Кезінде көп сөз болған «индус­трияландыру» ұғымы бүгінде ұмытылды, оны тіпті Үкіметтің экономикаға жауапты мүшелері де ауызға алмайды.
Кластерлік даму – нағыз табыс көзі
1,320
оқылды

Бірақ бұл Қазақ­станның индустриялық өр­кен­деуден мүлдем бас тартқанын білдірмейді. Бүгінде Үкімет индус­триялық-инновациялық даму ор­нына «жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құру» саясатын қолға алып жатыр. Жаңа саясат нені көздейді және елге не береді?

Өркендеудің іргетасы – индустрияландыру

Инженер Олжас Жиенқұл – Қазақ­стандағы индустрияландыру бесжылдық­тарына куә болып қана қоймай, соған тікелей атсалысқан адамдардың бірі. 2013 жылы Қарағандыда жүргенінде Ақтөбе жақта үлкен жоба басталғанын, оған елдің барлық өңірінен білікті мамандарды ша­қырып жатқанын естиді.

– Жалақысы жақсы екенін білген соң сол жаққа жол тарттым. Ақтөбе рельс-арқалық зауытының іргесі қаланып, жұмысы қызып жатты. Ауызсу, кәріз жүйелері, газ құбырларын тарту, электрмен жабдықтау, кірме теміржолдар, авто­магистральдар, көпірлер, стансалар – бәрі-бәрінің құрылысы қатар қолға алын­ған. Жобаны тікелей Президенттің өзі бақылауына алыпты. Сол кездегі Премьер Серік Ахметовтің өзі инспекция жасап тұрды. Облыс әкімдігі бюджет есебінен зауытқа инженерлік инфрақұрылым тартты. Алдымен сонда істедім. Артынан зауытты тұрғызуға қатыстым. Бұл шыны­мен бүкілхалықтық құрылыс еді, еліміздің барлық дерлік облысынан, алыс-жақын шетелден білікті мамандар жиылды, күн­діз-түні бір адамдай жұмылып, ынты­мақта жұмыс істедік. Тарихты қолымызбен жасап жатқандай сезіндік, – деп еске тү­сірді О.Жиенқұл.  

Ақтөбе рельс-арқалық зауыты екінші индустриялық бесжылдықтың қарлығашы болатын. Оған стратегиялық міндет – жоғары сапалы рельстер бойынша Қазақ­станды Ресейге тәуелділіктен құтқарып, осы өнім бойынша ішкі сұранысты толық өтеу миссиясы жүктелді. 2016 жылғы 6 маусымда ел тарихында бұрын-соңды болмаған, жоғары сапалы, дифферен­циалды нығайтылған рельстерді, сондай-ақ қоставрлар, бұрыштықтар, швеллерлер, шахталық тіреулер сияқты орташа пішінді илекті шығаратын бірегей кәсіпорын іске қосылды.

Қазір кейбір экономисті тыңдасаңыз, индустрияландыру бесжылдықтары барысында ашылған зауыт-кәсіпорынның бәрі дәрменсіздікке ұшырап, жабылып қалғандай сезім қалыптасады. Мұның олай емесіне биылғы шілдеде кәсіпорынға ат басын бұрып, жұмысшылармен кездес­кен Мәжіліс депутаттары көз жеткізген еді. Өзге де бизнес сияқты бірқатар қиындығы болғанымен, «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС өркендеу үстінде екен. Ол 2023 жылғы қазанда тарихи белеске шығыпты: 2016 жылы іске қосыл­ғалы бері зауытта тура 1 миллион тонна рельс өнімі өндірілді. Бұл 8 мың шақырым­нан астам теміржолды төсеп шығуға жетеді. «АРБЗ» ЖШС өндірісінің рельс­тері Түркия, Ресей, Украина, Эстония, Лат­вия, Беларусь, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Грузия, Түрікменстан, Ауғанстанда қолданылады.

Олжас болса, бүгінде аустриялық Voestalpine Schienen Gmbh компаниясында кіші инженер болып жұмыс істейді. Германиялық инвесторлар Қазақстанда салмақты жобасын жүзеге асыруды пысықтап жатыр екен, солармен бірге елге оралуға ниетті. Мұндай мысалдарды және еңбеккерлердің табыс тарихын Индус­трияландырудың қос бесжылдығы тұсын­да ашылған және өндірісін сақтап қала алған жүздеген кәсіпорыннан табуға болады.

