«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы енді 5 жыл бойы жалғасатын болады. Алдағы бесжылдықта еліміздің экологиясы мен қоршаған орта қандай жағдайда болмақ? Жалпы ұлттық деңгейде көтерілген бастамаға кімдер атсалысып, кімдер қалыс қалуда?
Тәртіп пен тазалықтың жаңа үлгісі
848
оқылды

Көктем келісімен барша жұрт «Таза Қазақстан» акциясына ерекше ынта-ықыласымен кірісіп кеткені рас. «Туған жерді түлетіп, оны көркейтуге үлес қосу – әркімнің парызы» екенін айтқан Прези­дент шараның тәлімдік мәніне де тоқта­лып, оның мемлекеттік маңызы бар іс екенін алға тартты.  «Шын мәнінде, елі­мізді көгалдандыру, абаттандыру үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шы­ғып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақ халқы «Артыңда мал қалғанша, тал қал­сын» деп текке айтпаған. Табиғатпен біте қайнасқан халқымыздың осы бір дәстүрі берекелі бастамаларға ұласуы тиіс», – деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бұл бастаманы бірден іліп әкеткен «AMANAT» партиясы болды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осы күнге дейін партияластар талай аула мен  саябақты тазартып үлгергені белгілі. Мұн­дағы мақсат – экологиялық мәде­ниетті қалыптастырып, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру. Бастама қолға алынғаннан бері партия мүшелері жол бойындағы, өндірістік ай­мақтардағы, аудандардағы және әлеу­меттік нысандардағы түрлі орынды қоқыс­тан тазартып келеді. Соңғы күндері ак­­­­ция­ға қатысушылар өзен-көлдер мен жа­­­ғалау аумақтарын, жайылмаларды қо­қыстан тазарту жұмысында белсенділік танытқан.  

«Мұндай ауқымды акция ел ішінде бұ­рын-соңды болмаған көрінеді. Үлкен іс айтылған шақтан бастап-ақ елдің түкпір-түкпіріндегі ұйымдар мен мекемелер, жастар орталықтары белсене кірісіп кетті. Расын айтқанда, ауланы қоқыстан тазарту арқылы адамның жаны тазарғандай кейіп­ке түседі екен, – дейді біз тілдескен Асыл­хан Төлепов есімді театр актері.  «Біз жас­тар «Таза Қазақстан» экологиялық ак­­ц­ия­­­­сын қолдаймыз. Бұл – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шара. Бүгінде халықтың ыстық ықыласына бөленген бастама елдің белсенділігін туғызды. Қоғамда қазір «вандализм» дей­тін дерт пайда болды. Президент заң мен тәртіп үстемдігі бәріне қатысты екенін ай­тып, вандализммен батыл күресу қажет екеніне назар аударды. Шын мәнінде, бұл бірреттік бастама болып қалмауы керек. Мұндай шара үнемі жалғасып отырса игі. Жазғы демалыста Бурабайға барып, жағ­дайдың оңалып қалғанын көріп қуан­дым», – дейді актер. 

Бастамаға алғашқылардың бірі болып үн қосқан «AMANAT» партиясы жанын­дағы «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері болды. Бүгінде ел жас­тарының басын қосқан ұйым мүшелері шара ауқымын кеңейтуде.

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова бастаманың маңыздылығы ерекше екенін айтып отыр. «Біз Президент бастамасын қолдап, ел ішіндегі белсенді шараға бірден кірісіп кеттік. Жаз келе Астана – Алматы тасжо­лының бойын, жол бойындағы елді ме­кендерді тазарту ісін қолға алдық. Баста­маға күллі ел жастары мен «AMANAT» пар­тиясының 2 мыңға жуық белсенді  во­лонтері үн қосты.   Эстафетаға қатысу­шылар 100 тоннадан астам қоқыс жинады. Бұл тек күре жол бойынан  жиналған қал­дықтар. Партияның жастар қанаты әрқа­шан экологиялық мәселелерге бейжай қа­рамайды. Біз тек қоқыс тазалап қана қоймай, жергілікті жерлерде түрлі кездесу өткізіп, экологиялық маңызы бар іске қолдау көрсету керегін насихаттап оты­рамыз. Негізінен, азаматтарымыздың қор­шаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге, жаңа экологиялық мәдениет пен мінез-құлық қалыптастыруға бағытталған», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова.  

Президенттің пәрменімен басталған «Таза Қазақстан» акциясын алдағы  бес жыл бойына жалғастыру  үшін салаға қатысы бар  министрліктер бірлесіп тұжырымдама әзірлеп жатыр. Басталған ауқымды іске қазірдің өзінде халық өте белсенді қатысуда. Бас-аяғы  4 айдың ішінде еліміз бойынша 2,5 млн адам қоқыстан тазарту жұмыстарына атса­лысқан екен.  

Көктем басталғалы шара барысында жүздеген мың аула мен 20 мыңнан астам әлеуметтік нысанның аумағы мен өзен-көлдердің айналасындағы 5,8 миллион шаршы метр жер тазаланған. Осылайша, барлығы 900 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған екен.  Жаз бастала қалалар мен елді мекендер аумағындағы өзен-көл­дердің жағасы суға шомылатын жаға­жай­ларға айналып шыға келетіні рас. Кей­де осындай жағажайларға бара қалсаңыз, маңайдағы қоқыстан аяқ алып жүре ал­­­май­сың. «Таза Қазақстан» акциясының барысында мұндай жердің біршамасының тазарып қалғанын көрдік. Тіпті, қоқыс салуға арналған үлкен қапшықтар қойған ауылдар бар екен.  Мұндай игілікті Аста­надан 70 шақырым жердегі Ақмола об­лысы Ерейментау ауданына қарасты Май­лан ауылының әкімдігі жасаған. Аталмыш ауылдың тұрғыны Мамырбек Сиезханұлы да ауыл тұрғындарымен бірге маңайды та­зар­­туға атсалысқанын айтып отыр. «Жаз­­да ауыл әкімдігі бас болып біршама тұрғын ауылымыздың маңайы мен суға шомыла­тын орындарды тазарттық. Шы­нымен, қо­қыс өте мол шықты. Көбі плас­тик қал­дықтар мен полиэтилен пакеттер. Күннің ысыған шағында ауылға келіп суға шомы­­лушылардың қарасы да көбейді. Сөйтіп, тазартылған аумақ қайтадан қо­қысқа тола бастады. Мұны көрген ауыл белсенділері әкімдікпен бір­лесіп, ақыл­даса келе осын­дай үлкен қапшықтар іліп қойды. Бұл шынымен де тамаша бастама болды. Қазір жағалаудағы қапшықтар толып кеткен кезде әкімдік арнайы көлік шығарып, қап­шықтарды босатып қояды. Әрі таза әрі ыңғайлы», – дейді ауыл тұрғыны.  

Қоршаған ортаның ластануы елдегі өзекті проблемаға айналып бара жатқанын айтып дабылдатқан экологтердің жа­найқайына үн қосылғандай. Әсіресе, «та­залық ережелерін балабақша мен мек­теп бағдарламаларына да енгізуді ұсынып отырмыз», – дейді астаналық эколог Елдос Абақанов. «Қалдықтарды қалдық ретінде емес, тауар ретінде қарастыруды үйренуіміз керек. Адамдарға қоқысты қайта қолдануға болады деген секілді ой­ларды жеткізу арқылы экологиялық мәде­ниетті балалардың бойына  сіңірумен бірге ересектердің де санасына дарытуды көз­дейміз», – дейді ол. Расымен, қалдыққа қоқыс деп емес, тауар ретінде қарау әлем­нің дамыған елдерінде қалыпты үрдіске айналғалы қашан? 

Жуықта «Қазақстан Ғарыш Сапары «ҰК» АҚ Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, 46 мекен мен 290 мың шаршы шақырымнан астам аумақты қамтитын ғарыштық мониторинг жүргізіп, жұмыстың алғашқы нәтижелерін жариялады. Анығы барлық облыста белгілі деңгейде рұқсат етілмеген қоқыс төгу ай­мақтары анықталған. Басты орында Ас­тана қаласы тұр. Бақылау бойынша елор­дасында 414 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталған. Одан кейінгі орында – Қа­рағанды облысы. Мұнда 303 орын анық­талса, үшінші орында Қостанай облысы тұр екен. Мұндағы қоқыс тастал­ған жер «174» деп көрсетілген. 

