Бір жағынан бұл шетелдік туристерге тәуелділікті азайтудың құралы болса, біздің жағдайымызда салаға жан бітірудің бір амалы. Әсіресе, шалғайда орналасқан шағын қалалар мен ауылдарды дамытуға жол ашар еді. Қазір секторды дамытуға көп күш жұмсалғанымен, сарапшы мамандар отандастарымыздың ішкі туризмге қарағанда шет мемлекеттерге сапарлауды құп көретінін айтады.
Finprom сараптама орталығы Туризм және спорт министрлігі (МТС) Қазақстанға шетелдік туристерді тартуға күш салып жатқанда, ішкі туризм нарығында қарқын бәсеңдегенін алға тартуда. Өйткені былтыр азаматтар еліміздің көптеген туристік аймағында демалудан гөрі шетелге жиі барған. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында шетелге шыққан туристер саны 10,5 миллион адамды құрады, бұл ішкі туризм көрсеткішінен (9,6 миллион адам) шамамен 1 миллионға артық. Аталмыш көрсеткіштердің динамикасы да әртүрлі. Атап айтқанда, былтыр шетелге шыққан қазақстандықтар саны 37,2%-ға артса, ішкі туризм көрсеткіші 11,2%-ға өсті.
Ішкі туризмнің әлеуеті жоғары
Айта кету керек, бюро ұсынған мәліметтер ішкі туризм бойынша Қазақстан ішінде әртүрлі мақсатта – туристік, жеке немесе іскерлік мақсаттарда сапарлаған қазақстандықтардың санын көрсетеді.
«Туристік, яғни қонақүйлерде және басқа да орналастыру орындарында тоқтағандардың негізгі бөлігі – 7,1 миллион адам. Ал тікелей демалу және сауықтыру мақсатында курорттық аймақтарға барған қазақстандықтар саны бар болғаны 412,6 мың адамды құрады. Турист ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға 2,1 миллион адам барды», – дейді агенттік сарапшылары.
Әзірге еліміздегі ең танымал туристік бағыттардың бірі алматылық тау-кен кластері болып отыр. Мамандар бұл бір жағынан, тау шаңғысы курорттарының инфрақұрылымын дамыту және олардың мегаполиске жақын орналасуы шетелдік және жергілікті туристердің назарын аударуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, Алматының өзге аймақтармен салыстырғанда әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Мәдени астананың туризм бойынша Қазақстанның басқа аймақтарынан бұлайша оқ бойы озық шығуы өзге аймақтардың артта келе жатқанын айқын көрсетеді. Мысалы, 2023 жылы 8,1 миллион туристің әрбір төртіншісінің (немесе 2 миллион адам) таңдауы Алматыға түскен. Сонымен қатар қонақүйлер, турбазалар, санаторийлерде көрсетілген қызметтердің жалпы көлемінің үштен бірі, яғни 74,1 миллиард теңге де дәл осы қалаға тиесілі.
Жыл басында өткен Туризм және спорт министрлігінің пленарлық отырысында kazakh Tourism АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов Алматы, Астана, Атырау қалалары туристерді қабылдау бойынша алда келе жатқанын айтқан еді. Сондай-ақ ол ел аумағы бойынша туристердің біркелкі таралмауы байқалатынын атап өткен. «Бұл кейбір аймақтардағы кәсіпорындардың банкроттыққа ұшырау қаупін, сондай-ақ Алматы қаласындағы секілді баға мен адам санының күрт өсіп кетуіне септігін тигізеді. Мұны теңестіру үшін аймақтарда белсендіру бағдарламаларын іске қосу қажет. Түркістанда жүзеге асырып жатқан жобаларды мысалға алуға болады», – деді ол.
Дегенмен Finprom сарапшылары 2023 жылғы іс-шараларды жүзеге асыру туралы министрлік есебіне сүйене отырып, ведомствоның ішкі туризмге қарағанда сырттан туристер тартуға басымдық беретінін байқаған. «Бұл бағыт қаржыландыру ағындарын да, шетелдік туристер үшін ең қызықты аумақтардың дамуын анықтайды. Мысалы, 2023 жылы шетелдік туристерді тарту үшін субсидия ретінде бюджеттен 122 миллион теңге бөлінген — бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 20 есе көп. Іс-шаралар тізімінде ауқымды форумдар, шетелдік медиадағы маркетингтік акциялар, шетелдік турбизнес өкілдеріне арналған инфотурлар, шетелдік блогерлерді тарту негізіндегі жарнамалық кампаниялар бар. Қазақстандық туристік брендті шетелде ілгерілету бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде», – дейді сарапшылар.
Нәтижесінде, ішкі туризм сырттан келуші туристердің көлеңкесінде қалып отырғандай күйде. Мысалы, осы бағытта жұмсалып жатқан қаражат көлеміне назар салсақ, былтыр спорт және туристік қызмет саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыруға 1,6 миллиард теңге бөлінген. Агенттік ұсынған мәліметтерге сенсек, оның 92%-ы ағымдағы әкімшілік шығындарға жұмсалған. Сонымен қатар туризмді дамытуды ынталандыруға арналған 238,1 миллион теңге қазына қаражатының негізгі бөлігі балалардың ел ішінде ұшуын субсидиялайтын Kids Go Free бағдарламасына жұмсалады.
«Жалпы алғанда, ішкі туризмнің дамуы үлкен оптимизм туғызбайды. Республикалық бюджет есебінен туризмде жұмыс істейтін кәсіпорындарға қаржылық қолдаудың бірнеше бағыты ғана бар. Мысалы, былтыр туристік автобустар (50 миллион теңге) және тау шаңғысы жабдықтарын (2,8 миллион теңге) сатып алу бойынша шығындарды өтеуге қаражат бөлінген. Әкімдіктер тарапынан кәсіпкерлердің туристік (168 миллион теңге) және жол бойындағы сервис нысандарын (355 миллион теңге) салуға жұмсаған шығындарын өтеуге қаражат бөлінген. Бірақ ішкі туризмді дамытуға бағытталған ірі маркетингтік іс-шаралар туралы есепте айтылмаған. Отандық компанияларға өзге аймақ тұрғындарының арасында өз қызметтерін ілгерілету үшін мемлекеттік нақты қолдау жетіспейді. Бұл ішкі нарықтың әлеуетін жоғалтумен тең», – делінген хабарламада.
Саланы дамытуға барынша назар аударылып жатқанын ондағы инвестиция көрсеткіштерінен де байқауға болады. Мысалы, министрлік мәліметтеріне сүйенсек, былтыр туризмнің барлық саласына негізгі капиталға салынған инвестициялар 787 миллиард теңгені құраған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 53%-ға артық.
Туроператорлардың табысы артты
Статистикаға сүйенсек, осы жылдың қаңтар-наурыз айларында қазақстандық компаниялардың туризм саласындағы табысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 есе өскенін хабарлады. Сәйкесінше, сектордағы компаниялардың табысы 160,3 млрд теңгеден асып, 2022 жылдың басынан бергі ең жоғары тоқсандық көрсеткішке жетті. Оның ішінде отандық туроператорлар 143,4 млрд теңге табыс тауып, олардың табысы 7,6 есеге өсті. Агенттік сарапшылары мұны пандемиядан кейінгі нарықтың қайта қалпына келу үрдісі деп бағалап отыр.
«Туроператорлар мен туристік агенттіктердің кірісінің өсуі жанама түрде пандемия кезінде қатты зардап шеккен туристік қызметтер нарығының қалпына келуін көрсетеді. Былтыр Қазақстанға 9,2 млн шетелдік турист келген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп. Сондай-ақ соңғы бес жылдағы ең жоғары деңгей. Ал шетелге шыққан қазақстандықтардың саны 10,5 млн, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 37%-ға артық», – деп атап өтті сарапшылар.
Былтыр ел азаматтары турагенттіктер мен туроператорлардың қызметтеріне көбірек жүгінген еді. Өз шығындарын едәуір арттырды. Үй шаруашылықтары арасында жүргізілген сауалнамалардың нәтижелері бойынша 2023 жылы осы бап бойынша жұмсалған шығындардың жалпы сомасы 595,7 млрд теңгені құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 43,7%-ға артық. «Дегенмен бұған турфирмалардың қызметтеріне тек ішкі турлар үшін ғана емес, шетелдік турлар бойынша да ақы төлеу шығындары кірді», – делінген хабарламада.
Аймақтар алда келеді
Қазақстан Саяхат пен туризмді дамыту туралы Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum) индексіне сәйкес туристік бағыттар тізімінде 119-дан 52-орынды иеленді. Спорт және туризм министрлігінің хабарлауынша, рейтингтегі бағалық бәсекеге қабілеттілік критерийі бойынша еліміз екінші орынға иек тіреген.
Екі жыл ішінде әлемдік туризм рейтингінде республика 14 позицияға көтерілген. Бұған дейін 2021 жылы рейтингте Қазақстан 117 елдің ішінде 66-орынға жайғасқан еді. Қазір Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері (56), Өзбекстан (78), Қырғызстан (102) арасында ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр.
Ведомство еліміз туризмнің әлеуметтік-экономикалық әсері (5), денсаулық сақтау және гигиена (23), табиғи (30) және мәдени ресурстар (48), сондай-ақ адами капитал мен еңбек нарығы (43) және туристік инфрақұрылым мен сервис (47) санаттарында ең жоғары баға алғанын алға тартады.
Дүниежүзілік экономикалық форум сайтының деректеріне сүйенсек, Қазақстанға 4,5 млн шетелдік турист келген. Туризмнен түсетін түсімдер 1,5 млрд АҚШ долларын құрады. Осыған дейін Туризм министрлігі былтыр еліміз миллионнан астам шетелдіктерді қабылдағанын және 2022 жылмен салыстырғанда 17%-ға артық екенін хабарлаған болатын. Мысалы, 2022 жылы елге 928 мың шетелдік келді. Туристердің басым бөлігі Алматы мен қала маңындағы туристік нысандарға саяхаттауды құп көреді. Сәйкесінше, былтыр қалаға екі миллионнан астам турист келген, ал оның ішінде 540 мың турист шетелдік.
Мәселен, 2023 жылы Қазақстанға Ресей, Қытай, Түркия, Үндістан және АҚШ саяхатшылары жиі келетін. Ал қазақстандық қонақүйлер рекордтық ақша тапты – 229 млрд теңге. 2022 жылмен салыстырғанда кірістердің өсуі 12,4%-ды құрады. Биыл Қазақстан БАӘ туристері үшін қасиетті Рамазан айында және Ораза айт мерекесінде ең танымал бағытқа айналды. 2023 жылы визасыз режим енгізілгеннен кейін қытайлық туристердің Қазақстанға сапарының саны 115%-ға өсті. Мұнда турпакеттердің қолжетімділігі мен қысқы ойын-сауықтың тартымдылығы да маңызды рөл атқарды.
Кәмила ЕРКІН