бірдеңе десеңші» деп ашуланып қоятын кезі де болған. Сондағы әкеміздің бар істегені – газетті дөңгелетіп орап алады да, қолын көтерген күйі «Ананың айтқанын істеңдер» дейді. Тіпті, газетпен де ұрмайды. Бірақ әкеміз не айтса да тыңдап өстік. Мектепте оқып жүргенде-ақ барлық отбасында осындай әке-шеше болса екен деп армандайтынмын.
Ұрпақтарының бәрі мүсінші, суретші болуы әкеміздің қанымен берілген өнер деп ойлаймын. Өйткені әрқайсысымыз өз таңдауымызбен әке жолын қудық. Әкемнің өзі осы кәсіпті таңда деп ешкімнің таңдауына қарсы шыққан емес.
– Әкеңіздің шаңырағына қазық қадап, ат байлап түскен тұлғалар болды ма? Сондай ерекше жүздесулердің бірін айтып беріңізші.
– Үйдің есігі келген жанның бәріне әрдайым ашық тұрды. Суретшілердің бәрі біздің үйге келіп әңгімелесіп, жиналыс өткізгендей өз ойын айтып кететін. Кішкентай болған соң, оларды танымай кім екенін әкеміздің өзінен сұрап алатын едік. Есімде қалғаны – суретші Молдахмет Кәденов, Хәкімжан Наурызбаев, Жаңатай Шәрденов, Үкі Әжиев, Сахи Романов, Әубакир Исмайлов. Одан өзге Нұрғиса Тілендиев, Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, Гүлфайруз Исмаилова дастарқанымыздан дәм татқан.
Әкеміздің ең жақын досы – М.Тынышпаевтың ұлы Ескендір Тынышпаев. Ол әкеміз дүниеден өткеннен кейін, шаңырағымызға жиі келіп хал-ахуал сұрап тұратын. Жамбыл Жабаев музейінің директоры болған Нақысбек Оразбеков әкеміздің өмірінің қалай өткенін өз аузынан естіп, естеліктерді 1958 жылы машинкаға басып шығарып алған екен. Оның бір көшірме нұсқасын әкемізге берген. Сол біздің үйде тұрғанымен, бала кезде мән беріп оқымаппыз. Асқар тауымыз келместің кемесімен кеткеннен кейін қағазды ашып оқысақ, әкеміздің өмірі түгел жазылыпты ғой. Сол жылы 2 000 суреті болған екен. Одан кейін тағы қаншама сурет салды. Бәлкім суретінің бәрін қосқанда 4 000-нан асып түсер ме еді?
Қазақстанда шетелден келген суретшілердің көрмелері өтіп тұрған. Солар біздің үйге келіп, міндетті түрде дәм татып кеткен. Америкадан суретші Ракоел Кантпен бірге он шақты кісі келгені есімде. Армениядан, Моңғолиядан, Венгриядан келгендер де біздің үйге кірмей кетпеген.
– Әбілхан Қастеевтің алғашқы ұстазы Хлудов болғаны белгілі. Ауыл баласы ұстазымен қалай жолыққан?
– Хлудовпен қалай кездескенін былай айтайын: Әкем – ауылда өскен, мектепте оқымаған, басында арабша, латынша, кейін кириллицаны өз бетімен үйренген кісі. Ауылға С.Саламатов деген фотограф келіп, әкем салған картиналарға таңдана қараған. Сонда әкемнің өзіне байқатпай, сыртынан қолына сыпырғы ұстаған жыртық киінген жігітті суретке түсіріп алып, салған суреттерімен бірге сол кездегі астанамыз Қызылордаға жіберген екен. Бірақ көбі «Мұны қара жұмыста жүрген бала бар, сол салған» десе, бірі «Оны сурет оқуына жіберу керек қой» деген сөздер айтылыпты. Содан кейін әкемді іздеп, Алматыға оқуға шақыру келеді. Алматыға барған кезінде әкемді мектепте оқысын деп бірінші сыныптағы балаларға қосады. Әкем 27 жаста болған соң, кішкентай балалармен бірге оқуға намыстанып бармапты. Сөйтіп, оқу бөліміндегі Қалымбетов деген кісі Хлудовқа жіберген. Әкем орысша түсінбейтіндіктен, қасына аудармашы болу үшін студент боп жүрген Нұрғазы Оразымбетов пен Әбіл Дәлденбаевты қосып жіберген екен. Хлудов студиясына келген соң, ол «Қазақтың ішінен сурет салып жүрген жігітті бірінші рет көріп отырмын» деп таңданыс білдіріпті. Әкемді өзінің кешкі сабақтарына шақырып, үйретіп жүрген. Жаз шығып, демалыс басталғанда Хлудов әкеме үлкен альбом мен бояу беріп жіберіпті. Екінші жаңа оқу жылына келгенде Хлудов қайтыс болыпты.
