Текетірес

Америка Құрама Штаттарын кімнің басқаратыны бүкіл әлемдегі геосаясатқа, халықаралық жағдайға ықпал етеді, тіпті дүниежүзінде үлкен бетбұрыстар басталуы мүмкін. Сондықтан халықаралық қоғамдастық 2024 жылғы 5 қарашада Америкада өтетін президент сайлауының «боладысы мен болғанын» қызыға тамашалап отыр. Бұл ретте сарапшыларды мазалаған басты екі сұрақ: Дональд Трамп қайта оралса не болады? Бұл елдің тізгінін тұңғыш рет әйел заты қолына алса, не өзгеріс әкелмек?

5 қарашада, сейсенбіде өтетін дода ел тарихындағы 60-шы Президент сайлауы болады. Оның нәтижесінде, Құрама Штат­­тардың 47-ші Президенті сайланады. 2022 жыл­ғы 15 қарашада Американың 45-ші Президенті Дональд Трамп төл сайлау нау­қанын бастағанын жариялады. Араға аттай бес ай салып, 2023 жылғы 23 сәуірде іс басын­дағы Президент Джо Байден асықпай аяңдап, жарыс жолына жетті: Демократиялық партия атынан өз кандидатурасын ұсына­тынын жа­риялады. 

Тартыс осы қос кандидат арасында өт­кенде, Америка тарихында 1956 жылдан бергі тұңғыш replay (қайта ойнау) жүзеге асатын еді. Жазылмаған заңдылық бойынша АҚШ-та Президент сайлауында бір рет жеңіл­ген үміт­­кер содан кейін ешқашан кандидат­тыққа ұсынылмайды. «Жығылған күреске тоймай­ды» қағидатын ұстанып, додаға қайта-қайта түсуге жол беріле бермейді. Бірақ бұл ереже жетпіс жылдай бұрын бір рет бұзылған. 1952 жылы Президент атанған Дуайт Эйзен­хауэрге жол берген Демократиялық партия­ның кандидаты Эдлай Стивенсон 1956 жыл­ғы 6 қарашада сайлауға қайта түсіп, тағы жеңіліп қалды. 

Алайда бұл жолы Д.Трамп жеңетініне бек сенді: қарттықтан қалжыраған 81 жастағы Джо Байден биылғы 27 маусымда CNN өткізген дебатта ахуалы­­ның аса нашар екенін көрсетті. Ақыры пар­тия­­­­сының қысымымен 2024 жылғы 21 шіл­деде президенттік жа­рыс­тан шығаты­нын жария етті. Оның ор­нына Демократия­лық партия іс басындағы вице-президент Камала Харристі ұсынды. 

Айта кету керек, 5 қарашада Президент сайлауымен қоса, Парламенттік аламан – Сенат пен Өкілдер палатасының сайлауы, кейбір штатта – губернатордың және жергі­­­­лікті заң шығарушы органдардың сайлауы өтпек. Американың жаңа сайланған лидерін ұлықтау салтанаты 2025 жылғы 20 қаңтарға жоспарланған.

Харрис ханым қарқын алды

Кандидаттық ротациядан кейін бір айға жуық уақыт өткенде алғаш рет, бейсенбі күні Президент Джо Байден мен вице-президент Камала Харрис халық алдына бірге шықты. Вашингтон түбіндегі Аппер-Мальборо қала­шығындағы жиналыста Байден жұртшы­лықты кандидат Камаланы қолдауға қайта-қайта үндеді, Харрис болса, Байден атына көп мадақ-мақтау айтты, ал екеуі екі лагерьге жарылған Американы бірігуге, нақтырақ айтқанда Харрис ханымның айналасында топтасуға шақырды. 

