Осы уақытқа дейін зорлық-зомбылық тақырыбы талай жерде айтылып та, жазылып та келді. Осы бір шулы тақырып түрлі ортада қызу талқыға түсті, қоғамдық резонанс тудырды. Ақыры көптің тілеуі қабыл болып, биыл елімізде әйелдер мен балалар құқығын қорғайтын жаңа заң қабылданды.
Осы ретте аталған заңның енгізілуіне қоғамда ашық көрініс тапқан келеңсіз оқиғалардың да ықпал еткенін атап өткеніміз жөн. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, былтыр полицейлерге республика бойынша 125 мыңға жуық арыз келіп түскен. Жаңа заңнама шеңберінде (2023 жылдың екінші жартыжылдығында) тұрмыстық жанжалдар бойынша 50 мың өтініш қаралған. Сол өтініштердің 64 пайызына әкімшілік іс жүргізілген. Әкімшілік қамауға алынғандардың саны екі есеге артса, сотта 27 мыңнан астам отбасы татуласқан.
Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын заң қабылданса да, өкінішке қарай елімізде әлі күнге дейін қыз-келіншектер мен балаларға жасалатын қысым тоқтамай тұр. Заң жүзінде іске асса да, қабылданған ресми құжат кейбір азаматтарға әсер етпей тұрған сыңайлы. Таяуда Алматы қаласында ер адам өз көлігімен әйел жүргізушінің көлігін соғып, кейін оны ұрмақ болғаны туралы ақпарат желіде желдей ескен еді. Әйел мен бала құқығы заң жүзінде қолға алынса да, жайсыз фактілер неге азаймай тұр? Неліктен қоғамдағы теріс әрекеттерге заң тұсау сала алмай отыр? Әлде заң әлсіздік танытып отыр ма? Осы және өзге де сауалдарымызға жауап алу мақсатында мамандармен байланысқа шығып, пікірін білген едік.
Заңгер Тілеужан Кішкенебаев бұрын жеңіл жарақат келтірілген ұрып-соғу фактілері бойынша Қылмыстық кодексте арнайы бап болғанын атап өтті. Оның сөзінше, кейіннен оны Әкімшілік сотқа берді. Әкімшілік сотта отбасындағы ұрып-соғу фактісі бойынша жеңіл түрде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Тілеужан Кішкенебаев отбасында ұрыс-жанжал болып, әйелдер зорлық көрсе, өкінішке қарай көп жағдайда олар полиция шақырып арызданбайтынын, арызданған күннің өзінде іс қараусыз қалып жататынын түйреп өтті.
– Қазір заң өз жұмысын атқарып отыр. Жоғарыда айтып өткенімдей, көбіне отбасы жағдайында әйел адам қорлық көрсе де үнсіздік танытып, арыз жазбайды. Жағдайға кешіріммен қарап, «балаларымның әкесі ғой» деп өзара татуласып жатады. Ал мұндай кезде іс қысқартылады. Іс қысқартылған соң жұдырық сілтеген адам жауапкершілікке тартылмайды. Осындай үнсіздіктің салдарынан отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамда кең етек алып жатыр. Егер әйелді ұрған адамға бір рет ескерту беріліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылса, ол алдағы уақытта ұрып-соғу әрекеттерін жасамас еді. Жай ғана Бишімбаевтың іс-әрекетін алып қараңыз.
Бүгінде Президенттің Жарлығымен әйел мен бала құқығы Қылмыстық кодекстен орын алып, қазір аталған заң бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл дегеніміз егер әйелге жеңіл жарақат келтірілсе, мұнда әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың әсерінен түбінде әйелдер зардап шегіп, соңы үлкен қайғы-қасіретпен аяқталады. Сондықтан әйелдер отбасындағы зорлық-зомбылыққа, ұрып-соққанға бейжай қарамауы тиіс. Тіпті, кейде ерлі-зайыптылардың арасында келеңсіз жағдай болса, әйел адамдар полиция шақырып, кейін арыз жазбай қояды. Нәтижесінде, күйеуі жазасыз қалады, отбасындағы зорлық-зомбылық одан сайын өрши береді. Соңында әйел тірі өлікке айналады немесе тіпті адам өлімімен аяқталуы мүмкін, – дейді Т. Кішкенебаев.
Бүгінде белгілі заңгер, гендерлік зорлықпен күрес бойынша қоғам белсендісі, Human Rights Lawyers ҚҚ төрағасы Ләззат Рақышевадан көмек күтіп, тығырықтан алып шығуды сұрап хабарласатын қыз-келіншектер аз емес. Заңгердің айтуынша, орталыққа айына шамамен 150-ге жуық, тіпті кейде 180-ге дейін қоңырау келіп түседі. Статистикаға сүйенсек, орталыққа хабарласушылардың дені – көктем мен күз айларында көмек сұрап, байланысқа шыққан.
– Жаңа заң күшіне енгелі көп уақыт бола қойған жоқ. Заң қабылданған соң елде зорлық-зомбылық фактілері тоқтайды деген қате түсінік. Бұл зорлық-зомбылықтың түп-тамыры қайдан шығып жатыр? Біздің орталығымызға айына тұрмыстық, жыныстық зорлық-зомбылық көрген, онымен қоса буллинг зардабын тартқан қаншама бала мен ана хабарласады. Біздің міндетіміз – оларды барынша қорғап, психологиялық көмек көрсетеміз, заңгерлік кеңес береміз. Қазір елімізде 49 дағдарыс орталығы бар. Барар жері, басар тауы қалмаған аналарға сол дағдарыс орталығына баруға кеңес береміз. Халықтың ортасында жүрген соң әйел мен бала құқығына қатысты жаңа заңның қабылдануына байланысты неше түрлі қауесетті естимін. «Қазақта «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дейді ғой, сондықтан үй ішіндегі ыдыстың сылдырын сыртқа шығарып не керек?! Ол үйдегі проблема» деп заңға агрессивті көзқарасын танытқан ер адамдарды да көрдім. Бізге келіп түскен қоңыраулардың арасында ең көп хабарласқандар – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған әйелдер, – дейді ол.
© коллаж: Елдар ҚАБА
Осыдан бірер апта бұрын заңгерге таңғы уақытта Түркістан облысынан алты баланың анасы шырылдап хабарласқан. Ләззат Рақышеваның сөзінше, ішімдікке тойып алған күйеуі әйелдің өзімен қоймай, 11 жастағы ұлын да жұдырық астына алған. Айқай-шуды естіп үйінен жүгіріп шыққан көршілері полицияны шақырып береді. Жәбір көрген әйел учаскелік полиция қызметкері күйеуін алып кеткенін, бірақ арадан 2-3 сағат өткеннен кейін жолдасының үйіне қайта оралғанын айтқан.
– Полиция қызметкерлері неліктен ер адамды үйіне қайтарып жібере салды деп сұрасам, ішімдіктен ес жиған соң екен. Күйеуі үйге келіп қоқан-лоқы көрсетіп, әрі қарай тағы да шу көтереді. Қабылданған заң негізінде ұрып-соққан адам қамалуы керек, өйткені бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Кейіннен бұл отбасының жылдар бойы ұрыс-жанжалдан көз ашпайтыны, күйеуінің бірнеше рет қамалғаны белгілі болды. Полиция әйелден арыз хатын алады, бірақ оны оқып қарасаңыз, әйелдің қорқып қалғаны айқын көрініп тұр. Неліктен? Себебі ол күйеуінің өз баласын ұрып-соққанын арызда айтпайды. Мен әйелден баласының да, өзінің де құқығын неліктен қорғай алмай отырғанын сұрадым. Бұл ретте әйелді кінәлаудың қажеті жоқ шығар. Өйткені тұрмыстық зорлық-зомбылықты көру әйел үшін нормаға айналып кеткен. Әйелдің әбден еті үйреніп қалғаны сонша, ол өз құқығын білмейді. Зорлық кезінде ата-ана тарапынан қорғалмаған баланың психологиясы сынады. Келешекте мұндай отбасынан өсіп шыққан балалар ортада өзін-өзі қорғай алмайды. Әлгі хабарласқан түркістандық келіншек не істерін білмей дал болғанын, полиция күйеуін он күннен кейін қайта жібере салатынын, ал оның үйге келіп қырғын шығаратынын айтады. Әйелі мен баласына күн көрсетпейтін мұндай еркекті есепке қою қажет, – дейді заңгер.
Сонымен қатар дағдарыс орталықтарын паналап, заңгердің көмегіне жүгінетіндердің арасында әйелдерден өзге балалар да бар. Ләззат Рақышева жәрдем сұрап үмітпен келушілердің ішінде әлі үлкен өмірге аяқ баспаған, өрімдей жас балалардың көп екенін айтып ашынады.
– Айына кем дегенде 17-20 баладан өтініш пен түрлі мазмұндағы хаттар келеді. Оларың айтатыны: «Менің әкем алқаш, әкем анамды ұра береді, ҰБТ-ға дайындала алмай отырмын, анам мені түсінбейді» дейді. Тек үйде емес, қоғамда, соның ішінде балабақшадан бастап балаларға зорлықтың қылмыс екенін ұғындырғанымыз жөн. Балабақшадан кейін мектепте мұғалімдер мен психологтер жұмыс істеуге тиіс. Негізінен, ата-аналар балаға 18 жасқа дейін жауап беретінін білуі керек, – дейді құқық қорғаушы Л.Рақышева.
Иә, қыз-келіншектердің тағдыры туралы сөз қозғалғанда бала құқығынан айналып өте алмаймыз. Себебі отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбанына айналып қана қоймай, жастайынан өз ортасында буллингке ұшырайтындар да – кәмелет жасына толмаған балалар. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның дерегінше, 2023 жылдың қараша айындағы көрсеткіш бойынша елімізде 25 бала ажал құшқан. Қорқыныштысы сол, оның ішіндегі 6 бала жақындарының қолынан қаза тапқан. Статистикаға сүйенсек, былтыр еліміздегі балалардың 60 пайыздан астамы буллинг құрбанына айналса, 45 пайызға жуығы дискриминацияға ұшыраған.
Ләззат Рақышева балаларға өз жыныстық ерекшеліктерін қабылдауды ғана емес, оны қорғауды да үйрету маңызды екенін атап өтті. «Әр бала өз жеке шекарасын қорғай білу дегеннің не екенін түсінгені дұрыс», – дейді ол.
– Жыныстық тәрбие дегеніміз – баланың өз жынысын танып, білуі. Қабылдау бағытында қажетті мәліметті беру, үйрету және балаға көмектесу ата-ананың міндеті саналады. Көп жағдайда ата-аналар жыныстық қатынас тақырыбында баламен ашық диалогке бара бермейді. Негізі, жыныстық тәрбиені балалық шақтан бастаған абзал. Ұл бала да, қыз бала да өз жыныстық ерекшеліктерін танып, оны толықтай қабылдағаны жөн. Белгілі бір сәттерде балалардың өтпелі кезеңі болады. Мұндай уақытта ағзада өзгерістер болатынын алдын ала ескертіп, түсіндіргені абзал. Бала ертерек хабардар болса, барлығына дайын болады және не істеу керек екенін біледі. Өтпелі кезең ұл балалар үшін 10-15 жас, ал қыз балаларда 9 бен 14 жас аралығында өтеді. Қазіргі дамыған заманда балалар көп ақпаратты біз айтпай-ақ біледі. Дегенмен біз зиянды тұстарын түсіндіруіміз қажет. Иә, біздің уақытымызда мұндай тақырыпта ешкім сөйлеспейтін. Бұл ең ұятты тақырып еді. Енді алдағы уақытта балаларымыздың тәрбиесіне, олардың қоршаған ортасына, араласатын достарына мән беруіміз керек, – дейді құқық қорғаушы.
Сөз соңында құқық қорғаушы үйдегі жанжал жабық есік артында қала берсе, отбасылық құндылықтар қирайтынын айтып ұл-қыз тәрбиелеп отырған ата-аналарға үндеу жасады.
– Таяқтан көз ашпаған ана ұл мен қызына тәлім-тәрбие бермек түгілі жарытып көңіл бөле алмайды. Салдарынан қоғамға бейімделуі төмен, ортаға сіңу қабілеті дамымаған, ерік-жігері жасық ұрпақ өсіп келеді. Бала кезінен зорлық-зомбылықты көріп, психологиялық соққы алған балалар кейін сол әрекетті өз шаңырағында қайталанатынын қазірдің өзінде байқап жүрміз. Бақытсыз отбасында өскендер – бақытсыз отбасының негізін құрайды. Бақытсыздық шеңбері мәңгілікке жалғаспауы тиіс, – деп сөзін түйіндеді Л. Рақышева.
Бақытты отбасы – бақытты мемлекет. Отбасылық құндылықтар, әйел мен бала құқығы тақырыбы қай заманда болмасын өзектілігін жоймайтыны анық. Десе де, қоғамда болған сұмдық жағдайларға көз жұмып қарауға болмайды. 2022 жылы балалардың өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша 155 жағдай тіркелсе, былтыр еліміз суицид көрсеткішінде 178 мемлекеттің ішінде 19-орынға тұрақтаған. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Мұндай қорқынышты цифрларды одан әрі асқындырмау үшін – заң мен қоғам, мемлекет пен отбасы күш біріктіріп, бір мүддеге жұмыс істеуі тиіс.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы