Биыл түрік халықтары тарихында ерекше із қалдырған екі еңбек­тің жазылғанына мың жылға жуық уақыт болыпты. Махмұт Қаш­қаридің «Диуани лұғат ат-түрк» дейтін сөздігінің жазылғанына 950 жыл толса, Жүсіп Баласағұн «Құтадғу білік» атты еңбегін 955 жыл бұ­рын жазуды бастаған екен.
Бекарыс Нұриман, PhD докторы, ғалым-аудармашы: «Құтадғу білік» – саяси тақырыптағы дидактикалық еңбек
4,001
оқылды

Шығарманың Герат, Каир және На­ман­ган нұсқалары бар. Әрине, қазақ «Құтадғу білікті» бұрыннан біл­се керек, Құрбанғали Халид бұл еңбек жайлы атап өтіп, Шәкәрім­нің де онымен таныс болғаны жайлы деректер сақталыпты. 

Бертін келе Асқар Егеубаевтың аудармасы арқылы бүгінгінің қа­зағы еңбекпен қайта танысты. Бірақ PhD докторы, қауым­дас­тырылған профессор Бекарыс Нұриман өлең түріндегі шығарманы қара сөзге айналдырған, еңбектің саяси қырына үңілгені бар. Біз жас ғалыммен сұхбаттасып, «Құтты біліктің» іс жүзінде құтты билік құру­ға үгіттейтін еңбек екеніне көз жеткіздік. 

– Бекарыс Тілегенұлы, сіз бірер жыл бұрын жарияланған ғылыми мақалаңызда Қазақстанда Жүсіп Баласағұнидың «Құ­та­д­ғу білік» еңбегіне қатысты 1989-2018 жылдар аралығында 20 ғылыми еңбек қор­ғалғанын жаздыңыз. Мұншама еңбек­ке қарап, «Құтадғу біліктің» мазмұнын біздің қоғам жақсы білетін болар дейтін ой туса керек-ті. Бірақ Жүсіп Хас Хажибті тануымыз кемшін тәрізді көрінеді маған. Қателестім бе, әлде?..

– Иә, қазірге дейін 20 шақты диссер­тация қорғалды. Бұрынғы кандидаттық, докторлық, одан кейінгі магистрлік, PhD диссертациялар бар. Қысқасы, Жүсіп Баласағұнидың еңбегін қолжазба нұсқасынан қарай алғаны, алмағаны бар, бас-аяғы 20 диссертация қорғалған. Мүмкін, менің сол мақаламнан кейін қорғалған еңбектер бар шығар, ол жағын да қарастыру керек. Қалай болғанда да, тіл, әдебиет, педагогика, философия сияқты бағыттарда қорғалған диссер­тацияларды көріп отырмыз. 

Шынында, біз осыншама диссер­тация қорғалған кезде бұл шығарманы жалпы көпшілік жақыннан тани алды деп ойлаймыз. Алайда қорғалған еңбектер кейде сол ғылыми айналымда, сол ортада ғана қалып қояды. Көпшілікке жетпей жатады. Көпшіліктің ғылыми әдебиетті көп оқи бермейтіні тағы бар. Сол себепті халыққа жетпей жатқан тұсы көп. Әрі қазірге дейін қорғалған 20 диссертацияны зерделей отырып бір байқағаным, Жүсіп Басалағұни еңбегінің бізге 3 қолжазбасы жеткен болса, сол қолжазбаға сүйенген, оларды оқи алған, танысқан ғалымдар да бар, Асқар Егеубаевтың, Әбжан Құрышжановтың, Берікбай Сағындықовтың аударма­ларына сүйене отырып жазылған еңбек­тер де бар. Бұл қалай болғанда да, «Құта­дғу білікті» жақыннан тануға, білуге септігін тигізеді. Дегенмен әлі де ғылым терең зерттеулерді қажет етеді.

– «Құтадғу білікті» біз бұқараны ізгі­лікке шақыратын еңбек ретінде таныдық. Солай танытты. Сіз билікке, мемлекет басқару ісіне қатысты шығарма ретінде атап, сол мазмұнға назар аудардыңыз. Неге? 

– Иә, біз «Құтадғу білікті» бұқараны ізгілікке, адамгершілікке, имандылыққа шақыратын насихатнама үлгісіндегі дидактикалық шығарма ретінде қабыл­дап, солай таныттық. Шын мәнінде, дидактика екені рас. Бірақ дидактиканың өзі іштей бөлінеді. Кімге қарата айтылды, соған байланысты болады. «Құтадғу білік» – жалпы бұқарадан гөрі сол кездегі билік басында болған ханға, мемлекет қызметкерлеріне арнап жазылған шығарма. Жай дидактика емес, саяси тақырыпты қозғаған дидактика. Ал біз жалпы дидактика, насихат ретінде қабылдадық. Алайда оның ішіндегі насихаттың мемлекет тізгінін ұстаған, мемлекеттік салада қызмет еткен әрбір азаматқа, елді аузына қаратып, басқара алатын тұлғаларға қарата айтылғанын көруге болады. Қазірге дейін шығарма бізде жай дидактика ретінде көбірек танылғандықтан, оның саяси насихат екенін ұмытып кеткенбіз. Әйтпесе, Еуропада, АҚШ-та бұл шығарманы сая­си дидактика жанрындағы шығармалар қатарына қосып, сол жанрда, сол бағытта зерттеген. Сондықтан мен зерттеуімде шығарманың саяси қырын барынша танытуға тырыстым. Сол мазмұнға көбі­рек назар аудардым. Өйткені шығарма­ның кейіпкері де, сюжеті де, оқиға желісі де, оқиғаның шиеленісі де бастан-аяқ сарайда, мемлекет басқарушы лауазымды тұлғалар­дың арасында өрбиді. Шығарма қарапайым халықтың ішіндегі оқиғаны суреттемейді. Керісінше, мемлекет басқаруға қатысты түрлі мәселе талқы­ланған еңбек. Сондық­тан шығарманың осы мазмұнына басым­дық бердім. 

Жалпы, әдебиетте көркем шығар­маны жанрына байланысты жіктеп жатады. Айталық, ағылшын әдебиетінде mirrors of princes деген жанр бар. Мен оны зерттеуім­де «Ханзадалар айнасы» деп қолдандым. Бұл термин қайдан шықты дегенге келсек, Никкола Макиавел­лидің италян тілінде Il Principe деген шығармасына сүйене оты­рып, ағылшын әдебиеттанушылары көр­кем әдебиетте mirrors of princes деген жанр­ды алға тартты. Түрік әдебиетінде «Сая­сатнама» деген жанр бар. Саяси, ел бас­қаруға қатысты тақырыптарды қаузай­тын шығармаларды солай атайды. Неге біздің әдебиетімізде саяси тақырыптарды көтеретін шығарма бар да, жанр жоқ? Себебі біздің әдебиеттану терминдері, тео­риясы Кеңес Үкіметі кезінде жасалды. Дұрысы қалыптас­тырылды. Сол кезде мұндай жанрдағы шығармалар орыс әде­бие­тінде болмаған­дықтан, біздің әдебиетте де болуы мүмкін емес дегендей автоматты түрде заңдылық қалыптасты. Алайда әлем әдебиетіне қарайтын болсақ, ондай жанр­дағы шығар­малар бар. Демек, біз әдебиет­тану мәсе­лелерін қарастырғанда, шығарма­лардың мазмұнын талдағанда осынау әлемдік тәжрибені ескеруіміз керек шығар. «Құта­дғу білік» деген сөздің өзін біз «Благо­датное знание» деген аудармаға сүйене отырып «Құтты білік», «құт әкелуші білім» деп алдық. Ал ағылшын тіліндегі аудар­масын қараңыз, онда Wisdom of royal glory дейді. Wisdom деген «даналық» болса, royal glory «қасиетті патшалық» деген мағына береді. Сонда «Қасиетті патшалық­тың даналығы» деген мазмұн шығады. Яғни, шығарма атауының өзін үлкен пат­шалық, қағанат, мемлекетпен байланыс­тырады. Осы жағы­нан қарастырсақ, күллі әлем әдебиеттану­шылары «Құтадғу білікті» mirrors of princes деген жанрға жатқызады. Түріктер саясатнама жанрына қосады. Сонда неге  оны сол жанрға қоспасқа?! Тіп­ті, біздің жыраулар поэзиясының өзінде хандарға ақыл-кеңес беретін шығарма көп. Негізі, бұлардың өзі осы жанрға кіретін шығар­малар. Егер біз әдебиетте «ханзада­лар айнасы», «саясат­нама» тәрізді жанр бар деп есептейтін болсақ, онда «мұндай әдебиетті кім тудырады?» деген сұрақ пай­да болады. Ал мұндай әдебиетті мемлекет құра білген, мемлекет басқару жүйесін жетілдірген халықтар ғана жасай алады. Олай болса, біз Қазақ хандығы, оның арғы жағындағы түркі дәуірінде үлкен им­периялар мен мемлекеттер құрғанымызды әдебиеттің өзінде мойындауымыз керек. Бәлкім, кеңес дәуірінде сапалы мемле­кеттік жүйе құрған жұрт екенімізді мойын­даудан қаш­қандықтан шығар, осындай жанрды біздің әдебиетке кіргізбеді деп ойлаймын. 

Әрине, өткен өтті, кеткен кетті. Қазір білім мен ғылым жаңарып жатыр. Әлемдік тенденциядан қалмауымыз керек. Біз әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі ретінде халықаралық деңгейдегі зерттеу­лермен танысып, ғылыми орталықтармен байланысуымыз қажет. Сондықтан дәл осы жанрды айналып өте алмаймыз. Оны қазақ әдебиетіне алып келуіміз керек. Осындай жанрдың бар екенін айтуға тиіспіз. «Құта­дғу білік» сол жанрға кіретінін көрсетуіміз керек. Шығарманың ел билеу, мемлекет бақсару ісіне қатысты екеніне басымдық беруімнің сыры осы.

– «Құтадғу білікті» қара сөзбен, әңгіме түрінде ұсындыңыз. Бұл жаңа форма ма? Неге өлеңмен жазылған жәдігерді әңгіме формасына айналдырдыңыз?

– «Құтадғу білікті» қара сөзбен ұсыну қажет болды. Себебі бұған дейін еңбектің ағылшын, түрік, өзбек тілдеріндегі ау­дарма­ларының ішінде қара сөз түрінде берілгендері бар. Оған зерттеу барысында көзім жетті. Демек, шығарманы қара сөз түрінде оқырманға ұсыну біз ойлап тапқан дүние, жаңалық емес. Тағы бір мысал, қазақтың дастандарын Ақселеу Сейдімбек қатарлы ағаларымыз әңгіме түрінде берді. Яғни, дастандарды, жырларды қара сөзбен беру бұрыннан бар үлгі. Соны пайдаландық. Тек бұрыннан келе жатқан жолды жаңғырт­тық. Жаңа форма деп айта алмаймыз.

– Енді еңбектің мазмұнына қатысты ой бөлісейікші. Шығарма өсиетке толы еңбек. Күнтуды, Айтолды, Өгдүлміш, Оғдұрмыш­тар­дың әрқайсысының бір сипаты бар. Әділдік, бақ-дәулет, ақыл-парасат, қанағат деп бөлінеді. Өзге қандай сипат бар?

