Қаракерей Қабанбай батыр қартайған шағында ақ бұйрықты ажал сағатын күтіп, төсек тартып жатқанда туған-туысын арнайы шақырып, өсиет айтыпты. «Мен өлгенде сүйегімді шығыс шекараға апарып жерлеңдер. Өмір бақи бір жапырақ жер үшін жоңғармен жағаласып өтіп едім, енді өлігім де шекараны күзетіп жатсын!» депті Дарабоз. Бір қызығы, бұл аңыз ұлан-ғайыр қазақ даласының әр түкпірінде әртүрлі батырға теліне береді. Демек, ар жағында ақиқат бар деген сөз. Ертеде алты алашқа аты шыққан, даңқы мен дақпырты қазақтан асып, көрші елдерге жеткен батырлар әдейі шекараға жақын отырады екен. Сонда жерімізге көз алартқан дұшпандар әлгі батырдың айбарынан алыстан ығып, аяғын тартыңқырап жүріпті. «Қиыр жайлап шет қонған, жау алдына бет қонған» деп ақындар ондай ерлерді жырға қосыпты. Олардың бейіті де шекара түбіне қойылып, «бұл – қазақтың жері» деген месседжді меңзеп тұрған. Мұның бәрін неге еске түсірдік? Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл қазіргі шекара заставаларына аруақты батырлардың атын беру керек деген мәселені көптен бері көтеріп келеді. Осыған орай, жақында Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданында орналасқан «Қарақоға» шекара заставасының атауы «Батыр Баян атындағы шекара заставасы» деп өзгеруі мүмкін. Премьер-Министр Асқар Маминнің айтуынша, депутаттың ұсынысын жүзеге асыру мақсатында тиісті құжаттар әзірленіп, Президент Әкімшілігіне және Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданбақ. Бұған дейін Бақытбек Смағұл бастамасымен ШҚО Зайсан ауданындағы «Василий Кондюрин атындағы шекара заставасына» Қасым Қайсеновтің есімі берілгенін көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Қылышынан қан тамған қызыл командир Василий Кондюрин бәзбіреулер үшін қаһарман шығар. Бірақ жергілікті тұрғындардың ол туралы пікірі белгілі. Кәріқұлақ қариялар «Кондюриннің қылмаған қиянаты, салмаған лаңы жоқ» дейді. Қазақтар «Қандыірің» атап кеткен шекарашының жауыздығы халық жадында жатталып, тарих бетінде хатталып қалған. Сондықтан заставаға атақты партизанның аты әбден лайық. Сол сияқты қазір Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы «Кудряшов атындағы шекара заставасы» Ер Қосайдың атымен аталады. Ал Жағалау күзеті өңірлік басқармасы 2016 әскери бөліміне қарасты заставаға Исатай батырдың есімі берілді. Б.Смағұл ұсынысымен Қызылорда облысындағы «Қызылқұм» шекара заставасы атауы Жанқожа Нұрмұхаммедұлының атына ауысты. Айтпақшы, Жанқожа батыр да дәм-тұзы таусыларда: «Мен жатқан жер еншім болады, тек жатқан жер көршім болады» деп болжапты. Рас, бүгінде марқұмның моласы кең шарбақпен қоршалған. Сәл әрі қарай – Өзбекстан аумағы. Сондай-ақ Жанқожа бабамыз: «Мені Қоқанмен шекараға қойыңдар, жай жатқанша аяғыммен қазақтың қасиетті жерін тіреп жатайын» деп аманат еткен деседі. Алайда егемен елдің Қарулы Күштерінде баяғы кеңестік-орыстық атаулар әлі күнге мұрты бұзылмастан сақталып отыр. Бес мемлекетпен шектесетін және жалпы ұзындығы 15 мың шақырымға созылатын шекарамыздың өн бойында 300-ге жуық застава құрылған. Қазақ батырларының есімін иеленген бөлімшелерді жаңа тізіп өттік. Санасақ, он саусаққа да толмайды. Бақытбек Смағұлдың пікірінше, осы заставаларға батыр бабаларымыздың атын беру – кезек күттірмейтін жұмыс.
– Батыр бабалар атымен аталған шекаралық заставалар – шетел азаматтарына Қазақстан тарихын және ер ұландарын ұлықтайтын, ұмытпайтын, солардың биік рухымен рухтанатын өр әрі өркенді ел ретінде көрсетіп тұрады. Сонымен қатар бұл меценаттардың шекара заставаларына көмек көрсетіп, қамқорлық жасауына жол ашады. Өйткені шекарашылар өз қызметі үшін қажеттінің барлығымен қамтамасыз етілгенімен, шекаралық заставалардың көбі кеңес заманында тұрғызылған және материалдық-техникалық базасы тоза бастаған, – дейді Ауған соғысының ардагері.Бақытбек Смағұл тиісті орындарға депутаттық сауал мен ұсыныс жасаған. Қарасай, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Ер Жәнібек, Райымбек, Жалаңтөс баһадүр және басқа да батырлардың есімін әр өңіріндегі шекара заставаларына беру мәселесін қарастырып, тиісті нұсқау беруді сұраған. Өйткені Қазақстанның ежелгі және кейінгі тарихындағы ұлы тұлғаларды ұлықтау ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам екені анық. Мұндай оң өзгеріс елдің шетінде, желдің өтінде отырған шекарашыларды рухтандырар еді. «Ауылыңның қасында төбе болса, ерттеп қойған атпен тең» дейді қазақ. Шамасы, төбеге шығып қарауыл қарап, алыстан қара шалынса, аттан салып атқа қонатын жаугершілік заманда шыққан мақал болса керек. Қазақстанды шет-шетінен айнала қоршаған шекара заставаларын біз сондай қарауыл төбелерге теңер едік. Олар барда атымыз ерттеулі, бес қаруымыз сай.