Әсілінде, әлемді мекен етушілердің ең көнесі саналатын құстар популизациясы тіршілігінің өзгеруі түрлі апатқа алып келуі ықтимал. Құстар жер бетін тазартушы күшке ие. Егер аспанда қанат жайған кез келген құстың бір ғана түрін жойып алсақ, онымен бірге талай тіршілік иесі жоқ болмақ.
АҚШ-тың жабайы табиғат тіршілігін зерттейтін National Geographic телеарнасы алдағы 100 жылда құстардың 1200-ге жуық түрі жойылып кетуі мүмкін деген болжам жасап отыр. Бұл жер планетасы үшін жойқын апат әкелуі де ғажап емес.
Осы уақытқа дейін орнитолог ғалымдар жер бетінде 428 миллиардтан астам құс өмір сүретіні туралы айтты. Бірақ бұл нақты сан емес. Зерттеулерге сүйенсек, кәдімгі торғай жер бетіндегі ең көп құс деп саналады. Олардың әлемде 1,6 миллиардтан астамы ұшып-қонса, одан кейінгі 1,3 миллиарды кептер болса керек. Бірақ бұл сан соңғы бірнеше жылда күрт азайып кетуі де мүмкін. Түрлі себеппен жойылып кеткен не жойылудың аз-ақ алдында тұрған құс біткенді әлем ғалымдары қорғау керегін айтып араша сұрағалы да 200 жылға жуықтаған. Бірақ құстардың қырылуы тоқтар емес.
Ғалымдар құстар жойылып кетсе ең алдымен әлемде түрлі өсімдік тұқымының таралуы да азаяды деп түсіндіреді. Қарапайым ғана мысал келтірер болсақ, құстар жемістерді шоқыған шақтан оның тұқымы өзге қалдықтан аршылып, шіріп кетуден аман қалады. Екіншіден, олар бір жерден келесі орынға өздерінің жемсаулары арқылы тұқым түрлерін тасымалдап, өсімдіктің алуантүрлілігін байытады. Үшіншіден, егістік алқаптарындағы зияды жәндіктерді реттеп отырса, одан кейін адам үшін зиянды құрт-құмырсқадан айналаны тазартып жүреді екен. Бір сөзбен айтқанда, құстар жоқ болып кетсе, жәндіктер популяциясы бақылаудан шығады. Ғалымдардың есебінше, дүниежүзінде құстар жыл сайын адам мен жануарларға қауіп төндіретін 400-ден 500 тоннаға дейінгі қоңыздар мен өзге де құрттарды жейді. Ал қанаттылардың егіншілік саласындағы пайдасын қарапайым диқанның өзі жыр етіп айтары сөзсіз. Олар болмағанда егіннің шығымы азайып, аштық жайлауы да мүмкін екен. Одан бөлек, құстардың 900-ден астам түрі өсімдікті тозаңдандыруға көмектеседі.
Отандық орнитологияның ахуалы қалай?
Жалпы, құстарды бақылап, олардың ортасын, тіршілік ету аймағы мен ұя салуы және мекен ауыстыруын бақылау осы орнитология ғылымының еншісінде. Біздің елде де азды-көпті орнитологтар бар. Бірақ олардың саны саусақпен санарлық қана. Сала мамандары бұған мемлекеттік деңгейде мән берілмесе болашақта білікті кадр да қалмайды деп отыр. Тіпті, ЖОО-лар қоршаған орта және жабайы табиғат, аңшылықтану тағы басқа деп мамандар даярлағанымен, түлектердің барлығы бірдей орнитология саласына бара бермейді. Ал барды деген күннің өзінде жастарды салаға икемдеп баулымаса, қызықтырмаса, сезіндірмесе, бұл маңға кез келгеннің жуықтай қоюы екіталай.
«Әлемнің көптеген елінде жоғары оқу орны орнитологияны жеке маман ретінде оқытпайды. Бұл дара әрі тар мамандықтар қатарына жататындықтан, көбіне осы бағытта геология, биология және аңшылықтану саласы бойынша білім алғандар келіп жатады. Білуімше, Германияда ғылыми негізде оқытылады. Уақыт өткен сайын орнитология маңызды саланың біріне айналып келеді. Алдағы уақытта маман даярлау ісі де қолға алынары анық. Бірақ келешекке бүгіннен бастап дайындалған жөн», – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Аңшылықтану және балық шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Гүлжан Әубәкірова.
– Кеңес үкіметі құлаған шақта талай мықты орнитолог ала дорба арқалап күнкөрістің қамымен кетті. Сол мамандардан айырылып қалмағанда бүгінде еліміздегі құстарды қорғау мәселесі қазіргіден де жақсы болар еді. Бірақ осы күнімізге де шүкіршілік жасаймын. Өйткені қалай болғанда да Қазақстан құстар дүниесіне бей-жай қарамайтынын мойындау керек, – дейді биология ғылымдарының кандидаты Виктория Кошарь.