– Дұрыс айтасыз, шығарманың ішкі мазмұнын талдап, айтар ойына үңілген пайдалы деп ойлаймын. Шығарманың 4 басты кейіпкері бар. Олар: Күнтуды, Айтолды, Өгдүлміш, Оғдұрмыш. Бірақ бұлардан бөлек қосалқы кейіпкерлер де бар. Мысалы, Көсеміш, Ерсу, Оғлан дегендей. Сол сияқты Оғдұрмыштың ізіне ерген мүриті бар дегендей қосымша 5-6 кейіпкер кездеседі. Оларды басты төрт тұлғаның қызметін, сипатын барынша айқын көрсете түсетін кейіпкерлер деуге болады. Әрқайсысын әділдік, бақ-дәулет, парасат, қанағат дегендей бөлетін тұстары кездеседі. Бірақ төртінші кейіпкер Оғдұр­мыштың «қанағат» сипатына қатысты біраз пікірталас бар. Өйткені үш қолжаз­баның біреуінде «қанағат» деп түсіндіреді ғой, алайда шығарманың ішіне кіргенде ол қанағаттан гөрі «заһид» болып көбірек көрінеді. Яғни, өзін Жаратқанның жолына арнаған, дүниеге бой алдырмаған адам. Мысал үшін айтайық, қанағат етуші деп қолында бір нәрсе бар, соған шүкір етіп, әрі қарай артық дүниеге ұмтылмайтын адамды айтады делік. Ал қолында ештеңе жоқ кезде қанағат ету нені білдіреді? Немесе ағайын-туыстан алыстап, құлшы­лық қылу үшін тауға кету, қоғамдық өмір­ден шектелу, үйленуден, ұрпақ сүюден, еліне қызмет етуден, елі мен жерін қорғаудан бас тарту қанағатқа жата ма? Оғдұрмыштың бейнесі қанағат сипатын білдіре ме, жоқ па дегенге қатысты ғалымдар арасындағы пікірталастың мәні осында жатыр. Ал Күнтудыны біз әділеттің бейнесі ретінде танимыз. Солай түсіндіреді. Алайда Күнтудының әділдіктен сәл де болса таятын кездері немесе Айтолды бақ-дәулет сияқты болғанмен басқа да сипатта көрінетін тұстары кездеседі. Өгдүрміш ақыл парасат болғанымен, оның да бір сәт ақылға мұқтаж кездері болады. Яғни, кейіп­керлер бір ғана сипатта көрінеді, бас­қа ерекшеліктері жоқ деген ұғым болмауы керек. Барлық кейіпкер символдық тұрғы­да алынған. Шамасы, Жүсіп Баласағұни бұл жерде «Мемлекетті тек әділдікпен бас­қарған дұрыс па? Әлде бақ-дәулет қон­ғанда мемлекет дамып, жақсара түсе ме? Немесе ақыл-парасатпен басқарамыз ба? Әлде мемлекеттік басқаруда қанағат, дүниені тәркі ету маңызды ма? Қайткен кезде мемлекет бақуатты, халық бақытты, қуанышты күн кешеді?» деген сауалдарға жауап іздейтін сияқты. Шығармадағы ең маңызды сауал осы деп ойлаймын. Әрі оған төрт түрлі идеяны ұсынып, сол арқылы жауап берген секілді. 

– Күнтуды өзін әділ заңмын деп атайды. «Биліктің негізі – әділдік» дейді. Қалай ойлайсыз, бұл ой Жүсіп Баласағұни еңбегінің өзегі емес пе? Билікке қатысты біз байқама­ған өзге қандай тәмсіл бар?

– Иә, Күнтуды өзін әділ заң ретінде таныстырады. Не үшін «әділ заңмын» дейді? Оның да себебі бар. Күнтудының өзін әділ заңмын деуі Айтолдының әңгімесінен кейін айтылады. Айтолды өзін мемлекеттің, елдің басына қонған бақ ретінде сипаттайды. Негізі, мұндай ой көп адамда кездеседі. Қазіргі күнмен де салыс­тыруға болады. Айталық, бір адам билікке, жоғары лауазымға, мансапқа, басшылық қызметке қол жеткізуі мүмкін. Әдетте мұн­дай адамдар бел шешіп жұмысқа кіріседі. Содан көп пендеде бәрін өзі істеп жатқан сияқты сезім пайда болады. Сөйтіп, «мен болмасам бұл жұмыс бітпес еді, істелмес еді» дегендей ой келеді. Айтолдыда да сондай сезім болды ма, қайдам, өзін елдің бақ-дәулеті санап «Мен болмасам...» деп бағалай бастайды. Әрі соны билеушіге сездіріп, ханға ашық айтады ғой. Өзін ханның басына қонған баққа теңейді. «Қадірімді білмесең, басыңа қонған бақтан қалай айырылғаныңды білмей қаласың» деген тұспалмен ханның өзін сынайды. Сол кезде Күнтудының тереңдігі байқала­ды. «Қай жерге дейін шабады екен, көре­йік» дегендей бастапқыда үндемей, еркін­дік береді. «Бақ-дәулет деген не?» деп Ай­тол­дыны сөйлетіп, ойын ашық айтқы­зады. Кейін Күнтуды Айтолдының өзін сынап, «сен бақ болсаң, мен әділдікпін, әділ заңмын» деп әділдік қырын көрсетеді. Сол кезде Айтолды аяқ тартады. Кейін әділдіктің алдына келгенде бақ-дәулеттің өзі қауқарсыз екенін меңзейді. Ал шығар­ма­ның өзінде бақ-дәулеттің сипаты санал­ған Айтолды қайтыс болады. Бірақ мем­лекет өмір сүре береді. Яғни, мемлекеттің бағы бір адамға байланбайтынын көрсетеді. Жүсіп Баласағұнидың айтқысы келгені де осы деп білемін. Яғни, әділдік болған жерде мемлекет гүлденеді дегенді меңзейді. Бір адамның бар немесе жоқ болуы мем­лекеттің гүлденуіне не күйреуіне әсер етпейді дегенді айтады. Кім болса да, әділдік бар жерде мемлекет сақталады дегенді Күнтуды дәлелдейді. Әрі қарай Күнтудының Өгдүлмішпен арадағы сұхбаты жалғасады. 

– Өгдүлміш мемлекеттің бақ-дәулеті екі нәрсеге байланысты екенін айтады. Бірі – сақтық, екіншісі – заң. Сақтықтың жөні бөлек. Ал заң ше? Хас Хажибтің еңбегіндегі заң үстемдігі шығыс ойшылдарының еңбектерінде жалғасын тапты ма? Айталық, Низам ул-Мүлктің «Сиасетнамесінде» дегендей.

– Дұрыс айтасыз, Күнтуды мен Өгдүл­міш­тің арасында өте керемет, терең сұх­бат­тар өтеді. Екеуі әр детальды жеке-жеке талдай отырып, мемлекет мәселесін тереңнен толғайды. Сол кезде Өгдүлміштің айтатын ойы ғой осы. Мемлекеттің бақ-дәулеті екі нәрсеге байланыс тұрады дейді. Біріншісі – сақтық, екіншісі – әділ заң. Мұны бектер туралы насихатында айтады. «Бек қырағы, сақ болса, елін қауіптен қорғайды, дұшпанының желкесін үзеді. Қандай да бір бек еліне әділ заң орнатса, елін түзу жолға түсіріп, күнін жарқыратады. Биліктің бағы осы екеуі арқылы жанады», – дейді Өгдүлміш.

