Мектепке дейінгі тәрбие жұмысы – басты назарда
Шымкент қаласындағы 982 білім беру ұйымында 415 908 тәрбиеленуші білім алуда. Білім беру ұйымдарының 258-і мемлекеттік болса, ондағы бала саны 258-ді құрайды, қалғандары жекеменшік білім беру ұйымдарында. Мемлекет басшысының Жолдауында мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек екені аталған. «Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үшінші мегаполисте бүгінде 611 балабақша жұмыс істеп тұр. Орын тапшылығын жою мақсатында 2023 жылы 30 балабақша ашылып, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту үшін 2 945 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген. Биыл балаларды 2 жастан бастап мектепке дейінгі біліммен қамту, жекеменшік балабақша есебінен санын арттыру бағытында мемлекеттік тапсырыс негізінде 3 150 орынмен қамту жоспарланған. Жоспар бойынша биыл жаңадан ашылатын 32 балабақшаның 13-і сәуір айында ашылып, 242 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген. Нәтижесінде, 1-6 жас аралығындағы кезекте тұрған 86 387 баланың 86 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылса, 2-6 жас аралығындағы 83 590 тәрбиеленушінің 89 пайызы бөбекжаймен қамтылған. «Жыл соңына дейін балабақшаларды мемлекеттік тапсырыс аясында қосымша 2 100 орынмен қамтамасыз ету күтіліп отыр. Оның 100 орны ата-аналарға ваучер беру арқылы жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар қыркүйек айында 14 балабақша және желтоқсан айында 5 балабақша ашылады», – деп атап өтті басқарма басшысы Нұргүл Ақылбекқызы.
«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», – дейді Президент өз Жолдауында. Шымкент қаласында орта білім берудің бағыты бойынша 2024-2025 оқу жылына 1-сыныпқа 26 979 оқушыны қабылдау жоспарланған. Биыл пайдалануға берілетін 12 мектептің 9-ның ашылуы жаңа оқу жылында жоспарланған. Яғни, жалпы 9 жайлы мектепке 9 300 оқушыны өзге мектептерден ауыстырып, 13 мектеп 1 ауысымға көшіріледі. Жалпы, 12 жайлы мектепке кадр резервіндегі 9 кандидат директор лауазымына тағайындалған.
Ерекше білім беруді қажет етеді
Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс істелді. Президент бұл бағытта әлі де біршама өзгеріс жасау қажет екенін атап өтті.
Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Сондай-ақ ұстаздардың құзырет аясы айқындалады. Бүгінде министрдің бұйрығына сәйкес педагог лауазымына бірнеше талап арқылы конкурс негізінде қабылданады. Шымкент қаласында 2023-2024 оқу жылында білім беру ұйымдарындағы 747 бос орынға 2 119 адам қатысып, 475 педагог іріктеліп, жұмысқа қабылданған.
Мемлекет басшысының «Техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керек» деген сөзі бар. Соңғы жылдары кәсіптік білімнің көкжиегі кеңейіп, мемлекет тарапынан біршама мүмкіндік қарастырылуда.
Шымкент қаласында 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының желісі 38 колледжді құрады. 38 колледжде 47 020 студент білім алды. Оның 23 587-і бюджет шеңберінде мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алды. Биыл колледжер саны тағы 2-еуге көбейді. Брифингте Нұргүл Ақылбекқызы қазір 2024-2025 оқу жылына еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау мақсатында 11 500 талапкерді мемлекеттік тапсырыс негізінде қабылдау шаралары жүзеге асырылып жатқанын айтып өтті. «Алдағы 2024-2025 оқу жылында жұмыс беруші кәсіпорындардың есебінен 15 жекеменшік колледжде 51 талапкерді қабылдау жүзеге асырылады. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін сұранысқа сәйкес 5 мамандық бойынша 75 орын бөлініп отыр», – деді басқарма басшысы.
Ал қазір колледждерге 12 мыңнан астам талапкердің құжаты қабылданған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес студенттердің стипендиясын 2 есе ұлғайту жұмыстары қатаң жүзеге асқан. Аймақта түлектерді жұмысқа орналастыру шаралары назардан тыс қалмайды. 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша 11 035 бітіруші колледжді аяқтаса, оның 9 246-сы жұмысқа орналасқан.
«Ата-аналар мен оқушылар алған білімінің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезінуге тиіс. Сондықтан олармен де үнемі әріптестік қатынас орната білу керек. Осы мақсатта жеке білім беру ваучерлерін енгізу жоспарланып отыр», – деп атап өткен еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жеміс берер жобалар
Бүгінде бұл тұрғыда пилоттық жоба енгізілген. Пилоттық жобаның мақсаты – дербестендірілген қаржыландыруды ескере отырып, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және «Жалған орындар» тәуекелдерін азайту, бюджет қаражатының атаулылығы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету. Пилоттық жобаның операторы болып «Қаржы орталығы» АҚ айқындалған, яғни барлық іс-әрекет солардың қатысуымен жүргізіледі.
Ваучерлік қаржыландыруда мектепке дейінгі ұйымдарды таңдау құқығы ата-аналарға беріледі және «Ақша балаға ереді» қағидаты жүзеге асырылады. Бала қай балабақшаға ауысса, қаражат сол балабақшаға ата-ана қатысу парағын растағанда аударылады. Сонымен қатар баланың бір балабақшадан екінші балабақшаға ауысу мәселесі оңайлатылады. Егер бала басқа елді мекенге көшсе, мемлекеттік тапсырыстың күші жойылады. Бүгінде «Қаржы орталығы» АҚ мен Шымкент қаласының Білім басқармасы арасында:
• тапсырма шарты жасалды;
• пилоттық жобаны іске асырудың Жол картасы әзірленді;
• мемлекеттік тапсырысты алатын балабақшалардың қалыптастырылған тізбесі операторға («Қаржы орталығы» АҚ) жолданды.
Шымкент қаласының Білім басқармасында жүзеге асып жатқан жобалардың қатарында «Тәлімгерлік мектептер» жобасы бар. Жоба шеңберінде білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесінің өзекті мәселелері бойынша педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерінің әлеуетін арттыру және тәжірибе алмасу үшін жаңадан тағайындалған мектеп директорларының тәлімгерлері ретінде мектеп көшбасшыларының директорларын бекіту көзделеді. Ал «Мобильді мұғалім» педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады. «Жоба аясында үздік және озық тәжірибелі педагогтердің сабақтарынан база жасақталуда. Үздік сабақтарға әдіскерлер тарапынан талдау жасалып, жинақталуда. Тәжірибе алмасу мақсатында Әдістемелік орталықтың YouTube каналына жүктелуде. Қазір жалпы «Мобильді мұғалім» жобасын іске асыру мақсатында үздік педагогтердің 136 сабағы Әдістемелік орталықтың YouTube каналында жинақталды», – дейді Білім басқармасының басшысы.
Сонымен қатар «Сапалы білім» жобасы – білім алушылардың білім сапасын арттырып, әр оқушының сапалы білім алуына жағдай жасап, пәндерді оқытуда функционалдық сауаттылықты қалыптастырып, командалық жұмыс арқылы педагогтердің уәждемесін арттыруды көздейді. Жоба аясында мұғалімдер мен мектеп басшыларына нақты әдістемелік көмек көрсетіледі, сондай-ақ сабақтардың сапасын арттыру мақсатында басқа мектептерде сабақ беретін пән мұғалімдеріне қолдау көрсетіледі.
Брифингте осы және басқа да үшінші мегаполистің білім саласында атқарылған жұмыстары мен жаңашылдықтар айтылды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы