Итбалыққа қауіп қайдан?

Бір қызығы, Каспий итбалығының табиғи ортада жауы жоқ екен. Теңіз флорасы мен фаунасының ішінде ол қоректену бунағының ең ұшар басында тұр.

Бірақ сонда да болса жойылып бара жатыр. Неге? Оның көптеген себебі бар. Ал оны сақтап қалу үшін кешенді іс-шаралар қажет дейді мамандар. Ендеше не істеліп жатыр, не істелуі керек?

Каспий ҒЗИ қашан ашылады?

Бұл тақырыпты қозғап жүр­г­е­німізге аз болған жоқ. Тіпті, соңғы бір материалымызда Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сымен теңізді сақтау мақ­са­тын­да Каспийдің экологиялық жағ­дайын зерттейтін Ғылыми-зерттеу инс­титуты құрылады деп бөркі­міз­ді аспанға атқан едік. «Инс­ти­тут­тың бас кеңсесі Ақтауда орна­ла­сады. Зертхана түрінде Атырауда фи­лиал ашылады. Осылайша, Жайық-Каспий бассейнін толық қамтуға мүмкіндік бар. Мем­ле­кеттен 1,7 миллард теңге бөлінеді, арнайы кемелер сатып алынады, шет­елден білікті мамандар ша­қы­рылады» деп сүйіншіледік. Өйт­ке­ні оған дейін бұл мәселені жер­гі­лік­ті экологтардың көтеріп жүр­­­геніне он жылдың жүзі болған еді. Міне, содан бері 9 ай өтіпті. Институт ашыл­ды деген хабар шыға қойма­ды. Осы ретте оған жауапты ве­домствоға хабарласқанымызда, әлі де болса ұйымдастыру жұ­мыс­тары жүріп жатқанын білдік.

«Институттың құрылуы жос­пар бойынша іске асып жатыр. Әді­лет министрлігіне заңды тұлға ре­тінде тіркелді. Бүгінде Жар­ғы­лық капиталына қатысты мәселе шешілуде. Маңғыстау облысының әкім­дігі маусым айында ғима­ра­тын берді. Ол бұрын «Каспий» ӘКК-не тиесілі болған екен. Со­ны Қаржы министрлігі Мем­ле­кеттік мүлік және жекешелендіру ко­митеті арқылы институт балан­сына алып жатырмыз. Одан бөлек, су шаруашылығы мекемелерінен тех­никалар мен құрал-жабдықтар берілді. Солардың барлығын Жар­ғы­лық капитал есебіне енгізу жұ­мыс­тары жүруде. Одан да бөлек ат­қарылып жатқан жұмыс көп», – дейді Су ресурстары және иррига­ция министрлігі Ғылым және ин­новация департаментінің ди­ректоры Мүслім Жиенбаев.

Сол кезде хабарлағаны­мыз­дай, Ғылыми-зерттеу институты Каспий теңізінің эко­ло­гиялық, су деңгейінің төмендеу проблемасын, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалықтары­ның популяциясын сақтау мә­се­лелерін, ихтиофаунаны, Кас­пий су айдыны мен жағалауын зерт­тейтін болады. Сондай-ақ Каспий ау­мағындағы шекаралас мемле­кет­тердегі әріптестерімен өзара ты­ғыз іс-қимылды қамтамасыз ет­пек. Институт Каспий теңізінің эко­жүйесі туралы шынайы және жан-жақты ақпарат береді. Бұл де­ректер мемлекеттік және жер­гі­лікті атқарушы органдардың ке­шен­ді шаралар қабылдауына негіз бо­лады. Ғылыми ұйым құру соны­мен қатар Каспийді сақтау жөнін­де­гі халықаралық және ұлттық мін­деттемелерді толық көлемде орын­дауға мүмкіндік береді.

Қоғамды ақпараттандырып отыру қажет

Елімізде экологиялық іс-ша­ралардың негізгі легі қо­ғамдық бастамамен жүзеге аса­тыны белгілі. Тек жекелеген аза­мат­тардың жанашырлығымен қан­шама жұмыс атқарылуда. Со­лардың бірі – 2019 жылы Орталық Азия экологиялық зерттеулер инс­титутының (CAIER) негізінде құ­рылған Каспий итбалығын зерт­теу және оңалту орталығы. Ол – осы­нау жойылып бара жатқан жануар­ға ветеринарлық жәрдем көр­сететін Солтүстік Каспий теңі­­­зіндегі бір­ден-бір мамандандырылған ме­ке­ме. Бұл орталық жарақаттанған не­месе ауру итбалықтарды ем­дей­ді. Жұмыс жүргізіп жатқан осы жыл­дар ішінде заңсыз құрылған ба­лық аулайтын ауға түскен, сон­дай-ақ түрлі ауруға шалдыққан және жарақат алған Қызыл кітап­тың 40-тан астам жануарын ем­деп, табиғи тіршілік ортасына қай­тарған. Осы ретте орталық ем­деудің 63 мамандандырылған хат­тамасын әзірлеген екен. Осы мақ­сатта олар мониторинг және зерттеу, экспедициялар, қоғамды ақ­параттандыру және сауаттан­дыру жұмыстарын жүргізеді.

«Біздің орталық итбалықтарға на­қ­ты уақыт режимінде мони­то­ринг жасау үшін озық, жеңіл элект­ронды белгі – ен әзірлейді. Са­лынған ен итбалықтардың орын ауыстыруын және мінез-құл­қын бақылауға мүмкіндік бе­ре­ді, осының арқасында оларға не қажет екенін және қандай қауіп төнетінін жақсырақ түсінуге жол ашы­лады. Орталықтың құрылуы­на негіз болған CAIER институты 2015 жылдан бастап Каспий теңізіндегі экологиялық ахуалды және соның салдарынан Каспий ит­балығы популяциясының аза­юын зерттеумен айналысады. Осы уақыт ішінде теңіздегі биоалуан­түр­лілік саласындағы әлемдік же­текші ғалымдардың қатысуы­мен 8 халықаралық экспедиция өт­кізілді. Бұл экспедициялардың де­ректері осы жануарды Қазақ­стан­ның Қызыл кітабына енгізуге негіз болды», – дейді Орталық Азия экологиялық зерттеулер инс­титутының (CAIER) негізін қа­лау­шы, эколог Әсел Тасмағам­бетова.

Оның айтуынша, бұл проб­ле­маны шешу үшін қо­ғам­­ды да тарту керек. Адамдар эко­логиялық жағынан сауатты бол­са, теңіз флорасы мен фауна­сы­на жанашырлықпен қарап, оны қор­ғауға саналы түрде атсалы­са­тын болады. Осы мақсатта орта­лық тұрақты негізде Каспий ит­ба­лығын сақтаудың маңызы және ол тап болатын қауіп-қатер туралы жұртшылықтың хабардар болуын арт­тыру мақсатында тиісті іс-ша­ралар өткізіп келеді екен. Соның ішін­де БАҚ арқылы да жұмыстар­ды жан-жақты жолға қойған. Биыл­ғы 28 маусымда олар Ақтау­дың балықшылары мен жергілікті тұр­ғындары арасында Каспий ит­ба­лығының тіршілігі туралы сауал­нама жүргізуді бастаған екен. Аза­маттық бастамаларды қолдау ор­талығының (CISC) гранты ая­сын­да өтіп жатқан іс-шара нәти­же­сінде арнайы әдістеме дайын­далатын болады.

Итбалықтар күшіктеуге қауқарсыз

Каспий итбалықтарына 10 жыл­дан астам уақыттан бері зерттеу жүргізіп келеді. Сол уа­қыттан бері олардың көші-қон жол­дары, саны, ауру-сырқаулары, та­ралу аймағы туралы және тағы да бас­қа көптеген мәлімет жина­ған. Со­ның негізінде көптеген ұсы­ным дайын­даған. Бір өкі­ніш­тісі, осы­нау зерттеулер нәти­же­сін­де олар Каспий итбалығы жойы­лып бара жатқан түрге жатады деген нақты тұ­жы­рымға келіп отыр. Сол себеп­ті де мұндағы жұ­мыс­тарды тез ара­да кешенді түрде қолға алу ке­рек. Өйткені соңғы екі ғасырда итб­алықтар өміріне қауіп төндіріп тұр­ған фактор өте көп болып отыр. Ол алғашқыда ит­ба­лық аулау кәсіпшілігінен бас­тал­са, бүгінде оған теңіздің тартылуы ме­н бұлғануы, теңіз табанынан мұ­най өндіру, интенсивті балық шаруа­шылығы қосылып отыр. Осы­­лардың салдарынан туындай­тын түрлі ластаушы заттар теңіз ма­құлығының денесінде жина­лып, оның түрлі аурудан өлуіне әкеліп отыр. Гидробиология және эко­логия институты мамандары анықтап отырған тағы бір себебі тіптен сорақы.

«Көптеген фактордың ақыры ит­балықтар арасында аналық ба­сының қысыр қалу ауруына алып келіп отыр. Яки, экол­о­гия­лық жағ­дайдың нашарлауынан олар буаз бола алмайды. Бұл өткен ғасырдың 60-70-жылдарынан басталған. Сол кездің өзінде бұл көрсеткіш Каспий популяция­сының 70%-ын құраған болса, қазір тіпті 90%-ға дейін жетіп жығылуы мүмкін. Бұл тұста нақты цифрлар жоқ болған соң, дөп басып айта алмаймын. Десе де, ал­дағы уақытта зерттеулер көр­сетуі мүмкін. Мұның бір себебі: теңіздегі химиялық заттар, соның ішінде полиуретандар аналық жұ­мыртқаның дауына қатты ке­дергі келтіреді. Мұндай жағдай аталық­тарда да кездеседі бірақ олардың ауқымын зерттеу күрделілігіне қарай мүмкін емес. Десе де қазір Экология, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің қолдауымен біз бұл жұмыстарды жүргізіп жа­тырмыз. Оны аяқтау үшін ұзақ уа­қыт қажет. Сондай-ақ итба­лықтардың жаппай қырылуының себептерін анықтау жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз», – дейді «Гидробиология және экология институты» мекемесінің дирек­торы Мірғали Баймұқанов.

