Біз Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Айгүл Құспанмен сұхбаттасып, қауіпсіздікке қатысты бірқатар сұрақ қойған едік. Біз Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Айгүл Құспанмен сұхбаттасып, қауіпсіздікке қатысты бірқатар сұрақ қойған едік.
– Мемлекет басшысы былтыр «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауында қорғаныс-өнеркәсіп кешенін нығайтуды тапсырған еді. Аталған тапсырманың құқықтық базасы қалай жасақталып жатыр?
– Бұл еліміздің қорғаныс қабілеттілігі үшін өте маңызды. Шынында да, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында қорғаныс-өнеркәсіп кешендерін жан-жақты нығайтудың маңызын ерекше атап өтті. Президент дамыған мемлекеттерде қорғаныс өндірісі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынына баса маңыз бөлді. Осы орайда Мемлекет басшысы қорғаныс өнеркәсібін дамыту мәселелерін үнемі назарында ұстайтынын айта кеткеніміз жөн. Мәселен, 2023 жылғы наурызда «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» зауытында болып, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын жоспарлау мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін қайта қарауды тапсырған болатын. Депутаттық корпус та бұл мәселені назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Біздің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мемлекеттік қорғаныс тапсырысы және қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстел, тақырыптық отырыстар өткізеді.
Бұдан бөлек, 2023 жылғы 16 қазанда Президент қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, мемлекеттік авиация, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасына бастамашылық жасадым. Президенттің сіз айтқан тапсырмасын біз қорғаныс өнеркәсібін өндіруге шарт жасасу тетігі арқылы заң жүзінде ресімдедік.
Бұрын мұндай келісім тек 3 жылға жасалуы мүмкін еді.
Мысалы, Орал қаласындағы «Зенит» зауыты 1993 жылдан бастап әскери кеме жасаумен айналысады, бұл – технологиялық тұрғыдан ұзақ өндіріс. Зауыт технологиялық мерзімі 4 жыл болатын көпфункционалды кеме жасайды. Ал заңнама тек 3 жылға шарт жасасу мүмкіндігін қарастырды. Енді біз қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындарына ұзақ мерзімге шарттар жасасуға мүмкіндік беретін түзету енгіздік. Бұл, мысалы өнімді дайындаудың технологиялық мерзіміне сүйене отырып, шарттың мерзімін анықтауға, бірнеше жыл ішінде қару-жарақ пен әскери техниканың үлкен партиясына шарт жасасуға, сынақтар жүргізу мерзімдерін және қару-жарақ пен әскери техниканы алушыларға тапсыруды ескеруге кең мүмкіндіктер ашады. Бұл түзету бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, ал қорғаныс-өнеркәсіп кешендері кәсіпорындары өз өндірісін ұзақ мерзімге жоспарлай алады.
Сондай-ақ заңда қорғаныс-өнеркәсіп кешендері кәсіпорындарына ғылыми зерттеулер жүргізу құқығын беретін нормаларды қарастырдық. Іс жүзінде ғылыми әзірлемелердің авторлары азаматтық Ғылыми зерттеу институттары емес, қорғаныс кәсіпорындарының өздері болып саналады.
– Мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыру өнеркәсіппен қатар Қарулы Күштерді жетілдіруге тікелей қатысты екенін білесіз. Ашық дерек көздеріндегі мәліметтерге қарағанда, Қазақстанның қорғаныс бюджеті әлі күнге ІЖӨ-нің 1%-іне жетпеген. Не себепті біз қорғаныс бюджетін 2008 жылғы (1%) деңгейге жеткізе алмай отырмыз?
– Айтқаныңыз орынды. Стокгольм халықаралық бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының ашық деректеріне сәйкес, өткен 4 жылда Қазақстанның әскери бюджетін былай көрсетуге болады:
– 2019 жылы – 1,8 млрд.,
– 2020 жылы – 1,5 млрд.,
– 2021 жылы – 1,6 млрд.,
– 2022 жылы – 1,1 млрд. АҚШ долларына жеткен.
Қазақстанның ІЖӨ (Ішкі жалпы өнім) деңгейіне әскери шығыстардың үлесі:
– 2019 жылы – 1,02% (пайыз);
– 2020 жылы – 0,91% (пайыз);
– 2021 жылы – 0,82% (пайызды);
– 2022 жылы – 0,51% пайызды құрап отыр.
Сонымен бірге Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдан бері қорғаныс саласына бюджеттік шығыстары айтарлықтай, 70%-дан астам немесе 1063,2 млрд теңгеге өскені байқалады. Қаржы министрлігі берген ақпаратта қорғаныс шығыстарының құрылымына әлеуметтік блок, яғни барлық қорғаныс шығыстарының ең үлкен үлесін құрайтын күнкөріс шығындары (киім-кешек, азық-түлік, жалақы және тағы басқа) да кіреді. Ал қару-жарақ, техника, оқ-дәрілер, инфрақұрылым және басқа да жабдықтарға, яғни тікелей ел қорғанысына жұмсалатын шығындар аз ғана. Бұған Стокгольм институтының деректері дәлел.
Комитет депутаттары бұл мәселені арнайы отырыс барысында да, мемлекеттік бюджетті қарау кезінде де бірнеше рет көтерген болатын. Мәжіліс Бюджет кодексінің жаңа жобасын қарап, оған қорғаныс шығындарына қатысты түзетулер енгізуде.
– Мәжіліске «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасы келіп түскенін білеміз. Бұл заңның басты ерекшелігі неде? Жауапкершілік кімге жүктеледі?
– Ең алдымен, Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев «Армия – тәуелсіздік тірегі» деп атап өткен еді. Әрі өзінің 2022 жылғы сайлауалды бағдарламасында аумақтық қорғанысты нығайту бойынша нақты міндет қойғанын атап өткім келеді. Осы уақытқа дейін елімізде аумақтық қорғанысты ұйымдастыруға кешенді көзқарас болмағанын айта кету керек, ал заңнамалық деңгейде бұл мәселе тек бірнеше нормамен реттеледі. Осыған байланысты Үкімет тиісті заңның жобасын әзірлеп, Мәжіліске енгізді. Ол жұмыс тобын біздің комитеттің мүшесі Максим Николаевич Рожин басқарды.
Заң жобасы Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысының құқықтық негіздерін, оның мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын айқындайды. Ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, ұйымдары мен азаматтарының өкілеттіктерін, сондай-ақ олардың жауапкершілігін бекітеді. Шартты түрде заң жобасын екі бөлікке бөлуге болады: бейбіт уақытта жүзеге асырылатын дайындық іс-шараларын өткізу, сондай-ақ жұмылдыру кезеңінде, соғыс жағдайында және соғыс уақытында аумақтық қорғаныс жүргізуді ұйымдастыру тікелей реттеледі.
Дайындық іс-шаралары дегеніміз – бұл аумақтық қорғаныс жоспарларын әзірлеу және бекіту сондай-ақ әскери және мемлекеттік маңызы бар маңызды объектілердің, міндетті қорғалатын коммуникациялардың, арнайы әскери жиындардың және басқалардың тізбелерін әзірлеу және бекіту.
Жұмылдыру, әскери жағдай және соғыс уақытындағы аумақтық қорғаныстың нақты іс-шаралары дегеніміз – бұл күш құрылымдарының аумақтық бөлімшелерінің күштері мен құралдарын тиісті қорғаныс кеңестеріне бағындыру, халықты хабардар ету және эвакуациялау, әскери және мемлекеттік маңызы бар объектілерді, коммуникацияларды қорғау және тағы басқалар.
Алғаш рет Қазақстан Республикасының қорғаныс жүйесі үшін «ерікті» және «өзін-өзі қорғауды қалыптастыру» деген жаңа ұғымдар енгізілуде. Жергілікті әскери басқару органдары жұмылдыру, әскери жағдай кезеңінде және соғыс уақытында аумақтық қорғаныс міндеттерін орындау үшін өзін-өзі қорғау құрылымдарын құратын болады. Өзін-өзі қорғау құрылымдарының алдында әртүрлі міндет болуы мүмкін – елді қару-жарақпен қорғау, траншеялар қазу, маңызды нысандарды күзету, эвакуациялау және тіпті жау басып алған аумақта партизандық соғыс жүргізу. Қазақстан Республикасы аумақтық қорғаныс күштерінің аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге және аумақтық қорғаныс саласындағы заңнаманың бұзылуына жол бермеу мақсатында мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібі белгіленеді.
– Заң дегеннен шығады. Мемлекеттің барлық дерлік ресми құжаттары ғаламторда бар. Айталық, әскери бөлімдердің нөмірі және қандай күш құрылымдарына қарайтыны, мекенжайы ашық жазылған. Мұндай деректерді құпия етуге болмай ма?
– Шартты түрде айтқанда, ол мемлекеттік құпиялар туралы заңнаманың талаптарын және уақыт талабына сәйкес барлық саланы цифрландыруды қамтиды.Мұнда ең алдымен, конституцияның, конституциялық заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Республиканың халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелерінің нормаларын басшылыққа алу қажет. Конституцияның 20-бабында әркімнің заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар екені бекітілген. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтер тізбесі заңмен айқындалады. Осыған байланысты 1999 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде мемлекеттік құпияларды қорғаудың құқықтық негіздері мен бірыңғай жүйесін айқындайтын, мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызуға, оларды құпияландыруға, билік етуге, қорғауға және құпиясыздандыруға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңы қабылданды. Мемлекеттік құпиялар деп жалпыға бірдей қабылданған Халықаралық құқық нормаларына қайшы келмейтін тиімді әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, сыртқы саяси, барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру және өзге де қызметті жүзеге асыру мақсатында таратылуы мемлекетпен шектелетін мемлекеттік және қызметтік құпияларды құрайтын мемлекет қорғайтын мәліметтер түсініледі.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді және оларды жеткізушілерді құпияландыру заңдылық, негізділік және уақтылық қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады. Заңдылық құпиялылықтың Қазақстан Республикасының конституциясы мен заңдарына сәйкестігін білдіреді. Негізділік қоғамның, азаматтар мен мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделерінің тепе-теңдігіне сүйене отырып, нақты мәліметтерді құпияландырудың орындылығын, осы актінің ықтимал экономикалық және басқа салдарын сараптамалық бағалау арқылы анықтаудан тұрады.
Мемлекеттік құпияларға жататын әскери қауіпсіздіктегі мәліметтер тізбегі заңның 11-бабында айқындалған және оларға Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне сәйкес ашық жариялауға жататын объектілер тізбесіне енгізілмеген әскерлердің орналасуын, нақты атауларын, ұйымдық құрылымын, қару-жарағын, санын ашатын мәліметтер жатады.
Сонымен қатар 2015 жылғы 16 қарашада «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң қабылданды, ол әрбір адамның заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға және таратуға конституциялық құқығын іске асыру нәтижесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді. Заңның 16-бабына сәйкес, ақпарат иелері интернет-ресурс жасайды, олар басқалармен қатар, байланыс деректерін (пошталық мекенжайы, электрондық пошта мекенжайы, анықтамалық қызметтердің, құрылымдық бөлімшелердің, аумақтық органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың телефон нөмірлері) орналастыруға міндетті. Бұл талап ақпарат иелерінің қызметінің ашықтығы мен тазалығын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету қажеттілігінен туындады. Осылайша, Қазақстан Республикасының заңнамасында мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызу және оларды қорғау тәртібі нақты регламенттелген.
– Белгілі бір күштер мемлекетке гибридті амалдармен де қауіп төндіруі мүмкін. Еліміздің Әскери доктринасында «гибридтік күрес» ұғымы ғана бар. Біздің пайымдауымызша, елдің ақпараттық қауіпсіздігіне, ішкі саясатына жауапты мекемелер де аталған ұғымға назар аударуы керек сияқты. Келісесіз бе?
– Гибридті қауіптер дегеніміз – әртүрлі қауіптердің жиынтығы. Бұл әскери және әскери емес агрессия құралдарының қоспасы, жасырын және ашық операциялар мен кең ауқымды шаралар, үгіт-насихат пен жалған ақпараттан бастап тұрақты күштерді нақты пайдалануға, киберкеңістікте әрекет етуге немесе шекарада диверсиялық әрекеттер жасауға дейін. Олар мемлекеттік және мемлекеттік емес субъектілер соғыс жарияламай-ақ қолдана алатын қоғамдық өмірдің барлық саласына әсер етудің дипломатиялық, әскери, экономикалық және ақпараттық-психологиялық әдістерін біріктіреді.
Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген және Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қорғанысқа мемлекетте ресми қабылданған көзқарастар жүйесін қамтиды. Онда әскери-саяси, әскери-стратегиялық және әскери-экономикалық саладағы, мемлекеттің жұмылдыру дайындығы жөніндегі мемлекеттік қызметтің негізгі бағыттары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әскери ұйымын дамыту жөніндегі негізгі шаралар айқындалған.
Осылайша, біздің еліміздегі агрессияның әскери құралы ретінде гибридтік қауіп-қатерге ең жоғары деңгейде назар аударылады және оларға қарсы қажетті шаралар қабылданады.
Айтып өткенімдей, гибридті қауіптер агрессияның әскери емес құралдарына әсер етудің ақпараттық-психологиялық әдістері түрінде де бола алады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 20 наурыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасы бекітілді. Доктринаның мақсаты – елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық егемендігін қамтамасыз ету, қоғамды шоғырландыруға және азаматтық бірегейлікті нығайтуға бағытталған қазіргі заманғы үрдістер мен сын-тегеуріндерге жауап беретін осындай ақпараттық саясатты құру. Осы тақырыпты терең түсіну үшін сәуір айында «Қоғам мен армияның деструктивті ақпараттан қорғалуын арттыру» тақырыбында комитетте арнайы отырыс өткіздік. Уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдерінің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы, ақпараттық доктринаны іске асыру туралы, әскери қызметшілердің деструктивті идеологияға моральдық-психологиялық тұрақтылығы туралы пікірлерін тыңдадық. Отырыс соңында комитет Үкіметке қоғамды деструктивті ақпараттың ықпалынан қорғау жүйесін жетілдіру, ақпараттық жұмысты құрудың бірыңғай тұжырымдамасы мен стратегиясын әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен облыстық құрылымдардың ақпараттық кеңістікті қорғау жөніндегі қызметін үйлестіруді күшейту, жалған ақпаратпен күрес жөніндегі озық шетелдік тәжірибені бейімдеу және енгізу туралы ұсынды.
– Мәжіліс депутаттары еліміздің шекара заставаларының жай-күйі жайлы бірнеше мәрте мәселе көтерген. Үкімет шекара қызметінің жағдайын жақсарту мақсатында не істеп жатыр? Сіздерге есеп берді ме?
– Шекара инфрақұрылымы үнемі назарда. Елдің қауіпсіздігі, шекарашылардың рухы шекараның жағдайына байланысты.
Біздің комитет мерзімді түрде мемлекеттік шекараның өңірлік учаскелерінде көшпелі отырыстар өткізіп тұрады. Шекаралық инфрақұрылымның жай-күйін, мемлекеттік шекараның техникалық күзет құралдарымен және байланыс құралдарымен жарақтандырылуын тексереміз. Оңтүстік және солтүстік аймақтарға бардық, келесі сессияда шығыс және батыс бөліктерге бару жоспарымызда бар.
– Қауіпсіздік ұғымының ауқымы кең екені белгілі. Соның ішінде ұлттық рухани тұтастығына төнетін қатер мәселесі де бар. Мұндай қауіпті мемлекет зерделей ме?
– Қоғам өміріндегі рухани құндылықтардың рөлін түсініп, дұрыс бақылауымыз керек. Олар біздің ұлттық бірегейлігіміз бен тәуелсіздігіміз үшін қажет. Кеңестік тоталитаризмнің салдарынан КСРО-ның өзге халықтары сияқты қазақ та тарихи жады, құндылықтары мен дәстүрлерінің ауқымды бөлігінен ажырап қалды. Сол себепті біз жат танымның еніп кетуіне қарсы тұрар қауқарсыз халге түстік.
Қайырымды ниеті бар сияқты көрінетін түрлі топтың аңқау, аңғал азаматтардың мүлкін иеленіп алғанын білеміз. Кейбір адамдар жаңа, жалған діни топтардың құрамына кіріп, моралдық және физикалық тұрғыда қысым көрді. Еліміздің бірқатар аймағындағы экстремисттік әрекеттерді де ұмытқан жоқпыз. Мемлекет бұл мәселені жіті назарда ұстап отыр. Орталық және жергілікті атқарушы билік деңгейінде тиісті мемлекеттік органдар дін саласында жұмыс істейді. Бір жағынан олар азаматтардың діни құқы мен бостандығы қамтамасыз ету, наным-сенімі арқылы жайлы орта қалыптастыру, елімізде конфессияаралық келісімді нығайту бағыты бойынша маңызды қызмет атқарады. Екіншіден, оларға халықтың рухани иммунитетін нығайту және деструктвиті идеологияға төтеп беру қабілетін күшейту жауапкершілігі де жүктелген.
