5 қарашада, сейсенбіде өтетін дода ел тарихындағы 60-шы Президент сайлауы болады. Оның нәтижесінде, Құрама Штаттардың 47-ші Президенті сайланады. 2022 жылғы 15 қарашада Американың 45-ші Президенті Дональд Трамп төл сайлау науқанын бастағанын жариялады. Араға аттай бес ай салып, 2023 жылғы 23 сәуірде іс басындағы Президент Джо Байден асықпай аяңдап, жарыс жолына жетті: Демократиялық партия атынан өз кандидатурасын ұсынатынын жариялады.
Тартыс осы қос кандидат арасында өткенде, Америка тарихында 1956 жылдан бергі тұңғыш replay (қайта ойнау) жүзеге асатын еді. Жазылмаған заңдылық бойынша АҚШ-та Президент сайлауында бір рет жеңілген үміткер содан кейін ешқашан кандидаттыққа ұсынылмайды. «Жығылған күреске тоймайды» қағидатын ұстанып, додаға қайта-қайта түсуге жол беріле бермейді. Бірақ бұл ереже жетпіс жылдай бұрын бір рет бұзылған. 1952 жылы Президент атанған Дуайт Эйзенхауэрге жол берген Демократиялық партияның кандидаты Эдлай Стивенсон 1956 жылғы 6 қарашада сайлауға қайта түсіп, тағы жеңіліп қалды.
Алайда бұл жолы Д.Трамп жеңетініне бек сенді: қарттықтан қалжыраған 81 жастағы Джо Байден биылғы 27 маусымда CNN өткізген дебатта ахуалының аса нашар екенін көрсетті. Ақыры партиясының қысымымен 2024 жылғы 21 шілдеде президенттік жарыстан шығатынын жария етті. Оның орнына Демократиялық партия іс басындағы вице-президент Камала Харристі ұсынды.
Айта кету керек, 5 қарашада Президент сайлауымен қоса, Парламенттік аламан – Сенат пен Өкілдер палатасының сайлауы, кейбір штатта – губернатордың және жергілікті заң шығарушы органдардың сайлауы өтпек. Американың жаңа сайланған лидерін ұлықтау салтанаты 2025 жылғы 20 қаңтарға жоспарланған.
Харрис ханым қарқын алды
Кандидаттық ротациядан кейін бір айға жуық уақыт өткенде алғаш рет, бейсенбі күні Президент Джо Байден мен вице-президент Камала Харрис халық алдына бірге шықты. Вашингтон түбіндегі Аппер-Мальборо қалашығындағы жиналыста Байден жұртшылықты кандидат Камаланы қолдауға қайта-қайта үндеді, Харрис болса, Байден атына көп мадақ-мақтау айтты, ал екеуі екі лагерьге жарылған Американы бірігуге, нақтырақ айтқанда Харрис ханымның айналасында топтасуға шақырды.
Бұл топтасуға түрткі жасау үшін Камала Харрис Президент болып сайланса, фармацевтикалық компаниялармен уағдаласып, дәрігерлер рецептілерде ең көп жазатын және ең қымбат 10 дәрі-дәрмек түрін арзандататынын мәлімдеді. Түсіндіре кетсек, АҚШ – дамыған елдер арасында өз азаматтарына әмбебап, жалпыны қамтитын медициналық сақтандыру жүйесін кепілдендірмейтін жалғыз мемлекет. Федералдық үкімет Medicare, Medicaid сияқты бағдарламалар аясында қарттар, осал топтар сияқты халықтың бірқатар санатын ғана бюджеттен сақтандырады. Қалған адамдардың медициналық қызметтерге қол жеткізуі жақсы жұмыс орнына, табысына, тіпті тұрғылықты мекені мен нәсіліне байланысты. Мұның сыртында дәрілік препараттар қымбат және негізінен тек рецептімен босатылады. Сондықтан Харристің 10 медикамент туралы уәдесі америкалықтар үшін тартымды әрі өзекті.
«Осы жылдары біздің бәріміз жеткен жетістікте Камаланың сүбелі үлесі бар, бұл – маған керемет серіктесімнің көмектесуінің арқасы. Ол тамаша Президент болады!» – деді Джо Байден. Жиналғандар биік мәртебелі қос қонаққа бірнеше рет орындарынан өре түрегеліп, қол соқты. Би-Би-Си талдауынша, үміткер Харристің осы іс-шарасы сайлау науқанындағы психологиялық күрт бетбұрысты байқатты: 2 мыңдай ғана адамды сыйдыратын алаңға көп адам кіре алмады, сырттағы кезекте жүздеген адам күтіп, кетпей тұрды.
