Қоржында бір алтын, үш күміс және үш қола жүлде бар. Тамыз айы туғанда қанжығаға үш бірдей медаль түсті. Қолын ысқылап, қуанышты хабар күтіп жүрген жұрттың әлі де дәмесі бар. Тағы бір спортшымыз тосыннан қуанта ма деп теледидарға телміріп отырғандар жетерлік.
Ат тұтқасында «ойнаған» ұл
Алматыда дүниеге келіп, алты жасынан гимнастика залында тәрбиеленген Нариман Құрбанов олимп шыңының екінші тұғырына шықты. Бұл күнді Нариманнан бұрын, оның әкесі әрі бапкері Хусанжан Құрбанов көп күтті. Өйткені бапкерге келіп, «ұлыңнан түк шықпайды» деп айтқандар да кезігіпті. Бұдан бұрынғы сұхбаттарында Нариман да гимнастикадан он рет кетіп, қайта келгенін айтқан. Бірде футболға ауысып, екі айдан кейін гимнастика залына қайта оралған екен. Иә, ол іштей футболды спорт гимнастикасынан көбірек жақсы көрген. Алайда көзін ашқаннан гимнастикада жүрген соң, кету қиынға соққан. Үйде де, сыртта да әңгіме ауаны тұтқалы ат, шығыршық, еркін жаттығуға ауысқан. Нариман әкесіне өзі туралы айтқан сөзді де білген. Осыдан кейін 16 жасында аталған спортқа шындап беріліп, нәтижеге жетуді ойлаған. «Ешкім менен потенциал көрмеді. Осы тұста өзімді көрсетіп дәлелдегім келді. Әкемнің туын жыққым келмеді. Қаншама жыл залда тер төктім, жемісін жеп, жеңіс тұғырына шығуға бекіндім» деген екен. Ол бастапқыда алты снарядта да өнер көрсеткен. Алайда тұтқалы ат жаттығуында өзін «суда жүзген балықтай» сезінетінін байқаған. Әкесі де осы жаттығуды таңдап, баласына бар білгенін үйреткен. Тіпті, бұл сында Құрбанов атындағы жаттығу да бар. Рас, Нариман Құрбанов мансабында 2021 жылдан кейін алға ілгерілеу болды. 2022 жылғы әлем чемпионатында төртінші орынға тұрақтады. Десе де Токио-2020 Олимпиадасына жолдама иелене алмай қалғаны бар. Содан кейін бір серпіліп, жаттығуға қайта кіріскен. Жалпы, ол олимп шыңын бағындыруды 18 жасқа толғаннан кейін «қолға» алған. 2023 жылы Дохада мен Бакуде өткен әлем кубогында алтын, 2024 жылы Германияда әлем кубогы кезеңінде алтын медаль иеленді. 2023 жылы Азия ойындарында қола жүлдегер атанды. Дегенмен Париж Олимпиадасы жолдамасын алу оңай болмады. Оны өзі де сан мәрте айтты. Өйткені олимпиадаға дейінгі жарыстарда гимнасшы саны көп, соған қарай бәсеке де жоғары. Нариман биыл сәуірде Дохада өткен әлем кубогының лицензиялық кезеңінде тұтқалы ат жаттығуы бойынша төртікке енді. Осылайша, соңғы төрт жолдаманың бірін иеленді.
