Сапасы сын көтермейтін жолдардың салдарынан қарға адым жүру мұңға айналған елді мекендер қаншама? Солардың бірі елорданың дәл іргесіндегі Аршалы ауданындағы 7-8 ауылдың тұрғындары бірнеше жылдан бері ащы жанайқайын атқарушы биліктің құлағына жеткізе алмай келеді. Жол жүру мүлде мүмкін болмайтындай күйге жеткен.
Сегіз бірдей ауыл тұрғынының жол мәселесін көтергелі бес жылдан астам уақыт өтіпті. Жолдың азабын әбден тартқан ауылдарда бүгінде 2 500-ге жуық халық тұрады. 30-ға жуық отбасы түтін түтететін Красное Озеро селосында мүлде дүкен болмағандықтан, күнделікті осы жолмен жүруге мәжбүр. Алайда айналасы сегіз шақырымдық жол сол күйі еш жөндеусіз қалып отыр. Жөндеу жұмыстары осыдан төрт жыл бұрын 2020 жылы басталғанымен, орта жолда жұмыс тоқтап, соңына дейін жеткізілмеген. Мердігер компания қысқа ғана жолды үш жыл бойы аяқтамай, ақыры тапсырыс берген жергілікті атқарушы орган істі сотқа берген. Онсыз да нашар жолды үздіксіз жүретін КамАЗ-дар мен басқа да жүк көліктері тоз-тозын шығарған. Оның үстіне, үнемі ауыр жүк тасыған көліктерден тұтастай қою түтін мен шаң көз аштырмайды. Аспанға көтерілген шаңнан түк көрінбегендіктен, адамдар өз өмірін бәйгеге тігіп, жол бойын үнемі қорқыныш пен үрей басып жүруге мәжбүр.
– Сіздерден бес бірдей Белоярка, Шортанды, Константиновка, Красное Озеро, Түрген ауылдары тұрғындарының атынан көмек сұрауға мәжбүрміз. Жолды жөндеу жұмыстары осыдан төрт жыл бұрын басталған. Бірақ сол күйі қалып кетті. Қазір жолда жүру мүлде мүмкін емес күйге жетті. Көз алдау үшін грейдермен өткен болды. Бірақ дәл қазір жолдан қарға адым жүру мүмкін емес. Мен өзім кәсіби жүргізушімін. Бірақ автокөлігімнің жүріс бөлігін ай сайын жөндеуге мәжбүр боламын. Қазір тіпті асфальт төсеген жолдың өзі де апаттық жағдайда. Төселген асфальттың өзі көтеріліп, талқаны шығып бұзылып жатыр. Асфальтты төселуі тиіс жеті сантиметрдің орнына бар болғаны 4 сантиметрге жетер-жетпес етіп қана төседі. Біз «Астана» телеарнасына да мәселені айттық. Бірақ одан да еш өзгеріс бола қойған жоқ. Мен Шортанды ауданының тұрғынымын. Маған осы жолмен күнделікті жүруге тура келеді. Егер қандай да бір жағдай бола қалса мұнда ешқандай жедел жәрдем көлігі де жете алмайды. Өтініп сұраймын, көмектесіңіздерші, – дейді ашынған Аршалы ауданы Шортанды ауылының тұрғыны Ирина Аксенова.
Бес ауылдың ішінде Түрген ауылының жағдайы басқаларға қарағанда тым ауыр. Ауыл халқы қою шаң мен түтіннен тіпті демала алмайтын халге жеткен. Үйлерінде терезелерін де аша алмайтын болған. Көбі демікпе дертіне шалдығыпты. Бақшаларына еш нәрсе еге де алмайды. Елордадан небәрі 90 шақырым ауылдарға ешкім назарын да салмайтын болған. Республикалық маңызы бар Екатеринбург – Алматы тасжолына шығатын небәрі сегіз шақырым жолды жөндеуге міндеттенген мердігер ұйым сол күйі тастап кеткен. Тұрғындар жергілікті атқарушы билік органдарына талай мәрте арызданғанымен, құрғақ уәдеден ары аспай, мәселені сол күйі жылы жауып қоя салған. Жол бойындағы бес бірдей көпір түгел дерлік апаттық жағдайға жеткен. Әбден мүжіліп, тоз-тозы шыққан көпір үстіне асфальт төсеп тастағаны да халықтың ызасын ұлғайта түсіпті. Жолға бөлінген миллиондаған қаржының да сұраусыз кеткені халықтың шымбайына батып тұр.
