Жуықта шекара шебінде жатқан Тарбағатай ауданына жұмыс сапарымен барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ауданның екінші ірі елді мекені Ақжар ауылындағы Мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ мұндағы халықтың «Ақжар қайтадан аудан орталығы бола ма?» деген сауалына да жауап берді. Аймақ басшысының Ақжардағы тарбағатайлықтармен кездесуі төрт жарым сағатқа созылды. Қордаланған әлеуметтік мәселелерді көтеріп, шулаған халықты сабырға шақырған аймақ басшысы сауалдың бәріне ретімен жауап берді. Мұндағы тұрғындардың негізгі тілегі – Ақжарды қайтадан аудан орталығы етіп, шекара маңындағы үдере көшкен халықтың көшін тоқтатуға, шалғайда жатқан ауылдарды дамытуға қатысты болды. Мәселен, сол кезде ауданның басшылығында болған жергілікті жердің тумасы, бүгінде Өскемен қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағынбек Ақанов 1997 жылғы шекаралық аудандардың аумақтық өзгерісі сол кездегі асығыс шешім болғандығын, уақыт айқындағанын айтады. Оның айтуынша, сол кездегі халқының саны жөнінен, мал шаруашылығы саласындағы төрт түлігімен Шығыс өңірінің алдыңғы қатарында тұрған Тарбағатай ауданының Ақжар өңірі бүгінде мемлекеттік қолдауға мұқтаж. Кешегі 42 мың ордалы жұрттың 217 шақырымдық шекара бойын алып жатқан атамекенінде халықтың қормалы ғана қалып барады. Төрт ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерін іске жарататын ауданаралық ет комбинаты, астық қабылдау кәсіпорындары, мекемелер мен дүйім халықты көмірмен қамтитын Тұғыл айлағы, Зайсан балық комбинаты қаржылы қомағайлардың талапайына түсіп, қолдан-қолға сатылып, құрып тынған.
– Ауданның әкімшілік орталығы шекаралық аумақтың елді мекендерінен 250 шақырымға дейін қашық орналасқан Ақсуат ауылына ауысты. Халықпен санасқан ешкім болмады. Зейнетақы мен еңбекті, мемлекеттік жәрдемді айлап алмаған Ақсуат өңірі жұртының 1997 жылғы жағдайын көріп, аудан әкімінің әлеуметтік салалар бойынша сол кездегі орынбасары ретінде халықтың айқай-шуы ортасында болған адамның бірі едім. Аллаға шүкір, қазір Тарбағатайдың әкімшілік орталығы ретінде Ақсуат өңірі жаңғырды, жаңарды. 1997 жылғы мемлекеттік саясат өз міндетін орындады. Нарықтың алғашқы қиын кезінде ынтымақты өмірге жол ашып, береке-бірлікті сақтаған Ақжар өңірі жұртының үніне құлақ асатын уақыт келді. Үдере ел көшіп, аудандық құрылымдардан қанша оқшауланса да, Ақжар ауылы мен тірек елді мекендердің жай-күйін ешкімнен кем етпей отырған Ақжар өңірінің жұрты қандай құрметке де лайық, – дейді Ақжарды аудан орталығы етуге қатысты пікірін білдірген Сағынбек Ақанов.Облыс әкімі Даниал Ахметов бұл мәселеден бұрыннан хабардар екенін айта келе, оны шешу үшін Үкіметпен кеңесетінін мәлімдеді. Мұның өзі ақжарлықтарға үлкен үміт сыйлап, олар ризашылығын ұзақ қол соғумен білдірді. Жиылған жұрт жиында жол жөндеу, денсаулық сақтау, тұрғын үй, ауылшаруашылығы, спорт саласына қатысты шешімін таппаған мәселелерді ашына айтты. Әсіресе, үнемі кешігетін жедел-жәрдемге, тәжірибесіз жас дәрігерлерге ақжарлықтар қатты наразы. Сонымен қатар тарбағатайлықтар ауданға іргедегі Зайсаннан газ тарту, коронавирус індетіне байланысты ауданда жол салып жатқан «Синь-Синь» Қытай компаниясының №7 учаскесіне Қытай азаматтарын кіргізбеу, шекара торын жылжыту, аңызда айтылатын Толағай тауының тасын жол салушыларға бұздырмау, мал дәрігерлерінің жалақысын тұрақтандыру, Ақжарды Ақсуат секілді гүлдендіру мәселелерін де көтерді. Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Тарбағатай ауданы, Шығыс Қазақстан