Жаңа оқу жылына санаулы күн­дер қалды. Бұл кезде ата-ана бала­сының киім-кешек, керек-жа­рағын түгендеп, алашапқын бол­са, білім са­ла­сына жауаптыларға мектеп құ­рылы­сы, балалар қауіп­сіздігі, та­мақ­­тануы мен қатынауы бас ауруға айна­ла­тыны анық.
42 мектеп оқу жылын директорсыз бастамақ
9,033
оқылды

Соны­мен биыл Жамбыл облысы жаңа оқу жылы­на қаншалықты дайын? Күр­меуі қиын мәселелер жоқ па? Осы­ған дейін болған олқылықтардың ор­ны толды ма? Зер салып, зер­де­леп көрсек...

Жалпы, Жамбыл облысы жаңа оқу жылын 587 мектепке дейінгі білім беру, 507 орта білім беру, 42 колледж, 76 қосымша білім беру және 25 ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекемелермен бастағалы тұр. Онда 337 мыңнан аса бала тәлім алады десек, оларға 40 мыңға жуық педагог қызмет көрсетпек. 

Өңірдің білім саласына былтыр 280 млрд теңге бөлінсе, биылғы жылға 319,2 млдр теңге қаралған. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда қаржы көлемі 14 пай­ызға өскенін көрсетіп тұр. 

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуда жекеменшік балабақшалардың рөлі ерек десек, былтыр 3197 орындық 15 жекеменшік балабақша ашылған. Ал ағым­дағы жылдың соңына дейін 1625 балаға арналған 19 жекеменшік балабақша ашылады деп күтілуде.  

 Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 4 687 баланы  былтырғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 167,9 млн теңге жұмсалса, биыл 5 620 тәрбиелену­шіні тегін тамақпен қамтамасыз етуге 635,2 млн теңге қаралып отыр. 

Білім саласындағы ең маңызды мәселе – орта білім жүйесін жетілдіру. Өткен оқу жылында облыстағы 507 орта білім беру ұйымын 248 мыңнан аса оқушы аяқ­таса, тестілеудің орташа балы 84,5-і құраған. 1 908 бітіруші 100-ден жоғары балл жинаған. 

2024-2025 жылдары 41 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қаралса, биыл 19 білім нысанының құрылысы аяқ­тала­ды деп жоспарлануда. 

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023 жылы басталған 7 мектептің құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқ­талып, бесеуінің құрылысы осы жылы жанданбақ. 

Білім сапасы педагогтің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Жыл ішінде өткізілген 538 әдістемелік іс-шараларға облыс педагогтері 100 пайыз қамтылған. Үстіміздегі жылы 6125 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтеді деп көзделуде. 

Министрліктің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Білім берудегі 1000 өзгеріс көшбасшысы» жобасы аясында 7 педагог кадр резервінен директор болып тағайындалып отыр. Қазір аталған жобаның ІІІ кезеңі бойынша кәсіби деңгейін тағы 20 педагог дәлелдеген.

Өңірдің білім саласының дамуында өсу тетіктері болуға тиіс. Бұл бағыттағы жұмыс облыстағы білім беру ұйымдарында экспери­менталды-тәжірибелік алаңдардың жұмыс­тарын үйлестіру арқылы шешімін табуда. Бүгінде 12 мектеп және 2 мектепке дейінгі ұйымдарда білім саласындағы өзекті 10 бағытта зерттеу тәжірибелері жүргізілуде.

«Ауыл мектебі» пилоттық жобасы ая­сын­­да былтырғы оқу жылында 3 мектеп заманауи үлгіде жабдықталса, жаңа оқу жылында тағы 4 мектеп жабдықталатын болады. 

Оқушылардың білім сапасына, ақпараттық құызіреттілігіне тікелей әсер ететін фактор – жоғарғы жылдамдықтағы интернетке қолжетімділік. Өңірде мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Алайда былтырғы жылы интернет жылдамдығы жоғары білім ордаларының саны 63 пайызды ғана құраған. Биыл бұл көрсеткіш 97,4 пайызға жетіп отырғаны қуантады. 

– Білім беру саласындағы цифрландыру жас ұрпақты жан-жақты біліммен қарулануға және түрлі ақпаратқа талдау жасауға көмектеседі. Алдымызда 12 мектепті кемінде 20 мегабит/сек жылдамдықтағы интернетке қосу міндеті тұр. Бұл мәселені Білім және цифрлық технологиялар басқармасы бірлесіп шешуі қажет, –  дейді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

Жаңа оқу жылында жастар арасындағы бұзақылық та жіті назарға алынған. Ол үшін әр мектептің қабырғасынан тұңғыш рет «Аталар мектебі», «Әкелер мектебі», «Әжелер мектебі» және «Аналар мектебі» құрылуда. Сондай-ақ бала тәрбиесіндегі отбасы институтының рөлін нығайту мақ­сатында «Даналық мектебі», «Аға қамқорлығы» және «Жеңге кеңесі» клубтары жұмысын бастауда. Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін биыл «ДосболLIKE» бағ­дарламасы 5 мектепке сынақ ретінде енгізілуде. Тағы бір ерекше айта кетерлігі, оқу­шылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында биылдан бастап барлық мектепте Jambyl-109 сенім телефоны іске қосылуда. Сонымен қатар биыл білім алушылар мен олардың ата-ана­ларына, педагог қызметкерлерге педа­гогикалық-психологиялық мәселелер бойынша консультация беріп, кәсіби психологиялық көмек көрсету мақсатында «Облыстық психологиялық қолдау орталығын» ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде.   

Жалпы, бұдан бөлек оқушылардың тасымалы, тамақтануы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұрғын үй қорынан пәтер беру сынды жұмыстар да жолға қойылған. Ал ең бастысы биыл облыста алғаш рет «Бизнес инкубатор» жобасы жүзеге асуда. Аталған бастама кол­ледж студенттерін өз бизнесін ашуға бау­лып, шағын және орта кәсіпкерлік бағытындағы баспалдақ болмақ. Жоба аясында өнімді нарыққа шығару бойынша Қырғыз Республикасымен өзара мәміле жасалған. Түскен қаржы арнаулы орта оқу орнын материалдық базасын нығайтуға бағытталмақ. 

Әрине, мұндай жұмыстар жан жадырататыны анық. Алайда әттеген-ай дейтін тұстар да жоқ емес. Мәселен, қазір 42 мектеп директорының орны бос тұр. Яғни, 42 мектеп жаңа оқу жылын басшысыз бастауы мүмкін. Олқылықтың орнын толтыру үшін Білім беру басқармасы конкурстық құжаттар қабылданып жатқанын айтады. Алайда үміткерлер комиссия қабылдауынан өтіп, тағайындаламын дегенше біраз уақыт кететіні анық. Оған қоса, бір жыл ішінде тағайындалмаған 42 мектеп директорының мәселесі 15 күнде шешіледі дегенге сену қиын. 

Жылда жанға бататын мектеп құрылысына қатысты биыл да бауын тапса, байлауын таппаған жайт көп. Басқасын айтпағанда, Тараз қаласының өзінде үш ауыс­ымдық мектеп мәселесі шешілмей тұр. Бұл түйткілдің түйінін басқарма «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан білім ордасының есебінен шешуді жоспарлаған. Алайда ол мектептің құрылысы 1 қыркүйек былай тұрсын, қараша айында бітсе де бөркімізді аспанға атсақ болады. Сондай-ақ жаңа оқу жылында №55 және №53 орта мектептерде орын тапшылығы сезілуде. Аталған мектептердің сыйымдылығы 600 орынға шақталған болса, бүгінде мұнда балалар саны үш есеге асып кеткен. Бұл мәселе де «Жайлы мектеп» жобасы аясында шешіледі деп күтілген. Алайда «Шөлдала» алқабындағы мектеп құрылысы оқу жылының екінші жартыжылдығында бітеді деп көзделуде. Оған дейін балаларға бір сыныпқа сығылысып отырып, күнелтуге тура келеді. 

№15 мектеп-гимназияның 300 орынды жапсарлас ғимаратының да құрылысы аяқ­талмай отыр. Мұндағы құрылыс жұмыстары, тіпті 2025 жылға дейін созылмақ. Сон­дықтан аталған мектептің оқушылары №16, №24 және №33 орта мектептерге тары­дай шашылып оқуларына тура келуде. 

Жалпы, сағызша созылған мектеп құры­лысы мәселесінен Жамбыл облысы жылда арыла алмай келеді. Былтырғы оқу жылында Мойынқұм ауданындағы мектеп құрылысы созылғаны соншалық оқушыларға спорт залда оқып, білім ордасын сонда тәмамдауға тура келген болатын. Биыл аталған мектептің құрылысы бітетініне басшылар сендіруде. Әйтеуір, ал­ғашқы қоңырау тағы спорт залда соғылып жүрмесе болғаны. 

Әрине, байыбына бармай жатып бай­балам салудан аулақпыз. Жасалып жатқан жұмысты да жоққа шығармаймыз. Алайда жылда жаңа оқу жылы таяғанда неге бүйректен сирақ шығып жатады? Не себепті ел ертеңі саналған жастарға келгенде жауаптылар дайындыққа «жүрдім-бардым» қарайды? Аяқталмаған мектеп құрылыс­тары былай тұрсын, 42 мектепке директор таба алмау деген не сұмдық? Сонда басшысы жоқ білім ордасында қандай тәртіп пен білім болмақ? Ертең сол мектептерде оқушылардың тәртіпсіздігі мен педагогтердің заң бұзушылығы болып жатса, бәрін тағы «басшысы жоққа» ысырып қоямыз. Ал одан ешкім жақсы болмайтыны анық. Сондықтан білім саласына келгенде батыл шешімдер мен жүйелі жоспар керек. Бәлкім, жауаптыларды «сөгіспен» сыйпап қоймай, қатаң жазалау керек шығар. Сол кезде тәртіп пен жүйелілік орнар. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы