Түрік елінің астық басқармасы ішкі нарықтағы бағалардың тұрақтылығын сақтауға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын орташа есеппен біздің елден 10 миллион тонна дәнді дақыл, оның ішінде бидай түрлерін сатып алатын болды. Мұны қазақ бидайының әлем елдеріне таралуы деп ұққан абзал. Ол үшін Астанада астықты терең өңдеу жобасын жүзеге асыру ісін туысқан түрік мемлекеті өз қолына алмақ.
Негізі, 10 млн тонна деген аз дүние емес. Мысалы, соңғы үш жылда еліміз барлығы 16,3 млн тонна астықты сырт елдерге сатқан екен. Айталық, 2020 жылы – 4,7 млн, 2021 жылы – 5,5 млн тонна және 2022 жылы 6,1 млн тонна бидай экспорттаған. Ал ендігі жерде үш жылдық бидайды бір жарым жылда түгел сату керек. Мұндай көлемді шаруаға шынымен дайынбыз ба?
Бұл сауалға жауапты Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
«Өнімді жинап алу бар да, оны сақтау деген мүлде басқа шаруа. Біздің елде 30 млн тонна астық сақтайтын қойма бар. Оның 13,5 млн тоннасы элеваторлардың үлесінде. Мұндай элеваторлардың ұзын саны – 191. Барлығы мемлекеттің бақылауында лицензиялары бар кешендер. Ал қалған 16,5 млн тонна астық жеке шаруалардың базасындағы қоймалар. Біздегі сол элеваторлардың алтауы 70 пайыз астыққа толып тұр. Бұл дегеніміз 2 млн 40 мың тоннаны құрайды. Ендігі міндет – сол сақтаулы тұрған астықты экспортқа шығару. Осы мақсатта ҚТЖ – мен келіссөздер жүргізілуде», – дейді министр.
Биылғы өнім тәп-тәуір
Биыл еліміздің егіс алқаптарының 23,8 млн гектарына шамамен 2,4 млн тонна тұқым себілген. Ал күзгі жиын-терім кезінде қанша астық орылатынын әлі ешкім дөп басып айтып отырған жоқ. Бірақ астықтың шығымы жылдағыға қарағанда 1-1,5 есеге көп. 2023 жылы шаруалар барлығы 16,4 млн тонна астықты жинап, қамбаға бастырған болатын. Демек, биылғы астық 20 млн тоннадан асады деген сөз.
Ал «Интерфакс-Қазақстан» ақпарат агенттігі Қазақстан осы 2024 жылы егін жинау көлемі 13-14 млн тонна деңгейіне жетеді деген болжам жариялады. Бұған жауын-шашынның мол болуы әсер ететін сыңайлы.
Отандық синоптиктер егіннің бір бөлігін жоғалтуымыз мүмкін деп есептеген. Тіпті, бұл туралы арнайы ескерту де жасаған. Еліміздің шығысында, орталығында және солтүстігінде жиын-терім жұмыстары тамыздың екінші жартысында басталады. Ал жаппай егін жинау қыркүйек айында қолға алынары сөзсіз. Синоптиктер дәл осы кезеңде астық егетін аймақтарда жаңбыр мен жел күшейеді деп отыр. Әлбетте, бұл жағдай егін жинауды қиындатары сөзсіз. Қиындатып қана қоймай, егіннің бір бөлігін жапырып кетуі мүмкін.
«Елдің астық егетін өңірлерінің жартысынан көп бөлігінде дәнді дақылдардың пісіп-жетілуі тамыздың бірінші жартысында басталады. Маусым басталған шақта ауа райы жаңбыр мен жоғары ылғалдылықтың әсерінен нашарлайды. Айдың екінші жартысында жауын-шашын көп болады әрі желдің күші секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Салдарынан астықтың жаппай құлап жапырылуына әкеліп соғуы мүмкін», – деп ескертеді синоптиктер.
Негізінен, тамыз айының ортасынан өте астық толықтай пісіп, кебеді. Бұл аралықта ауа райы қолайлы болады екен. Ал үшінші онкүндік басталған шақта астықты өңірлердің басым бөлігінде жауын-шашын болуы ықтимал. Қазгидромет қыркүйек басталған шақта егінді жинау анағұрлым қолайлы болады деп отыр. Алайда нақты болжам жоқ.
Министрлік 2024 жылға арналған бидайдың түсімі 17 миллион тоннадан асады деп болжады. Бұл көлем ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен жабуға және белгілі бір көлемдерді экспортқа жөнелтуге жеткілікті.
Мамандар не дейді?
АШМ осы жылы да егін жинау науқанына тастүйін дайын екенін айтып отыр. Елдегі барлық техниканы есептеп, тозығы жеткенін жаңартқан. Сөйтіп, алқапқа 37 мың комбайн, 150 мың трактор шықпақ. Оған қоса, Үкімет нарықтан 15 пайыз төмендетілген бағамен жанар-жағармай сату жұмысын шегендеген. Осылайша, барлығы 355 мың тонна жанармай дайын тұрған көрінеді.
Елімізде егін науқанын қазірдің өзінде бастап кеткендер бар. Солардың бірі – Ақмола «Феникс» шаруа қожалығы. Бүгінде жиын-терім жұмыстарына кірісе бастаған қожалықтың бас агрономы Досжан Бакиров шығымның тәуір болғанын айтып отыр. «Биыл егін орақты бастап жатырмыз. Түсім жаман емес. Қазіргі көрсеткіш бойынша біз орта есеппен гектарынан 22 центнер өнім жинап жатырмыз. Әрине, жазғы маусымда ылғал өте мол болды. Бірақ жоғары технологияны пайдаланудың арқасында астықты түрлі қауіптен аман сақтап қалуға тырыстық. Нәтиже көңіл көншітті», – дейді агроном Досжан Бакиров.
Әрине, жоғары технологияның тигізер пайдасы зор. Бірақ биыл жауын-шашын мол болып, жер жақсы көктеді. Сәйкесінше, алқаптағы астық та бітік шыққан.
«Дәл қазір алқаптарда болжам жасап жатырмыз. Шығым өте жақсы деп айтсам болады. Тіпті, кейбір өңірде әр гектардан 25-29 центнерге дейін өнім алу мүмкіндігіміз бар. Бірақ ауа райының қандай боларын тап басып айта алмай отырмын. Астықтың көбі ылғал салдарынан тат ауыруына ұшыраған екен. Бұл енді түсімді күрт төмендетіп жіберуі де мүмкін. Бидайдың басы бітік болғанымен, сабағы мен жапырағы зақымдалып жатыр. Енді пісе бастаған шақта біраз ауыр соғады. Егер астық осы қалпы тік тұрған шақта сыпыра жинап үлгерсек, түсім 20 центнерден кем болмайды. Ал жығылып кетсе, тағы төмендеп қалады», – дейді Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығындағы ауыспалы егіс зертханасының меңгерушісі Алдаберген Қияс.
Зертхана меңгерушісі алқаптардағы жағдайды анықтау мақсатында бірнеше шаруашылықпен хабарласқанымен, олардың астыққа байланысты әңгіме өрбіткісі келмей, бар жағдайды жасырып отырғанын айтады.
«Мен біршама шаруашылыққа хабарласып, жағдайды білмекке ұмтылдым. Бірақ олар өз алқаптарындағы жағдайды жасырып отыр. Міне, бұл – астық шаруашылығында өте кесірлі дүние. Шаруашылықтар неғұрлым ашық әрі ғылыми ортамен байланысы көп болған сайын өнімділік арта береді. Мен осы бір құпиялыққа түсіне алмаймын. Мол өнім алу үшін еркін байланыс жасауы қажет», – дегенді қосып қалды ғалым Алдаберген Қияс. Расымен, бұл істі министрлік арнайы қадағалап, құпиялық бар болса, оның сырын ашуы қажет құсайды.
Тасымал қалай болмақ?
2024 жылғы егін жинау науқаны басталғанын жоғарыда айттық. Өйткені Ақмола облысының Жарқайың ауданындағы «Астық қоймалары» ЖШС-на қарасты №5 астық базасы мен Солтүстік Қазақстан облысының Ғ.Мүсірепов ауданындағы №2 астық базасы биылғы өнімді қабылдауды бастап кеткенін жариялады.
Қазақстанның фермерлері мен астық саудасын сараптаушылар 2024 жылдың күзінде өнімді жинаудан бұрын оны тасымалдау мәселесіне бас ауырту керек екенін айтады. Өйткені тасымал мәселесі оңай-оспақ шаруа емес. Сөз басында айтқан Түркияны қоссақ, астық тасымалдайтын бағытымыз көбейеді. Іргедегі Қытайдың өзіне экспорттайтын астық көлемі аз емес. Айталық, былтыр Қазақстаннан Қытайға теміржол арқылы астық түрлерін жөнелту көлемі рекордтық 2,2 млн тоннаға жеткен. Биыл да дәл осындай көлемдегі астықты еркін тасымалдауға КТЖ дайын екенін айтты.
«Биыл теміржол арқылы 757 мың тонна астық әкетілді, екінші жартыжылдыққа арналған жоспар 1,25 млн тоннаны құрайды. ҚТЖ жөнелтушілер арасында пойыздарды біркелкі бөлу кезінде Қытайға 2 млн тоннадан астам астық жіберуге дайын», – деді Үкіметтегі жиында ҚТЖ ҰК-ның басқарушы директоры Бауыржан Урынбасаров.
Үкімет отырысында вице-премьер Серік Жұманғарин Қытай тарапымен бірлесе отырып астықты автомобиль көлігімен жөнелту мүмкіндігін талқылауды ұсынды. Сонымен қатар АШМ-ге астық кептіру жабдықтарын сатып алу үшін аграрийлерге жеңілдетілген қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ облыс әкімдіктерімен бірлесіп егін жинау уақытына уақытылы дайындық бойынша барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды. Бір айта кетерлігі, биыл тасымал құны да біршама өсетінге ұқсайды. Оған Қазақстанда теміржол көлігімен транзиттік тасымалдау көлемі 20%-ға ұлғайғаны әсер еткен. Көлік министрлігінің деректері бойынша көлем өскен кезде қосымша жүктеме қажет болады. Жүктеменің орнын толтыру құнға әсер етпек. Сондықтан бұл іске мемлекет араласып, Үкіметтен үкім болмаса, тасымалдауды жекешелендіріп алған түрлі тасымалдаушы компания бағаны көтеруге тырысуы мүмкін.
Бердібек ҚАБАЙ