Ауыл мектептері араша сұрайды

Ақмола облысындағы білім ордаларының жабылуы жөніндегі статистикаға көз жүгіртсек, көңіл құлазиды. Биылдың өзінде ғана облыс бойынша Білім күнін 9 мектеп қарсы алмайды. Алтауы жабылып, тағы үшеуі оқу жылы басталғанға дейін жұмысын тоқтатпақ. Сондай-ақ тағы бес мектеп қайта құрылып, бастауыш мектепке айналмақ.

Қазір бала санының азды­ғы­нан бұл білім ошақтарының әрқайсысының қақпаларына дәу қара құлып ілінген. Ал соңғы бес жылдың ішінде об­лыс аумағындағы 36 мектеп, ал соңғы он жылда жүзге жуық бі­лім ордасы жабылып тынып­ты. Жай қарапайым ғана сан сияқты болып көрінгенімен, мұның астарында өте қорқы­нышты статистика мен мың­даған  баланың тағдыры жатыр... 

Әлбетте, мәселенің бұлай өрбуіне бірінші кезекте білім орда­ларын­дағы бала санының аз­ды­ғы әсер еткені анық. Мұнымен қоса,  облыстың ондаған ауыл­ындағы  шағын комплектілі мектептерде бала санының аздығынан бірнеше сыныпты қосып, бірге оқытып жатқан жағдай көп. Ал мұндай жағдайда оқыған балалардың білім сапасы туралы айтудың өзі ұят. Бұл дегеніңіз алдағы бір­неше жылда тағы да шалғайда жатқан ондаған ауыл мектебінің оның артынан ауылдардың орнының үңірейіп қалуына тікелей себепкер болмақ. Өйт­кені облыс аумағында халық­тың көшіп кетуінен тағы да жүзден аса мектептің жабы­лып қалу қаупі төніп тұр.  

Осының салдарынан об­лыстағы мыңдаған оқушы көрші ауылдарға қатынап оқуға мәжбүр. Ал жүздеген бала ата-анасының қасынан ерте кетіп, мектеп-интернаттарда тұрып жатыр. 

Облыстық Білім басқарма­сының бұқаралық ақпарат құралдарына таратқан мәлі­меттеріне сенсек, мектептердің жабылуы салдарынан биыл 4,5 мыңға жуық бала көршілес ауылдарға күн сайын қатынап оқыса, 200-ден астамы интер­наттарда білім алмақ.  

Білім басқармасының дере­гінше, дәл бүгінгі күнге облыс аумағында 522 мектеп жұмыс істейді. Қорқыныштысы сол,  аталған білім ордаларының 67 пайызы ықшамдалған. Яғни, сынып комплектілері толма­ған­­дықтан, бір сыныпта 2-3 сыныптың баласы бірге оқуға мәжбүр. Бұл өңірдегі оқушы­лардың білім сапасына да кері әсер ететіні түсінікті. Елдегі білім беру стандарт­тарына сәйкес бастауыш мек­теп­терде – 5, негізгі білім беру мектеп­терінде 41 бала болуға тиіс. Алайда дәл қазірдің өзінде 122 білім ошағының бұл талап­қа сай келмей жабылудың аз-ақ алдында тұрғаны анықталды. Сондай-ақ өңірде 340 мектеп бала санының азды­ғы салдары­нан шағын ком­плек­­тілі мектеп­ке айналған. 

Мектеп жасындағы бала­лар­дың аздығынан кейбір ауылдарда тұрғындар мектеп­терін сақтап қалу үшін өздері ұйымдасып елге шақыруды ұйымдастыр­ған. Мәселен, Зеренді ауданына қарасты Қызылегіс ауылының тұрғын­дары жабы­лу­ға шақ қалған мектебі мен ай­рандай ұйыған ауылын сақ­тап қалуға тырысып ауылға келген отбасыларға өз отбасы­ларының аузынан жы­рып, алдына мал салып, тегін үй мен қора-қопсысына дейін беріп күтіп алмақ. 

Жабылудың аз-ақ алдында тұрған ауылдардың біріне айналған бір кездегі іргелі ауылда қазір бар-жоғы 20 бала оқиды. Оқушылардың саны негізгі мектеп қылуға да жет­пей­тіндіктен, бастауыш мектеп қылуға шешім қабылданыпты. Салдарынан әлі бұғанасы қатып үлгермеген бірнеше бала аудан орталығы Зерендіге қаты­нап оқитын болған. Мұндағы бірнеше отбасы қазірдің өзінде қалаға қоныс аударуды көздеп отыр. Мектепте бастауыш сы­ныптар ғана қалғандықтан, бірнеше мұғалім де жұмыссыз қалған. Ауылды сақтап тұрған білім нысаны екенін көкейімен түсінген ауыл адамдары хабар­ландыру таратып, көпбалалы отбасыларды шақыруға көш­кен. Ауыл ақсақалы Елубай Мұқашев келген отбасыларға жұмыс пен баспана ұсынуға да дайын екенін айтады. 

– Біз мұнда келген көп­балалы отбасыларға тегін үй ұсынамыз. Алдына азын-аулақ мал беріп, қысқы жем-шөбін де дайындап береміз. Ауылда мектеп пен әкімдікте жұмыс та бар. Біз ауыл азаматтары мек­тебіміздің жабылуына қарсы­мыз. Егер мектепті жапса, бәрі жаппай көшіп кеткелі отыр. Сондықтан кіндік кескен ауы­лымызды сақтау үшін ауылда тұрғысы келетіндерді іздеу­деміз. Біз тіпті су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға да бардық. Бізге көшіп келуге үгіттедік. Әрине, қызығушылық танытқандар көп болды, – дей­ді ауыл ақсақалы Елубай Мұ­қашев. 

Қызылегіс ауылына көр­шілес Көктерек ауылындағы мектептің жағдайы бұдан да мүшкіл. Мұнда осыдан екі жыл бұрын негізгі мектеп болып небәрі 30 бала ғана қалған. Енді оқушы мүлдем болмауынан мектеп жабылып тынған. Сондай-ақ осыған дейін бас­тауыш сыныпты мектептер бол­ған Ұялы және Бұлақ ауыл­дарындағы мектептер де жа­был­мақ. 

Облыста алдағы жылдары тағы ондаған мектепке жабылу қаупі төніп тұрғанын облыстық Білім басқармасының басшы­лығы да мойындады. 

– Биыл жауып тастамаған күннің өзінде келесі жылы ол жерде өсу динамикасы бар ма, соған қараймыз. Өсу дина­микасы болса, ол мектептерді қалдырамыз. Ал алдағы уақытта  оқушылардың өсуі болмаған жағдайда ол мек­тептер жабы­лады, – деді БАҚ өкілдеріне пікір білдірген Ақмола облысы Білім бас­қармасы басшысының орын­басары Ботагөз Дүйсе­нова.

Болашағы бұлыңғырланып, білім ошақтары жабылып жатқан ауылдардың ертең-ақ тоз-тоз болып тарап кететіні бе­сене­ден белгілі. Ал бұл бірін­ші кезекте елдің қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретін саяси мәселеге айналмақ. Сондықтан мектептердің жабылуының артында еліміз үшін аса маңыз­ды стратегиялық жағдайдың тұрғанын, аудан және облыс­тағы жергілікті атқарушы билік, құзырлы министрліктер, Парл­амент пен Үкіметтегілер кө­кейі­нен шығармаса екен дей­міз.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы