Жұртшылық өз ойын бүкпесіз жеткізді. Оны ұйымдастырушылар алқасы көңіл дәптеріне түртіп алып та жатқан болар. Біздің бір көзіміз жеткені, қарсы пікір білдіргендердің көбі оның пайдалы екеніне күмәнсіз қарайтыны, тек экологиялық қаупіне алаңдайды. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жүргізген сауалнама да осыны айғақтап отыр.
53,1% қолдайды
Халық АЭС салу идеясына қалай қарайды? Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 7-18 тамыз аралығында жүргізілген телефон арқылы әлеуметтік сауалнама осы туралы болды. Оған 17 облыстан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 1 200 респондент қатысқан екен. Олардың көпшілігі, яки 53,1%-ы АЭС салу идеясын қолдайтынын білдірген. Оған үлкен үміт артатынын, әсіресе, 2030 жылға қарай электр энергиясы тапшылығы жойылатынына сенетінін айтқан. Ал АЭС салу идеясына қарсылар – 32,5%. Олар негізінен ықтимал апаттар мен олардың қоршаған ортаға тигізетін зардаптарына алаңдаушылық танытады. Сонымен қатар әрбір оныншы респондент, яки 14,4%-ы әлі өз таңдауын жасамаған.
«Сондай-ақ респонденттердің жартысы – 51,0%, өздерін АЭС құрылысына қатысты референдумда «қолдау» немесе «қарсы» деп дауыс беру үшін жеткілікті ақпарат пен білім деңгейіне иеміз деп санайды. Респонденттердің тағы 12,2%-ы ол туралы жеткілікті білмейтінін мойындайды. Сауалнамаға қатысқандардың 31,6%-ы АЭС туралы мүлдем ештеңе білмейтінін айтады. Ал 5,2%-ы жауап беруге қиналды. Сауалнама барысында респонденттердің 42,6%-ы АЭС салу мәселесі бойынша референдумға қатысуға толыққанды ниет білдірді. Тағы бір 16,4%-ы қатысу мүмкін екенін жеткізді. Респонденттердің 25,3%-ы референдумға қатыспайтынын айтса, 8,9%-ы қатыспауымыз мүмкін деді, ал 6,8%-ы жауап беруге қиналды», – дейді Президент жанындағы ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің басшысы Салтанат Ермаханова.
Жария талқылау – қоғаммен диалог
Еліміздің барлық өңірінде жария талқылаулар циклі өткені белгілі. 17 облыс пен 3 мегаполисті қоса алғанда, 20 жиын өтті. Соның соңғысы Астанада болған еді. Қай кездесуге де атом саласының сарапшылары, мемлекеттік органдардың, жұртшылық пен азаматтық сектордың өкілдері қатысты. Талқылаулар қызу пікірталаста өрбіді. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, АЭС құрылысына дайындық, сондай-ақ атом саласы үшін кадрлар даярлау мәселелері қозғалды. Мамандар қоғам өміріне бейжай қарамайтын азаматтарға атом генерациясы және ядролық технологиялар туралы түсіндірді. Мәселен, Астанадағы жиында Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова өз сөзінде Қазақстанда электр энергиясының 70%-ы көмір стансаларында өндірілетінін, олардың орташа тозуы 70%-дан асатынын атап өтті.
«Бұл стансалардың кейбірі келесі 10 жыл ішінде пайдаланудан шығарылуы керек. Ал елімізде электр энергиясын тұтынудың жыл сайынғы өсімі шамамен 3%-ды құрайды. Ең жоғары сағаттарда Қазақстан шекаралас елдерден электр энергиясын жоспарлы түрде сатып алады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша тұтынылған 115 млрд кВтсағ энергияның 2 млрд кВт сағатынан астам көлемі Ресей Федерациясынан жоспарлы түрде сатып алынды. Болашақта бұған жол бермеу үшін біз қазірдің өзінде тиісті шаралар қабылдауымыз керек. Қазір көптеген ел АЭС салуда. Қытайда 26 реактор салынып жатыр, Беларусь пен Біріккен Араб Әмірлектері өзінің алғашқы атом электр стансаларын салды, Түркия атом электр стансасын салуда, ал көршіміз – Өзбекстан шағын атом стансасының құрылысы туралы жариялады», – деді ол.
Ал «Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директоры Эрлан Батырбеков жиналғандарға мамандандырылған физикалық кедергілер мен апатқа қарсы әрекет ету шараларының жиынтығы туралы айтып берді. Сөзінше, қазіргі заманғы АЭС терең эшелондалған қорғаныс жүйесінен тұрады екен. Қазіргі заманғы реакторлардағы пассивті салқындату жүйелері оператор тарапынан толық әрекетсіздік болған күннің өзінде үш тәулік ішінде апаттық реактордан жылуды өз бетінше бұруға қабілетті. Қазақстанда АЭС салу үшін бір-бірін сәтті толықтыратын және өзара алмастырылатын пассивті және активті қауіпсіздік жүйелері бар III және III+ буынды барынша қауіпсіз реакторлар ұсынылуда.
«Мұның бәрі бүгінгі күні 8 балға дейінгі жер сілкінісіне, 56 м/с жылдамдықтағы дауылды желге, су тасқынына төтеп беруге мүмкіндік береді. Ықтималдығы аз ең ауыр апат болған жағдайда балқуды белсенді аймақта ұстап қалатын арнайы қоршау қарастырылған», – деді Эрлан Батырбеков.
«Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин Қазақстанның солтүстігінде электр энергиясы тапшылығы әзірге байқалмайтынын, алайда оңтүстікте жағдай күрделірек екенін айтады. Солтүстік-Оңтүстік желісі қазіргі уақытта 2 100 мегаваттқа дейін өткізіп тұр, бірақ бұл оңтүстік аймақтарды қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Ол жақта электр энергиясы тапшылығы 2,7 гигаваттқа дейін жететіні анықталып отыр.
Спикерлер сөз сөйлегеннен кейін талқылауға қатысушылар сұрақтар қойып, атом электр стансасының құрылысы туралы өз пікірлерін айта алды. Атом энергетикасы саласында тоғыз жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан Айнагүл Хаметова Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ІІІ курс докторанты екен. Жас ғалымның айтуынша, АЭС құрылысы жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірлерді дамытуға ғана емес, ғылымның дамуына да оң әсер етеді.
«Мен мұны ғылыми тұрғыдан зерттеп жатырмын және АЭС салу үшін көптеген қорғаныс материалы жасалып жатқанын білемін. 1950-жылдармен салыстырғанда бұл радиацияға төзімді және ыстыққа төзімді материалдар. Біз қауіпсіздік үшін алаңдамай-ақ АЭС-ті пайдалана берсек болады», – деп атап өтті ол.
Қазақстандық электр энергетикасы қауымдастығы төрағасының орынбасары Әлішер Құрбанәлиев ресми деректерге сәйкес 2030 жылға қарай жүйеде электр энергиясы тапшылығы шамамен 6% болатынын айтты. Сонымен қатар ең алдымен, көмір генерациясынан зардап шегетін Өскемен, Теміртау қалалары үшін экология мәселесі өзекті болып тұр. Ал ең бастысы Қазақстан – ядролық отын шығаратын аз елдердің бірі. Сондықтан да алғашқы АЭС-імізді салған жағдайда ешкімге қол жаймаймыз. Осылайша, қоғамдық талқылау барысында жиналғандар өз пікірлерін еркін айтып, референдумда өз таңдауларын жасайтынын ашық білдіріп тарқасты.
Көмірден көп арзан әрі таза
Жария талқылау барысында сөз сөйлегендердің бірі – Мәжіліс депутаты Никита Шаталов болды. Ол көмір электр стансаларына, атап айтқанда Қарағанды облысына жасаған сапары туралы айтып берді. Оның сөзінше, қала Топар ГРЭС-інен шығарылған күлге толы. Көмірдің күлі 60 жылдан бері жиналған, салдарынан «күл төбелер» пайда болған. Бұл ретте Мәжіліс депутаты мынадай бір мысал келтірді. АҚШ-тағы атом энергетикасы осы аталған уақыт кезеңінде супермаркет көлеміндей ғана атом қалдықтарын шығарған екен.
«Меніңше, радиоактивті қалдықтар туралы айтқан кезде бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Өйткені күлдің де зияны бар, жел соққан кезде ол Топар қаласына қарай ұшады, пәтерлерге кіріп, тыныс жолы арқылы өкпеге түседі. Бұл онкологиялық аурулар тудырады, еліміз мұндай жағдайға бұрын да тап болған», – деді спикер.
Сондай-ақ Никита Шаталов еліміздің экономиканы декарбонизациялау бағытына сәйкес болашақта көмір мен басқа да ластаушы генерацияны пайдалана отырып өндірілген әрбір өнім үшін тікелей ақшалай санкциялар енгізілетінін еске салды.
«Көмір шығаратын өңір Қарағанды облысының тумасы ретінде айтарым, мен көмірмен дем алғанымызды қаламаймын. Америкалық атом өнеркәсібі 60 жыл ішінде шығарған супермаркет көлеміндей ғана қалдықты біздің тұрғын үйлеріміздегі пеш 5-7 жыл ішінде шығарады», – деп атап өтті Никита Шаталов.
Нұрлан ҚОСАЙ