23 жасында халықаралық әскери корреспондент ретінде танылған фотограф және журналист Назгүл Кенжетай бүгінде өз кәсібінің нағыз шеберіне айналған. Оның жұмыстары Қатар, Түркия және Еуропаның көптеген елдеріндегі жекеменшік көрмелерде қойылды. Жазған мақалалары BBC-де жарияланды. Назгүлдің айтуынша, түркиялық БАҚ оны Қазақстаннан келген ең алғашқы әскери корреспондент деп атайды екен. – Назгүл бір сұхбатыңызда «Мені мамандық өзі таңдады» деген болатынсыз. Жалпы, қазақ қызы қалай әскери журналист болды? – Менің ойымша, мамандық ұлтқа яки жынысқа қарамайды. Әр адамның өзінің ортасына, жеріне, локациясына байланысты өзгере беретін құбылыстар. Кез келген мамандық иесінен ең алдымен жауапкершілікті талап етеді. Екіншіден, жақсы қалыптасқан психология. Үшіншіден, қандай да бір кәсіпте іс табысқа жету үшін сапалы білім болуы керек. Осы аталған үш негізге сүйенген іргетас болған жағдайда мамандықта жетістікке жетуге болады. Әскери журналистикада бастысы шапшаңдық, саяси үдерістен хабардар болу және психологиялық тұрғыда өзіңді қорғай білуің. Қағаздағы соғыс пен алаңдағы майданның балансын ұстай алмасаңыз, сіздің мамандығыңыздың маңызы жоғалады. – Әскери корреспондент болуыңызға не себепкер? – Жалпы, әрбір мамандық белгілі бір қажеттіктен туындайды. Біздің өлкемізде сыртқы саясатты, әлемнің деңгейін түсіне білетін журналистер аз. Халық та бұл тақырып аясында көп нәрсені біле бермейді. Орын алған жағдайларды халыққа нақты жеткізу үшін дұрыс сипаттай алатын журналистер немесе ғалымдар қажет. Менің мақсатымның бірі осы болды. Елге шынайы ақпарат таратуды көздедім. Әскери корреспондент болуымның басты мақсаты – осы. – Фотожурналистиканы қалай меңгердіңіз? Неліктен әр түсірген суретіңізде мұңды адамның бейнесі бейнеленеді? – Әрбір журналист фотоны сапалы түсіре білуі керек. Ақпарат жеткізумен қатар бейнені де жақсы сараптай білуі қажет. Сондықтан да осы саланы игеру маған да шарт. Осындай суретті түсірудегі мақсат – өзгеге ой салу. Әсіресе, біздің Орта Азия халықтарына фото арқылы әлемнің бейнесін көрсету. Қазіргі таңда түрлі түсті жалтыраған суреттер өте көп. Бұл арқылы әлемнің шындықтарын жасырғысы келетіндер көп. Менің қара, ақ түс арқылы түсірген суреттерімде жетім балалардың бейнесі мол. Негізінде қазіргі әлемнің жалтыраған бейнесінің артында, өкінішке қарай осындай шындық пен мұңды кейіптер жатыр. – Белгілі бір жетістікке жеткен, биікті бағындырған тұлға билікке ұмтылады. Сізді 30 жастан кейін саясат алаңында көруіміз мүмкін бе? – Біздің елімізде де ақ пен қараны түсіне алатын, парқына баратын адамдар көп. Менің білім алып жүрген бағытымда әлемдік оқиғаларды зерттеу, соғысты тоқтату, әлемдегі азық-түлік тапшылығын жою, саясат тәрізді сансыз тақырыптарға назар аудару қарастырылған. Мұның барлығын зерттеу арқылы өзімді және менің замандастарымды саясат алаңынан көре аламын. Осы аталған дүниелерді меңгеру арқылы әлемнің назарын басқа арнаға бұруға болады. Ішкі, сыртқы саясатты өзгерту үшін үлкен өзгерістер мен реформалар қажет. Әрине, бұл реформаны жасайтын жаңашыл жастар. Ешкім де өзгерістен қашып құтыла алмайтын уақыт келуі тиіс. Сонда баршамыздың әлгі өзгерістерге дайын болуымыз маңызды. – Түсірген суреттеріңізге байланысты адамдардың түрлі көзқарасы қалыптасатынын байқаймыз. Бірі суреттерді жариялаған дұрыс десе, бірі жеке табыс табу көзіне санап жатады. Бұл тұрғыда не айтасыз? – Дұрыс айтасыз, кейбір журналистер оларды PR қатарына қосады. Ал адамзаттың ойлау жүйесіне әсер ету арқылы бір халықтың көзін ашу, ояту мақсатын көздейтін идеалист журналистер де бар. Шын мәнінде, мұндай ойлар кей уақытта адамды шаршатады. Сондықтан да қазір академиялық жұмыстарыма бет бұрдым. Ал фотоларымды табыс табу үшін түсірмеймін. – Сізге Сирия сынды қарулы қақтығыс болып жатқан елдерге баруға, шекарадан өтуіңізге қаржылай кімдер көмектеседі? Белгілі бір БАҚ құрамындағы тілші ретінде барасыз ба, әлде тәуелсіз журналист ретінде ме? – Маған ешкім де қаржылай көмектеспейді. Бүкіләлемдік журналистер одағына мүше болған тәуелсіз журналиспін. Белгілі әлемдік БАҚ атынан осындай материалдарды жасау мүмкіндігі бұйырды. Қазіргі таңда академиялық жобаларды жасау арқылы журналистикалық белсенділігімді бір жылға доғаруға тура келді. Көп жұмыстарымды тәуелсіз журналист ретінде атқарып келемін. Бүкіләлемдік журналистер одағының мүшесі болғандықтан да көптеген ұсыныстар түсіп жатады. – Өте ауыр көріністерді өз көзіңізбен көріп, нағыз майданның ортасында болдыңыз. Тіпті, «Жәннатта азық көп пе?» деп сұраған сәби көрдім» деген екенсіз. Ондай оқиғаларда адамдар эмоцияға тез беріліп, өздерін қоярға жер таппай қалатыны бар. Сол сәтте эмоцияларыңызды қалай тізгіндей алдыңыз. – Мұндай жағдайларда әлбетте эмоция болады. Бірақ Норвегия немесе Скандинавия, Канада сияқты дамыған елдерден келмегендіктен, бұл бізге таңсық дүние емес. Кедейшілік, ашаршылық, соғыс зардабын тарту біздің тарихымызда көп болды. Өте ауыр кезеңдерді бастан өткердік. Әрине, ондай қилы кезеңдерді өзіміз көрген жоқпыз, бірақ сол дәуірлердің жаңғырығы құлағымызға жеткен ақпаратымен жақсы таныспыз. ХХ ғасырдағы ашаршылықтың, екінші дүниежүзілік соғыстың естеліктері біздің елдегі кез келген отбасыда бар. Сондықтан да санамызды тұмандандырып, беймаза күйге түсіретін эмоцияға көп беріле бермейміз. Мақсатымыз – осы оқиғаларды зерттеу арқылы біздің елімізде болдырмау жолдарын қарастыру. – Қазіргі таңда әлеуеті жоғары жастардың көбі шетел асып, сол жақта тұрақтап қалғысы келеді. Қалудың себебі әртүрлі екені айтылады. Сіздің де болашақта Түркияда қалу ойыңызда бар ма? – Болашақта Түркияда тұрақтап қалу ойымда жоқ. Менің шетелдерде болу себебім – жақсы білім алу. Егер Қазақстанда дәл мұндай сапада білім алатын болсам, елімізден шықпас едім. Тәжірибесі мол мұғалімдерден сабақ алу, жақсы мамандармен жұмыс істеу керек болды. Меніңше, қазақ жастарының көбі – идеалист. Сондықтан олар мол тәжірибе жинақтау арқылы ел мүддесіне қызмет етіп, жаңа қоғам қалыптастырады деп ойлаймын. Жақсы өмір сүруге, сапалы білім алуға әркімнің құқы бар. – Қазір қандай жобалармен айналысып жүрсіз? Болашақта тағы қандай ерекше идеяларды іске асырмақсыз? – Қазір Кембридж баспа үйімен бірлесе отырып, атқарып жатқан жобамыз бар. Ол жобада Қытайдың Орталық Азияға ықпалы туралы зерттеу жұмысын қолға алдық. Бұл энциклопедиялық жұмысқа айналып барады. Академиялық әдебиет ретінде әлемдік ғылыми кеңістікте орын таба алатын жобалардың бірі болады деп үміт етеміз. – Сананы тұрмыс билеген заманда арман-мақсатқа қалай жетуге болады? – Иә, сананы тұрмыс билейді, бірақ жігер мен ақыл кез келген қатерден құтқарып, қиыншылыққа төтеп беріп, бәрін билей алады. – Әлемді сұлулық құтқарады. Әлемді тағы не құтқаруы мүмкін? – Әлемді мейірімділік құтқарады. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Венера АСҚАРҚЫЗЫ