Көпір керек, көпір!
Көпір керек, көпір!
328
оқылды
Жамбыл облысы Жам­был ауданы Аса ауы­лын­да­ғы теміржол жолағы «ажал алаңына» айнал­ған­дай. Олай дейтініміз – аталған елді мекендегі те­міржол талайдың тағ­ды­рын тас-талқан етіп, ажал құштырды. Мұндағы жұрт теміржол жолағына құдды бір қыл көпірге кел­­гендей, жандарын шү­бе­рекке түйіп өтеді. Аса­лықтардың жанай­қайы­на айналып отырған мәсе­ле­ні біз де арнайы барып, зер­делеп қайтқан едік. Облыс орталығынан отыз шақы­рымдай жерде орналасқан Аса ауылын теміржол жолағы қақ ортасынан бөліп өткен. Ауданда 12 157 халық тұрып жатса, темір­жолдың сол жақ бетінде 1 520 тұр­ғын қалып қойған. Оның 151-і – мектеп оқушылары. Бұқараның күнделікті аурухана, мектеп сияқ­ты әлеуметтік нысандарға баруы мұңға айналып отыр. Себебі атал­­ған нысандарға жету үшін алты жолақты теміржолдан өтуге тура келеді. Ал күнделікті «Тараз–Қа­­ратау–Жаңатас» және кері ба­ғыт­­та қанша пойыз қай уақытта өтетінін тап басып айту қиын. Кез келген уақытта отарба алдыңнан шыға келуі мүмкін. Бұған біз де атал­­ған ауданға барғанда көз жет­­кіздік. Теміржолдың сол жақ бе­­тіндегі көшеге қарай алты жо­­лақ­ты басып өтеміз дегенше гүрілдеген пойыздың дауысы естіліп, рельстермен жүгіріп өтуге тура келеді. Осы тұста егер егде тартқан қария әлде таяққа сүйен­ген әже өтсе, қалай болар еді деген ой келеді. Теміржол кө­шесіне табанымыз тигенде жо­лақ­тың үстімен жүгіріп, вагон­дардың арасымен өтіп жатқан бала­­ларды көріп, тіпті жағамызды ұстадық. Оларға бас-көз болып немесе ескерту жасап жатқан бір адам жоқ. Отарбамен жүгіріп жарыс­қан ойын балаларының бірін пойыз басып кете ме деп, зәреміз қалмады. Абырой болғанда бала­лар жол жиегіне шығып үл­герді. Бұл жағдайды байқап тұр­ған Те­міржол көшесінің тұрғы­ны Бе­ке­жан Мақұловты сөзге тарт­тық. – Әне, көрдіңіз бе, вагонның астынан балалар жүгіріп өтті. Осыны көріп, төбе шашың тік тұрады. Балаларыңды бір жерге жұм­сауға қорқасың. Теміржол бойын­да көлік өтетін жер алыс­та орналасқандықтан бізге же­дел жәрдем де кешігіп келеді. Аудан­дық аурухана теміржолдың арғы бетінде тиіп тұрғанымен, үй­дегі қарияны апару үшін та­лай жолды айналып өтемін. Одан бөлек, күн­делікті таңертең бала­лары­мыз­­ды балабақшаға алып өтеміз. Кешкісін қайта алып, кері өтуіміз керек. Баламен теміржолдан өту қаншалықты қиын екені айтпаса да белгілі. Десе де, осылай күнел­ту­ден басқа амалымыз жоқ. Алдыңғы жылдары пойыз мек­теп оқушысын басып кетті. Теміржолмен жүгіріп өтіп бара жатқан баланың сөмкесі вагон­ға ілініп қалып, оқушыны отар­ба дөңгелегі белінен бөліп түсір­ді. Одан бөлек, бір апаны да пойыз басып кеткенін естідік. Пойыз­дың астына түсіп жатқан мал да аз емес. Осы жайттарды еске­ріп, теміржол үстінен Үкімет жер­­үсті өткелін салып берсе болар еді. Алайда мұны айта-айта шар­ша­дық, – дейді ауыл тұрғыны. Тұрғындардың тілегі мен түйіні тарқамаған түйткілдің жай-жапсарын білгеннен кейін бала­лар вагон арасымен жүгіріп жүр­ген маңға барып, күзетшіні сөзге тарт­тық.
– Ойын баласы болғаннан кейін олар қорқуды біле ме? Ата-аналарына айта-айта шаршадық. Қуып жіберсең де, қайтып келе­ді. Негізі Шу ауданы сияқты те­мір­жолдың бойын қоршап, ар­найы көпір салып қойса, ха­лық сонымен өтуге үйренер еді. Ал бізде қазір теміржолдың кө­рін­ген жерінен адам өтіп жа­тыр. Ол – қауіпті әрине. Бірақ біз­дің қолдан келер еш амал жоқ. Осында жүргеннен кейін ва­­гондар арасымен өтіп жатқан тұр­ғындар аяғын жарақаттап алып­ты, басын соғып алыпты де­ген сияқты мәселелерді жиі естиміз. Бірақ бұл мәселеге билік тарапынан жіті көңіл бөлінбесе, басқа қолдан келер шара жоқ. Күнделікті алты жолақпен 7-8 пойыз ары-бері өтеді. Сондай-ақ Жам­был фосфор зауыты, Аман­гелді мұнай өңдеу зауыты сияқты кәсіпорындардан шыға­тын және станса арқылы өтетін жүк по­йыз­дары да көп. Пойыз келе жа­т­қанда тұрғындарға ес­кер­ту ре­тінде дауысты дабыл беру­ден бас­қа еш амалымыз бол­май тұр, – дейді «Қазақстан темір­жолы» АҚ-на қарасты күзет бөлімінің ма­­маны Серікжан Нысанбаев.
