Бүгін «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен «AMANAT» партиясының Есіл филиалымен және Есіл ауданы әкімі аппаратымен бірлесіп «Қазақстан жастары» әлеуметтік зерттеуінің нәтижелерін таныстырды.
«AMANAT»: Жастардың сұранысын зерттеу қоғам үшін өте маңызды
213
оқылды

14 пен 34 жас аралығындағы 2000 респондент қатысқан зерттеу жастар арасындағы маңызды тенденцияларды анықтады. Отбасы төрт жыл бойы негізгі өмірлік құндылық болып келе жатыр және 2024 жылы бұл көрсеткіш 80,1% құрады.

Зерттеу сонымен қатар авторлық құқықты сақтауға байланысты бірнеше қауіпті анықтады, респонденттердің 58,8% - ы видеоматериалдарды көру үшін заңсыз сайттарды қолданады. Контент тұтынуда орыс тілі басым болып тұр: 51,6% орыс тіліндегі кітаптарды оқыса, ал 73,1% орысша видеоконтентті құп көреді. Дегенмен, күнделікті тұрмыста қазақ тілін жиі қолданады (72,9%).

ҚР МАМ жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов соңғы екі жылдағы жастар саясатындағы елеулі өзгерістер жас ұрпақтың өзекті мүдделері мен қажеттіліктеріне байланысты екенін, бұл стратегияларды қайта қарауды талап ететінін атап өтті. Мұнда жастардың заманауи сұранысын түсінуге көмектесетін ғылыми-зерттеулер маңызды рөл атқарады.

 

«Қазақстан жастары» зерттеуінің нәтижелері туралы толығырақ орталықтың әлеуметтанулық зерттеулер және болжау басқармасының басшысы Сабина Шаймерденова айтып берді. Өз сөзінде ол білім, денсаулық, жастардың экономикалық мінез-құлқы мәселелеріне баса назар аударды. Сондай-ақ жастар ортасында тұтынудың басты құндылықтары, мүдделері, трендтері белгіленді. 

«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Жусупова Санира партияның жастармен атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісті. Ол жастардың бастамаларын, соның ішінде білім беру және әлеуметтік жобаларды қолдауға бағытталған бағдарламалар белсенді жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 

Нашақорлық пен лудомания мәселелері туралы «ESBOL QORY» қорының төрағасы Жандос Ақтаев сөз сөйледі. Ол мультипликативті әсер беретін ғылыми негізделген тәжірибелерді жүзеге асыруға бағытталған қордың қызметі туралы айтты.  Мысал ретінде жаһандық өзара іс-қимылдың құрылымы көрсетілді. Бұл ғылыми жұмыс профилактиканың тиімді нәтижелеріне қол жеткізу үшін белгілі бір субъектілер (мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, қауымдастықтар, қорлар, ата-аналар және т.б.) қандай саясатты қабылдауы керектігін көруге мүмкіндік береді.

Сараптамалық кездесу барысында жастар өмірінің түрлі аспектілері бойынша кең пікір алмасу өтті. Жалпы, ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша, әсіресе жастар саласында ашық пікірталастардың қажеттілігі атап өтілді. Мұндай талқылаулар тек академиялық диалогқа ғана емес, сонымен қатар жастарды қолдау мен дамытудың тиімді стратегияларын қалыптастыруға ықпал ететіні айтылды. Қатысушылар сондай-ақ жас ұрпақтың өмір сүру сапасы мен болашағын жақсартуға бағытталған тәжірибелерімен және әзірлемелерімен бөлісті.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы 2013 жылдан бастап жастар ортасындағы әлеуметтік жағдайға зерттеулер мен мониторинг жүргізіп келеді.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда Халықаралық жастар күніне орай 3 тамыз бен 12 тамыз аралығында «Жастармен бірге!» ұлттық декадасы өтті. Оған ел бойынша 1 миллионнан астам қатысып, 5000-нан аса іс-шаралар ұйымдастырылды. Декаданың негізгі бағыттары жұмыспен қамту, нашақорлық пен лудоманияның алдын алуға, экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті дамытуға, сондай-ақ ұлттық сананы нығайтуға бағытталған. Аталмыш шара ұлттық декаданың қорытындысы болды.