Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев Түркістан қаласындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 2 000 орындық білім беру мекемесінің құрылыс барысымен танысты.
Әлеуметтік маңызды нысандарды аралады
658
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш ауысымда оқитын және апат­­ты жағдайдағы мектептер мәселесін ше­шу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жоба­сын қабылдауды тапсырған болатын. Оның аясында Түркістан облысында 49 мың оқушыға арналған 63 мектеп салу жоспарланған. Түркістан қаласындағы «Жаңа қала» шағынауданында 2 мың орындық заманауи мектептің құрылысы былтырғы жылдың маусым айында бас­­талған еді. Жобаның құны – 8 млрд тең­ге, ал мектептің жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайды. Білім ордасын жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.

Мәжілісмен Ерлан Әбдиев аталған нысан «АМАNАТ» партиясының Түр­кістан облыстық сайлауалды бағдарла­масын жүзеге асыру жөніндегі Жол кар­тасына енгізілгенін атап өтті. 

– Білім ошағының құрылысы кестеге сай қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен аты «Жайлы мектеп» болғандықтан, ол бар­­лық жағынан жайлы, қолайлы бол­ға­ны дұрыс. Мен бастапқы жобада екі лифт болғанын байқадым, бірақ тап­сырыс беруші оны қайта түзетіп, біреуін қалдырыпты. 2000 балаға бір ғана лифті­нің болуы ақылға сыймайды. Осы жайт­ты қайта қалпына келтіруді ұсына­мын. Одан бөлек, мүгедектігі бар адам­дарға арналған механикалық сатыны пандусқа айналдырған жөн. Өйткені көп жағдайда механикалық саты тез бұзылады және оны үнемі бір маман қадағалап отыруы керек, – деді депутат. 

Құрылыс жұмыстарының барысы ту­ралы «АМАNАТ» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ал­­тын­­сары Үмбетәлиев пен «Каратас Май­нинг» ЖШС мердігер компания өкілдері баяндады. 

Депутат жаңа мектеп құрылысының аяқталуын асыға күтіп жүрген жергілікті тұрғындармен де тілдесті.

– Жаңа мектептің құрылысын көріп, балаларымыздың болашағы үшін қуанып отырмыз. Себебі бұл жаңа аудан болған­дықтан, әзірге балаларымыз басқа жаққа қатынауға мәжбүр. Осы мектепте бала­ларымыз сапалы білім алып, жарқын бо­лашаққа жол ашады деп сенеміз, – дейді жергілікті тұрғын Айгүл Ахметова.

Сонымен қатар кеше Мәжіліс депу­­таттары, «АМАNАТ» партиясы фрак­­циясының мүшелері Үнзила Ша­пақ, Тілектес Адамбеков пен Никита Шата­лов Қарағанды өңірінде болып, Шах­тинск қаласындағы жергілікті жылу электр орталығын қайта жаңғырту жұ­мыс­тарымен танысты.

Қарағанды ​​облысы Шахтинск қала­­сының тұрғындары өткен қыста үйлері­нің суық екенін айтып, бірнеше рет шағымданған. Мәжіліс депутаттарына және «AMANAT» партиясына бірнеше өтініш түсті. Пәтерлерде және әлеуметтік нысандарда ауа температурасы +12-150 С дейін төмендеген.

Депутаттар жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, алдағы жылыту мау­сымына дайындық мәселелерін станса басшылығымен, мердігерлермен және қалалық, облыстық әкімдік өкіл­дерімен талқылады.

– Егер барлық жұмысты уақытында аяқтамасақ, қаладағы 40 мыңға жуық тұрғын жылусыз қалуы мүмкін. Тозығы жеткен коммуналдық желілердің санын азайту және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – «AMANAT» партия­­­сының сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі. Биыл қыста адамдар электр қуатын артық жұмсап, жылытқыштарды қосуға мәжбүр болды, терезелерге мұз қатты. Сазға ұқсаған көмірдің сапасы да сын көтермеді. Де­путаттар ЖЭО мәселесін ерекше бақы­лауда ұстайтын болады, – деді мәжі­лісмен Никита Шаталов.

«Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС өкіл­дерінің хабарлауынша, қазіргі уа­қытта үш қазандық қондырғысында монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Ал екі турби­нада ағынды бөлімнің жұмыс­тары аяқ­талды. Негізгі және қосалқы жабдық­тарды дайындау да жалғасуда. Тұр­­­­­ғын­­­­­­дардың үйін жылыту үшін осы жазда Шахтинск қаласында 3,7 шақы­рым жы­лу желісін ауыстыру жоспар­ланған. Сон­дай-ақ 2 шақы­рымдық құбырдың жылу оқшаулауы қалпына келтірілмек. Жөн­деу жұмыстарына барлығы 150-ге жуық адам жұмыл­ды­рылған. 

– Мердігер ұйымдар №1, №3 және №4 қазандықтарында жұмыс істеп жа­тыр. №1 қазандықтың жөндеу жұмы­сы аяқталды, №3 қазандықта монтаждау және демонтаж жұмысы жүргізілуде, ол жылыту маусымы басталғанға дейін аяқ­талады. №4 қазандықты жөндеу 15 қыр­күйекке дейін аяқталады. Бұған қоса, екі турбогенератордың жөндеу жұмыстары 100 пайыз орындалған. Қазандықтар мен бу қазандарын тазалау және монтаждау жұмыстары жүргізілуде, – деді «Шах­­тинсктеплоэнерго» ЖШС техникалық директоры Абылай Сейдуәлі. 

Сонымен қатар қоршаған ортаның ластануының алдын алу үшін көмірдің орнына табиғи газбен жылыту мәселесі қарастырылуда. Қала шекарасына жо­ғары қысымды газ құбыры тартылды, ал биыл автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысын аяқтау жос­парланды.

Еске сала кетейік, бұған дейін «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүше­­­лері Шахтинск қаласындағы жылу мәселесін көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Осыған байла­нысты Қарағанды ​​облысы бо­йынша Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Шахтинск ЖЭО-на жоспардан тыс тексеру жүргізіп, тем­пературалық кестені сақтамағаны үшін айыппұл салды.

Айта кетейік, «AMANAT» партия­сы­ның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қарағанды ​​облысында 247,3 шақырымдық жылу желілерін, 320 шақырымдық электрмен жабдықтау желілерін, 110,8 шақырымдық су бұру желілерін күрделі жөндеу және қайта жаңарту жоспарланды. Сондай-ақ 2027 жылға дейін 109 ауылдық елді ме­кенде блок-модульді су тазарту ке­шен­дері орна­тылып, 10 елді мекенге газ жет­кізілетін болады.

Берік БЕК