Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Конго Демократиялық Республикасында маймыл шешегінің өршуіне және аурудың көршілес елдерге таралуына байланысты шетелге шығатын қазақстандықтарға ескерту жасады, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аурудың инкубациялық кезеңі 5-тен 21 күнге дейін болуы мүмкін. Негізгі клиникалық белгілері: қызба, бөртпе, тамақ ауруы, бас ауруы, бұлшықет және арқа ауруы, лимфа түйіндерінің ісінуі.
Бүгінгі күнге дейін Қазақстанда маймыл шешегіне шалдығудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген. Республика аумағына инфекцияның енуіне жол бермеу бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Санитарлық карантиндік пункттерде аса қауіпті ауруға күдікті науқасты мемлекеттік шекарадан өткізуге жол бермеу шаралары қабылданған.
Министрлік елімізде инфекцияның таралуын болдырмау үшін эндемиялық елдерге баратын қазақстандықтарға:
- - ауру адамдармен және ауру жануарлармен (маймылдар, егеуқұйрықтар, тиіндер және басқа да жабайы жануарлар вирус тасымалдаушылары болуы мүмкін) байланыста болмау;
- - қорғаныс құралдарын пайдалану. Жануарларға жақындағанда немесе оларға күтім жасағанда, әсіресе зертханалық жағдайларда, қорғаныс киімдерін, қолғаптарды және маскаларды пайдалану;
- - гигиенаны сақтау. Қолды үнемі сабынмен жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдану;
- - бөртпе, безгек, бас ауруы және шаршау сияқты белгілер пайда болса, диагнозды анықтау және емделу үшін дәрігерге жүгіну қажеттігін ескертті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адхан Гебрейесус маймыл шешек індетін халықаралық деңгейдегі денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп атады.
14 тамыз күні Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) маймыл шешегінің өршуіне байланысты төтенше жағдай жариялады.
"Бүгін төтенше жағдайлар бойынша комитет жиналып, маған болып жатқан жағдайдың халықаралық маңызы бар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай екенін айтты. Мен бұл кеңесті қабылдадым", – деді ДДСҰ басшысы Гебрейесус.
Оның айтуынша, 2023 жылы маймыл шешегін жұқтыру жағдайлары айтарлықтай өскен, ал биылғы жағдайлар өткен жылғы көрсеткіштен асып түсіп, 14 мыңнан астам жағдай тіркелген. Оның 524-і өліммен аяқталған.