Технологиялық дамудың пәрменді тетігі

Қазақстанда Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың бірінші бесжылдығы 2010 жылы басталғаны мәлім. Екінші бесжылдығын және тиісті мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға мемлекет 2015 жылы кірісіп, ол 2019 жылға дейін созылды. Содан кейін үшін­ші бесжылдық бастау алуы тиіс еді. Ел Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқ­сандағы №1050 қаулысымен «Қазақстан Республикасын индустриялық-инно­вациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. Республикадағы билік тран­зитінен кейін бұл бағдарлама жүзеге ас­пай, жайына қалды. Ақыры Смайылов Үкіметінің 2022 жылғы 20 шiлдедегi №508 қаулысымен тумай туа шөккен соңғы индустриялық бағдарламаның күші жойылды. 

Енді Қазақстан кластерлік дамуды таңдап отыр. Ол шикізатты өндіруден, оны өңдеп, нақты дайын бұйымдар жасап шығаруға дейінгі бүкіл жолды қамтуы керек. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі соңғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құруға негізделетінін жариялады. Осы орайда Президент Үкіметке «ел тағдыры үшін айрықша мәні бар» бірқатар жобаны жүзеге асыруды жүктеді. Соның ішінде ағымдағы үшжылдық ішінде металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір хи­миясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударылатын болады.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» пар­тиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саи­ровтың айтуынша, Қазақстан мине­ралды ресурстардың қоры бойынша жа­һан­дық ондықтың қатарында болғанымен, осы күнге дейін шикізатты экспорттаумен шектелді. Өңдеуі мардымсыз. Ол алю­миний мен мысты мысалға келтірді.

– Боксит-глинозем-алюминий тізбегін алсақ, глиноземнің үштен екісі шетелге шикізат күйде экспортталады. Қалған үштен бірінің 250 мың тоннасынан тек бастапқы алюминий өндіріледі. Сонда небәрі 20%-ы дайын өнімге дейін өңделеді, яғни сымдар, кабельдер, жылыту радиаторлары сияқты бірен-саран дайын өнім шығарылады. Он жылдан астам уақыт бойы ERG алпауыт барлық глиноземді алюминийге айналдыруға уәде етіп келеді. Бірақ ештеңе өзгеретін емес, – деді депутат.

Сондықтан «AMANAT» партиясы фрак­циясы Президент Қ.Тоқаевтың тап­сыр­маларын орындау үшін Қазақстанды шұғыл түрде жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға көшіру қажет деп санайды. Сонымен бірге аманаттық депутаттар Үкіметке өндірілген барлық алюминий тотығын алюминийге қайта өңдеу, терең өңдеу технологиялары бар кәсіпорын­дарды тарту туралы ұсыныспен шықты. Сондай-ақ халықаралық сапа стандарт­тарына сай келетін кабельдік және электротехникалық өнімдер өндіретін зауыттардың құрылысы қолға алынуы, мыс пен алюминийді терең өңдеу кешен­дері құрылуы қажет.  

Қазақстандық мазмұнның үлесі 70-90%-ға дейін жеткізілуі тиіс. Шетелден, өнім өндіруші зауыттардан мамандарды шақыру арқылы білікті кадрларды даярлауды бастаған маңызды.

Шикізатты терең өңдеу кешендері қажет

Ресми мәліметке жүгінсек, 2023 жыл қорытындысында Қазақстанда 419 мың тонна катодты мыс және 261 мың тонна алюминий өндірілді. Бұл тұрғыда 1,97 миллион тонна мыс концентраты мен 872 мың тонна глинозем өңделмеген күйінде экспортқа өткізілген. Салдарынан респуб­лика бюджетті толықтырып, кәсіпорын­дарды байытатын ұшан-теңіз табыстан, қосылған құннан айырылды.

