Баланың тісін орта білімді стоматолог жұлған.
«Бала мүгедек болып қалған»: Қызылорда тұрғыны стоматологты сотқа берді
965
оқылды

Қызылордада орталық қалалық емхананың балалар стоматологиясында тісін емдеткен бала мүгедек болып қалған, – деп хабарлайды Aikyn.kz 

Анасы емханаға барған күні дәрігер баланы емдеп, тісін  жұлып тастағанын айтты. Емдеуден кейінгі келесі күні баланың жақ сүйегі ісініп, жалпы денсаулығы нашарлаған. 

Кейін балаға облыстық көпсалалы аурухананың жақ-бет бөлімшесінде «Сол жақ төменгі жақтың жедел іріңді одонтогенді флегмонасы, 7,5 тісін жұлғандағы жағдайы» диагнозымен екі рет ота жасалған.

Арада алты ай өткенде баланың жақ сүйегі қайта ісіп, іріңді жарасы жазылмағандықтан, олар Алматы қаласында ақылы негізде хирургиялық ем арқылы ауруханада емделуге мәжбүр болған.

– Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті ананың шағымы бойынша жүргізілген емхананы тексеру қорытындысына сәйкес, емхана тіс дәрігері кәмелетке толмаған балаға медициналық көмек көрсету кезінде клиникалық диагностика және емдеу хаттамаларын сақтамаған. 

Оның тісін орта медициналық білімі бар стоматолог жұлған. Емдеу алдында жақ сүйегінің рентгенографиясы объективті тексерілмей, асқынулар – төменгі жақтың қабыну процесі болған, – делінген Жоғары соттың мәліметінде.

Баланың анасы стоматологиялық емханадан өзіне келтірілген моральдық және материалдық шығынды өтеуді сұрап, сотқа жүгінген.

Ол өз шағымында емханадағы медицина қызметкерінің салғырттығынан және алғашқы медициналық көмекті дұрыс көрсетпеуінен ауру асқынып, бала 2 жылға жуық ұйықтай алмай, дәрігерлердің қорытындысы бойынша мүгедек болып қалғанын көрсеткен. 

Сондай-ақ оларға ақылы негізде үш операция жасатуға, тіс емдеуге және дәрігерлерден кеңес алуға мәжбүр болғанын да айтты.

Сот стоматологиялық емханадан моральдық шығын мен материалдық шығын үшін 1,5 миллион теңгеден астам өтемақы өндірді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.