Ақсақал Байденнің ақылға көніп, орынтаққа таскенедей жабыспай, жастарға жол беруі әсіресе Демократиялық партияның жақтаушыларын жігерлендірді, көңілдеріне үміт ұялатты, болашаққа сенім берді. Бұл –энтузиазм сауалнамаларға да әсер етіп жатыр: әлеуметтік зерттеулердің бірі Харристің рейтингі Трампен теңесіп қалғанын көрсетсе, енді бірі экс-президенттен оза бастағанын аңғартты.
Оның соңғысы – Cook Political Report жүргізген сауалнама Харристің Аризона, Мичиган, Пенсильвания, Висконсин, Солтүстік Каролина сияқты шешуші штаттарда Трампты біршама артта қалдыра бастағанын паш етті. Бұл штаттар Демократиялық партияны да, Республикалық партияны да қызу қолдамайды, сол себепті «күмәнданушы штаттар» аталады. Олардың қолдауын иелену – кез келген кандидаттың табысқа жетуінің бір кепілі. Cook Political Report зерттеуінен белгілі болғанындай, қандай үміткерді қолдайтынын нақты айқындамаған штаттарда Харрис орта есеппен 46-48%, Трамп 44-47% дауыс жинады. Респонденттердің 5%-ы ғана Американың 35-ші Президенті Джон Кеннедидің інісі, 70 жасар тәуелсіз кандидат Роберт Кеннедиге дауыс беруге дайын.
Пенсильвания мен Висконсинде Харрис, тіпті 5% басымдыққа ие болды. Аризонадағы артықшылығы – 4%. Невадада республикалық кандидаттың жеңетін түрі бар. Джорджияда үміткерлер тең түсті. Салыстырсақ, мамырда өткен ұқсас сауалнамада Трамп Висконсиннен басқа барлық «күмәнданушы штатта» Байденді басып озған еді.
Қазақстанға қай үміткер жағымды?
Бір қызығы, АҚШ-тағы президенттік сайлаудың нәтижесін Үндістан халқы іштен тына күтіп отыр. Тарихта тұңғыш рет не үнді әйелі – АҚШ Президенті болады немесе үнді әйелі Американың «екінші ледиі» атанады. Әңгіме Камала Харристің анасы жағынан үнділік (тамил) екенінде. Сондай-ақ Трамп өз вице-президенті ретінде таңдаған Джей Ди Вэнстің зайыбы Уша Вэнстің ата-анасы кезінде АҚШ-қа Үндістаннан қоныс аударған. Бұл ханымдар дүркін-дүркін Қытаймен әскери қақтығысқа түсетін Үндістанның Америкамен ынтымақтастығын нығайтуға үлес қосуы мүмкін.
Осы орайда бізді «Харрис немесе Трамп Президент болса, Американың біздің аймағымызбен, соның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасы қалай өзгереді?» деген сауал қызықтырады. Сарапшылардың пікірінше, билік басына Харрис келсе, ол Ресей мен Орталық Азияны араздастыруы мүмкін. Одан айырмашылығы сол авторитаризмге көзқарасы түзу Трамп демократияны күштеп тықпалауға тырыспайды.
– Жалпы, Америка Президенті болып, басты қос кандидаттың қайсысы сайланса да, Орталық Азия өңіріне, соның ішінде Қазақстанға қатысты АҚШ саясаты тұғырлы түрде өзгеріске түспейді деп күтілуде. Алайда бәрін өзгертіп жіберуі мүмкін бір маңызды жайт бар. Тұтастай алғанда, демократтар, әсіресе Камала Харрис «демократияны ілгерілетуге», бүкіл Орталық Азияда және Қазақстанда оппозициялық күштер мен үкіметтік емес ұйымдарды ынталандыруға екпін түсіреді. Мысалы, Грузия сияқты Қазақстан да «шетелдік ықпалдың айқындылығы туралы заңның» өзіндік нұсқасын қабылдауға ниеттенсе, Камала Харрис тұсындағы АҚШ Мемлекеттік департаменті бұған агрессивті қарсы тұратын болады, – деді бізге сұхбатында тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Марат Өтеубаев.
Оның бағалауынша, түрлі америкалық қорлар арқылы қаржыландырылатын «қоғамдық активизмді» қолдау мәселесінде Камала Харрис тіпті Джо Байденге қарағанда әлдеқайда радикал. Оған қоса, Харрис ханым гендерлік теңдікті белсенді ілгерілету үстінде. Демек АҚШ Президенті ретінде серіктес мемлекеттердің де гендерлік теңдікті, сонымен қатар ЛГБТ+ қоғамдастығының құқықтарын қорғауды талап етуі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.