Ол Токиоға бара алмаған соң, бағдарламасын толық өзгертіп, үздік өнер көрсетуге барын салған. Аталған олимпиадалық циклде бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүрді. Мұны өзі психологиялық дайындықпен байланыстырған. Қызығы сол, барлық жарыста тұтқалы ат жаттығуында Нариман алаңда не басында, не соңғы болып шығады екен. Париж Олимпиадасының финалында тұтқалы аттың жанына бірінші барып, жаттығуын «алаңсыз» орындаған. Өйткені бұл «аттан» құлап қалу бір-ақ сәт. Өзіңді ұстау, аралықты табу қиын. Соның бәрін ойлап тұрғанда ми құрғыр да маза бермесі анық. Сол үшін Құрбанов Франция төрінде бәрін икемге қалдырып, миын бір сәт «өшіріп» тастаған. Бұл – оның біраз жыл спорт психологиясын зерттегенінің жемісі. Икемді дене жадта жатталған элементті мүлтіксіз орындап шықты. Бейне бір ат үстінде әрі-бері билегендей әсер қалдырады. Осылайша, Құрбанов алғашқы олимпиадасында күміспен күптелді. Өзіне сенімді, білгенінен жаңылған жоқ, барын салды. Өнер көрсеткен соң да, «алғашқы шыққаным жақсы болды, соңынан шықсам алтын алған қарсыласымның ұпайын көріп, қобалжып едім» деді. Жаңылған жоқ, комбинацияны автоматты түрде орындады. Орындады да, әкесімен қоса күллі қазақты қуантты. Залда қуаныштан аспанға екі елі жетпей жүрген Хусанжан Құрбановтың видеосы талайды тәнті етті. Марапаттау салтанатынан кейін Нариман да «медальді ұстап тұрғаннан гөрі халықтың қуанып жатқаннын көру, сезіну бақыт» деген еді. Айта кетерлігі, ол уәдесінде тұрды. Құрбановтың сүйген қызы Аида Бауыржанқызы да спорт гимнастикасымен айналысады. Нариман Аидаға Токио Олимпиадасына бара алмағаннан кейін «үш жылдан кейін үйленеміз» деп уәде берген екен. Олимпиада біткен соң жақында шаңырақ көтеретінін дүйім жұртқа мәлімдеді.
Дос емеспіз, туыспыз...
Иә, Нариманнан кейін грек-рим күресінің шебері Демеу Жадраев ел мерейін тасытты. Жадраев өнер көрсеткен салмақта 2004 жылы Георгий Цурцумия финалда күресіп, күміс жүлде алған. Араға 20 жыл салып, Демеу Париж төрінде финалда күресті. Иә, 2008 жылы Нұрбақыт Теңізбаев Бейжің олимпиадасына қола медаль алған. Кейіннен күміс медаль алған спортшының қанынан допинг тауып, күміс жүлде автоматты түрде Теңізбаевтың атына жазылды. Сондықтан Жадраев – тәуелсіз Қазақстан тарихында финалда грек-рим күресінен финалға шыққан алғашқы қазақ.
Расымен, Демеуден ешкім жүлде күткен жоқ. Өйткені оған жеребе оңай болған жоқ. 1/8 финалда тәжірибелі Хаир Алексис Куэроға тап болды. Оны айқын басымдықпен жеңгенде тосылып қалғанымыз бар. Артынша күллі қырғыз сенім артқан Ақжол Махмұдов күтіп тұрды. Токио Олимпиадасының күміс жүлдегерін жеңгенде тынысымыз ашылғандай күй кештік. Өйткені Махмұдов осы сындағы нағыз фавориттің бірі еді. Артынша Санан Сүлейменовтей «тіс қаққан» балуаннан айласын асырып, финалға шыққанда қуанбаған қазақ қалмады. Бір түннің ішінде Демеуден олимп чемпионын «жасап» алдық. Оның алғашқы бапкері Жұмахан Тұрғанбековтың шәкіртінің финалға шыққандағы көзіне жас алғаны күллі қазақты