Десе де, бір нәрсе анық. Бұл мәселенің елімізде талқыланып жатқанына 30 жылға жуықтады. Егер тым тиімсіз болса, бұл идеядан әлдеқашан-ақ бас тартар едік. Сол себепті де қоғамдық пікірдің пісіп-жетілетін уақыты болды.
Үміт – референдумда
Елімізде АЭС салу мәселесі ең алғаш рет сонау 1997 жылы сөз болған екен. Бұл Ақтаудағы БН-350 реакторы әлі жұмыс істеп тұрған кез. Сол уақыттағы Ғылым министрі әрі Қазақстан ядролық қоғамының президенті Владимир Школьник: «Қазақстанда ядролық энергетикаға деген қажеттілік туындап отыр» деп мәлімдеген болатын. Содан бері мұндағы талқылау толастаған емес. Тіпті, 2006 жылы жаңа АЭС-ты сол Ақтаудағы БН-ның базасында салу керек деген Үкіметтің қаулысы да шықты. Бірақ жобада қарастырылған 300 МВт аз болатындықтан, құжат орындалмай қалды. Сондай-ақ 2010 жылы Курчатовта қуаты 600-1000 МВт болатын АЭС салу жоспарланған еді. Ол жолы да жүзеге аспады. 2011 жылы Алматыда бірнеше экологиялық үкіметтік емес ұйымның бастамасымен «АЭС салған қаншалықты дұрыс?» деген тақырыпта үлкен жиын өтті. Онда оның экологиялық тазалығына баса назар аударылды. Ал 2015 жылы бұл жолы «ҚазАтомПромның» басшысы боп жүрген Владимир Школьник Курчатов пен Үлкен елді мекендерінде «300-1200 МВт-тық 2 АЭС салынады» деп тағы да мәлімдеді. Бірақ кейін оның мерзімі 2030 жылға ысырылды. 2017 жылы МАГАТЭ-де өткен бір сессияда Энергетика министрлігінің сол кездегі Атом және энергетика жобаларын дамыту департаментінің директоры Батыржан Қаракөзов Қазақстанда АЭС салу туралы шешім 2018 жылдың аяғына дейін нақты қабылданатын болады деп хабарлады. Тізбелей берсе, мұндай фактілер көп. Сол себепті АЭС салу туралы мәселе ұзақ жылдар бойғы сан мың толғаныс пен пікірталас барысында пісіп-жетілді деуге болады. Қазақстан қоғамы референдумда дауыс беруге моральды түрде дайын. Осы тұста жиі қолданыла бастаған бұл тетіктің қоғамды жұмылдырудағы рөлін ерекше атай кеткен жөн. АЭС салу мәселесінде халықтың таңдауын референдум арқылы анықтап, соған сәйкес әрекет етуге бел будық.
Баламасы жоқ қуат көзі
Қазақстанда атом электр стансасының құрылысын салу уақыты әлдеқашан өтіп кетті. Өйткені ол біз үшін ауадай қажет. Сондықтан да әртүрлі қорқынышты ойлар айтып, ел дамуын кейінге тарта беруге болмайды. Тездетіп іске кірісу керек. Бұл кезде біз «оны салу керек пе?» деп емес, жергілікті мамандарды дайындау, инфрақұрылымды дамыту жайын талқылап жатуға тиіспіз. Бұл – Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжіметдинұлының пікірі.
«Әркімнің пікірі әртүрлі екені рас. Бірақ мен қашанда жай ғана айта салғанды емес, нақты дәйектер келтіріп сөйлегенді құп көремін. Біздің елге кем дегенде бір АЭС салу керек. Салыстырмалы түрде айтсақ, іргедегі көршіміз қытайлардың өзінде 18 атом электр стансасы бар екен, олар 54 өндірістік ядролық реакторлармен жұмыс істейді. Украинада сонау кеңес жылдарында 4 АЭС салынған. Оған қажетті шикізатты өзімізде өндіретінімізді ескерсек, сонау КСРО кезінде-ақ салып тастауға болатын еді. Енді, міне оны барлық дамыған елдерге сатып қана отырмыз. Өзіміз пайдалана алмай отырмыз. Ал сол уранды өндіру мен өңдеу АЭС жұмысынан да қауіптірек. Сондықтан да бұл жағынан біздің үлкен әлеуетіміз бар. Оған алаңдамауымыз керек. Көп сөзді қойып, іске кірісетін уақыт келді. Өндіріс саласында ұзақ уақыт қызмет еткен, мол тәжірибесі бар адам ретінде айтарым, қазір Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы қатты сезіліп отыр. Тіпті, экономиканың дамуына қатты кедергі келтіруде. Мәселен, еліміздің оңтүстігі үнемі электр тапшылығына тап болады. Былтыр көктемде оңтүстік өңірлердегі сұраныстың өзімізде өндірілген электр энергиясымен тек 57,2%-ын ғана жаба алдық, сол кезде 971,0 млн кВт/сағ жетпей қалды. Сарапшылар 2030 жылға қарай тапшылық тек өсе түседі деп отыр. Ендеше осыншама тапшылықпен жаңа зауыттар мен фабрикаларды қалай салуға болады?! Бұл біріншіден еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне айтарлықтай нұқсан келтіреді», – дейді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.
Оның айтуынша, атом электр стансалары – экологиялық таза және ұзақ мерзімді перспективада арзан энергия. Бастапқыда көп шығынды талап еткенімен, кейіннен өзін-өзі тез ақтайды. Күн мен жел энергиясына қарағанда ауа райы жағдайына, күн мен жыл уақытына тәуелді емес. Ең басты артықшылығы – ол тұрақты түрде жұмыс істейді және өте ұзақ мерзімге пайдалануға жарайды. Ал бүгінгі технологиялардың қарыштап дамуын қосар болсақ, онда мұндай стансаның қызмет ету мерзімі бір-екі ұрпақтың ғұмырынан да ұзағырақ болмақ. АЭС пайдалануға берілген шақта электр энергиясының құны кВт/сағатына 2-ден 12 цент (Еуропалық стандарт) аралығында болады екен. Бір сөзбен айтқанда, мұндай энергия көзінің әлем бойынша баламасы жоқ, ал біздің елімізде оның өзі де жоқ.
АЭС салуға 5 себеп
Келесі бір спикеріміз «Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қаумдастығы» ЗТБ Төрағасы Сергей Агофонов атом электр стансасы керек екенін 5 себеппен түсіндіріп отыр. Оның ең біріншісі – әрине, электр энгергиясының тапшылығы. Дәл қазір мезгіл-мезгіл жарық өшіп, жер-жерде тоқ болмай қалып жатпағандықтан, оны біздің сезінбей отырғанымыз рас. Бірақ, оны жылдан-жылға электр энергиясы бағасының қымбаттап келе жатқанынан аңғаруға болады. Өйткені оны біз көрші елдерден сатып алып отырмыз. Ал шындығында, оның жоғын таратушы компаниялар қатты байқап отыр. Әсіресе, жылыту маусымының бел ортасында мұндағы тапшылық 2 500 МВТ-қа дейін жетіп жатады екен. Ал бұл дегеніміз – біз үміт артып отырған болашақ АЭС-тің жобалық қуаты. Мұндағы көрсеткіш жылдан-жылға ұлғайып келе жатқанын ескерсек, бұл мәселені одан әрі соза беруге болмайды. Өйткені ішкі тұтыну көлемі артып келеді.
«Екінші аспект – Қазақстанның өз мойнына көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу жөніндегі халықаралық міндеттеме алғанымен байланысты. Оған сәйкес, біз 2060 жылға қарай көміртегі шығаратын отынды пайдаланбауымыз керек. Қазір, әрине, көмірмен істейтін 2 ТЭЦ, оған қоса ГРЭС-ке жапсарлас тағы бір құрылыс салынғалы жатыр. Бұлар – мәжбүрлі шаралар. Енді бір 35 жылдан кейін олар болмауға тиіс. Бірақ бұл жерде бір нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Көміртегі отынынан бас тарту ол біздің халықаралық қауымдастық алдындағы ғана міндеттемеміз емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Ал ондай бейтараптылыққа АЭС-тің көмегінсіз қол жеткізе алмаймыз», – дейді ол.