– Жолда қарға адым жүру мұң болып тұр. Жергілікті билік еш әрекет те етпейді, еш назарын да аудармай отыр. Алдыңнан қарсы келе жатқан көлікті көре алмайсың. Аспанға көтерілген шаң тұтас қалың қабырға сияқты. Үйден шығу, яки Бабатай ауылынан үйге жету мұң. Әрбір адам қажеттіліктері үшін жолға шығады. Жолда иманымызды үйіріп, құдайымызға сыйынып, үрейленіп зорға жүреміз. Жүк тиелген КамАЗ-дар үздіксіз жүреді. Өз өміріміз үшін қатты қорқамыз. Неге ешкім әрекет етпейді? Неге тым құрығанда жолдың үстіне су шашып суармайды? Осыған дейін анда-санда су себілетін. Қазір мүлде қозғалмайды? Әлде бұлар адам өлімін күтіп отыр ма? Мәселені шешу үшін бірдеңе істеу үшін не қажет?! Күн сайын Волгодоновкада бір жағдай болады. Кірпіш зауыты, Нефрит зауыттары жолға су шашып суармайды. Мен анда-санда ғана жолға шығамын. Бірақ бүгін жолда өз өмірім үшін қатты үрейленіп отырдым. Бұл не деген сұмдық! Біз әлде тікұшақпен ұшып жүруіміз керек пе? Халықты алаңдатқан мұндай жағдайға неге ешкімнің назары да аумайды? Менің айтарға сөзім де қалмады. Шын мәнінде, аса қатты қорқынышты. Қара шаң аспанға көтеріліп тұр. Шұғыл арада жол жүруге мәжбүр болдым. Тұтас халық болып жүгініп әрекет етпесе болмайтын сияқты. Мүлде түк көрінбейді. Бірінің соңынан бірі тоқтаусыз жүретін КамАЗ-дардың өзі бірін-бірі көрмейді, – дейді ашынған Аршалы ауданы Волгодоновка ауылының тұрғыны Светлана Паластрова.
Жергілікті ауыл және аудан әкімдіктерінен еш толымды жауап ала алмаған соң Шортанды ауылының тұрғыны Ирина Аксенова Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Ақмола облысы бойынша департаментіне де жүгінген. Аталған ведомство хатты Ақмола облыстық әкімдігіне жолдап, әкімдік ресми жауап та қатыпты.
– Ақмола облысының әкімдігі сіздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолдаған хатыңыз бойынша осы жылы «Екатеринбург-Алматы-Түрген-Константиновка-Белоярка» автомобиль жолын орташа жөндеуді аяқтауға облыстық бюджеттен 143,6 миллион теңге мөлшерінде қаражат қарастырылғанын хабарлайды. Мердігер ұйым – «Дорстрой материал LTD» ЖШС болды. Қазір жұмыс кестесінен қалып жатыр. Ақмола облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен мердігер ұйымға қатысты талап арыз берілді. Сонымен бірге басқармамен аталған жобаны осы жылдың соңына дейін аяқтау үшін барлық қажетті шара қабылданатын болады, – делінген облыс әкімдігінің ресми жауабында.
Алайда уәде берілгенімен, биылғы жылы да шыбық басы сынбаған. Мәселенің мәнін білмек мақсатында Аршалы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ержан Жолымбетовпен хабарласқанымызбен, бірнеше күн тілдесе алмадық. Бірнеше мәрте телефон шалып әрең алғанымызбен, түстен кейін жауап беруге уәдесін берген әкімнің міндетін атқарушы сол күйі хабарсыз кетті. Түстен кейін тағы хабар алмақ болғанымыздан түк шықпады. Бірнеше күн бойы хабарласудың артынан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының телефонын жолдаумен құтылды. Бөлім басшысы аталған жол қазір облыстық Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының қарауында екенін айтып, мәселені шешу кейінге қалып жатқанын жеткізді.
– Қазір бұл жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу Ақмола облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының құзырына өткізілген. Істі орта жолда тастап кеткен мердігер компаниямен келісімшарт үзілген. Енді жаңа сметалық жоба жасау қажет. Бұл жолды осы жолмен жүретін шаруашылық серіктестіктерге қалдырып, жаңа жанама жол салу жайы да қаралып жатыр. Волгодоновка селосының жолын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылы аяқталуға тиіс, – дейді Аршалы ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Иван Ратушняк.
Бұдан кейін түйіннің ұшын Ақмола облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан іздедік. Басқарма басшылығы үш жылдан астам уақыт жолды жөндемеген мердігерді сотқа беріп, бөлінген қаражатты толықтай қайтарып алғанын жеткізді. Дегенмен үш жыл бұрынғы жоба қазіргі күнге келмейтіндіктен, жұмыс тоқтап қалғанын мойындады.
– Иә, мердігер компания мүлде жосықсыз болып шықты. Сегіз шақырым жол сол күйі аяқталмай қалғаны рас. Мердігер компанияны сотқа беріп, заң негізінде айыппұл төлетіп, бөлінген қаражатты мемлекетке қайтарып алдық. Бірақ енді жолға жөндеу жүргізу үшін жаңа жоба қажет болып отыр. Жаңадан жобалық-сметалық құжаттама жасау керек. Оған кемінде 4-5 ай уақыт кетеді. Сондықтан жөндеу жұмыстарын жүргізу келесі жылға қалып отыр. Егер бюджеттен қаражат бөлінсе, келесі жылы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Расында да, Волгодоновка – Бабатай жолдарында Астанаға қиыршық тас таситын 100 тонналық КамАЗ-дар жүреді. Белоярка – Константиновка жолдарында да ірі шаруашылық серіктестіктердің жүк көліктері жүреді. Бірақ біз оған ештеңе істей алмаймыз, – дейді басқарма басшысы Владимир Кулаков.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
P.S.
Қысқасы, қысқа жіп күрмеуге келмейді. Жергілікті атқарушы орган да, құзырлы басқармалар да Аршалы ауданындағы халықты алаңдатқан жол мәселесін шешуге қауқар қыла алмайтыны анық болып отыр. Жолдың нақты қашан жөнге келіп, айылын жимай жолдың тас-талқанын шығарған кәсіпорындар қашан тәртіпке келтірілетіні де беймәлім. Жолды жөндеуге енжарлық басып жүргенде оқыс оқиға болып, опық жеп қалмасақ екен дейміз...