«Консервативті Трамп бұл заманауи сюжеттерге әуреленбейді. Ол көбіне, ірі бизнестің мүдделерін қорғап, ілгерілетуге бағдарланған. Мысалы, Трамп тұсында АҚШ Қазақстанның мұнай-газ кешеніне де, сондай-ақ атом стансаларының отыны ретінде уран шикізатын өңдеуге де инвестициялар салуы мүмкін», – деді эксперт Марат Өтеубаев.
Харрис пен Трамп не ұсынады?
Сарапшылар Харристің Трамптан артықшылығы көп екенін еске салады. Біріншіден, Харрис жас – 59-да, Трамп кәрі – 78-ден асты. Екіншіден, қазір Америкада ақ нәсілділердің кеудесі басылып, өзге нәсілділердің үні жарқын естіле бастаған шақ. Бұл жағдайда Voice of America пайымдауынша, ақ нәсілді Трампқа қара нәсілді Харриспен тайталасу қиынға түседі. Кез келген ағат сөзін Америка расизмге телуі мүмкін. Содан ба, Дональд Трамп сайлауалды үгіт-насихатында: «Харрис Американы құртып тынады» деп жалпылай ұранмен тынып жүр.
Осыған байланысты Дональд Трамп пен Камала Харристің алдағы дебаты америкалық қоғамды ынтықтырып отыр. Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Fox News арнасының Харриспен пікірсайысты 4 қыркүйекте өткізу туралы ұсынысын қабыл алғанын хабарлады. Бұл жолы іс-шараға көрермен қатысады. Олар кандидаттардың сөзін қалт жібермей тыңдап, қызу реакция білдіріп отырмақ.
Үшіншіден, кімнің жеңіске жететіні кандидаттар штабтарының сайлауалды қорына қанша ақша жинай алғанына да байланысты. Axios хабарлауынша, бертінде ғана жарысқа қосылғанына қарамастан, Харристің командасы өткен шілде қорытындысында қарсыласынан екі есе көп қаржы жинады. Харристің штабына америкалықтардан және демеушілерден – 310 миллион, Трамптың штабына – шамамен 138 миллион доллар түскен. Сарапшылар республикалық кандидатқа 13 шілдеде жасалған қастандық жағдайды көп өзгерте алмағанына назар аудартты. Салдарынан, Трамп тіпті криптовалюталық индустрияға көмек сұрап жүгінді: бұған дейін ол биткоинді «алаяқтық» деп атап келген еді. Енді жеңсе, президенттігінің бірінші күні АҚШ Бағалы қағаздар және биржалар комиссиясының басшысын салаға қырын қарағаны үшін жұмысынан қууға уәде берді.
«Камалаға дауыс бер, демократияны құтқар!» ұранымен президенттік додаға қойып кеткен Харрис ханым Трампқа шабуылын күн сайын үдетіп, оны аяусыз сынап жатыр. Оның айтуынша, Дональд Американы демократиядан, еркіндік пен құқықтан айырып, кері кеткен өткен ғасырларға кері оралтпақ. Трампқа билік тисе, заңның үстемдігі адыра қалып, құқық атаулы аяққа тапталып, елде бүлік пен хаос, үрей мен жеккөрініш күш алады. Прокурор болған Харрис 2024 жылғы мамырда алқабилер соты іскерлік құжаттаманы фальсификациялағаны үшін айыпты деп таныған Трампты «қылмыскер, алаяқ» деп ашық атады.
Харристі қолдаған Джо Байден де Трампты «демократияға төнген қатер» деп атады. Өйткені Трамп Президент болған соң, «батпақты кептіру үшін бір күнге диктатура орнататынын» мәлімдеп жүр. Батпақ деп ол Вашингтонда отырған истеблишментті және бүкіл америкалық саяси элитаны атайды. Д.Трамп сондай-ақ абортты «кісі өлтіру» деп танып, оған тыйым салуды жақтайды. Харрис жасанды түсік жасатуды – әрбір әйелдің өз еркі және құқығы, билік оған араласпауы тиіс деп санайды, Трамптың «экстремистік тыйымдарын» тоқтатуға сөз берді.
Алдағы дебатта көші-қон мәселесі де негізгі тақырыпқа айналмақ: Д.Трамп вице-президент Харристің миграциялық дағдарысты еңсере алмағанын бетіне басты. Ата-бабасы мигрант болғандықтан К.Харрис Американы «қоныс аударушылар елі» санайды, ол Президент бола сала, заңсыз мигранттар қамап ұсталатын орталықтарды тегіс жабатынын жариялады. Трамп болса, керісінше, Президент ретінде мигранттар үшін шекараларды тарс жауып, негізінен мұсылман елінен азаматтардың Америкаға келуіне тегеурінді тосқауыл құрмақ.
Айхан ШӘРІП