Бұған тосқауыл қою үшін бүгінде мыс кенін тазартылған мысқа дейін өңдеу мақсатында қосымша өндірістік қуаты 600 мың тонна болатын екі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Оның біріншісі – KAZ Minerals тобының қытайлық China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Co. компаниясымен бірлесіп бастаған жаңа мыс балқыту зауытын салу жобасы. Екіншісі – Kazakhmys Holding ЖШС-ның Балқаш мыс балқыту зауытын жаңғырту жобасы. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі­нің дерегінше, бүгінде елімізде мыс пен алюминийден профильдер, цилиндрлік құймалар, кабелді-өткізгіш өнімдер, дөңгелек және жазық илем, лигатура, күштік трансформаторларды орауға ар­нал­ған сымдар өндіріледі. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарына жауап хатында бір маңызды өзгерісті еске салды: 2021 жылы қолданысқа енгізілген «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңы шикі­зат өндірушілерді отандық зауыт-кәсіпорындарды жергілікті шикізатпен басымдықты түрде, бірінші кезекте және жеткілікті көлемде қамтамасыз етуге міндеттеді. Бұл тетік Өнеркәсіп минис­трлігі, әрбір өндіруші және өңдеуші арасындағы «Қайта өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі үшжақты келісім» бекіту арқылы іске асырылады. 

Келісімге сәйкес, қазақстандық шикізат отандық кәсіпорындарға Лондон металдар биржасындағы бағадан 5% жеңілдікпен ұсынылуы керек. Аталған тетік аясында алюминий мен мысты жеткізу бойынша 25 келісімге қол қо­йылыпты.

– Осы шараның қабылдануы нәтиже­сінде 2023 жылы алюминийді ішкі өңдеу көлемі 50,7 мың тоннаға жетті. Бұл көр­сеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық! Мыс шикізатын өндірушілер осы жұмысқа 2023 жылы ғана кірісті: бұл 2023 жылы елде 9,5 мың тонна катодты мысты өңдеуге мүмкіндік берді. Салыс­тырсақ, 2022 жылы 7,6 мың тонна мыс өңделген-тін. Төмендетілген баға бойын­ша шикізатпен қамту шаралары аясында KAZ Minerals пен «Қазақмыс корпора­циясы» ЖШС тобы катанка, лигатура, кабелді-өткізгіш және илем өнімдерін өндіретін отандық 18 кәсіпорынға мыс өткізеді, – деді Олжас Бектенов.

Арзандатылған шикізатты «Үлбі метал­лургия зауыты» АҚ, «ЗОЦМ» АҚ, «Қазэлектромаш» ЖШС және басқасы алып отыр. Шикізатпен қамтамасыз ету тетігі іске қосылды, әйткенмен, сарапшы­лардың байламынша, басты бір проблема қалды: елде металды, кен-руданы терең өңдеумен айналысатын ірі зауыт-кәсіп­орын­дар тапшы. Олар болмаған соң «ішкі нарықта сұраныс жоқ» деп өндірушілер шикізаттың басым бөлігін бәрібір шетелге шығара береді. Сондықтан Индустрия­ландыру бесжыл­дық­тары кезіндегідей, кластерлік даму аясында да алып өндіріс орындарын – жаңа өңдеуші зауыт-кәсіп­орындарды ашқан абзал.

Мысалы, мамандар «қанатты металл» атайтын алюминийдің қолданылмайтын жері кемде-кем. Оның тамақ өнеркәсібіне арналған, сондай-ақ техникалық, қышқылға төзімді, беріктелген түр-түрі болады. Айналамыздағы үстел-орындық­тар, жалюзи, дизайнерлік бұйымдар, декоративті қабырға панелдері, конди­ционер­лер мен радиаторлар және басқасы да содан жасалады. Алайда Қазақстанда алюминийден әлдене жасай алатын (катанка, кабелді-өткізгіш өнімдер мен профильдер) небәрі 7 кәсіпорын бар. Орта мерзімді перспективада Үкімет мыс пен алюминийден жасалған өнімдер, соның ішінде жылыту радиаторлары, ұнтақтар, құймалар, жез бұйымдарын өндіру бойын­ша жаңа 13 инвестициялық жобаны іске қосуды жоспарлады.

«Кластерлік даму» кейпіне енген жаңа Индустрияландыру табысты жүруі үшін білікті жаңа кадрлар, жеткілікті шикізат, мол капитал мен инвестиция, зор мемлекеттік қолдау, жаңа нарықтар қажет. Бұл белгілі бір уақыт алатын ауыр үрдіс. Үкімет жауапкершілігі зілбатпан әрі үздіксіз ізденіс пен талмас талпынысты талап ететін бұл міндет үдесінен абырой­мен шығып, елді жаңаша өркендете ме, әлде кластерді былай ысырып тастап, оны ауыстыратын жаңа саясатты ойлап таба сала ма – оны уақыт көрсетеді. 

Елдос СЕНБАЙ