жылатты. Көзіне жас алмай қайтсын, тәжірибелі бапкердің екінші шәкірті олимпия ойындарында бақ сынап, жүлдеге қол созды. Үшарал ауылында туған екі бірдей саңлақ Жетісудан олимпиадаға дейін жол салды. Осылайша, спортшыны «босаңсытып» алдық па, кім білсін?! Өйткені финал әлеуметтік желіде «жазғандай» өтпеді. Жапон Нао Кусаканың күресі Ұлы Қытай қорғанын еске салды. Демеуге әдіс жасатқан жоқ. Тірескен үстіне тіресе түсті. Өзінің физикалық, тактикалық тұрғыда басым екенін айқын көрсетті. Демеу де барын салды, бірақ жапонға шамасы жетпейтінін түсінгендей. Алып та көрді, шалып та көрді, болмады. Ысқырық шалынғанда басын төмен салды. Ел күткеніндей, өзі ойлағандай емесін білді. Өйткені ол олимпия финалына 34 жасында жетті. Қарсыласындай 23 жасында қылшылдап тұрған жоқ. Оның карьерасында қаншама қиындық кездесті. Мойыған жоқ. Қарапайым қалыппен алға жылжыды. Токиода жолы болмады. Басын тіктеді де, алға жүре берді. Ішінен бір «тойдың» боларын бағамдағандай. Париж оған мансабындағы екінші маңызды күмісін сыйлады. 2017 жылғы әлем чемпионатында атой салып, күміс жүлдеге қол жеткен жоқ. Байқасаңыз, Париж алға ұмтылған қазақтың қай баласын болса да жылатқан жоқ. Біріне алтын, біріне күміс берді. Әміре ән салған мекенде қазақтың Әнұраны әуеледі. Иә, Демеу де қазақтың Туын тұғырға көтергісі келді-ақ. Бірақ болмады. Дегенмен қазақ пен қырғыздың пейілін, бауырмал екенін көрсетті. Марапаттау салтанатында Ақжол мен Демеудің жеке шығып, суретке түсіп, арқасынан қаққаны көзге жылы ұшырады. Ол да ағасының финалда жеңгенін тілеген екен. Ал Ақжол Жадраевтан жеңілгенінде қырғыздар «ештеңе етпес, жеңілсе, өз бауырынан жеңіліпті» дегенінде қаншама құрмет жатыр десеңізші?! Айталық, Демеу финалға шықпаса, Ақжол қола алмайтын еді. Бұл – факт. Бірақ қырғыздардың әлеуметтік желіде «алтынды қазақ бауырымыз алсын» дегенінде «сонда біздің Ақжол қолаға күреседі» деген принцип жоқ. Ақ пейілі көрініп тұрды. Алатаудың қос бауырын мекен еткен ел бір-бірін бөле жарған жоқ. «Біз дос емеспіз, бауырмыз» деп кесіп айтты. Ел де, спортшы да барын ортаға салатын бәсекеде тілеуіңді тілер тағы бар жұртың барын білген қандай ғанибет?! Демеу де осыны сезіп бір жасап қалған болар, кім білсін?..
Нұрбектің айқын күмісі
Алайда көзінде мұң тұрғанын бәрі байқады. Мойнына Олимпиаданың күміс жүлдесін таққанда да масаттанған жоқ. Бокстан 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрбек Оралбай да сөйтті. Ішінен «ел сөгетін болды, алтынға қол созым жерден қайттым» деп кінәлап тұрғандай көрінді. Жүлдегерлермен бірге суретке түскенде де бір езу тартқан жоқ. Одан кейінгі журналистерге берген сұхбатында көзіне жас алғандай, намыстан тістеніп тұрды. «Қазақтың туын жығып алдым-ау» деген намыс оты қарып бара жатты, білем. Өйткені аталған финал екі Олимпиада қатарынан «жансақтау бөліміне түскен» қазақ боксына оттегіндей әсер еткен еді. Ерлер сапынан жеті бірдей боксшыны бәйгеге қосқанымыздан, көмбе жақтан екінші Оралбайдың аты ғана көрінді.
Көрінді де жанкүйерге үміт сыйлады. Әрине, Украинаның үздік боксшысы Александр Хижняк аянып қалмасын білдік. Көзінен жалын шашып, рингте ойқастап тұрған ол отандасымызды әуреге салды-ақ. Алғашқы екі раундта Нұрбек те оңай шағылар жаңғақ болған жоқ. Тіресті, ер мінезін көрсетті. Шаршы алаңда бокс емес, құдды айқас жүргендей болды. Төрешілер алғашқы раундта Хижнякты, екіншісінде Оралбайды жоғары бағалап жатты. Ал үшінші раундта украин боксшысы әлдеқайда тың жұдырықтасты. Тағы үш раундқа шыдас беретіндей айбар көрсетті. Ал отандасымыз үшінші раундта оның екпініне төтеп бере алмады. Төрешілер де шешімді үшінші раундқа қалдырғандай. Осылайша, Хижняк Токиодағы күмісін Парижде алтынға айырбастады. Ал Айбекке күміс жүлде бұйырды. Париж Олимпиадасы кезінде бесқаруы сай дайындалғанның бірі де бірегейі бокс федерациясы еді. Себебі федерация жанынан арнайы ғылыми топ жұмыс істеді. Тұрақты түрде анализ жасап, жүктемеге дейін ретімен жазылды. Жаттығу жиыны да, жағдай жасау жағынан да күмән болған жоқ. Федерация тарапынан лицензия алған боксшыларға сый берілгенін де көрдік. Нәтижесінде, бокстан он лицензия алған ұлттық құрама екі жүлдені арқалап қайтты. Жүлденің бірі әйелдер арасында 50 келіге дейінгі салмақта рингке шыққан Назым Қызайбайға тиесілі.
Рингтегі алтын қыз
Ал Назым Қызайбай олимпия ойындарының қола медаліне қол жеткізгенде не дегенін білесіз бе? «Әттең, қыздар арасында қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болғым келген еді. Жеңсең жаныңда адам көп болады. Жеңілсең, жақындарың ғана жаныңнан табылады. Оның бәрін білеміз...» деді. Иә, Назым Қызайбайдың бокстағы «бұралаң» жолында шырақ жағылып, алғашқы олимпиадасына қатысты. Жай қатысқан жоқ, жүлдегерлер қатарынан көрініп, қола медаль еншіледі. Ал Олимпиада алдында одан ешкім медаль күткен жоқ-ты...
Қазір Қызайбай 30 жасқа келді. Осы жолда үш рет салмақ ауыстырды. 2014, 2016 жылы 48 келіге дейінгі салмақта екі рет әлем чемпионы атанды. Сол тұста әйелдер арасындағы үздік спортшының бірі еді. Алайда 48 келіге дейінгі салмақ бокстан Олимпиада тізіміне кірмейтін-ді. Сондықтан ол бұдан ауыр салмаққа ауысты. Кез келген жаңа бастаманың оңайға соқпайтынындай, Назымға да өзінше қиындық әкелді. Бірақ спортшы сонда да сынған жоқ. 2021 жылы 51 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатында алтыннан алқа тақты. Одан кейін 50 келіге дейінгі салмаққа ауысып, Олимпиадаға жолдама алу жолында еңбек етті. Алайда 2022 жылы Қытайда олимпия ойындарына лицензияға таласқанда, ширек финалда сүрінді. Бірақ алда екі жарыс күтіп тұрды. Бірі Италиядағы квалификациялық турнир, екіншісі тай еліндегі дәл сондай сайыс-ты. Назым Қызайбай Италияға бармады. Оның орына Алуа Балқыбекова аттанды. Бірақ отандасымыз бос қайтты. Ал Тайландтағы жолдама тағдыры Қызайбай мен Балқыбекова арасындағы жекпе-жекте шешілді. Аталған кездесуде Назымның асығы алшысынан түсіп, Банконгтағы жарысқа бір қадам жасады. Тайландта карьерасындағы алғашқы Олимпиадаға жолдама алды.
Ал Париж Олимпиадасына дайындық тыңғылықты жүрді. Әйелдер құрамасынан үш бірдей спортшы барды. Ә дегеннен 50 келі салмақта тәжірибелі Джорданна Сорриентиномен қолғап түйістірді. Мұқалған жоқ, ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды. Осыдан-ақ Қызайбайдың жігері, Франция төріне босқа келмегені белгілі болды. Артынша 1/8 финалда бразилиялық Алмейданы сенімді жеңді. Ал ширек финалда Колумбия үміті Ингрит Валенсия күтіп тұрды. Отандасымыз 2022 жылы әлем чемпионатында аталған қарсыласынан ұтылып қалған-ды. Реванш жасап, жеңіс жалауын желбіретті. Осылайша, кемінде қола медальды қанжығаға салды. Жартылай финалда қытай қызы Ю Вумен жұптасты. Биыл әлем чемпионы атанған ару ширақ, тың бокстасып, біздің спортшыдан айласын асырды. Қытайдың бокс федерациясы кубалық бапкерлерді қатарға қосып, Парижге барынша дайындалғаны есімізде. Қызайбай да рингте барын салғанымен, қытай боксшысының екпініне қарсы тұра алмағанын атап өтті. Сонымен алдынан қанша сынақ шықса да, берілмеген Назым Қызайбай олимпия ойындарының қоласына қол созды. «Бабында тұрған кезінде тұсамай, аламанға қосқанда бұдан да оза шабар ма еді?» десті жұрт. Оның алтын жүлде алуын тілегендер көп. Өйткені қазақ әйелдер боксы дегенде кімнің болмасын есіне Назым есімі түсетіні белгілі. Жеті рет ел чемпионы атанғаны тағы бар. Ол сіз бен біздің ғана емес, жас спортшылардың да кеудесіне шырақ жаққан боксшы. Кім не десе де арманына адал болған ару тағы бір қадам жасады. Тоқтамайтынын, әлі де алға жылжитынын көрсетті. Көзде жалын барда, жас маңызды емесін, әлі де алып-қосары барын дәлелдеді.
Мейірім әлемді құтқарады
Спортшылар Олимпиадада физикалық және эмоциялық күшін қатар бәйгеге қосады. Кейде эмоция шынысын толтыра алмай қалатынымыз бар. Сондай тұста бапкердің қолдауы ауадай қажет. Қырғыз боксшысы Мұнарбек Сейітбекұлы Парижге жеке бапкерсіз келді. Беганас Сұлтанбаев виза мәселесіне байланысты аламанға қатыса алмады. Соны білген өзбек бапкері Акмал Хасанов Мұнарбекке секундант болып, бетіне су бүркіп, білгенін айтты. Хасановтың бұл ісі Орталық Азия елдерінің бауырмал әрекетін бүкіл әлемге паш етті. Осыған қарап бас шайқап, тәнті болғандар жетерлік. Қызығы сол, Сейітбекұлы бокстан қырғыз тарихында тұңғыш рет финалда жұдырықтасады. 57 келіге дейінгі салмақта өзбек мықтысы Әбдумәлік Халоковпен алтын жүлдені сарапқа салады. Мұнарбекке кімнің секундант болатыны әзірге белгісіз. Мүмкін ағалық танытып, қазақ делегациясы қол ұшын созар?!
Осы көрініске жанкүйер біткен көздің жасын сығып отырғанда Жоламан Шаршенбеков бапкерімен бозкілемге «кіріп» келді. 90 жасқа таяған бапкер Хәкім Махмудов шәкіртімен бірге келіпті. Бір емес, екінші рет Жоламанды Олимпиадаға әкелді. Қырғыз саңлағы Хәкім ақсақалдан тоғыз жасынан бастап тәлім алған. Арада алты жыл өткенде Азия чемпионатында суырылып шығып, жастар арасындағы аламанда топ жарады. 24 жастағы балуан осыған дейін екі рет әлем чемпионы, үш рет Азия чемпионы атанып үлгерді. Токио олимпиадасына қатысып, тәжірибе жинағаны тағы бар. 80 жасына дейін күнін таңғы жүрістен бастайтын бапкер шәкірт дайындауда аянып қалмаған. 90-ға жуық жүлдегер шығарған. Парижге де жай келмей, талантты шәкіртімен бірге Олимпиада қоласын арқалап қайтты. Әсіресе, қола медаль үшін белдесуде бозкілемнің бір бұрышынан Жоламанға бар білгенін айтып, тақым қысып отырды. Әлеуметтік желідегілер Хәкім ақсақалдың шәкіртін демегенін көріп сүйсініп, «Жоламан ақсақал үшін медаль алуға міндетті» десті. Шаршенбеков жүлде алған соң, халық «Америкада шәкіртіңіздің алтыннан алқа таққанын көрейік» деп 87 жастағы бапкерге тілегін жаудырды.
Ол-ол ма, грек-рим күресінде кубалық Михаин Лопес айды аспаннан бір-ақ шығарды. Қатарынан бес мәрте Олимпиада чемпионы атанды. Бейжіңнен бастап басталған жол Франция астанасында аяқталды. 130 келіге дейінгі салмақта күресетін балуан 20 жыл ішінде қарсылас шақ келтірмеген. 40-тан асқан шағында бесінші мәрте олимп шыңын бағындырғаны бойында толассыз күш-жігердің барын дәлелдеді. Көз алдыңа дәл бір қазақ ертегісіндегі бойында алып күші бар дию елестейтіндей. Мұнша алып күштің қайдан келіп жатқанын білмей дал болатының тағы бар. Онымен қоймай осынша жасқа келгенде бабында жүргені де – биіктік. Иә, карьерасында қай спортшы болмасын нүктені әдемі қойғысы келеді-ақ. Лопес құдды киноның соңғы эпизодын таспалап жатқандай әсер қалдырды. Чили өкілі Фернандесті «жыққан» соң, жанкүйерге қарап алғысын білдірді де, бозкілемнің ортасына қайта келді. Үнсіз отыра қалып, бәтенкесінің бауын шешіп, сүйді. Екеуін бірдей дәл ортаға қойды да, «қош бозкілем, қош, бітпес айқас» дегендей артына бұрылмастан бапкеріне аяңдады. Бапкерімен құшағы айқаса кеткенде көз жасына ерік берді. Бетін басып жылап, стадиондағы жанкүйерлеріне сәлем жолдады. Осылайша, балуанның аңызға бергісіз мансабы аяқталды. Карьерасына қарап Абайдың «өзіңмен күрес өлгенше» дейтіні еске түседі. Ол әр олимпиада сайын қарсыласымен ғана емес, ішкі «менімен» және мықтымын дейтін жігерімен күрескендей...
Ал жеңіл атлет Арманд Дюплантис сырықпен секіруден әлем рекордтын жаңартты. Мұны сарапшылар «Дюплантис тағы да космосқа барып қайтты» деп бағалады. Расымен, оның бәрінен оза шабатынына күмән болған жоқ. Бірақ әлем рекордын жаңартып-жаңартпайтыны жайында сұрақ болды. Қызығы сол, 6, 24 метрлік биіктік те Дюплантистің еншісінде еді. Франция төрінде жеңіл атлет алдымен 6 метр биікке секіріп, чемпион атанды. Одан кейін 6,10 метрге секіріп олимпиада рекордын жаңартты. Ал үшінші мүмкіндігінде 6,25 метрді бағындырып, әлем рекордын бұзды. Дюплантистің секіргенін көрген жанкүйерлер ерік-жігер танытса адамның жетпейтін биігі жоғын көзбен көрді. Математикалық дәлдікпен есептегендей сырықты дәл тіреп секіргені таңдай қағарлық сәт. Өз рекордын өзі жаңартқан жеңіл атлет осымен екінші рет Олимпиада чемпионы атанды. Жеңісті жанкүйерлерімен бірге тойлап, жеңісін күллі швед халқына арнады. Қатарынан екінші олимпиада жүлдесі – жанкешті жұмысы мен спортты сүйгенінің арқасы.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