Үшінші себеп: атом энергетикасы жаңармалы энергия көздерінің (ЖЭК) қатарында «жасыл» энергетика боп саналады. Ауаға зиянды қалдықтар тарамайды, сол себепті де экологиялық таза. Осы тұста ел арасында АЭС-ке міндетті түрде су қоймасы керек деген жаңсақ пікір бар. Оны сол үшін де Балқаш көлінің жағасында салып жатыр-мыс. Негізінен, олай емес. Энергетика заңында генерация қай жерде тұтыну көп, сол жерде болу керек. Міне, біздің елімізде тоқ өндіруші ірі нысандар шығыс және солтүстік өңірлерде орналасты да, оңтүстік өңір олардан шалғай қалды. Осылайша, теріскейде электр энергиясы көп те, күнгейде тапшы. Тоқ тарату жүйесі де солай орналасқан. Қазір «Солтүстік-Оңтүстік» желісінде 2 100 МВт электр энергиясы бар, бұл өңірлерді қуаттандыруға жетпейді. Міне, көзделіп отырған Балқаш өңірі сол екі инфрақұрылымдық энергожүйенің түйіскен жері болып саналады. Ол жерде демеп жіберетін генерация жоқ. Бұл жақсы емес. Өйткені алыстан тасымалданған электр энергиясы жолда көп ысырап болады және керекті қуатта жететініне сенімділік жоқ. Сондықтан да Үлкен стансасында әу бастан, сонау кеңес кезінен-ақ қандай да бір тоқ өндіретін орталық салу қарастырылған екен. Міне, ол жерге көмірмен істейтін 2 000 мегаваттық станса салынар болса, оның сол аймаққа, ауаға, көлге тигізер экологиялық зияны өте көп болар еді. Сондықтан да АЭС салынуы керек. Оған су керек екені рас, бірақ ол көлге ешқандай да араласпай одан оқшау тұрады.
© «Росатом» баспасөз қызметі (Фото)
«Төртінші аспект – экономикалық тұрғыда. Қай нәрсе де салыстырған кезде белгілі болады десек, АЭС арзанға шығады. Біріншіден, олардың жұмыс мерзімі 100 жылға дейін барады, яки ол өзіне жұмсалған шығынды ширек ғасырда-ақ ақтап шығады. Одан кейін ұзақ жылдар арзан энергия өндіруге мүмкіндік бермек. Ал басқа генерация көздері, ол көмір, газ, ЖЖМ болсын немесе ЖЭК болсын, қызмет ететін жылдарының жартысы сол жобаның өзіне жұмсалған ақшаны өтеумен кетеді», – дейді «Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қаумдастығы» ЗТБ Төрағасы Сергей Агофонов.
Ал бесінші, ең үлкен себеп – оның экономиканың локомотиві екенінде. Ол тек өзі орналасқан Жетісу – Алматы өңірінің ғана жағдайын мықтап қоймай, бүкіл елдің де экономикасын аяғынан тұрғызуға көмектеспек. Тіпті, құрылыс уақытынан бастап-ақ ол өзінің тиімділігін көрсете бастайды. Біріншіден, онда жұмыс орындары ашылады. Құрылыс салу кезінде 8 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылса, стансаны пайдалану кезінде 2 мыңға дейін адам жұмыс істейтін болады. Екіншіден, құрылысының жартысынан көбіне жергілікті материалдар пайдаланылатын болады. Сұхбаттасымыз басқаратын қауымдастық пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жоба жүзеге аса қалған жағдайда алдына осындай мақсат қойып отыр екен. Өйткені АЭС салу кішігірім қала салумен бірдей. Ол өзінің айналасына қалақұраушы жүйе құруға қауқарлы. Сол арқылы экономиканы алға сүйрейді.
Мультипликативті әсері де бар
Қазақстанға АЭС салу мультипликативті әсер беретінін көзі қарақты оқырман түсініп отырған болар. Өйткені аты айтып тұрғандай, ол тек энергетикалық генерация бермейді, сонымен қатар қозғаушы күшке де ие. Бұл саланы дамыту сол ауылда жаңа заманауи тұрғын үйлер, жолдар, ғимараттар, мәдени-әлеуметтік инфрақұрылымдар салуға мүмкіндік береді. Ал елімізде ғылым дамиды.
«Қазақстан атом электр стансалары» келтіретін мәліметтерге қарасақ, АЭС салынар болса, ол пайдалануда болған жылдар бойы ел қазынасына 2,5-3 миллиард доллардан астам салық түседі екен. Ал құрылыс-монтаж жұмыстары кезеңінде жергілікті бизнеске шамамен 2,5-3,5 миллиард доллар көлемінде қаржы құйылмақ. АЭС-те ашылған 1 жұмыс орны сабақтас салаларда 10 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік тудырмақ. Қағида бойынша стансада жұмыс істейтін 2 000 адамның 20%-ы ғана, яки 400-і ядролық салада арнайы білімі бар маман болуға тиіс. Ал бізде қазірдің өзінде бұл салада 17,9 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін ескерсек, атом электр стансаларын пайдалану үшін кадрлық әлеуетіміз жеткілікті. Оның ішінде уәкілетті мемлекеттік орган Энергетика министрлігінде – 36, реттеуші ғылыми-техникалық ұйымдарда – 2,9 мың; Қазатомөнеркәсіпте 15 мыңға жуық маман бар. Сонымен қатар 150-ден астам қазақстандық Түркиядағы Ақкую атом электр стансасының құрылысына қатысуда. Елімізде бірнеше жылдан бері ядролық қаруды бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы мамандарды дайындау үшін ғылыми-білім беру базасы белсенді түрде дамып келеді. Мәселен, 2022-2023 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында мамандандырылған білім беру бағдарламалары бойынша 2 848 грант бөлінді. Ал атом өнеркәсібінде оқитын студенттердің саны 4 070 адам: бакалавриатта – 3 590, магистратура – 397, докторантура – 83 адам», – дейді сарапшы Тельман Шуриев.
