Қазақстан экономикасының локомотиві – мұнай өндіретін, өңдейтін компаниялар. Себебі, ел экономикасы мұнайдан түскен пайдаға тәуелді. Қазақ даласында мұнай қорын барлау, кен орнында шикізат өндіру басталған уақыттан бері бір ғасырдан астам уақыт өтті.
Мұнайшылардың еңбегін, кен орнындағы жұмыс процесімен егжей-тегжейлі танысу үшін журналистер Астанадан Атырау облысындағы Айранкөл кен орнына арнайы бардық. Кен орнында 1979 жылдан бастап мұнай өндіреді.
Республикалық маңызы бар жол тақтайдай тегіс болмаса да асфальт төселген. Көктемдегі алапат су тасқыны кезінде тосқауыл үшін тұрғызылған қорғандар қоршап тұр. Сол кезде жас та, кәрі де туған ауылын аман сақтап қалу үшін еңбек етті. Жолдың қос қапталында әлі де сарқылмаған тасқын су көл болып жатыр.
Құлсарыдан Айранкөлге бұрылыстан бастап топырақ жолға түстік. Жол-жөнекей су тасқынынан кейін көпірлерді қайта қалпына келтірген. Атыраудан таңертең жолға шығып, сәскеде Құлсарыдан 40 шақырым жерде орналасқан Айранкөл кен орнына жеттік. Тамыз айы болса да өңірде аптап ыстық.
«Каспий мұнайға» тиесілі кен орнының аумағына жеткен соң тексеруден өттік. Айранкөл кен орнын аралауды мұнай сорғысының жұмысымен танысудан бастадық. Тереңдігі 900-1 400 метр шыңыраудан мұнайды құбыр арқылы жер бетіне алып шығады. Әрмен қарай қан тамырдай тарамдалған құбырлармен резервуарларға жөнелтіледі.
Жаңа технологияның пайдасы мұнда барлығы автоматтандырылған. Жер қойнауынан алынған мұнайды өңдеу, зауытқа жөнелту процесін бір орталықтан қадағалайды. Қысқасы, ауыр техника, қол күшімен қара жұмыс істеудің дәурені өткен.
Smart Field технологиясының көмегімен мұнай өндіру, шикі мұнайды өңдеу, құбыр арқылы зауытқа жөнелту процесін көз алдында бақылап отырады.
Қысым, температура, мұнай сорғысының жұмыс істеу процесін тәулік бойы бір терезеден қадағалайды. Жаңа технологияны өндіріске енгізу арқылы мұнайды өндіру процесінде шығын азайған. Мұнайшылар жаңа мамандықтың қыр-сырын меңгеру үшін кезең-кезеңімен білім алып жатыр. Жергілікті кадрларды оқыту, үйрету үзіліссіз жүргізіледі.
Айранкөл кен орнында бас-аяғы 219 маман жұмыс істейді. Жұмысшылардың басым көпшілігі, яғни 79 пайызы Атырау облысының тұрғындары. Ер адамдарды үлесі – 90 пайыз, 10 пайыз – әйелдер. Орташа жасы – 42 жас. Жұмысшылардың орташа еңбек өтілі – 10 жыл.
Байқағанымыз, осы кен орнында кадр тұрақсыздығы жоқ. «Каспий мұнайдың» жетістігінің құпиясы да осында болса керек.
Күндіз-түні ауысыммен жұмыс істейтін мұнайшылардың вахталық қалашығын аралап шығып, кен орнын бір орталықтан басқаратын Smart Field Airankol жедел басқару орталығына келдік. Цифрландыру және ақпараттық технология бөлімінің басшысы Алмат Имашевтің айтуынша, мұнда Айранкөл кен орнында жұмыс істеп тұрған мұнай ұңғымаларын бір орталықтан бақылайды. Технологияның көмегімен құбырдағы мұнайдың қысымы, температурасы, көлемін нақты дәлдікпен қадағалайды. Құбырда ақау болса, қысым төмендесе, мұнай ағынының көлемі азайса, мамандар мұнай сорғысы орналасқан аймаққа шұғыл аттанады. Орталыққа келіп түскен мәліметтерді мамандар 24 сағат бойы үзіліссіз бақылап отырады.
Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Әлнұр Шәмшиевтің айтуынша, Smart Field технологиясының мүмкіндігі өндіріспен қатар компанияны басқару процесінде де өте тиімді. «Біз Odoo бағдарламасының көмегімен кен орнында еңбек ететін жұмысшылардың құжатын, медициналық сақтандыру, іссапарға барғанын, еңбек демалысын барлығын онлайн қадағалап отырамыз. Қағазбастылық жоқ. Мысалы, жұмысшы іссапарға баратын болса, барлық мәліметті аз уақыт ішінде арнайы бағдарлама есептеп шығарып береді. Мәселен, ұшақ билетін алу, іссапарға бару-қайту шығыны, бұйрық шығару, қол қою процесі онлайн жүзеге асады. Уақыт жоғалтпайды.
«Кен орнындағы бүкіл процесті қашықтан онлайн бақылаймыз. Мұнай сорғысының жұмысынан бастап, құбырмен мұнай айдау процесі, резервуарлардағы ахуал барлық дерек көрсетіледі. Кен орнының аумағы қоршалған. Жер астынан құбыр тартып, мұнай ұрлауға талпынатын ұрыларды да технологияның көмегімен анықтай аламыз. Себебі, құбырдағы әрбір процесс инженердің көз алдынан өтеді. Барлық дерек өз уақытында тіркеледі. Кен орнын қорғау мақсатында әуеден дронмен бақылап, деректерді жинап отырамыз», – дейді Әлнұр Шәмшиев.
Бүгінде Айранкөлде құдықтан су алғандай мұнай өндіретін қондырғылар жоқ. Қолданыстан шығып қалған ескі мұнай сорғыларын жинап қойған. Кеніштің өткен тарихын еске түсіретін «жәдігерге» айналған.
Бас директордың қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Тұрар Әбдібаевтың айтуынша, компанияда жалақы тұрақты төленеді. Сондай-ақ компания «өндірілген мұнайдың 1 тоннасына төленетін салық» көрсеткіші бойынша 2-орында тұр (1-орын – «Теңізшевройл», 3-орында - КРО (Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг – ред.).
«Біз жаңа технологияны өндіріске енгізу арқылы мұнайды өндіру, өңдеу процесіндегі шығынды азайттық. Жұмыстың тиімділігі артып, табыс молайды. Соның нәтижесінде, қазынаға салық төлеуден алда келе жатырмыз. Өндірген мұнайдың 50 пайызын ішкі нарыққа жеткіземіз. Он жылда өндірісті дамытуға 69 миллиард теңге инвестиция құйып, 551 миллиард теңге салық төледік. Smart Field технологиясының көмегімен осындай жетістікке жетіп отырмыз. Айранкөл кен орнында 219 адам жұмыс істейді. Жалақы 850 мың теңгеден басталып, жұмыс өтілі, лауазымына қарай өседі. Мамандарға жаңа технологияны оқыту орталығы бар. Жұмыс өтілі, тәжірибесі, жетістіктеріне қарай лауазымы жоғарылайды», – дейді Тұрар Әбдібаев.
Ардагер мұнайшы Келтір Шаненовтің айтуынша, «Каспий мұнай» шикізатты өндіріп, сатумен ғана шектелмейді. Мұнайдан түскен пайданы ең бірінші жергілікті халықтың тұрмысын оңалту, табиғатты сақтау, жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға жұмсап отыр.
«Айранкөлде 1979 жылдан бастап мұнай өндіріле бастады. Сол уақыттан бері қаншама адам еңбек етіп келеді. Компания ең бірінші мұнайшыға, осы жергілікті жердің тұрғындарын жұмыспен қамтуға, олардың тұрмысын түзеуге басымдық береді. Вахталық қалашықты жасыл желекке айналдырып, мұнайшыларға қолайлы жағдай жасап отыр.
Көктемде Құлсары кенті топан судың астында қалды. Ауыл-аймақты көз алдымызда топан су шайып кетті. Табиғи апат кезінде ең бірінші болып компания өкілдері тұрғындарға көмек қолын созды. Техниканың күшімен Алмалы ауылын айналдыра қорған соғып, алапат тасқын судың зардабын азайтты. Мал-мүлкі суға кеткен тұрғындарға көмек көрсетті», – дейді ардагер мұнайшы.
Көз жеткізу үшін күндіз-түні ауысыммен жұмыс істейтін мұнайшылардың вахталық қалашығын аралап көрдік.
Тынығу, уақытылы тамақтану, жұмыстан бос уақытта спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Кен орнында 20 жылдан бері еңбек ететін Жәмила Ғұмарованы сөзге тарттық.
«Кен орнында ауысыммен 14 күн жұмыс істеймін. Өзім Атырау қаласында тұрамын. Бізге күнделікті тұрмыста қажетті барлық жағдай жасалған. Жалақыны ай сайын уақытылы аламыз. Мерекеде сыйақы береді. Тұрақты жұмыстың арқасында отбасымды асырап отырмын», – дейді Жәмила Ғұмарова.
Айранкөл кен орнындағы тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейтін мұнайшылардың еңбегі зор. Еңбек дауы шешілмейтін мұнай өндіретін өзге компаниялар үлгі алса дейсің. Қазба байлықты өндіру мен кәдеге жарату процесінде цифрландыру, зауыттың өндіріс процесін жаңғыртудың пайдасы көп, шығын аз, компания үшін тиімді екеніне көз жеткіздік.
P.S. Бұған дейін "Каспий мұнай" компаниясына 13 684 868 730 теңге айыппұл салынған. Бұл мәселе бойынша компанияның құқықтық талдау бөлімінің басшысы Жанна Мусина мәселенің анық-қанығын талдап айтып берді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, компания жаңа Экологиялық кодекс қабылданғанға дейін берілген рұқсат бойынша заңды түрде жұмыс істеген.
Астана - Атырау - Құлсары - Айранкөл - Астана