Іріктеуден іркілмей өткен мергендер қазір Алатау бөктерінде шеберлігін шыңдауда. Жамбы атудан көшпенділер ойындарына елдің 4 үздік спортшысы қатысады. Олардың ішінде әлем чемпионы Батыр Бексауыт байрақты бәсекеге тікелей жолдама алған. Ал қалған 3 жамбы атушы өзара іріктеуде анықталды. Жолдама сарапқа салатын сайысқа елдің 10 үздігі қатысты. Олар «мажар», «азия», «түркі», «жамбы» стилдері бойынша бақ сынады. Нәтижесінде, Айтбек Сарыбай, Абзал Тұрлыбеков және Ералхан Айкөз қарсыластарынан бір бас жоғары болып дүбірлі додаға жолдама алды.
– Спортшылардың қазіргі дайындығы өте жақсы. Бұл оқу жаттығу жиындары кей спортқа 4-кезең болса, кей спортқа 5-кезең. Енді жарыстың өту күніне дейін 2-кезең оқу жаттығу жиындары қалды. Жалпыкомандалық 1-орын аламыз деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар 100-ден аса медаль, оның ішінде 40-тан астамы алтын медаль болады деген үміттеміз, – деді «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» директорының орынбасары Қарлығаш Рамазанова.
Байрақты бәсекеге жолдама алған спортшылар Алатау бөктерінде шеберлігін шыңдауда. Мұндағы жаттығу 18 тамызға дейін жалғасады. Ал көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында елордада өтеді.