Жүсіп Баласағұнии заң жайлы сөз еткенде «төрү» деген сөз қолданады. «Едгү төрү» дейді. Қазіргі игі, ізгі дейтін сөздеріміздің түп төркіні сол «едгү», ал «төрү» дегеніміз заң. Мұны «ізгі заң» деуге болады. Автор заңды шығарушылар не деді, заңның орындалуын қадағалаушылар не деді, бәрін айтады. Бір сөзбен айтқанда, заң шығарушы және оның орындалуын бақылаушы органдардың жұмыс істегенін байқаймыз. Мәтіндерден соны ұғамыз. Демек, сол дәуірдің өзінде мемлекет басқа­ру ісінің жетілгені білінеді. Насихатта «сен «едгу төрү» – ізгі заң жаса. Ізгі заң жасасаң, ертең сен өмірден өткен соң да артыңда жақсы атың, ізгілігің қалады. Ізгілікпен еске алынасың. Ал егер қатаң заң орнатсаң, оның зардабын халық көреді, сен өлген соң сені ешкім жақсы­лықпен еске алмайды. Зұлымдықпен қатар еске алады» дейді. Жүсіп айтқан керемет бір дүние бар. «Кез келген елді қылышпен жаулап алуға бола­ды, бірақ ешқашан қылышпен басқа­рыл­майды. Қылышпен жаулап алсаңыз да, қаламмен басқарыңыз» дейді. Әділ заңды орнататын қалам мен білім деген ой ай­тады, соларды бірінші орынға қояды. 

Кезінде бірқатар ориенталист ара­сында Баласағұнидың еңбегі араб, парсы не қы­тай тілінен көшіріліп, аударылған шығар дейтін ой айтқандар да болған. Ал іс жүзінде Жүсіп Баласағұнидың танымы түркінің төл мәдениеті, төл мұрасы. Өйт­кені түркі халықтарында кісінің хақысы аяқасты болмаған. Әділдікпен қарау бірінші орында тұрған. Адам түгілі жан-жануардың да хақын ескерген. Аңшылық өнерді қараңызшы. Бұрын аңшылар ысқырып, аңның үркіп, қашуына, қорға­нуына мүмкіндік берген. Қапы қалдыр­майтын. Жан-жануарларды азаптамау, табиғатты аялау дәстүрлері болды. Орман-тоғайды отамай, тек қажетін алатын. «Обал» дейтін бірауыз сөзбен көк шөп жұлмаудан бастап кісі хақысын жемеуге дейінгі мәселелерді үйретті ұрпаққа. Бізде адам мен табиғаттың әділетті қарым-қатынасы бар. Баласағұни шығармасы сол әділетті қарым-қатынастың адамдар ара­сындағы көрінісі ғой. Шығармада сол ай­тылады. Мұны басқа бір мәдениеттен енген дүние деуге келмейді. Түркінің өз дүниетанымы. 

Ал Низам ул-Мүліктің «Сиасетнамасы­мен» салыстырар болсақ, Жүсіп Баласағұни 1069-1070 жылдары өз еңбегін жазса, Низам ул-Мүлік 1090 жылдары жазған. Селжұқ мемлекетінің бас уәзірі Низам ул-Мүліктің «Сиасетнамесі» парсы тілінде жазылды. Бірақ Селжұқ мемлекетінің іргесін бекітуге, ел ішіндегі ынтымақ-бір­лікті нығайтуға, күшейтуге арнап жазылған еңбек. Ал Селжұқ мемлекеті түріктер елі. Алайда «Сиасетнаменің» жанры бөлек. «Құта­дғу білік» әрі насихат, әрі көркем шығарма. Мұнда автор насихат тікелей айтпайды, кейіпкерлер арқылы айтады. Ал «Сиасетнамаде» насихат тікелей айтылады. Дегенмен екеуі де мемлекетті күшейту жолдарын насихаттады. Бәлкім, ең басты ұқсастығы осы шығар.

– «Құтадғу білікті» әдебиетшілер, тіл мамандары, тарихшылар, ішінара пәлсапас­шылар зерделеді. Саясаттану тұрғысынан зерттеліп, жүйеленді ме?