Тағы бір сарапшы – «Ұлттық ядролық орталықтың» бас директоры Ерлан Батырбеков Балқаш көлінің суын АЭС-ке салқындату үшін пайдалану көлемі жылына 63 млн текше метрден аспайтынын айтады. Көл бетінен судың табиғи булануы 0,3% деген есеп бар, ендеше бұл станса көлдегі су деңгейіне іс жүзінде ешқандай әсер етпейді деген сөз. Сондай-ақ су реактор тізбектерінде ешқайда кетпейді, үнемі айналып тұрады.
«Қалдықтарды кәдеге жарату мәселесіне келсек, қуаты 1 200 МВт болатын реактордан жылына 50-60 текше метр радиоактивті қалдықтар түзіледі. Оны қауіпсіз өңдеудің тиімді технологиялары бар. Пайдаланылған ядролық отын қалдықтарға жатпайды, өйткені онда жанбаған уран қалады және одан әрі плутоний түзіледі. Ол – ядролық отында қолданылатын тағы бір элемент. Пайдаланылған ядролық отынды өңдегеннен кейін мамандар одан да үлкен энергетикалық компоненті бар жаңа отынға шикізат алады. Атом электр стансасынан ешқандай зиян болмайды, өйткені оның өзегі ретінде III және III+ буынды реакторының құрылысы ұсынылып отыр. Бұл реакторлар белсенді және пассивті заманауи қауіпсіздік деңгейлерімен жабдықталған. Реактор қалыпты күйден шыққан жағдайда қауіпсіздік жүйесі оны оңтайлы жұмыс режиміне қайтарады. Реакторлардың бұл түрі барлық қауіпсіздік талабына сай келеді, әсіресе экологиялық көрсеткіштері жоғары. Бірінші кезекте радиациялық фон жоқ, екіншіден, атмосфераға шығаратын СО2 қалдықтары ЖЭО-лармен салыстырғанда өте төмен», – дейді ол.
АЭС салуды жақтағандардың пікірін, әрине толассыз келтіре беруге болады. Өйткені оның айтылып жүргеніне сөз басында айтқандай, 30 жылға жуықтады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біз талқылаймыз деп жүріп осыншама уақытты зая кетіріп алдық. Әйтпегенде, бір емес, екі АЭС салып, ендігісі игілігін көріп отырғандай уақыт өткен екен. 2035 жылға қарай елдегі электр қуатының тапшылығы 2 400 МВт-тан асады деп болжануда. Сондықтан бізге екі блокты бір АЭС-тың орнына жалпы қуаты 4 800 МВт болатын төрт блокты екі атом электр стансасы керек.
Қарсы уәж айтатындардың қарасы әлі де азаймай тұрғаны рас. Олардың ең бірінші алға тартатыны, еліміздегі асқынып тұрған жемқорлық мәселесі. Бірақ «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» демекші, ондай келеңсіз құбылыс қай елде де бар және ешқашан түбегейлі жоғалып кетпейтіні анық, сондықтан онымен ымырасыз күрес жалғаса бермек. Ал «Германия АЭС-тен бас тартыпты» дегендерге келер болсақ, Еуропа елдері ортақ энергетикалық жүйеге біріккен, олар тоқты бір-бірінен кез келген уақытта ала береді, біздегідей тапшылық жоқ. Немістер электр энергиясы көп болып кеткен соң осындай қадамға барып отыр. Сондай-ақ оларда жаңармалы энергия көздерінің үлесі 50%-ға жеткен. Ал бізде жел мен күннен алатын энергиямыз небәрі 6%. Айтып-айтпай не керек, Қазақстанның өзінің АЭС-ы болған еді. Ол тек тоқ өндіріп қойған жоқ, сонымен бірге суды да тұшытты, сол себепті де ол комбинат деп аталды. МАЭК атауы содан шыққан. Ендеше ол жабылғалы бір буын ауысатын уақыт өтті. Десе де, игіліктің ерте-кеші жоқ, дұрыс шешім қабылдайық, ағайын!
Нұрлан ҚОСАЙ