Әдетте дін атын жамылған, жаңадан пайда болған дәстүрлі емес топтардың ерекшелігі олардың ғылымға сүйенбейтіндігінде, эмоцияны манипулациялау, халықтың діни білімінің төмендігін пайдалануында, өз мақсаттары үшін ұғымдарды шатастыруында, адамдардың сенімін бас пайдасына жаратуында жатыр. Ұлттың рухани тұтастығын бұзатын мұндай құбылыстарға қарсы тұру үшін шынайы тарихымызға, ғалымдарымыздың еңбектеріне назар аударып, толеранттылық дәстүрін қолдауымыз қажет.
– Сепаратистік көзқарастағы, қос азаматтықты аңсайтын отандастарымыз да кездесіп қалады. 2015-2021 жылдар аралығында қос азаматтыққа қатысты 90 мыңнан астам дерек анықталған. ІІМ-нің ресми мәліметі осы. Бұл жағдай қоғамның бірігейленуі әлі де әлсіз жүріп жатқанын білдірмей ме?
– Азаматтық – ұлттық бірегейлікті қалыптастыру процесіндегі аспектілердің бірі. Қазақстанда ешкімнің азаматтық ауыстыруы мен өмір сүретін мекенін таңдау құқына шектеу жоқ. Мұндай жағдайлар адамдардың басынан өтіп жатқан түрлі себепке байланысты болады. Ал қос азаматтық мәселесі бірінші кезекте құқықтық сипаты бар құбылыс.
Мемлекеттік мекемелер партиоттық тәрбиені жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету мен азаматтардың мемлекет алдындағы жауапкершілігін арттыру бағытында мақсатты түрде ұдайы жұмыс істейді. Қос азаматтық мәселесі заңмен нақты реттелген әрі заңбұзушылықтың алдын алу бойынша қажетті іс-шаралар атқарылып жатыр. 2015-2021 жылдар аралығындағы деректер – сөзсіз алаңдататын жағдай. Дегенмен азаматтыққа қатысты заң бұзатын тұлғалар түрлі себепке байланысты жол беретінін атап өту керек. Айталық, шетел азаматтығын алған кейбір тұлға Қазақстан азаматтығынан шыққанын Ішкі істер органдарында немесе еліміздің консулдық мекемелерінде дер кезінде рәсімдемейді. Енді біреулер заңды әдейі бұзады. Мысалы, екі мемлекеттің әлеуметтік төлемдерін бірдей алу немесе шетелде күтпеген оқиға бола қалса, Қазақстанға оралу жолын ашық қалдыру үшін осындай амалдарға барады.
Қазақстан Конституциясына сәйкес елімізде қос азаматтыққа тыйым салынған. Егер Қазақстан азаматы өзге елдің азаматтығын алса, онда Қазақстан азаматтығынан айырылады. Бұл талапты көпшілік біледі. Сондықтан азаматтықтан бас тартқан тұлға қажетті процедурадан өтуге және бұрынғы төлқұжатын тиісті мемлекеттік органдарға тапсыруға өздері мүдделі болуы керек. Себебі ерте ме, кеш пе, олардың өзге елдің азаматтығын алғаны бәрібір белгілі болады. Шекарадан өту, азаматтарды құжаттандыру және цифрлық режимдегі өзге де процестер мұндай заңбұзылушылықтың тез анықталуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде, азаматтықтан шыққанын жасырған тұлғаны құқықтық жауапкершілік пен біршама мол көлемдегі қаржылай айыппұл күтіп тұрады. Сондықтан өз басым адамдарға кез келген әрекетті заң аясында жасауға және білімі мен білігі жетпеген жағдайда көші-қон қызметіне жүгінуге кеңес берер едім.
Сондай-ақ мемлекеттен білікті азаматтардың кетіп қалуына мүдделі емес екенімізді де атап өткім келеді. Мемлекет адам өмірі үшін қажет жақсы жағдай жасауға және қазақстандық бірегейлікті нығайтуға жауапты екенін сезінеді. Ал сепаратизм мәселесіне келсек, ол қылмыстық-құқыққа қатысты ұғым, оны насихаттау мен сепаратистік іс-әрекет үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мұндай деректерге қатысты жуырда да бірқатар үкім шыққанын білеміз және кінәлілер жазасын бас бостандығынан айыру мекемелерінде өтеп жатыр. Яғни, тиісті мемлекеттік органдар өз жұмысын істеп жатыр. Бірақ сепаратизмнің алдын алу жұмыстары да дер кезінде жүргізілуі керек екенін ескеру қажет. Кейде сепаратистік сипаттағы қылмыс жасағандар өзгенің манипулациясына, жалған үміттің қақпанына түсіп қалып жатады. Дегенмен құқық қорғау органдары сепаратистік пиғылдарды уақытында анықтап, мұндай сипаттағы заң бұзушылықтарға дер кезінде әрі сапалы түрде жауап қатуы керек.