 

Оның айтуынша, зерттеудің ең басты мақсаты – Каспий итба­лы­ғының бүгінгі күрделі жағдайда аман қалу мүмкіндіктерін анықтау. Бірақ алдын ала пайым бойынша, мұндай мүмкіндік оларда аз болып отыр. Өйткені «жұт жеті ағайын­ды» демекші, Каспий теңізіне соңғы кезде жаһандық жылыну да қат­ты әсер етіп, жыл сайын мұз жа­бынының көлемі қысқарып ке­леді. Ал ол – итбалықтардың «пер­­зентханасы». Оның үстіне, қы­сы жылы боп келетін жылдар да жиілеп барады. Итбалықтардың кө­­беюіне кесірін тигізіп тұрған та­ғы бір жайт – мұз жарғыш ке­ме­лер­дің көп жүретіні. Олар со­ны­­сы­мен итбалықтардың субст­рат­­тарын, яки мекендейтін, да­­­­­­­­­­мыл­­­­дайтын, күшіктейтін ареа­лын бұзады. Тіпті, олардың өзд­е­рін жаншып кетіп жататын да кез­дер аз емес.    

«Біз бұл мәселелерді шешу үшін өкі­летті органдарға көптеген ұсы­ным беріп келеміз. Бірінші кезек­те итбалықтардың көбейетін және дамылдайтын жерлерінде «ерекше қорғалатын аумақтар» құру керек. Ол дегеніміз – мұзды аумақтар. Мұндай ареалдарда ешқандай да кеме жүргізуге болмайды. Өкініш­тісі, біздің елімізде де, көрші Ре­сей­де де мұз жабынының тұтас­ты­ғы сақталуға тиіс ондай аймақ жоқ. Керісінше, Солтүстік Кас­пий­де теңіз қайраңын игеру қар­қынды жүруде. Ал «қорықтар» ау­мағы бар болғанымен, оны мақ­сатынан тыс пайдалануға шек­теулер қою үшін халықаралық ке­лісімге қол қойылуы керек. Сол се­бепті қорықта да олардың ты­ныш­тығын сақтау мүмкін болмай тұр. Осы ретте тағы бір айтарым, Кас­пийдегі итбалықтардың 98%-ы көк­темгі түлеу кезінде және күзгі мұз қату кезеңін күту кезінде Қа­зақ­станның жағалауына жина­ла­ды. Онда олардың ғасырлар бойы қа­лыптасқан жатақтары мен апан­дары бар. Сондай-ақ бұл орын­дар тек бізде ғана сақталып қал­ған. Ре­сей, Әзербайжан, Иран, Түрік­менстанда жоқ. Бұл дегеніміз – еліміздің мойынында табиғаттың осынау бір мақұлығын сақтап қалу жолында қаншама жауапкершілік тұрғанын аңғартса керек», – дейді ол.

Мірғали Төлеуғалиұлы бүгінде бұл жолда жасалып жатқан шаруа­лар­дың бәрі өте аз екенін айтады. Әрі баяу жүруде. Каспий теңізі эко­логиясы институтын тездетіп құ­рып, мұндағы атқарылар іс-ша­раларды кешенді түрде жүргізу ке­рек. Осы тұста ҒЗИ-дың кадр­лық құрамын дұрыстап жасақтауға көңіл бөлу қажет. Дәл қазір Қа­зақ­станда ондай кадрлық потен­циал­ды табу қиындау. Сондықтан да оны қалыптастыру жолында ре­зер­ваттың мүмкіндігін пайдалану ке­рек. Мамандар сол жақта жыл он екі ай тұратындай база тұр­ғыз­ған дұрыс. Одан кейін бірінші ке­зекте итбалықтарды ерекше қам­қорлыққа алу керек. Әсіресе, оларды оңалту орталықтарын ашу керек. Өйткені көбіне-көп көктем мен күзде олардың жаппай қы­рылу жағдайлары жиі кездеседі, әрине оның табиғи себебі де болуы мүмкін. Бірақ егер олардың арасында шалажансар болса да ті­рідей қолға түскенін емдеп-сауық­тырып, қайта өз ортасына жіберер болсақ, бұл да көп нәрсені шешер еді. Каспиймаңы елдерінің ішінде мұндай орталық тек Иран­да ғана бар. Онда бұл істі мемлекет толы­ққанды жолға қойған. Ал біз­де тек жекелеген қоғамдық бас­та­малардың арқасында ғана жү­зе­ге асып жатыр. Негізінен, CAIER ғана айналысады. Бұл теңізге там­ған тамшыдай ғана. Бізге бұл іске мемлекеттің өзі шындап кіріс­­ке­ні керек. Сонда ғана біз жойы­­лып бара жатқан итбалық­тарды сақтап қала алар едік.

Нұрлан ҚОСАЙ