Ғарыштық мониторинг көрсеткен нәтижелер бойынша енді қандай жұмыс­тар атқарылып жатқанын білмек ниетпен   Экология және табиғи ресурстар министр­лігіне қарасты Қалдықтарды басқару де­партаментінің басқарма басшысы Аблай Әлмухановпен арнайы хабарластық. Департамент басшысы бүгінде қалдық­тарды заңсыз төгу  біршама реттеліп келе жатқанын айтады. «2000-жылдары еліміз бойынша заңсыз төгілген қалдықтардың ошағы шамамен 8000 болса,  қазір орта есеппен 5000, не одан да аз тіркелуде. Бұл, әрине, оң көрсеткіш. Біз «ҚазҒарышпен» бірлесіп қала мен облыс орталықтарының маңайын 50 шақырым радиуста бақы­лаймыз. Дегенмен тұрғындарды әлі де болса мәдениеттілікке үйрете түсу қажет. «Таза Қазақстан» акциясы бұған үлкен дәлел болып отыр.  Қазір министрлік ар­найы заң жобасын әзірлеп, Парламентке ұсынды. Егер заң қабылданар болса, жағдай бұдан да тәуір болады деген сенім мол. Себебі қазіргі қолданыстағы заңна­мада заңсыз қалдық тастаған тұлғаларға қойылар талап пен айыппұл жеңіл. Сон­дықтан кәсіпорындар қалдықты қоқыс алаңына тасығаннан гөрі айып төлеп, құтылуды жеңіл санайды. Енді бұлай бол­майды. Заң бұзған тұлға қомақты көлемде айып арқалап қана қоймай, мүлкін тәр­кілеу арқылы жазаланбақ. Бұл – әлемде дамыған елдерде де қолданылатын тә­сіл», – дейді басқарма басшысы.    

Қазір Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет жоғарыда атап өткендей, халық арасында экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын пысықтауға кіріскен. Құжат биылғы 1 қыркүйекке дейін да­йын­­­далып, Парламенттің төменгі пала­тасына ұсынылмақ. Алдын ала бел­гілі бол­ғандай, тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін әкімдіктер алдағы 5 жылға арналған тиіс­ті өңірлік жоспар қабыл­дайды. Сөй­тіп, 5 жыл бойына тазалық мәселесі бас­ты орын­­да болмақ. Біз 5 жылдық жоспар әзір­леп жатырмыз, бұл да дұрыс шығар. Ал әлемде тазалық мәселе­сін бола­шақ­тағы 100 жылға межелеген елдер де бар екен. 

Сонымен, сарапшылар алдағы 100 жыл­ды межелеп қойған елдер мен қала­лардың тізімін жасағанда Герма­нияның бірнеше қаласы, Швейцария, Швеция, Жапония, Норвегия,  Сингапур, тағы басқалар ерек­шеленген.  

Германиядағы Гамбург мегаполисінде тұрғындарының экологияға жана­шыр­лығы сонша, олар өздерінің жеке көлік­терінен бас тартқан. Осылайша, қала хал­қының 85 пайызы қоғамдық көлікке ауысқан. Тіпті, көшеде көлденең жатқан бір тал шөп болмайтын көрінеді. Бізде қала таза болуы үшін деп көшелерге қоқыс салатын арнайы жәшіктер орнатып жа­тамыз. Ал Гамбург қаласының әкім­шілігі  қала таза болуы үшін деп қоқыс жәшіктерін түгел алып тастаған.  Бір қы­зығы, бұл жағ­дайдан соң қала тазалығы тағы да 17 па­йызға жақсарған екен. Со­нымен қатар ғалымдар жоғарыдағы таза деген тізімге енгізілген қалалар мен елдерде өмір сүру ұзақтығы әлем бойынша ең жоғары көр­сеткішке ие болатынын айтады. Мы­салы, жапондар арасында ұзақ жасау­шы­лардың орташа жасы 82 болса, Швейца­рияда 81 жас деп белгіленген.

Президенттің бас болып ең алдымен тазалықты қолға алуымыздың мәні бекер емес. Бүгінгі буын мен өскелең ұрпақ таби­ғи өнімді тұтынып, таза ауамен де­малып, сапалы су ішкенін қаласақ, эко­логиялық сана мен мәдениетті қазірден қалыптастыруымыз керек. 

Бердібек ҚАБАЙ