Миллиардер шенеунік болғысы келеді

Қазақ қоғамында шенеунік болып, миллиардер болғандар көп. Ал өзінің кәсібімен, білімімен миллиардер болған, содан кейін ғана еліне пайда келтіру үшін шенеунік болғысы келген адамды білсіз бе?

Quartz сайты соңғы апталарда жиі талқыланып жүрген жаңалықты тағы бір рет жариялады. Aikyn.kz технологиялық саладағы осы жаңалыққа сүйеніп миллиардердің шенеунік болуға деген ниетін түсіндіреді.

Дональд Трамп бұрынғы көзқарастарын жұмсартып, технологиялық алпауыттармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдіруде. Илон Маскты өзінің болашақ командасына шақырды. Фото AP агенттігінен алынды. Авторы: Pablo Martinez Monsivais

Америкада президент сайлауы өте тартысты өтуде. Дональд Трампқа жасалған қастандық, Байденнің сайлаудан шеттетілуі, Камала Харристің демократтар атынан президенттікке үміткер болып тіркелуі.

АҚШ-тың технологиялық саласы да екіге бөлініп, бірі – Трампты, екіншісі – Харристі жақтауға үгіт жүргізуде. Дональд Трамп та бұрынғы көзқарастарын жұмсартып, технологиялық алпауыттармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдіріп, Tesla (TSLA) мен SpaceX бас директоры Илон Маскты өзінің болашақ командасында көруге қарсы емес екенін мәлімдеді.

«Мен оны кабинетке (Үкіметке) қояр едім, бірақ оның барлық бизнесімен мұны қалай істейтінін білмеймін. Ол да қатысқысы келеді. Енді қараңыз, ол үлкен бизнесті басқарады, сондықтан ол министрлер кабинетінде бола алмайды деп ойлаймын», – деді Трамп бұрынғы Navy SEAL және подкастер Шон Райанға берген сұхбатында. 

Дегенмен Трамп келесі мерзімге Ақ үйге президент болып кірсе, онда Илон Маскты ЖИ мәселелері бойынша кеңесші етіп шақыратынын да айтып қалды.

Forbes дерегі бойынша 243,2 млрд долларға бағаланған байлығы бар әлемдегі ең бай адам Илон Маск Ақ үйге кеңесші болып кіруі мүмкін. Фотомонтаж ixbt.com сайтынан алынды

Бүгінгі (27 тамыз) Forbes дерегі бойынша 243,2 млрд долларға бағаланған байлығы бар әлемдегі ең бай адам Илон Маск бірнеше ірі компанияларды, соның ішінде Tesla мен SpaceX-ті басқарады. Электр көлігі және аэроғарыштық компаниясынан басқа Маск бірнеше табысты стартаптарды да басқарады. Олардың қатарында OpenAI-мен бәсекеге түсетін жасанды интеллект стартапы xAI, миға орнатылатын чиптер шығаратын Neuralink стартапы, The Boring Company туннель құрылысын жүргізуші компаниясы мен X (Twitter) әлеуметтік желісі бар. Оның коммерциялық емес Foundation ұйымы Техас штатында жеке мектеп ашуға өтінімдер қабылдауда.

SpaceX компаниясы бүгін (27 тамызда) тағы бір танымал миллиардер Джаред Айзекманды ғарышқа ұшырып, оны ашық ғарыш кеңістігіне шығаруды жоспарлап отыр. Бұл Айзекманның үшінші ғарыш сапары болса, Илон Масктің кезекті табысты жобасы саналады.

Tesla-ның CEO-сы Elon Musk 24 шілдеде Конгрестің екі палатасының біріккен отырысында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың сөйлеген сөзін тыңдау кезінде. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Anna Moneymaker / Getty Images

Илон Масктің мемлекеттік қызметке тартылуында тағы бір кедергі бар. АҚШ заңдары бойынша мемлекеттік қызметкерлер, олардың жеке қаржылары мен жекеменшік компаниялары арасында мүдделер қақтығысының болмауы тиіс. Ал ең бай адамның өз акцияларын бөтен адамдарға басқаруға беруі немесе сатуы сияқты кез келген қадамы Tesla (TSLA) акцияларының бағасына зиян тигізуі мүмкін. Өйткені акционерлер Маск пен оның сөзіне сенеді, сондықтан, акциялар құны Масктің шешіміне қатты тәуелді.

Осындай жауапкершіліктерге қарамастан, өткен аптада (20 тамыз) Маск Трамп екінші рет президент болып, Ақ үйге кірсе, АҚШ үкіметінің тиімділігін арттыру департаментін басқаруға дайын екенін мәлімдеді. Бұл миллиардердің шын сөзі ме, әлде Цукербергті төбелеске шақырғандай әзілі ма, белгісіз. 

Өз кезегінде Трамп кеше ғана жарияланған подкастер Шон Райанға берген сұхбатында Маскты АҚШ-тың ЖИ саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырумен айналысатын кеңесші қызметін ұсынатынын айтты.

«Ол елмен кеңесіп, сізге өте жақсы идеялар бере алады», – дейді Трамп Масктың ЖИ тәжірибесіне байланысты.

Илон Маск: «Мен қызмет етуге дайынмын». X (Twitter) әлеуметтік желісіндегі Elon Musk аккаунтынан

Американың екі танымал адамы соңғы бірнеше айда АҚШ ғарыш күштері мен иммиграция сияқты мәселелерді жиі талқылап, көзқарастары тым жақын екенін көрсетті. Bloomberg News мамыр айында Маск Трампқа криптовалюта саясаты бойынша кеңес бергенін және осы мәселе бойынша Трампқа кеңесші болып жұмысқа орналаса алатынын хабарлағаны да белгілі.

2017 жылы Илон Маск Трамптың Ақ үйдегі консультативтік кеңесінде мүше болып, кейіннен ол қызметтен бас тартқан.

Бұның себебі – миллиардер сол кездегі президент Дональд Трамптың Париж климаттық келісімінен шығу туралы шешімімен келіспеушілігі болды. Ал осы айдың басында Маск мұнай-газ саласы туралы бұрынғы, қатал пікірлерінен бас тартып, қазіргі жағдайда климаттың өзгеруі дереу назар аударуды қажет ететін мәселе емес екенін айтқан еді.

Илон Масктің президенттікке үміткер Дональд Трамптан 13 тамызда алған сұхбатын 1 миллиард адам қараған. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторы: Jonathan Ernst

АҚШ-тағы күрделі саяси процестерден кейін 5 қарашада болатын президенттік сайлауда кімнің жеңетіні, Ақ үйді келесі 4 жылда кім басқаратынын болжау сарапшылар үшін қиындай түсті. Алдағы екі айда үміткерлердің қайсысы сайлауға қаржыны көп жинайды, жоспарланған екі дебатта кім сенімді көрінеді, қоғамдық пікір кімнің жағында болады деген бірнеше мәселе бойынша жеңген үміткердің мүмкіндігі де жоғары болмақшы. Біздің ойымызша, дәстүрлі құндылықтарды әлі де жоғалта қоймаған америкалық қоғамда Дональд Трамптың басымдығы анық байқалады.

Уоррен Баффеттің мына сөздерін де есте сақтайық. Бұнда үлкен мағына бар: «Қор нарығы – шыдамсыздан сабырлыға ақша аудару құралы». 

Сабыр сақтап, сайлау финалын күтейік. 

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.