Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Аса ауылындағы теміржол жолағы «ажал алаңына» айналғандай. Олай дейтініміз – аталған елді мекендегі теміржол талайдың тағдырын тас-талқан етіп, ажал құштырды. Мұндағы жұрт теміржол жолағына құдды бір қыл көпірге келгендей, жандарын шүберекке түйіп өтеді. Асалықтардың жанайқайына айналып отырған мәселені біз де арнайы барып, зерделеп қайтқан едік. Облыс орталығынан отыз шақырымдай жерде орналасқан Аса ауылын теміржол жолағы қақ ортасынан бөліп өткен. Ауданда 12 157 халық тұрып жатса, теміржолдың сол жақ бетінде 1 520 тұрғын қалып қойған. Оның 151-і – мектеп оқушылары. Бұқараның күнделікті аурухана, мектеп сияқты әлеуметтік нысандарға баруы мұңға айналып отыр. Себебі аталған нысандарға жету үшін алты жолақты теміржолдан өтуге тура келеді. Ал күнделікті «Тараз–Қаратау–Жаңатас» және кері бағытта қанша пойыз қай уақытта өтетінін тап басып айту қиын. Кез келген уақытта отарба алдыңнан шыға келуі мүмкін. Бұған біз де аталған ауданға барғанда көз жеткіздік. Теміржолдың сол жақ бетіндегі көшеге қарай алты жолақты басып өтеміз дегенше гүрілдеген пойыздың дауысы естіліп, рельстермен жүгіріп өтуге тура келеді. Осы тұста егер егде тартқан қария әлде таяққа сүйенген әже өтсе, қалай болар еді деген ой келеді. Теміржол көшесіне табанымыз тигенде жолақтың үстімен жүгіріп, вагондардың арасымен өтіп жатқан балаларды көріп, тіпті жағамызды ұстадық. Оларға бас-көз болып немесе ескерту жасап жатқан бір адам жоқ. Отарбамен жүгіріп жарысқан ойын балаларының бірін пойыз басып кете ме деп, зәреміз қалмады. Абырой болғанда балалар жол жиегіне шығып үлгерді. Бұл жағдайды байқап тұрған Теміржол көшесінің тұрғыны Бекежан Мақұловты сөзге тарттық. – Әне, көрдіңіз бе, вагонның астынан балалар жүгіріп өтті. Осыны көріп, төбе шашың тік тұрады. Балаларыңды бір жерге жұмсауға қорқасың. Теміржол бойында көлік өтетін жер алыста орналасқандықтан бізге жедел жәрдем де кешігіп келеді. Аудандық аурухана теміржолдың арғы бетінде тиіп тұрғанымен, үйдегі қарияны апару үшін талай жолды айналып өтемін. Одан бөлек, күнделікті таңертең балаларымызды балабақшаға алып өтеміз. Кешкісін қайта алып, кері өтуіміз керек. Баламен теміржолдан өту қаншалықты қиын екені айтпаса да белгілі. Десе де, осылай күнелтуден басқа амалымыз жоқ. Алдыңғы жылдары пойыз мектеп оқушысын басып кетті. Теміржолмен жүгіріп өтіп бара жатқан баланың сөмкесі вагонға ілініп қалып, оқушыны отарба дөңгелегі белінен бөліп түсірді. Одан бөлек, бір апаны да пойыз басып кеткенін естідік. Пойыздың астына түсіп жатқан мал да аз емес. Осы жайттарды ескеріп, теміржол үстінен Үкімет жерүсті өткелін салып берсе болар еді. Алайда мұны айта-айта шаршадық, – дейді ауыл тұрғыны. Тұрғындардың тілегі мен түйіні тарқамаған түйткілдің жай-жапсарын білгеннен кейін балалар вагон арасымен жүгіріп жүрген маңға барып, күзетшіні сөзге тарттық.
