Еліміздің қай қиырын алма­сақ та ойқы-шойқы, шұрық тесік апандай шұңқырларға ай­нал­ған жамау-жамау жолдардың аза­бын тартқан халықтың қара­сы көп.
Апатты жолдың әлегі
848
оқылды

Сапасы сын көтермейтін жолдардың салдарынан қарға адым жүру мұңға айналған елді мек­ендер қаншама? Солардың бірі елорданың дәл іргесіндегі Ар­шалы ауданындағы 7-8 ауыл­дың тұрғындары бірнеше жыл­дан бері ащы жанайқайын ат­­қарушы билік­тің құлағына жет­кі­зе ал­май ке­л­е­ді. Жол жүру мүл­­де мү­­м­кін болмайтын­дай күй­ге жет­кен. 

Сегіз бірдей ауыл тұрғынының жол мә­се­лесін көтергелі бес жылдан астам уақыт өтіпті. Жолдың азабын әбден тартқан ауылдарда бүгінде 2 500-ге жуық халық тұрады. 30-ға жуық отбасы түтін түтететін Красное Озеро селосында мүл­де дүкен бол­маған­дықтан, күнделікті осы жолмен жүру­ге мәжбүр. Алайда ай­наласы сегіз шақырым­дық жол сол күйі еш жөн­деусіз қалып отыр. Жөндеу жұ­мыс­тары осыдан төрт жыл бұрын 2020 жылы бас­талғанымен, орта жолда жұмыс тоқтап, соңына дейін жеткізілмеген. Мер­дігер компания қысқа ғана жолды үш жыл бойы аяқтамай, ақыры тапсырыс берген жергілікті атқарушы орган істі сот­қа берген. Онсыз да нашар жолды үздіксіз жүретін КамАЗ-дар мен басқа да жүк көліктері тоз-тозын шығар­ған. Оның үстіне, үнемі ауыр жүк тасы­ған көл­ік­­терден тұтас­тай қою түтін мен шаң көз аштырмайды. Ас­пан­ға көтеріл­ген шаң­нан түк көрінбе­гендіктен, адам­дар өз өмірін бәйгеге тігіп, жол бо­йын үнемі қорқыныш пен үрей бас­ып жүруге мәж­бүр. 

 – Сіздерден бес бірдей Белоярка, Шортанды, Константиновка, Красное Озеро, Түрген ауылдары тұрғындарының атынан көмек сұрауға мәжбүрміз. Жолды жөндеу жұмыстары осыдан төрт жыл бұрын бастал­ған. Бірақ сол күйі қалып кетті. Қазір жол­да жүру мүлде мүмкін емес күйге жетті. Көз алдау үшін грейдермен өткен болды. Бірақ дәл қазір жолдан қарға адым жүру мүмкін емес. Мен өзім кәсіби жүргізушімін. Бірақ автокөлігімнің жүріс бөлігін ай сайын жөндеуге мәжбүр боламын. Қазір тіпті ас­фальт төсеген жолдың өзі де апаттық жағ­дайда. Төсел­ген ас­фальт­тың өзі көтеріл­іп, талқаны шығып бұзылып жатыр. Асфальт­ты төсел­­­­­уі тиіс жеті сантиметрдің орнына бар болғаны 4 сантиметрге жетер-жетпес етіп қана төседі. Біз «Астана» телеарнасына да мәселені айттық. Бірақ одан да еш өзгеріс бола қой­ған жоқ. Мен Шортанды ауданының тұрғынымын. Маған осы жолмен күнде­лікті жүруге тура кел­еді. Егер қан­дай да бір жағдай бола қалса мұнда еш­қандай жедел жәрдем көлігі де жете алмайды. Өтініп сұ­раймын, көмек­тесі­ңіз­­дерші, –  дей­ді аш­ынған Аршалы ауданы Шо­р­танды ауылының тұрғыны Ирина Аксенова. 

Бес ауылдың ішінде Түрген ауылының жағдайы басқаларға қарағанда тым ауыр. Ауыл халқы қою шаң мен түтіннен тіпті де­мала алмайтын халге жеткен. Үйлерінде терезелерін де аша алмайтын болған. Көбі демікпе дертіне шалдығыпты. Бақ­шала­рына еш нәрсе еге де алмайды. Ел­ордадан небәрі 90 шақырым ауыл­дарға ешкім наз­арын да салмайтын бол­ған. Рес­пуб­ли­калық маңызы бар Екатеринбург – Алматы тасжолына шығатын не­бәрі сегіз ша­қырым жолды жөндеуге міндеттенген мердігер ұйым сол күйі тас­­­­тап кеткен. Тұр­ғындар жергілікті атқару­шы билік органдарына талай мәрте арыз­данғанымен, құр­ғақ уәдеден ары аспай, мәселені сол күйі жылы жау­ып қоя салған. Жол бойын­да­ғы бес бір­дей көпір түгел дерлік апаттық жағдайға жеткен. Әбден мүжіліп, тоз-тозы шыққан кө­пір үстіне ас­фальт төсеп таста­ғаны да ха­лықтың ыза­сын ұлғайта түсіпті. Жолға бөлінген мил­лиондаған қаржының да сұ­р­ау­сыз кеткені халықтың шымбайына батып тұр. 

– Жолда қарға адым жүру мұң болып тұр. Жергілікті билік еш әрекет те етпейді, еш назарын да аудармай отыр. Ал­дың­­нан қарсы келе жатқан көлікті көре алмай­сың. Аспанға көтерілген шаң тұтас қалың қабырға сияқты. Үйден шығу, яки Бабатай ауылынан үйге жету мұң. Әрбір адам қажет­тіліктері үшін жолға шығады. Жолда иманымызды үйіріп, құдайымыз­ға сыйынып, үрей­леніп зорға жүреміз. Жүк тиелген КамАЗ-дар үздіксіз жүреді. Өз өмір­іміз үшін қатты қорқамыз. Неге ешкім әре­кет етпейді? Неге тым құры­ғанда жол­дың үстіне су шашып суармайды? Осыған дейін анда-санда су себіл­етін. Қазір мүлде қоз­ғалмайды? Әлде бұлар адам өлімін күтіп отыр ма? Мәсе­лені шешу үшін бірдеңе істеу үшін не қажет?! Күн сайын Волгодоновкада бір жағдай болады. Кірпіш зауыты, Неф­рит зауыттары жолға су ша­шып суармайды. Мен анда-санда ғана жолға шыға­мын. Бірақ бүгін жолда өз өмірім үшін қатты үрей­леніп отырдым. Бұл не д­еген сұм­дық! Біз әлде ті­к­ұшақ­пен ұшып жүруіміз керек пе? Ха­лық­ты алаңдатқан мұндай жағдайға неге ешкімнің назары да аумайды? Менің айт­арға сөзім де қалмады. Шын мәнінде, аса қат­ты қорқын­ышты. Қара шаң аспан­ға кө­тер­іліп тұр. Шұғыл арада жол жүру­ге мәж­бүр болдым. Тұтас халық болып жүгініп әрекет етпесе болмайтын сияқты. Мүл­де түк көрінбейді. Бірінің соңынан бірі тоқтау­сыз жүретін КамАЗ-дардың өзі бірін-бірі көрмейді, –  дей­ді ашынған Аршалы ауданы Волгодоновка ауылының тұрғыны Светла­на Паластрова. 

Жергілікті ауыл және аудан әкімдік­тері­нен еш толымды жауап ала алмаған соң Шо­р­танды ауылының тұрғыны Ирина Ак­­сенова Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  агенттіктің Ақмола облысы бойынша департаментіне де жүгінген. Аталған ведомс­т­во хатты Ақмола облыстық әкім­дігіне жол­дап, әкімдік ресми жауап та қатыпты. 

– Ақмола облысының әкімдігі сіздің  сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жол­даған хатыңыз бойынша осы жылы «Екатеринбург-Алматы-Түрген-Констан­тиновка-Белоярка» автомобиль жолын орташа жөндеуді аяқтауға облыстық бюджеттен 143,6 миллион теңге мөлшерінде қаражат қарастырылғанын хабарлайды. Мердігер ұйым – «Дорстрой материал LTD» ЖШС болды. Қазір жұмыс кестесінен қалып жатыр. Ақмола облысының Жол­аушылар көлігі және автомобиль жол­­дары басқармасымен мердігер ұйымға қатысты талап арыз берілді. Сонымен бір­ге басқар­ма­мен аталған жобаны осы жыл­­­дың соңына дейін аяқтау үшін барлық қа­­жетті шара қа­былданатын болады, – де­лінген облыс әкімдігінің ресми жауабында. 

Алайда уәде берілгенімен, биылғы жы­лы да шыбық басы сынбаған. Мәсе­ленің мәнін білмек мақсатында Аршалы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ержан Жол­ым­­бетовпен хабарла­сқаны­мызбен, бірнеше күн тілдесе алмадық. Бірнеше мәрте тел­ефон шалып әрең алғанымызбен, түс­тен кейін жауап беруге уәдесін берген әкімнің міндетін ат­қару­шы сол күйі хабар­сыз кетті. Түстен ке­йін тағы хабар алмақ болғаны­мыздан түк шықпады. Бірнеше күн бойы хабар­ласудың артынан аудан­дық тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бөлімі бас­шысының телефон­ын жолдаумен құ­т­ылды. Бөлім басшысы аталған жол қазір облыс­тық Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқарма­сы­ның қарауында екенін айт­ып, мәселені шешу кейінге қалып жат­қанын жеткізді. 

– Қазір бұл жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу Ақмола облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­ма­сының құзы­р­ына өткізілген. Істі орта жолда тастап кет­кен мердігер компаниямен келісімшарт үзілген. Енді жаңа сме­талық жоба жасау қа­­жет. Бұл жолды осы жолмен жүретін шар­уашылық серіктестіктерге қалдырып, жаңа жанама жол салу жайы да қаралып жатыр. Волгодоновка село­сы­ның жолын жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылы аяқ­талуға тиіс, – дей­ді Аршалы ауданы тұр­ғын үй-ком­мунал­дық шаруашы­лық бөлімі­нің басшысы Иван Ратушняк.

Бұдан кейін түйіннің ұшын Ақмола облысының Жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары басқармасынан із­дедік. Бас­қарма басшылығы үш жылдан астам уа­қыт жолды жөндемеген мердігерді сотқа беріп, бөлінген қаражатты толық­тай қай­тар­ып алғанын жеткізді. Дегенмен үш жыл бұрынғы жоба қазіргі күнге келмейтіндіктен, жұмыс тоқтап қалғанын мойындады. 

– Иә, мердігер компания мүлде жос­ық­сыз болып шықты. Сегіз шақырым жол сол күйі аяқталмай қалғаны рас. Мердігер ком­панияны сотқа беріп, заң негізінде айыппұл төлетіп, бөлінген қаражатты мем­лекетке қай­тарып алдық. Бірақ енді жолға жөндеу жүргізу үшін жаңа жоба қажет болып отыр. Жа­ңадан жобалық-сме­талық құжаттама жасау керек. Оған кемінде 4-5 ай уақыт ке­­теді. Сондықтан жөндеу жұ­мыс­тарын жүр­гізу келесі жылға қалып отыр. Егер бюджеттен қаражат бөлінсе, келесі жылы жөндеу жұмыстары жүргіз­іледі. Расында да, Волгодоновка – Бабатай жолдарында Астанаға қиыршық тас таситын 100 тонналық КамАЗ­-дар жүреді. Бе­лоярка – Константиновка жол­дар­ында да ірі шаруа­шы­лық серіктестік­тердің жүк көліктері жүреді. Бірақ біз оған ештеңе іс­тей алмаймыз, – дейді басқарма бас­шы­сы Владимир Кулаков. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы 

P.S. 

 

Қысқасы, қысқа жіп күрмеуге келмейді. Жер­гілікті атқарушы орган да, құзырлы басқармалар да Аршалы аудан­ындағы халық­ты алаңдатқан жол мәселесін шешу­ге қауқар қыла алмайтыны анық болып отыр. Жолдың нақты қашан жөнге келіп, айылын жимай жолдың тас-талқанын шығарған кәсіпорындар қашан тәртіпке келтірілетіні де бей­мәлім. Жолды жөндеуге енжарлық басып жүргенде оқыс оқи­ға болып, опық жеп қал­масақ екен дейміз...