Бұл топтасуға түрткі жасау үшін Камала Харрис Президент болып сайланса, фарма­­цев­­тикалық компаниялармен уағдаласып, дәрігерлер рецептілерде ең көп жазатын және ең қымбат 10 дәрі-дәрмек түрін ар­зандата­тынын мәлімдеді. Түсіндіре кетсек, АҚШ – дамыған елдер арасында өз аза­маттарына әм­бебап, жалпыны қамтитын ме­дициналық сақтандыру жүйесін кепіл­дендірмейтін жалғыз мемлекет. Федералдық үкімет Medicare, Medicaid сияқты бағдар­ламалар аясында қарттар, осал топтар сияқ­ты халықтың бірқа­­тар санатын ғана бюджет­тен сақтан­дырады. Қалған адамдардың медициналық қызмет­­терге қол жеткізуі жақ­сы жұмыс орнына, табысына, тіпті тұр­ғы­­­­­лықты мекені мен нә­сіліне бай­ланысты. Мұның сыртында дәрілік препараттар қымбат және негізінен тек рецептімен босатылады. Сондықтан Хар­­ристің 10 медикамент туралы уәдесі амери­калықтар үшін тартымды әрі өзекті. 

«Осы жылдары біздің бәріміз жеткен жетістікте Камаланың сүбелі үлесі бар, бұл – маған керемет серіктесімнің көмектесуінің арқасы. Ол тамаша Президент болады!» – деді Джо Байден. Жиналғандар биік мәрте­белі қос қонаққа бірнеше рет орында­рынан өре түрегеліп, қол соқты. Би-Би-Си тал­дауын­ша, үміткер Харристің осы іс-шарасы сайлау науқанындағы психологиялық күрт бетбұрысты байқатты: 2 мыңдай ғана адамды сыйдыратын алаңға көп адам кіре алмады, сырттағы кезекте жүздеген адам күтіп, кетпей тұрды. 

Ақсақал Байденнің ақылға көніп, орын­таққа таскенедей жабыспай, жастарға жол беруі әсіресе Демократиялық партияның жақ­таушыларын жігерлендірді, көңілдеріне үміт ұялатты, болашаққа сенім берді. Бұл –энтузиазм сауалнамаларға да әсер етіп жатыр: әлеуметтік зерттеулердің бірі Харристің рейтингі Трампен теңесіп қалғанын көрсетсе, енді бірі экс-президенттен оза бастағанын аңғартты. 

Оның соңғысы – Cook Political Report жүргізген сауалнама Харристің Аризона, Мичи­ган, Пенсильвания, Висконсин, Сол­­түстік Каролина сияқты шешуші штаттарда Трампты біршама артта қалдыра бастағанын паш етті. Бұл штаттар Демократиялық пар­тияны да, Республикалық партияны да қызу қолдамайды, сол себепті «күмәнданушы штат­­тар» аталады. Олардың қолдауын ие­лену – кез келген кандидаттың табысқа же­туінің бір кепілі. Cook Political Report зерт­теуінен белгілі болғанындай, қандай үміт­­­керді қолдайтынын нақты айқындамаған штаттарда Харрис орта есеппен 46-48%, Трамп 44-47% дауыс жинады. Респон­­денттердің 5%-ы ғана Американың 35-ші Президенті Джон Кеннедидің інісі, 70 жасар тәуелсіз кандидат Роберт Кеннедиге дауыс беруге дайын.

Пенсильвания мен Висконсинде Харрис, тіпті 5% басымдыққа ие болды. Аризонадағы артықшылығы – 4%. Невадада республи­­ка­лық кандидаттың жеңетін түрі бар. Джорд­жия­да үміткерлер тең түсті. Салыстырсақ, мамырда өткен ұқсас сауалнамада Трамп Висконсиннен басқа барлық «күмәнданушы штатта» Байденді басып озған еді.

 Қазақстанға қай үміткер жағымды?

Бір қызығы, АҚШ-тағы президенттік сайлаудың нәтижесін Үндістан халқы іштен тына күтіп отыр. Тарихта тұңғыш рет не үнді әйелі – АҚШ Президенті болады немесе үнді әйелі Американың «екінші ледиі» атанады. Әңгіме Камала Харристің анасы жағынан үнділік (тамил) екенінде. Сондай-ақ Трамп өз вице-президенті ретін­де таңдаған Джей Ди Вэнстің зайыбы Уша Вэнстің ата-анасы кезінде АҚШ-қа Үн­­­діс­таннан қоныс аудар­­­ған. Бұл ханымдар дүр­кін-дүркін Қытаймен әскери қақты­ғысқа түсетін Үндістанның Америкамен ынты­­­­мақтастығын нығайтуға үлес қосуы мүмкін.