Хлудов студиясынан кейін әкем Мәскеуге барғысы келіп жүргенде, қасындағылар «Сенің қолыңда құжат жоқ, қалай барасың?» демей ме? Алған бетінен қайтпай барса, оқу орындары қабылдамай қойыпты. Ол кезде Мәскеуде көп қазақ оқып жүрді. Оқуға кірмеген әкем үйге қайту үшін жиналып жатқанда, қазақ жігіттері келіп, барлығы бірге директор алдына кіруді ұйғарыпты. Директор – Фурмановтың әйелі Анна Фурманова. Оған Әкемнің оқығысы келетінін, бірақ құжаты жоқ екенін түсіндіргенде, А.Фурманова жатақханадан төсек-орын беріп, қасындағы әр жігіт әкеме бір сомнан жинап беруін айтқан екен. Мәскеуде де кешкі сабақтарға барып жүріп, күндіз музей, театр, цирктерді көріп танысып алады. Әкем салған суреттерін музейге барып сатуға ұсыныс жасап, күнін көрген. Картиналардың қалай бағаланатынын білмеген әкем төмен бағалап қойса, сатып алушылар оны бірден түсініп, картина үшін екі-үш есе артық төлеген екен. Оны қасындағы қазақ жігіттеріне бөліп бергені әкеміздің жомарттығы ғой. Сөйтіп жүргенде әкеме суық тиіп, қатты ауырып Алматыға оралады.
– Ал шәкірттері кім?
– Әкемнің жеке тәлімін алып оқыған шәкірттері жоқ. Бірақ үлкен суретшінің көзін көріп, ақыл-кеңесін алған жастар өздерін «Қастеевтің шәкіртіміз» деп жүретін. Суретшіліктің жолына біржолата түскеннен кейін, әкем ауыл-ауылды аралап, сурет салауға машығы бар, мүсін жасауға икемді балаларды іздеп жүрген. Сөйтіп, үйімізге мүсінші Хәкімжан Наурызбаев пен суретші Молдахмет Кенбаевты алып келді. Олар әлі жас бала еді. Анамның айтуынша, екеуі де кейін біздің үйде қалып қойған. Үстерінде таза киімі болмаған соң, анамыз өз қолымен киім тігіп берген екен. Х.Наурызбаев оқуға түскеннен кейін атақты мүсінші болды, Абайдың мүсінін жасағанын білеміз. М. Кенбаев та атақты суретші болғаны белгілі. Осыларды әкемнің шәкірті деуге болатын шығар.
– Жазба еңбектер сияқты картина да цензурадан өтпейді деген мәселе болды ма? «Халық жауы» дейтін жала Ә.Қастеевті де айналып өтпегені белгілі. Бұл туралы не дейсіз?
– Әкем Кенесарының, Амангелді Имановтың әскерлері арасындағы суретін салды. Бірақ Кенесарыны шынайы түрінен гөрі ертегі кейіпкеріне жақын, соған ұқсастырып салыпты. Кейіннен жұрттың «Кенесарыны қалай салды екен? Салуға болмаушы еді ғой» деп жүргендерін естіп қалдым. Бұл картинаны бір галерея сатып алыпты, сол архивте көпке дейін ешқайда шықпай сақтаулы тұрып, біраз уақыттан соң ғана қайта шығыпты.
Ал «халық жауы» дегенде, әкем түрмеге отырып, не айдалған жоқ. Алматыға енді келген кезде үйі жоқ, қайда тұратынын білмей, Жанкин деген кісіден ақыл сұрап үйіне барыпты. Жаз болса керек. Сонда Жанкин аға өзінің Медеудегі саяжайынан орын беріп, күзгі салқын басталғанда басқа бір амалын табатынын айтыпты. Күн суыта бастаған кезде әкем тағы келген ғой, сонда Жанкин аға өзінің үйіндегі бір бөлмені босатып беріпті. Арада көп өтпей, үй иесін «халық жауы» деп алып кеткен. Сол үйде тұрып жатқан әкемді де әбден тексеріп, тергей бастаған. «Сен кімсің, халық жауының қолына қайдан келдің?» дегендей сұрақтың астына алыпты. Ал әкем оқымаған кісі, ешқандай құжаты жоқ. Солай тереңірек зерттегенде, әкесінің 3-4 жасында қайтыс болғаны, біреудің қолында қарапайым жұмысшы болып күн көргені белгілі болған. Сол себептен әкемізді қанша жерден қудаласа да, оған жала жабыла қоймаған. Ал жаңағы Жанкин ағаның әйелін де артынша алып кетті. Екі баласы болып, бірін туыстары алып кетті, екіншісін балалар үйіне өткізді. Ал әке-шешемізді сол үйден қуып шығып, есігін жауып қойған.
– Жазушылар болмысты сөзбен суреттесе, суретшілер бояумен суреттейді. Әкеңіздің суретпен не айтқысы келгенін қалай түсіндіре аласыз?
– Қарап отырсақ, әкемнің салған суреттері тек тарихты көрсетеді. Не болса да, заманның шынайы көрінісін айтқысы келгені көрініп тұрады. Халық тұрмысындағы қиын уақыттарды суретпен жеткізген. Бай мен кедейдің суға таласып тұрғаны, қарақшылардың қыздарды зорлап алып бара жатқанда шешесінің жібермей жылағанын бейнелеген суреттер – қазақтың басынан өткен күндер. Той үстіндегі сәтті де көзімен көрген соң сапалы сурет шығарды деп ойлаймын. Түрксібте пойыздың бірінші рет жүргенін де, Медеуді, Қапшағайды, атақты колхозшылар, жазушылардың порттерін салып, бізге тарихты көзбен көретіндей дүние қалдырды. Қазір бізде үйімізде акварель, графика жөніндегі жұмысы өте көп. Ал мұражайда табиғат кескіндері, тарихи суреттер сақтаулы. Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік музейде әкемнің бірталай жұмыстары сақтаулы тұр екен. Оны биыл көрдім. 16 майлы жұмыс бар, қалғандары акварель жұмыстары. 1963 жылы архивке тізім бойынша әкеміздің көп суреті өткізіліпті. 2011 жылы өзім тексеріп көру үшін барғанымда 20 жұмыстың жоғалып кеткенін айтты. 2004 жылы әкемнің 100 жылдығында өткізілген шараларға ұсынылған екен. Бәрі сол кезде жоғалған деп ойлаймын. Ал қазір әкемнің суреттері еш жерде сатылымда жоқ.
– Биыл Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толып отыр. Бұл мерейтойға елімізде қаншалықты көңіл бөлініп жатыр, қымбат суретші ретінде еңбектері қалай бағалануда?
– Биыл біз үшін үлкен той. Әр аймақтар өздерінше іс-шаралар ұйымдастырып, Қастеев ұрпақтарын шақырып жатыр. Әкем өзі не көргенін, өміріндегі қиындықтарды бізге айтып бермеген кісі. Бұл туралы әкемнің көзін көргендердің жазбаларынан, естеліктерінен біліп отырмыз. Осындай естеліктерді айта отырып, ол кісінің өмірде көрмегені жоқ екен ғой деп тағы бір күрсініп аламыз. Нақысбек Оразбековтің естелігін оқығанда көз алдымызда әкеміздің соқпақты жолы кино болып көрінді. Бар түйгеніміз, әкем ғажап өмір сүрмеген. Сондықтан әкеміздің өмірі мен еңбек жолы туралы деректі фильм түсірілсе екен, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби суретшіні жұрт білсе ғой деген ниетіміз бар. Мұны бірнеше режиссер ескеріп, киноның сценариін де жазып шықты. Дегенмен бәрі қаржыға келіп тірелген соң, оны елеп-ескеріп жатқан ешкім болмай отыр.
Біздің мұражайымызда үлкен көрме ашылды. Бұл мұражай – әкемнің өзі тұрған қара шаңырағы. Дәл мұндай көрме бұрын ашылмаған еді. Архивтен 320 жұмыс шығарылды. Соларды реттеп қабырғаға іліп қойдық. Шынын айтқанда, ілулі картиналардың бәрін алғаш көруіміз, өйткені біз әлі кішкентай кезімізде салынған сурет болған, балаларына көрсете бермепті. Одан кейін бұрынғы ескі суреттерге жан бітіріп, комбайнның, желмен қозғалып тұрған бидайдың картиналары тура сол кезде жүргендей әсер қалдырады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