– Ойын баласы болғаннан кейін олар қорқуды біле ме? Ата-аналарына айта-айта шаршадық. Қуып жіберсең де, қайтып келеді. Негізі Шу ауданы сияқты теміржолдың бойын қоршап, арнайы көпір салып қойса, халық сонымен өтуге үйренер еді. Ал бізде қазір теміржолдың көрінген жерінен адам өтіп жатыр. Ол – қауіпті әрине. Бірақ біздің қолдан келер еш амал жоқ. Осында жүргеннен кейін вагондар арасымен өтіп жатқан тұрғындар аяғын жарақаттап алыпты, басын соғып алыпты деген сияқты мәселелерді жиі естиміз. Бірақ бұл мәселеге билік тарапынан жіті көңіл бөлінбесе, басқа қолдан келер шара жоқ. Күнделікті алты жолақпен 7-8 пойыз ары-бері өтеді. Сондай-ақ Жамбыл фосфор зауыты, Амангелді мұнай өңдеу зауыты сияқты кәсіпорындардан шығатын және станса арқылы өтетін жүк пойыздары да көп. Пойыз келе жатқанда тұрғындарға ескерту ретінде дауысты дабыл беруден басқа еш амалымыз болмай тұр, – дейді «Қазақстан теміржолы» АҚ-на қарасты күзет бөлімінің маманы Серікжан Нысанбаев.Осы тұста Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Бақытжан Бекежанұлын да жолықтырып, теміржолдан күнделікті қалай өтетінін сұрадық. – Рельстермен өтуден басқа амал жоқ бізде. Таңертең 07:30-да зауыт пойыздары өтетіндіктен олар жүріп кеткенше күтіп тұрып, сабаққа кешігіп барамын. Ал кешікпеу үшін қауіпті болса да, вагондар арасынан жүгіріп өтуге тура келеді. Көп жағдайда сөмкелеріміз ілініп қалып, сабаққа ақ көйлегіміз май-май болып барамыз. Содан мұғалімнен ұрыс естіп жатамын. Егер бізге жерүсті емес, жерасты өткелін салып берсе, үлкендер де, жастар да теміржолмен еш қиналмай өтетін еді, – дейді Бақытжан. Иә, көптің тілеуі – көпір. Жерасты немесе жерүсті өткелі салынса, күрмеуі қиын мәселеге нүкте қойылатынын айтады. Осы орайда аудан әкімдігіне хабарласып, көпір салуға не кедергі екенін сұраған едік.
– Тұрғындар ауылдың келесі бетіне қатынауы үшін арнайы екі жерден жолақ белгіленген. Дегенмен бұл тұрғындардың теміржол үстімен өтуінің толық шешімі бола алмай отыр. Сонымен қатар олардың қауіпсіздігіне толық кепілдік бере алмайды. Осыған орай халықтың шойын жолдан қауіпсіз өтуі үшін аспалы көпір салу мәселесі көтерілуде. Аудан әкімдігі тарапынан ұзақ жылдан бері бұл мәселе тек облыстың ғана емес, Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттарының қоғамдық қабылдауларында шешімін таппаған мәселе ретінде ұсынылып келеді. Алайда бүгінгі күнге дейін аспалы көпір мәселесі оң шешімін таппады, – дейді аудан әкімі Сәкен Арубаев.Оның айтуынша, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың қоғамдық қабылдауында бұл мәселені төтесінен қойып, шешу жолын сұраған. Нәтижесінде, Үкімет басшысының орынбасары аудандық бюджет есебінен аспалы көпір құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға тапсырма берді. Енді жобалау құжатына биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында қаражат қарастыру жоспарлануда. Ал көпірдің жобалық-сметалық құжаты дайын болғаннан кейін республикалық қазынадан құрылысқа қажетті қаржы бөлінеді. Егер бәрі жоспарлы түрде жүзеге асса, биыл құрылысты бастап, келер жылдың басында көпір пайдалануға берілетінін айтады әкім. Әрине, бәрі жоспарлы түрде жүзеге асса құба-құп. Алайда құрылыстың сметалық құнына келгенде, оған қоса қаржы республикалық қазынадан қаралатындықтан, бұл мәселе «бауын тапса, байлауын таппай» сағызша созылатыны белгілі. Ал одан қара халық қана жапа шегеді. Үйіне қайтып келе жатқан ауыл тұрғыны Әбіл Сандыбаевтың қолын пойыз доңғалағы шауып түсірген. – Балам жалындап тұрған жасында қолсыз қалды. Кешкілік үйге қайтып келе жатқан баламды пойыз іліп кетіп, 20 метр жерге дейін сүйретіп тастаған. Содан қолсыз қалды. Басынан да ауыр жарақат алды. Бастапқыда ІІ топтағы мүгедектік беріп еді, кейінгі кезде дәрігерлер «ІІІ топтағы мүгедекке жатады» деп айтуда. Осы әділетті ме? Сол шойын жолдың кесірінен балам үйленбей де қалды. Артынан ұрпақ қалмай қала ма деп, жүрегім қан жылайды. Неге Үкімет ең болмаса, балама заңды ІІ топтағы мүгедектігін бермей отыр? – деген Әбілдің анасы Хадиша Қуанышева көз жасын төкті. Әрине, күндіз үйден аман шыққан баласын кешкісін қолсыз көру анаға қалай оңай соқсын? Ал сабаққа кеткен баласын шойын жолдың бойынан бөлшектеп жинап алу – ата-ана үшін тіпті өліммен пара-пар. Жергілікті билік көпірдің құрылыс жұмыстары биыл басталып қалуы мүмкін екенін айтады. Құрылыс жоспарға сай жүргізілді дегеннің өзінде аспалы көпір тек келер жылдың басында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оған дейін тұрғындарға бір Аллаға сыйынып, теміржолмен жанын шүберекке түйіп өтуден басқа амал болмай тұр.
Жамбыл облысы