Ал қоғамның бірегейлігіне келсек, шетелде ұзақ жылдар бойы қызмет істеген дипломат ретінде дәл Қазақстан халқындай жұртты әлемде сирек кездестіресіз дер едім. Біздің халық қайырымды, мейірімді әрі адал халық. Меніңше, адамдардың бойындағы осынау қасиеттер ортақ отанымыз Қазақстанға деген сүйіспеншілікпен бірге бәріміздің бірегейлігімізді қалыптастырады деп ойлаймын.
– Ғаламтор мен медиада Қазақстан Қарулы Күштеріндегі әскер өлімі, әлімжеттік жайлы деректер жиі шығады. Соған байланысты армияға сенім де төмендеп кеткендей көрінеді. Қоғамда қалыптаса бастаған осынау көзқарасты өзгерту үшін не істеу керек?
– Биыл 9 тамызда Павлодарда Қарулы Күштер мен «Аналардың жүрегі» сарбаздар аналарының комитеті республикалық бірлестігі арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруге арналған алғашқы республикалық форум өтті. Бұл форумда көптеген мәселе, ең алдымен әскерлердегі құқықтық тәртіп мәселелері ашық талқыланды. Айта кету керек, әскери қызметшілер арасындағы зорлық-зомбылық сипатындағы құқықбұзушылықтар саны тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері алғаш құрылған кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай азайды. Алайда мұндай фактілер әлі де әскери ортадан жойылған жоқ. «Дедовщина» дегеніміз – әскери қызметке бұрын барғандардың жаңадан шақырылғандарды мазақ етуі және екі жылдық мерзімді әскери қызметтегілерге тән нәрсе болатын. 2005 жылдан бастап Қазақстанда жастар бір жылға мерзімді әскери қызметке шақырылады. Әскери қызметін жеке-жеке өтеді, яғни бұрынғылар жаңадан шақырылғандармен байланыста болмайды. Осылайша, «дедовщина» кеңестік дәуірмен бірге кетті.
Әскерде болып жатқан ұрып-соғу фактілері әдетте казармалық бұзақылық деп аталады. Сондай-ақ лауазымы бойынша аға қызметкер бағыныштыға қатысты зорлық-зомбылық жасаған кезде билігін асыра қолдану жағдайлары бар. Армия – қоғамның ажырамас бөлігі және біздің қоғамның барлық келеңсіздіктері әскери ортада да бар. Бұл – агрессия, суицид, лудомания және алаяқтық. Әскерлерде бұл санаулы ғана фактілер болғанымен, олардың әрқайсысы резонанс тудырады, өйткені әскери қызмет – жарғылық тәртіп пен әскери тәртіпті қамтитын қызметтің ерекше түрі. Президент Қ.Тоқаев «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» атты сөзінде кей жастарымыздың әскери қызметтен жалтаратынына назар аударып, оларды әскерде қызмет етуге қалай ынталандыру керектігі туралы айтады. Мемлекет басшысы бұл туралы көзқарасын Бүкіл армия кеңесінде: «Біз «азамат» сөзінің шынайы мағынасына толық сай келу үшін әскери қызметшілердің бойына отансүйгіштік, адамгершілік және мейірімділік сезімдерін ұялатуымыз керек. Осылайша, армия рухани-адамгершілік тәрбиенің тірегі болуы керек. Бұл зорлық-зомбылық пен «дедовщина» сияқты қоғамға қауіпті құбылыстардың алдын алуға көп көмектеседі», – деп айтқан болатын.
Қазіргі уақытта Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті әскери-патриоттық тәрбиені күшейтуге, әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыруға бағытталған заң жобасын әзірлеуде. Мұндай кешенді шаралардың қажет екеніне сенімдіміз және Отан қорғау отбасы мен мектептегі патриоттық тәрбиеден бастау алады.
Әңгімелескен Амангелді ҚҰРМЕТ