Қазір ақпарат айдынында кез келген жаңалық 3 күн «өмір сүреді» деген ұғым бар. 2010 жылы Мәскеудегі метрода жарылыс болғанда ғаламторда «теракт», «жарылыс» сөзін іздегендер 800 мыңға жеткен. Ал үшінші күні бұл хабарға сұрау салғандар 4 есе азайған. Біз де Ситер отбасындағы 5 қыздың өлімін сирек еске аламыз, Арыстағы жарылыс, онда көз жұмғандар да назарымыздан тыс қалып барады. Ал Қордайдағы қақтығыс ше? Оны да жылы жауып қоя саламыз ба? Облыс әкімін ауыстырумен мәселе шешілді ме? Бәлкім, тағы бір жанжал болғанша ұлтаралық саясат концепциясын жаңартып, жаңғыртатын кез келген жоқ па?
Қақтығыс хронологиясы. 2000 жылдан бері Қазақстан тарихында онға жуық ұлтаралық араздық оқиғалары тіркелген екен. 2006 жылы Ақтау қаласы мен «Теңіз» кен орнында, Алматы облысындағы Шелек ауылында, 2007 жылы Алматы облысындағы Казатком, Маловодное ауылдарында, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Маятас ауылында, 2014 жылы оңтүстіктегі Қарамұрт елді мекенінде, 2015 жылы осы өңірдегі Бостандық ауылында, 2016 жылы Жамбыл облысындағы Бурыл ауылында, 2019 жылы Қарағанды қаласы мен «Теңіз» кен орнында, ал биыл Қордайда ұлтаралық кикілжің болған. Егер байқасаңыз, мұндай оқиғалардың 80 пайызы ауылды жерлерде кездескен. Барлығында оқиғаның өрбу барысы өте ұқсас. Бір өңірде қазақ ауыл және басқа этнос өкілдері тығыз қоныстанған ауыл қатар өмір кешеді, көрші. Алайда ғайыптап тайып, тұрмыстық төбелес басталады (тек Маятас және Бурыл оқиғасында жағдай басқаша болды). Соңы екі ауыл жігіттерінің соқтығысына әкеледі. Біраз жағдайларда шағын этнос өкілдерінің меншігіне шабуыл жасалып, отқа оранды.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері әдетте жағдайды реттеу үшін лезде әскер кіргізіп, ақсақалдардың кездесуін ұйымдастырады. Келіссөз барысында ортақ шешімге тоқтайды. Кей жағдайда айыпты диаспора өкілін ауылдан көшіреді. Бұл қазақстандық кризис менеджменттің сценарийі. Алайда бұл өрт сөндірген адамның амал-әрекеті екені айтпаса да түсінікті. Жағдай реттелген соң ұлтаралық мәселе сол күйі жабулы қазан күйінде жабылып қала береді. Тек 1 мамырда әр этнос өкілі өзінің ұлттық киімімен концертке киіп шыққанда, байқауға қатысқанда жағдай тұрақты деген түсінік келеді. Араға біраз уақыт салған соң Қазақстанның бір бұрышындағы ауылда тағы бір ұлтаралық кикілжің жайлы естиміз. Жоғарыдағы шаралар қайталанады.
Ел болып, етек жиғанымызға 29 жыл өтсе де, этносаралық қатынаста мәселелер неге түбегейлі шешілмеді? Неге жанжалдар жиі тіркеле берді? Өткен оқиғалардан неге сабақ алмадық? Ауылы аралас, қойы қоралас болса да, қазақ неге көршісінің үйін жағуға дейін барады?
Тарих. Жалпы, қазақ даласына патша заманынан бері түрлі этнос өкілдері күштеп көшірілген. Нақтырақ айтсақ, 1911 жылы Столыпин реформасының аясында орыс-украиндар әкелініп, қазақ өз жерінде 67 пайызға түседі. Бұл ұлт ұстазы Ахаңның «Әлхамдулилла, алты миллион қазақпыз» дейтін кезі (1913). Кейінгі ашаршылық жылдары 1935 жылдан бастап поляктарды жаппай көшіру саясаты қазақтың санын 1939 жылы 37 пайызға жеткізді. Ал сұрапыл соғыс барысында шешен, ингуш, Еділ бойындағы немістерді депортациялау, тың игеру барысында миллионға жуық славян тектес жұртты тағы да қоныстандыру 1959 жылы қазақтың үлесін өз елінде 30 пайызға апарды. Бұл ұлттың жоғалу қаупі туған кезең еді. Алайда қазақ әйелдерінің өзгелерге қарағанда сәби сүю көрсеткіші әлдеқайда жоғары болуының арқасында тәуелсіздік таңы атқанда қазақтың саны 6 миллионнан асып, 40 пайызға жақындады. Егемен Қазақстанға кеңес елінен қауіпті мұра қалған еді. Себебі 1980 жылдардың соңында-ақ Таулы Қарабақ, Ферғана оқиғалары ұлтаралық жанжалдардың соңы неге әкелетінін көрсетті.
Ассамблея. Былтыр өз еркімен қызметімен қоштасқан Нұрсұлтан Назарбаевтың бірден-бір артықшылығы ретінде 1991 жылдан бері азаматтық соғысқа, ірі ұлтаралық қақтығысқа жол бермеуі деп айтылады. Бұл тұжырыммен әбден келісуге болады. Өйткені 90-жылдары ТМД аумағында Тәжікстан, Ресей, Молдова, Армения, Әзербайжанда түрлі ұлтаралық немесе азамат соғысы жүрді. Бейбіт саясатты жүргізуде Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін атап өткен жөн. Себебі осы ұйым аясында этностар жаңа тәуелсіз елде келісімді өмірдің формуласын іздеді, саны не ықпалы мол қандай да бір диаспораның өктемдігі жүрмеді. Бәрі заң әрпімен жүруге көнді, келісті. Ассамблея өз міндетін өткен 20 жылда толық атқарды. Алайда соңғы жылдары жиі тіркелген қақтығыстар аталған ұйымның даму бағытын өзгерту қажет екенін көрсетіп тұр.
Себептер. Қазақстанда ұлтаралық қатынасты, аз этностар мәселесін Гүлмира Илеуова, Ботагөз Рақышева, Айгүл Сәдуақасова сынды ғалымдар көп жылдардан бері зерттеп келеді. Егер осы бағытта жарияланған еңбектерге жүгінсек, елімізде қазақтар мен «басқалардың» арасында шешілмей қалған біраз мәселе бар. Әрине, орыс, украин, ұйғыр, күрд, дүнген, түрік және басқаларын бір топта қарастыру мүмкін емес. Өйткені әрқайсысының саны, аумақтық жайғасу орны, тарихи-әлеуметтік рөлі мүлдем басқа. Алайда көпшілігіне ортақ кейбір факторларды атап өту қажет және олардың шешімін іздемесе, келешекте қақтығыстардың қайталану мүмкіншілігі бар.
Этностардың оқшаулануы. Өз заманында күштеп көшірілген халықтар Қазақстанда бір аймақта шоғырланып, өзара қолдау көрсетіп, аман қалудың жолын іздеді. Алайда бір өңірде изоляцияға түсу қазір де жалғасып келеді. Айталық, ұйғырлар Алматы облысына, дүнгендер Жамбыл облысына, корейлер Қызылорда облысына, өзбектер мен тәжіктер Түркістан облысына жайғасқан. Ұзақ уақыт бір жерде мекендеудің соңы өз қауымын, тіпті өз мектебін, өз мешітін құруға да әкелді. Мәселен, 2015 жылы оңтүстікте Бостандық ауылында тәжік диаспорасымен болған жанжалдан кейін жергілікті тәжік мектебіне баратын жоғары сыныптағы тәжік қыздардың барлығы дерлік хиджап киетіні мәлім болды. Ал Білім және ғылым министрлігінің талабы бойынша Қазақстандағы барлық орта мектептерде бұған жол берілмеуі керек. Қордайдағы қақтығыстан соң Масаншы ауылында дүнгендер өз мешітін салып, өз имамын тағайындап, уағызды орыс не дүнген тілінде жүргізетіні анықталды.
[caption id="attachment_27242" align="alignnone" width="960"]
Ұйғырлар Алматы облысына, дүнгендер Жамбыл облысына, корейлер Қызылорда облысына, өзбектер мен тәжіктер Түркістан облысына жайғасқан. Ұзақ уақыт бір жерде мекендеудің соңы өз қауымын, тіпті өз мектебін, өз мешітін құруға да әкелді. Мәселен, 2015 жылы оңтүстікте Бостандық ауылында тәжік диаспорасымен болған жанжалдан кейін жергілікті тәжік мектебіне баратын жоғары сыныптағы тәжік қыздардың барлығы дерлік хиджап киетіні мәлім болды.
Бұдан бөлек, бір аумаққа жиналған диаспоралар сол өлкедегі жерге, малға, бизнеске иелік етуге тырысады. Яғни, нарық заманындағы қалыпты қарекет. Алайда бір өңірдегі «байлық балансының» сақталмауы – ауылдағы экономикалық ресурстардың бір этнос өкілдерінің қолына шоғырлануына әкеледі. Өз кезегінде сол аумақтың қазақтары «Базарды тек шешендер басқарады», «Жерді тек тек түріктер сатып алды» деп ашуға беріледі. Бұл жалқаулықтың салдары ма, әлде теңсіздікке наразылыққа па, белгісіз. Бірақ ауылдағы экономикалық баланстың сақталмауы – жұрттың ызасын келтіреді. Яғни, этностар аралас ғұмыр кешетін өлкеде ішкі саясаттағы олқылықтар жылдар бойы жинала келе, әлеуметтік жарылысқа әкеледі екен. Территория. Жалпы, шағын этностардың елде шашырай жайғасып, шекаралық аймақта орналасуының өзінде белгілі бір тәуекел бар. Айталық, ұйғырлардың Қытаймен шекаралас Алматы облысында, орыстардың Ресеймен іргелес солтүстік, шығыс өңірде, өзбектердің Өзбекстанмен шектесетін Түркістан облысында, дүнгендердің Қырғыз Республикасымен шекаралас Жамбыл облысынан орын тебуі – кей кездері жағдайды күрделендіреді. Мәселен, Қордай жанжалында дүнген диаспорасы бір түнде туысын іздеп, қырғыз ауды. Егер бұл диаспора Қарағанды облысында жайғасқанда мұндай жайтқа жол берілмес пе еді? Әрине, шекарадағы аудан тұрғындарына Нұр-Сұлтан, Алматыға барып білім алу, сауда жасау не емделу қиындық туғызады. Сондықтан іргедегі Ташкент, Бішкек, Шыңжаң, Астрахан, Орынборға бара салатын қазақ та, басқасы да аз емес. Себебі транспорттық-логистикалық жағынан тиімді. Дегенмен диаспоралардың тарихи Отанына территориялық тұрғыда жақын жайғасуы қазақстандық қоғамға араласып, әлеуметтенуіне, осы елдің шынайы патриотына айналуға кедергісін келтірері белгілі. Себебі 2010 жылдарға дейін кейбір диаспора оқушылары мектепте шекаралас елдерде басылған оқулықпен білім алды. Басқа да факторлар. Жоғарыда айтқанымыздай, ұлтаралық жанжалға бір ғана себеп түрткі болмайды. Түрлі бағыттағы ұлттық идеологеманың да өз ықпалы бар. Айталық, Қазақстандағы көпшілік орыс этносының өкілдері әлі де Ресей мен «орыс әлемі» концепциясына илануы, 2014 жылы Қырым аннексиясын қолдауы, жергілікті түрік азаматтарының Түркия мен оның басшысы Ердоғанның саясатына басымдық беруін мысал ретінде келтіруге болады. 2019 жылы Түркия ахыска түріктерін өз жерінде жинап, жиын өткізді. Қазақстанда тұратын түрік диаспора өкілдері де барған. Басқосу өткен үлкен залда жиналғандар «Түркия, Ердоған» деп ұрандатқан. Кейбір кіші диаспоралардың өз үйінде, жұмыс кеңсесінде мойындалмаған мемлекеттерінің туын іліп қоюын да осы санаттағы түйткіл деуге болады. Яғни, Қазақстан азаматы атанып, осы елге салығын төлеп, Үкіметтен әлеуметтік жәрдемақысын алып жүрсе де, ой-санасының сыртта болуы – алаңдатарлық жағдай. Әрине, кімнің қай саяси бағытты ұстануы, әлде қай саясаткерді қолдауы әр адамның жеке таңдауы, бірақ ұлттық идеологиялық көзқарастағы әралуандық «қазақстандық біртұтас халық» концепциясын жүзеге асыруға кереғар екенін мойындаған жөн. Үлкенді-кішілі жанжалдардың 80 пайызы ауылды елді мекенде тіркелгені мәлім. Оның бірнеше себебі болуы мүмкін. Соның бірі – ауылдағы әлеуметтік жағдайдың төмендігі. Мәселен, Қордай ауданы құрамына кіретін Жамбыл облысы республика бойынша жалақысы ең төмен аймақтың қатарында. Яғни, жоғарыда айтқандай, ауылдағы басты экономикалық ресурс бір диаспора қолына шоғырланса, ауылда жұмыс табылмай, жалақы төмен болса, алдымен әлеуметтік наразылық оянып, кейін «от тұтанғанда» ол ұлтаралық кикілжіңге ұласуы мүмкін. «Стратегия» зерттеу орталығы 2016 жылы ұлтаралық қақтығыс саласында сарапшылар арасында зерттеу жүргізді. Ондағы сауалдар 2002 жылы Қазақстан стратегиялық зерттеу институты ұйымдастырған сауалнаманың сұрақтарын қайталады. Осы арқылы зерттеушілер белгілі мәселелер бойынша 14 жылда жағдайдың өзгеру деңгейін бақылағысы келген. 14 жылда жалпы ұлтаралық жағдайдың тұрақты екені расталған. Ал этносаралық түсініспеушіліктер мемлекеттік қызметте (40%), қоғамдық орында (55%) және БАҚ (40%) саласында көбейгені анықталған. Жалпы, отандық конфликтологтар диаспора мүдделерінің жергілікті билікте қорғалмауы, олардан қолдау көрмеуі оқшаулануға әкеледі деген тұжырым жасайды. Яғни, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қажетті деңгейде міндетін атқармауы, өңірлерде демократиялық ашықтықтың, азаматтық қоғам институттарының жетіспеуі де этносаралық араздыққа жанама түрде ықпал ететінін байқауға болады. Сөз соңында. Қазақ отбасында талқылана бермейтін жабық тақырыптар бар. Оны көтеру отбасы мүшелерінде ыңғайсыздық туғызады. Ұлтаралық мәселе де біздің қоғамда сол санатқа жататындай. Ашық айтып, талқылауды құп көрмейміз, бірақ жауып, жасыра беруге тағы да болмайды. Себебі өткен оқиғалардан сабақ алынбаған соң кәдуілгі қарапайым қателіктер қайталанып, соңы араздықтарға ұласуда. Не десек те, ұлтаралық қатынастағы саясатты жаңғыратын кез келді. Оның ашық әрі түсінікті болуы да маңызды. Жалғыз концерт, байқау, көрмелермен алысқа бара алмаспыз. Себебі талап пен сұрақтар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бірақ анық тұжырымдар ақырын көріне бастады. Бірінші, ұлтаралық тіл – қазақ тілі болуы міндет. Екінші, ұлтына қарамай, әр азаматтың құқығы толық қорғалуы тиіс. Үшінші, этностық оқшаулануға жол беруге болмайды. «Серпін» бағдарламасын тиімді пайдаланған жөн. Төртінші, аймақтарда мемлекеттік органдарда жемқорлық жойылмаса, оның қауіпті салдарын әлі көре береміз. Бесінші, ұлтаралық ортақ мәселені ашық талдап, талқылайтын кез жетті. Алтыншы, «біртұтас Қазақстан халқы» концепциясын жүзеге асыруға әр азамат үлесін қосуы міндет.