Осы орайда бізді «Харрис немесе Трамп Президент болса, Американың біздің айма­ғымызбен, соның ішінде Қазақстанмен қа­рым-қатынасы қалай өзгереді?» деген сауал қызықтырады. Сарапшылардың пі­кірінше, билік басына Харрис келсе, ол Ресей мен Орталық Азияны араздастыруы мүмкін. Одан айырмашылығы сол авто­­ритаризмге көзқара­сы түзу Трамп демо­кра­­­тияны күштеп тық­палауға тырыспайды.

– Жалпы, Америка Президенті болып, басты қос кандидаттың қайсысы сайланса да, Орталық Азия өңіріне, соның ішінде Қазақ­станға қатысты АҚШ саясаты тұ­ғырлы түрде өзгеріске түспейді деп күтілуде. Алайда бәрін өзгертіп жіберуі мүмкін бір маңызды жайт бар. Тұтастай алғанда, де­мократтар, әсіресе Камала Харрис «демо­кратияны ілгерілетуге», бүкіл Орталық Азияда және Қазақстанда оппозициялық күштер мен үкіметтік емес ұйымдарды ын­та­ландыруға екпін түсіреді. Мысалы, Гру­зия сияқты Қазақстан да «шетел­­­­дік ықпал­дың айқындылығы туралы заңның» өзіндік нұсқасын қабылдауға ниеттенсе, Камала Харрис тұсындағы АҚШ Мемле­кеттік де­­партаменті бұған агрессивті қарсы тұратын болады, – деді бізге сұхба­тында тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Марат Өтеубаев.

Оның бағалауынша, түрлі америкалық қорлар арқылы қаржыландырылатын «қо­ғам­­­дық активизмді» қолдау мәселесінде Ка­мала Харрис тіпті Джо Байденге қара­ғанда әлдеқайда радикал. Оған қоса, Хар­рис ханым гендерлік теңдікті белсенді ілгерілету үстінде. Демек АҚШ Президенті ретінде серіктес мем­­лекеттердің де ген­дерлік тең­дікті, соны­мен қатар ЛГБТ+ қ­о­ғам­­­­­­­дасты­ғының құқық­­тарын қорғауды талап етуі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. 

«Консервативті Трамп бұл заманауи сюжеттерге әуреленбейді. Ол көбіне, ірі биз­­нестің мүдделерін қорғап, ілгері­­­­летуге бағ­­дар­ланған. Мысалы, Трамп тұ­сында АҚШ Қазақ­станның мұнай-газ ке­шеніне де, сон­дай-ақ атом станса­ла­­­ры­ның отыны ретінде уран шикізатын өңдеуге де ин­вестициялар салуы мүмкін», – деді эксперт Марат Өтеу­баев.

Харрис пен Трамп не ұсынады?

Сарапшылар Харристің Трамптан ар­тықшылығы көп екенін еске салады. Бірін­шід­ен, Харрис жас – 59-да, Трамп кәрі – 78-ден асты. Екіншіден, қазір Америкада ақ нәсілділердің кеудесі басылып, өзге нәсіл­­ді­лердің үні жарқын естіле бастаған шақ. Бұл жағдайда Voice of America пайым­дауын­ша, ақ нәсілді Трампқа қара нәсілді Хар­риспен тайталасу қиынға түседі. Кез келген ағат сө­зін Америка расизмге телуі мүм­кін. Содан ба, Дональд Трамп сай­лауалды үгіт-насихатында: «Харрис Аме­ри­каны құртып тынады» деп жалпылай ұран­мен тынып жүр.

Осыған байланысты Дональд Трамп пен Камала Харристің алдағы дебаты амери­калық қоғамды ынтықтырып отыр. Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Fox News арна­­­­сының Харриспен пікірсайысты 4 қыр­күйекте өткізу туралы ұсынысын қа­был ал­ғанын хабарлады. Бұл жолы іс-шараға көрер­мен қатысады. Олар канди­даттардың сөзін қалт жібермей тыңдап, қызу реакция білдіріп отырмақ. 

Үшіншіден, кімнің жеңіске жететіні кан­дидаттар штабтарының сайлауалды қо­рына қанша ақша жинай алғанына да бай­ланысты. Axios хабарлауынша, бертінде ғана жарысқа қосылғанына қарамастан, Хар­ристің коман­­­дасы өткен шілде қоры­­тын­­­дысында қарсы­ласынан екі есе көп қар­­­­­­­­­­­жы жинады. Харрис­тің штабына амери­­ка­­лықтардан және де­­­­меу­­­­шілерден – 310 мил­­­­лион, Трамптың штабы­­на – шама­мен 138 миллион доллар түскен. Са­рап­­­­­­шылар республикалық канди­датқа 13 шілдеде жа­­­­салған қастандық жағ­дай­ды көп өзгерте алмағанына назар ау­дарт­ты. Салдарынан, Трамп тіпті крип­­­­­то­­валюталық индустрияға көмек сұрап жүгінді: бұған де­йін ол бит­коинді «алаяқтық» деп атап кел­ген еді. Енді жеңсе, прези­денттігінің бі­рін­ші күні АҚШ Бағалы қа­ғаздар және бир­жалар ко­миссия­­сының бас­шысын салаға қы­рын қа­рағаны үшін жұмысынан қууға уәде берді. 

«Камалаға дауыс бер, демократияны құтқар!» ұранымен президенттік додаға қо­йып кеткен Харрис ханым Трампқа шабуы­лын күн сайын үдетіп, оны аяусыз сынап жатыр. Оның айтуынша, Дональд Амери­каны демокра­­тиядан, еркіндік пен құқықтан айы­рып, кері кеткен өткен ғасырларға кері оралт­пақ. Тра­мпқа билік тисе, заңның үстемдігі адыра қа­лып, құқық атаулы аяққа тапталып, елде бүлік пен хаос, үрей мен жек­көрініш күш алады. Прокурор болған Харрис 2024 жылғы мамырда алқабилер соты іскерлік құжатта­маны фальси­фик­ация­лағаны үшін айыпты деп таныған Трампты «қылмыскер, алаяқ» деп ашық атады.

Харристі қолдаған Джо Байден де Трамп­ты «демократияға төнген қатер» деп атады. Өйткені Трамп Президент болған соң, «бат­пақты кептіру үшін бір күнге диктатура орна­татынын» мәлімдеп жүр. Батпақ деп ол Ва­шингтонда отырған истеблишментті және бү­кіл америкалық саяси элитаны атайды. Д.Трамп сондай-ақ абортты «кісі өлтіру» деп танып, оған тыйым салуды жақтайды. Харрис жасанды түсік жасатуды – әрбір әйелдің өз еркі және құқығы, билік оған араласпауы тиіс деп санайды, Трамптың «экстремистік тыйымдарын» тоқтатуға сөз берді. 

Алдағы дебатта көші-қон мәселесі де не­­­­­гізгі тақырыпқа айналмақ: Д.Трамп вице-президент Харристің миграциялық дағда­рыс­ты еңсере алмағанын бетіне басты. Ата-­баба­сы мигрант болғандықтан К.Харрис Амери­­­­­­­каны «қоныс аударушылар елі» санай­ды, ол Президент бола сала, заңсыз миг­рант­тар қамап ұсталатын орталықтарды тегіс жа­ба­тынын жариялады. Трамп болса, кері­сінше, Президент ретінде мигранттар үшін шекараларды тарс жауып, негізінен мұ­сыл­ман елінен азаматтардың Америкаға келуіне тегеурінді тосқауыл құрмақ.

Айхан ШӘРІП