Ғалымдар «Керқұлан-кертағы» деп ресми түрде ат берген Пржевальский жылқысының байырғы мекені – Орталық Азия, оның ішінде Қазақтың кең сахарасы болғаны рас. Жылқы түлігінің тұяғы қазақ даласына тигеннен бері қарайғы екі ай ішінде ғалымдар мен жануарлардың денсаулығын бақылаушылар үнемі зерделеп, олардың әр басқан қадамын бағып отыр. Өйткені бұл өте маңызды әрі жауапты шаруа екені анық. Тіпті, әлеуметтік желіде қыл құйрықтының бұл түрі елге келген сәттен бастап «оның қазақ даласын жерсініп кетуі мүмкін емес» деген пікірлер де көп болды. Қуантатыны сол, жануарлар Торғай жерін жатсына қоймапты. Бір сөзбен айтқанда, жерсіндіру жобасы сәтті жүзеге асып жатыр.
Қазақ даласында 19-ғасырға дейін тіршілік еткен Пржевальский жылқысын тарихи мекеніне қайтару мәселесі Қазақстан Үкіметі деңгейінде шешіліп, Германия мен Чехия Республикасы арасындағы тарихи-мәдени келіссөздер нәтижесінде олар байырғы мекеніне оралған-ды.
19-ғасырдың соңына қарай әлемде жойылып кетуі мүмкін делінген жабайы жануарлардың түрлерін Германия, содан соң Чехия Республикасы өздерінің табиғи қорықтарына жеткізіп, тұқымын сақтап қалған. Ол үшін әрине осы елдердің ғылым мен табиғатқа деген жанашырлығына бас имек керек.
Қазір Торғай даласына жеткізілген керқұлан-кертағылардың саны жетеуге жеткен. Бүгінде әлі де болса арнайы қоршау ішінде жүр. Бұл жайлы бізге Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының атқарушы директоры Вера Воронова айтты.
«Шаруаның басы қасында жүрміз. Алғашқы сәттерден бастап істі қолға алғандықтан жылқылардың күнделікті ахуалы біздің бақылауымызда. Бүгінде жануарлар 2 топ болып жайылып жүр. Олай болатыны бізге жеткізілген 7 жылқының ішінде 2 айғыр бар. Осы екі топты екі бөлек қоршауға енгіздік. Дәл қазіргі кезде алаңдайтын ештеңе байқамадық. Себебі олар жергілікті орынға әбден төселіп алды. Қорек жеткілікті. Тіпті, өздігінен табиғат аясындағы суатқа да еркін түсіп жүр. Бұған қарап біз жануарлардың өте бейімделгіш екенін байқадық. Себебі Германия мен Чехияда жылқылар түгелдей қолдан жем жеп, суат орнынан астаудан су ішіп жүрген екен. Ал бізде ондай жоқ, барлығы табиғи. Сондықтан жануарларды жерсіндіру әзірге сәтті жүріп жатыр», – дейді.
Қылқұйрықтылардың санын алдағы жылдары 40 не 50-ге жеткізу көзделіп отыр. Бірақ биылша осы жетеуінің әбден жерсініп кетуі маңызды. Бұлар толық жерсінген жағдайда Еуропадан қосымша жылқылар алдыру мүмкіндігі артады. Яғни, Торғай даласындағы жеті кертағы алдағы уақыттарда келетін жануарлардың мәселесін шешетінге ұқсайды.
«Осы уақытқа дейін бізге 7 бас керқұлан-кертағы (Пржевальский жылқысы) жеткізілген болатын. Жерсіндіру жұмыстары «Алтын дала» резерватының Ұлы Жыланшық жер телімі мен Әліби жерсіндіру орталығында жүргізіліп жатыр. Чехиядан әкелінген 3 бас керқұлан-кертағының 1 бас аналығынан жылқылар ринопневмониясы анықталуына орай карантин мерзімі тамыз айының ортасына дейін ұзартылды. Қазір жылқылардың жағдайы қалыпты. Жануарларды жерсіндіру орталығының жалпы алаңы 180 гектар аумақты құрап отыр. Бұл аумақ түгелдей жерсіндіру үшін қоршалып дайындалған. Мұндағы су көзі табиғи. Алдағы 5 жылдың ішінде 50 басқа тарта жылқы әкеліп жерсіндіру жоспарда тұр. 2024 жылы жеткізілген 7 бас керқұлан-кертағы алдағы 2025 жылдың көктем кезінде табиғи ортаға жіберілетін болады. Демек, қоршаудың сыртына шығарылады. Бұл кезде де үнемі мемлекеттік инспекторлардың бақылауында болады. Жылқыларды бақылауды Қазақстанның биоәртүрлілігін сақтау қауымдастығының мамандары мен шетелдік ғалымдар бірлесіп жүргізіп жатыр», – дейді «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Серікболсын Құлжанов.
Қазақстанның орталық аймағында жабайы жануарлардың жаңа тобын өсіру жайлы идея 2008 жылы «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасының аясында көтерілген болатын. Бұл жобаның негізгі бағыты далалы жерлерде мекен еткен, бірақ белгілі себептерге байланысты түгел жойылып кеткен жануарлар популяциясын қалыпқа келтіру еді. Осы мақсатта Пржевальский жылқысы мен құлан таңдалған. Арада бірнеше жыл өткенде Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы «Алтын дала» мемлекеттік резерваты территориясында Пржевальский жылқысын реинтродукциялауға арналған орталық салынды. Онда жануарды жерсіндіруге қажет барлық жағдай жасалып, арнайы мамандар шақырылды. Алайда Пржевальский жылқысын Торғай даласына әкелу үшін жануардың алдымен Қызыл кітапқа енуі тиіс болып шықты. Жұмыс тағы біразға шегеріліп қалады. Мамандар жұмысты тоқтатпас үшін керқұлан-кертағыны кейінге қалдыра отырып, Торғай даласына «Алтын-Емелден» құландарды әкелу жұмысын жүргізді. Бұл жоба «Құлан дала» деп аталды. «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасы аясында құрылған жобаға бірнеше ұйым кіреді. Олардың арасында Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы мен Ауыл шаруашылық министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, шетелдік ұйымдар, Норвегия, Германия, Ұлыбритания елдерінің табиғи қорықтары да бар. Шетелден келген арнайы мамандар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, құланды көшіру жұмыстарына қатысты.
Шындығында, аталған жоба ел ішінде жүргізілсе де өте сәтті орындалды. Әрі мамандарға мол тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Вера Воронованың айтуынша, қазір сол құландар табиғатта еркін жайылып жүр. «Тек сырттай ғана бақылап отырғанымыз болмаса, оларға келер қауіп енді жоқ», – дейді маман.
Торғайға табаны тиген тұяқтыларды бақылап, олардың денсаулығын зерделеу өте маңызды іс екенін айтады мамандар. Себебі керқұлан-кертағылар ел ішінде жоқ, сондықтан сырт елден, Еуропадан келіп отыр. Егер арасынан біреуін жазатайым өлтіріп алсақ, үлкен шығын болады. Сондықтан бұл істе ықтияттылық керек.
«Жылқылардың денсаулығын күніне екі рет: таңертең және кешке бақылап отырамыз. Ол үшін біз жануарлардың күнделікті мінез-құлқын бақылай алатындай деректерді бейнеге түсіреміз. Одан бөлек, олардың тәбетін, белсенділігін, жалпы жағдайын мұқият қадағалаймыз. Ғылыми тұрғыдан қарастырсақ, үй жылқысы мен Пржевальский жылқысының айырмашылығы көп. Кертағы жылқыларында 66 хромосома болса, үй жылқыларында 64 хромосома бар, сондықтан екі түрлі қылқұйрықтылардың жолығып қалуына жол бермеу керек. Пржевальский жылқылары үй жылқыларына қарағанда зебраға бейім, мінез-құлқы агрессивті, сондықтан оны қолға үйрету мүмкін емес. Жылқылар жабайы болғандықтан, тікелей жақындап, физикалық тексеру жүргізуге мүмкіндігіміз жоқ. Сол үшін денсаулығын тұрақты визуалды бақылап отырамыз. Егер визуалды бақылаулар денсаулық проблемаларының белгілерін немесе әдеттен тыс мінез-құлықты анықтаса, біз қосымша тексерулер мен басқа да қажетті процедураларды қарастырамыз. Қазақстанда көктем мен күз мезгілі қауіпті кезең саналатындықтан, кенеге қарсы вакцинация жасау күзде жоспарлануда», – дейді Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының ветеринар маманы Данияр Қалиев.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта жылқылардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Қандай да бір проблемалардың белгілері анықталса, олар ұлттық және халықаралық ветеринарлармен бірге қажетті қадамдарға баруға дайын екен.
Айтпақшы, сәтін салса, кертағылар бір жарым ғасырдай уақыттан соң қазақ даласында құлындауы мүмкін. Мамандар солай үміт етеді.
«Климатизация қораларының бірінде айғырдың биеге шапқанын бейнетаспаға жазып алдық. Бірақ дәл қазір бие буаз ба, жоқ па, оны сенімді түрде анықтау мүмкін емес. Ол енді алдағы күннің еншісінде. Алғашқы белгілерді көктемде ғана байқауға болады», – дейді Данияр Қалиев.
Егер шын мәнінде кертағының биесі буаз екені расталса, әрине үлкен жаңалық болғалы тұр. Мамандар «бие іш тастамай, құлындаса, онда жануар Торғай даласын жатсынбағанын білдіреді» дейді.
Ал қазір қыс пен көктемде жейтін шөп шабылып, арнайы жиналған. Одан бөлек, әр жерге қыстың қатты аязы мен өкпек желінде пана болар үйшіктер тұрғызылыпты. Сәйкесінше, бұл маңға шөп те маяланған. Егер төтеден келген сырқат болмаса, өзге жағдайлар түгел жерсіндіру мекенінде жасалғанға ұқсайды. Біз пікірлескен мамандар осыны айтып отыр.
Бердібек ҚАБАЙ