«Мен өмірімнің 55 жылын осы құстар әлемін зерттеуге арнадым. Бұрын құстану мамандығын арнайы оқытпағанымен құстанушылар клубы деген болатын. Осы клубтан талай мықты маман түлеп ұшты. Өзім де сол клубтың түлегімін десем болады. Ал біздегі орнитология саласындағы басты мәселе – мамандардың аздығы. Шынын айтқанда, мамандар қартайып кетті. Жастар қажет. Осы екі жылдың алдында маған Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының мамандары хабарласып, жастарға дәріс оқуымды сұрады. Алғашқыда университеттердегі қалыпты лекция деп ұқтым. Кейін арнайы лагерь құрылып жатқанын естіп қатты қуандым. Себебі мұндай лагерлерьден нағыз маман, шын жанашыр шығады. Екі жылдан бері мен лагерьдің тұрақты тәлімгеріне айналдым. Былтырғы жылы осы жастардың арасынан ерекше көзге түскен екі студентті өз шәкіртім етіп алдым. Биыл зерек балалардың қатары артып отыр. Мен осыған қуанамын. Өйткені бізде орнитолог азайса онда құстардың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Ал сырттан келген маман жергілікті дүниетаныммен ешқашан үйлесе алмайды. Міне, сондықтан кез келген маман өз ішімізден осы даланың ауасын иіскеп, топырағын басып өсуі керек», – дейді ғалым, белгілі орнитолог Виктория Кошарь.
Орнитолог ғалым айтқандай, Қорғалжын қорығында Орнитологиялық лагерь екі жылдан бері жұмыс істей бастаған. Қорықтағы Қаражар кордонында тамыз айының 4-11 күндері аралығында қазақстандық студенттерге арналған Орнитологиялық далалық лагерьге арнайы барып, жұмысының бір күнімен танысып қайттық. Жастардың көзқарасын білдік. Бұл іске мұрындық болған – Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы мен Қорғалжын қорығының әкімшілігі. Лагерьде Атырау, Астана, Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл қалаларынан келген жаратылыстану мамандықтарында оқитын студенттер жүр. Мұнда жастар ең алдымен құстардың түрлерін ажыратып, одан соң сырттай зерттеу тәсілдерін үйренеді. Дәрістерді көпжылдық тәжірибесі бар жоғары білікті дала зоологтары, зерттеушілері мен мамандары жүргізуде.
Еліміздегі белгілі орнитолог, «Қазақстан құстары анықтамалығы» кітабының авторы Виктория Кошарьдан жастардың үйренері де мол. Мұндай тәжірибелі маманның тәлім беруі шынымен қажет-ақ.
«Құстарды түбегейлі зерттей бастағаныма үш жылдың жүзі болды. Талай қызықты да қиын дүниені бастан өткердім. Әрине, жастарды тәрбиелеу керек. Оларды қызықтыра алу ең маңыздысы. Ал бұл саланы кітаппен отырып не мұғалімнің айтқанын тыңдап үйрене салуға болмайды. Бұл салаға бел шешіп келу керек. Себебі уақытыңның көбі далада өтеді. Құстарды зерттеумен, олардың тіршілік етуін зерделейміз, санаймыз, жасын есептеп денсаулығын бақылаймыз. Сырттай қарағанда жәй жүрген болып көрінуі мүмкін, түбегейлі бақылап зерттеп, санап шығу ұзақ уақытты талап етеді», – дейді жас орнитолог Құдайберген Әмірқұлов.
Құстарға қауіп қайдан келеді?
Әзірге біздің елден құстарға келер төтенше қауіп жоқ. Бірақ орнитолог мамандар далада керілген электр сымдары да олардың тіршілігіне едәуір зиян екенін айтып отыр.
«Үлкен құстар керілген жоғары кернеуді байқамай келіп тоққа түсіп жатады. Бүгінде адам саны көбейіп, түрлі зауыт пен үлкен ғимарат салынуда. Одан бөлек, құстың өмір сүруіне қолайлы аймақтар тарайып жатыр. Атап айтқанда, көлшіктер мен шағын ормандар, шалшықты жерлер мен қамысты өлкелер, тау аңғарлары мен ормандар. Бұл құс біткеннің мекені деген сөз. Адам қолымен осының барлығы тегістеліп кетіп жатыр. Мысалы, Астананың іргесіндегі Талдыкөл бүгінде сарқылып бітті. Ол жерде талай құстың түрі болған. Қазір олар өзінің тіршілік ету мекенін жоғалтты. Бұл тек бір ғана мысал. Ал әлемде мұндай жағдай мыңдап саналады. Сондықтан кез келген кешенді бастамастан бұрын жан-жақты зерттелуі керек», – дейді орнитолог Құдайберген Әмірқұлов.
Қорық инспекторы Жеңісбек Нұрмағанбетовтің айтуынша, қазақ даласы, оның ішінде Қорғалжын қорығы күллі әлемнің құстары үшін жұмақ мекен болып тұр.
«Оңтүстіктен солтүстікке ұя салып балапан шығару үшін сапарлайтын жыл құстарының басым бөлігі аялдайтын жерұйық бұл. Картаға қарасақ, көлі мен қамысы ну болып жайқалған мекен. Жыл құстары ең аз дегенде біздің көлдерге бір аптадан он күнге дейін аялдайды. Бұл аумақ адам көзінен де аулақ. Құс үшін мұндай жайлы мекен әлемде саусақпен санарлық қана. Қорық аумағында жиырмадан астам көл мен көлшік бар. Құстар осы көлдерге жиналады. Мұнда отандық туристерден бөлек шетелдік саяхатшы көп келеді. Барлығының мақсаты – жер жүзінен жиналған құстарды бір жерден, бір көлде жүзген шақтарында көру. Бұл енді өзінше бір керемет әлем. Қазірдің өзінде біздің көлдерде 365-тен астам құстың түрі мекендеп жатыр, жыл сайын саны да артып келеді. Сондықтан біз Қорғалжынмен мақтануымыз керек», – дейді мемлекеттік инспектор Жеңісбек.
Қоқиқазға мекен болған қорық шынымен де ерекше. Орнитологтардың жұмысы – осы сынды Қызыл кітапқа енген құстардың тіршілігін бақылап, оларды өз ерекшеліктеріне қарай тану. Бір қызығы, белгі қойылған қанаттылар келесі күзде өзі ғана емес, отбасы болып оралады екен. Біз орнитологтардың назарына іліккен сыбырлақ қос аққудың 4 бірдей балапанын ертіп, үлкен теңіз көлінің шетінде еркін жүзіп жүрген сәтінің куәсі болдық. Бұл – қос аққу осы жерді үшінші жыл мекен етіпті. Енді, міне көгілдірлерін ертіп жүр. Мамандар бұл аққулардың күз орала кетіп, ерте көктемде қайта оралатынына сенімді.
«Бір күннің ішінде құстардың 35-40 түрін санап дәптерге тіркейміз. Осында жүргенімізге бір аптадан асты. Шамамен 200-ден астам құс түрін зерделедік. Енді осы байқаған құстарды суретке түсіріп, айырмашылығын танып, қай түрге жататынын және шамамен қанша жаста екенін анықтап жатырмыз. Қазір мен ұстаздардың үйретуімен 30-35 құс түрін алыстан көзбен көріп-ақ танып, ажыратып бере аламын. Алдағы уақытта өзімді осы орнитология саласының маманы ретінде шыңдай түспекпін. Өзім қазір құстардың денсаулығы мен оларға келер қауіпті анықтап жатырмын. Құстарды қорғамасақ, кейбір түрі мүлде жойылып кетуге шақ тұр. Мысалы, мен осыған дейін Қызыл кітапқа енген тарғақ құсын зерттеуге арналған жобаға қатысқанмын. Енді оған қамқорлық жасамасақ, тек кітаптардан ғана көруіміз мүмкін», – дейді қостанайлық студент Серік Амангелдиев.
Ақсұңқар деген құс бар. Өзі өте сулу әрі асқан қырандығымен ерекшеленеді. Кеңес үкіметі құлаған шақта осы құстың сан мыңдағанын араб шейхтері қазақ даласынан еркін тасыды. Қазір бұл құсты кездестіру өте қиын екен. Өйткені оны кезінде үлкен кішісіне қарамай араб асырғанымен құстар ол жаққа барып аштан қырылған. Себебі балапан құсты енесі баулымаса аң қалай алмақ? Осылайша, құстың бұл түрі де өкінішке қарай, Қызыл кітапқа еніп отыр.
Әлем құстарына алдымен Киви және Сейшел аралдары мен Таяу Шығыста дамылсыз болатын соғыс үлкен апат болып отыр. Бұл екі арал да құс қайтқан кезде дамылдайтын жолда орналасқан. Ал осыны пайдаланған жергілікті тұрғындар жаппай тұзақ пен тор құрып, құстарды ұстап, теңіз арқылы ірі қалаларға тағам ретінде саудалайды екен. Есеп бойынша топталып ұшқан құстардың әр тізбегінде 100-150-ден қанатты болса, соның осы аралдардан қайта көкке көтерілетіні 30 шақты ғана. Ал соғыс жағдайы қайтқан құстың қонып дамылдауына мұрсат бермейді. Осылайша, қонақ таппаған құстар қанаттары талып, жерге не теңізге құлап қырылуда. Мамандардың тағы бір айтқаны, бүгінде жасыл энергия жүйесін құру үшін өте үлкен жел генераторлары жаппай орнатылуда. Бір қызығы, осы алып құрылыстар дәл осы құстың қайту жолына орнатылады екен. Ғылыми дәлел бойынша тау аңғарлары мен жел өті құс біткеннің жолы болса керек. Ал желі көп жерге мыңдаған генератордың орнатылары арнық. Осылайша, құстар алып құрылғының қанатына тізбегімен келіп соғылып жаппай өлім құшатын көрінеді. Орнитолог ғалымдар құс қайтқан шақта осы генераторларды тым құрығанда уақытша тоқтатудың мүмкіндігін жасаса құстар өміріне адамдардың оң әсер етуі болар еді дейді.
Бердібек ҚАБАЙ