– «Құтадғу білікті» осы күнге дейтін тіл мамандары, тарихшылар, философтар, әдебиеттанушылар, педагогтер зерттеп жүргенін білемін. «Шіркін-ай, мұны сая­сат­танушы ғалымдар зерттесе» деп іштей ар­ман­даймын. Түркияда осы еңбекті сая­сат­танушылардың зерттеп жүргенін көр­дім. Диссертация қорғап, монография жазғандарды емес, жекелеген ғылыми мақала жариялағандарды көрдім. Бірақ біздің елде байқалмады. «Құтадғу білік» – Қазақстанда да саясаттану тұрғысынан зерттеуді қажет ететін шығарма. Он ғасыр бұрын түркі халықтарында мемлекет бас­қа­­ру жүйесі, мемлекет құрылымы қалай бол­ды, лауазым қалай, кімге, не үшін берілді, тағайындалған адамның міндеттері қандай еді дегендей көп қырынан қарауға болады. Демократия, саясат, мемлекет басқару жүйесі жайлы айтылғанда Аристо­тель, Платон, Сократтар еңбектері, түркі дала­сынан тек әл-Фарабидің кейбір шы­ғар­ма­лары айтылады. Бірақ Жүсіп Бала­сағұнидың көзқарастары саясаттану тұрғы­сы­нан қарастырылмайды. Оның саяси көзқарастары, мемлекет бақсаруда ұсынған принциптері ескеріліп, зерделенуі керек деп ойлаймын. 

– Еңбектегі әр бағыттағы өсиет әр қырынан бағалануы керек сияқты. Айталық, Жүсіп Баласағұнидың әскербасылар жайлы жазғандарын Сунь Цзының «Соғыс өнері» дейтін еңбегімен салыстыра қарастырса қызық бола ма еді деген ой келеді...

– Қызық пікір екен. «Құтадғу біліктегі» әскербасы туралы жазған насихатын сіз айтқан Сунь Цзының «Соғыс өнері» дейтін еңбегіндегі ойлармен, орыстың «Игорь полкі туралы» жырымен, өзге еңбектермен де салыстыра зерттесе, шығарманың жаңа қыры ашылар ма еді кім білсін?! Өйткені «Құтадғу білікте» әскерді қалай басқарады, не істеу керек, қолбасшы қалай болуы ке­рек деген сияқты көп насихат бар. Соғысты бірден бастап кетпей, келіс­сөздер жүргізу, қарсы тарап келіссөзге көнбесе ғана соғысу керек екенін айта­ды, бірден соғысты ұсынбайды. Барлау жасаудың маңызын айтады. Жасақты қалай бөлу керегі жайлы кеңес береді. Алдымен садақшылар, одан соң найза­гер­лер мен айбалталы жауынгер­лер бо­луы керек дегендей. Әскербасы таңдау­лы, қырағы, сақ, ісіне ықтиятты, сал­қын­қанды, тәкаппарлықтан ада, сыпайы, жомарт жан болуы керек дейді. Жауынгердің алатын ақысы мен жейтін асы көп болсын дейді. Көп әскерден гөрі жақсы дайындалған аз әскер пайдалы дейтін ойы да бар. Майдан даласына кіргенде әр жауынгердің бір-біріне сүйеу болмағы маңызды деп санайды. Жау шабуылы үдесе, сабыр сақтауды, дұшпан қашса, ізіне түсуді, бірақ тым жырақтап қумауды өсиет етеді. Әскерді рухтандыр, тұтқынға түскен қаруластарды өтеуін берсең де босатып ал деген насихат айта­ды. Жараланғандарды дұрыс емдеу, шейіт кеткендерді жерлеу, олардың ар­тын­да қалған отбасыларын қамқор­лыққа алу тәрізді көп мәселе жүйелі сипат­талады. Қызығы, осы шығармада айтылған дүниелерді Махмұт Қашқари «Диуани лұғат ат-Түрікте» бекітіп оты­рады. Айталық, «Диуани лұғат ат-Түрік­те» «ай бітігі» деген сөз бар. Бұл – әскерге ай сайын берілетін айлық жазылатын дәптер. 

Ал «Құтадғу білікте» әскерге айлық берілер кезде айлық берушінің жекімей, қабағын түймей, кешіктірмей, кемітпей беруіне дейінгі мәселелер сипатталады. Әскерді риза қылуға көп көңіл бөлу жай­лы насихат айтады. Жүйелі мәселелер қамтылған. Өз басым мұны бабаларымыз он ғасыр бұрын әскер жасақтау ісіне де өте мұқият қарғанын білдіретін детальдар деп бағалаймын. Кәдімгі ғылым. Осыған қарап қазақтың әскер жасақтау ережесі кемі он ғасыр бұрын жасалған, армия тарихы да одан кем емес деп айтуға болатын шығар.

– Айтпақшы, қазақ оқығандары «Құ­та­дғу біліктен» біршама хабардар болғанға ұқсайды. Құрбанғали Халид «Тауарих хамсасында» бұл еңбекті атап өтеді. Осы­ған қарап еңбек ел ішінде көп тарады деуге келе ме? Әйгілі үш нұсқадан бөлек кө­шірмелер іздестірілді ме?

– Иә, Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса» деген еңбегінде «Құтадғу білік» жайлы айтылған, қысқаша мәлімет беріледі. Одан бөлек, Шәкәрім жайлы естелігінде баласы Ахат қажы әкесінің Абайдан «Құтадғу білікті» алып оқығаны жайлы дерек айтады. Бірақ бізде бұл шығарманың қандай да бір нұсқасы жоқ. Өзіңіз айтқан үш нұсқа бар. Біреуі Вена­да, біреуі Мысырда, біреуі Ташкентте сақталған. Шіркін, Абай оқыған нұсқа табылса, бәлкім «Семей нұсқасы», «Абай нұсқасы» деп атар ма едік?! Алайда қазірге дейін ондай нұсқа табылған емес. Бірақ шығарманың үзінділері әр жерде кездесіп қалады. Айталық, Алтын Орда дәуіріне қатысты археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде сыртына «Құтадғу біліктің» бірнеше бәйіті жазылған құмыра табылған. Одан бөлек, Анкарада, Түркияның мемле­кеттік архивінде сақталған қолжазбалар бар. Олар «Құтадғу біліктен», «Хибат ул-хақайықтан», Анадолыдағы басқа да озандардың өлеңдерінен жинақталған қолжазбалар. Жекелеген парақтар. Көшірілген еңбектер. Толыққанды кітап емес. Сондықтан қазірге дейін белгілі үш нұсқа ғана бар.

– Анадолы түріктері Жүніс Әмірені керемет насихаттады. Орталық Азияны мекен қылған бауырлас халықтар Бала­сағұни­ды дәл сондай ойшыл ретінде жа­һан­ға таныта алмай қалған жоқпыз ба осы?

– Біз Жүсіп Баласағұниды өз дең­гейінде таныстырып, насихаттай алмай отырмыз деп ойлаймын. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзер­байжан, яғни КСРО құрамында болған елдердің қай-қайсысы да Жүсіп Баласағұниды мемлекет басқару фило­софиясын жетілдіруші тұлға, ойшыл ретінде қадірін білсе, мемлекет басқару, өмір сүру философиясының тамаша концепциясын жасауға болар деп ойлаймын. Біз оны әлемге өз деңгейінде таныстыра алмай жатырмыз.

Әрине, тұлғаны таныту үшін зерттеу болуы керек. Зерттелген соң көпшілікке жақсы таныстыру қажет. Бірақ біз оны зерттеп біткен жоқпыз. Оны мемлекеттік идеология үшін қолдана алмай жатыр­мыз.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан 

Амангелді ҚҰРМЕТ