Осы тұста Ю.Гагарин атын­­дағы мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Бақытжан Беке­жанұ­лын да жолықтырып, темір­жол­дан күнделікті қалай өтетінін сұра­­дық. – Рельстермен өтуден басқа амал жоқ бізде. Таңертең 07:30-да зауыт пойыздары өтетіндіктен олар жүріп кеткенше күтіп тұрып, сабаққа кешігіп барамын. Ал кешікпеу үшін қауіпті болса да, вагондар арасынан жүгіріп өтуге тура келеді. Көп жағдайда сөм­ке­леріміз ілініп қалып, сабақ­қа ақ көйлегіміз май-май болып бара­мыз. Содан мұғалімнен ұрыс ес­тіп жа­тамын. Егер бізге жерүсті емес, жерасты өткелін салып берсе, үлкендер де, жастар да те­мір­­жолмен еш қиналмай өтетін еді, – дейді Бақытжан. Иә, көптің тілеуі – көпір. Жер­аст­ы немесе жерүсті өткелі сал­ын­са, күрмеуі қиын мәселеге нүкте қойылатынын айтады. Осы орай­да аудан әкімдігіне хабар­ла­сып, көпір салуға не кедергі екенін сұраған едік.
– Тұрғындар ауылдың ке­­лесі бетіне қатынауы үшін ар­найы екі жерден жолақ бел­гі­­­ленген. Дегенмен бұл тұрғын­дар­дың теміржол үстімен өтуі­нің толық шешімі бола алмай отыр. Сонымен қатар олардың қауіп­­сіздігіне толық кепілдік бере алмайды. Осыған орай ха­лық­­тың шойын жолдан қауіпсіз өтуі үшін аспалы көпір салу мәсе­ле­сі көтерілуде. Аудан әкімдігі тарапынан ұзақ жылдан бері бұл мәселе тек облыстың ғана емес, Парламент Мәжілісі мен Се­нат депутаттарының қоғам­дық қабылдауларында шешімін таппаған мәселе ретінде ұсыны­лып келеді. Алайда бүгінгі күнге дейін аспалы көпір мәселесі оң ше­шімін таппады, – дейді аудан әкімі Сәкен Арубаев.
Оның айтуынша, Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Роман Склярдың қоғамдық қа­был­дауын­да бұл мәселені төте­сі­нен қойып, шешу жолын сұраған. Нәти­жесінде, Үкімет басшы­сы­ның орынбасары аудандық бюджет есебінен аспалы көпір құрылысының жобалық-смета­лық құжаттарын дайындауға тапсырма берді. Енді жобалау құ­жа­­тына биылғы жылдың бі­рінші жартыжылдығында қаражат қа­рас­тыру жоспарлануда. Ал кө­пір­дің жобалық-сметалық құжа­ты дайын болғаннан кейін республи­ка­лық қазынадан құрылысқа қа­жет­ті қаржы бөлінеді. Егер бәрі жоспарлы түрде жүзеге асса, биыл құрылысты бастап, ке­лер жылдың басында көпір пай­да­ла­ну­ға берілетінін айтады әкім. Әрине, бәрі жоспарлы түрде жү­зеге асса құба-құп. Алайда құ­­ры­­лыстың сметалық құнына кел­генде, оған қоса қаржы рес­пуб­­­ли­калық қазынадан қара­ла­­тын­дықтан, бұл мәселе «бауын тапса, байлауын таппай» сағызша созылатыны белгілі. Ал одан қара халық қана жапа шегеді. Үйі­не қай­тып келе жатқан ауыл тұр­ғы­ны Әбіл Сандыбаевтың қолын пойыз доңғалағы шауып түсірген. – Балам жалындап тұрған жа­сын­да қолсыз қалды. Кешкілік үйге қайтып келе жатқан баламды по­йыз іліп кетіп, 20 метр жерге дейін сүйретіп тастаған. Содан қол­сыз қалды. Басынан да ауыр жа­рақат алды. Бастапқыда ІІ топ­­тағы мүгедектік беріп еді, кейін­гі кезде дәрігерлер «ІІІ топ­­­тағы мүгедекке жатады» деп ай­­ту­да. Осы әділетті ме? Сол шо­йын жолдың кесірінен балам үй­ленбей де қалды. Артынан ұр­пақ қалмай қала ма деп, жүре­гім қан жылайды. Неге Үкімет ең бол­маса, балама заңды ІІ топтағы мүге­дектігін бермей отыр? – де­ген Әбіл­дің анасы Хадиша Қуа­ны­шева көз жасын төкті. Әрине, күндіз үйден аман шық­қан баласын кешкісін қолсыз көру анаға қалай оңай соқсын? Ал сабаққа кеткен баласын шойын жолдың бойынан бөлшектеп жи­нап алу – ата-ана үшін тіпті өлім­мен пара-пар. Жергілікті билік көпірдің құрылыс жұмыстары биыл басталып қалуы мүмкін екенін айтады. Құрылыс жос­пар­ға сай жүргізілді дегеннің өзін­де аспалы көпір тек келер жыл­дың басында пайдалануға бері­леді деп күтілуде. Оған дейін тұр­ғын­дарға бір Аллаға сыйынып, темір­жолмен жанын шүберекке түйіп өтуден басқа амал болмай тұр.    width=  Саятхан САТЫЛҒАН

Жамбыл облысы