Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, Түркістанда ұлттық нақыштағы бутик-қонақүй ашылады. Құрылыс жұмыстарын «Түркістан» ӘКК» АҚ мен BI Group инвестициялық-құрылыс холдингінің еншілес компаниясы жүргізеді.
«Түркістан» ӘКК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, олар облыс орталығының сервистік және қонақүй қызметінің нарығын зерттеген. Нәтижесінде, ең перспективалы, болашақта маңызы бар жоба ретінде қаланың тарихи-мәдени орталығына орналасатын қонақүй салынатын болды.
Жаңа форматтағы қонақүй аумағы – 2 400 шаршы метр. 66 бөлмелі қонақүй қайта жаңартылған ғимаратта орналасады. Жобаны іске асыру барысында қонақүй бизнесіндегі халықаралық стандарттарды басшылыққа алу көзделген. Нысан құрылысын жүргізу мақсатында іздестірілген әлеуетті серіктес-инвестордың тиісті тәжірибесі мен біліктілігі, портфолиосы маңызды болыпты.
«Жалпы, бутик-қонақүй мен қарапайым қонақүй арасындағы айырмашылық – ең алдымен, батыл дизайнерлік шешімде. Интерьер жергілікті нақышта, тарихи, ұлттық, сондай-ақ туристерге өте тартымды қазақ халқының дәстүрлі элементтерімен өрнектелетін болады. Сондықтан серіктес ретінде елде имидждік және жаңашыл жобалар құрылысында бай тәжірибесі бар BI Group компаниясын таңдау дұрыс шешім болды. Жыл сайын саны артып келе жатқан қажылық мақсатта келушілер мен туристер легін ескерсек, этникалық стильде безендірілетін бутик-қонақ үйі сұранысқа ие болады және жаңа Түркістанның сәніне айналады», – дейді «Түркістан» ӘКК» АҚ инфрақұрылым мен туризмді дамыту департаментінің директоры Баян Каюпова.
Сонымен қатар олар қазіргі таңда халықаралық франшизаға ие кофеханалар, түрлі форматтағы мейрамхана кешендерін салу мақсатында серіктес-инвесторлардан ұсыныс қабылдап жатыр екен.
А.ЖОЛДАС