Сыр өңірінде жұмыс сапарымен барған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы депутаттық фракция мүшелері Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге өңірге қарасты Төретам кенті мен Ақай ауылын табиғи газға қосу рәсіміне қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Салтанатты іс-шарада фракция мүшелері «көгілдір отын» игілігіне кенелген тұрғындарды құттықтап, партияның Сайлауалды бағдарламасында елді мекендерді дамытуға бағытталған ауқымды жобалармен таныстырып өтті.
«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасында елді мекендерді газдандыру, жарықтандыру, таза ауызсу, сапалы жолмен қамтамасыз ету үшін нақты жоспарлар жасалынған. Елдің игілігіне бағытталған әрбір жобаның сапасы мен уақытылы пайдалануға берілуі ерекше назарда. Біздер өңірдегі сапарымызда осы айтылған уәделердің орындалуын бақылап жүрміз. Бүгінгі жұмыстар жергілікті билікпен бірлесе атқарылған істердің нәтижесі», – деді Мархабат Жайымбетов.
Облыс әкімі Сыр өңірін дамытуда ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңге болса, бүгінде 733 млрд теңгені құрайды, яғни 101,4% өсім бар. Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалуда. Биыл 11 елді мекенді газдандыру бойынша 30 млрд теңгенің 20 жобасы жүзеге асырылуда. Нәтижесінде газбен қамту көрсеткіші 78%-ға жетеді. Облыс халқының 98,4%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Осы уақытта 5 млрд 300 млн теңгенің 13 жобасы қарқын алды. Аймақта 43 млрд 300 млн.теңгеге 300 шақырымнан астам автомобиль жолы жөндеуден өтеді. Осылайша жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 92%-дан аспақ», – деді аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.
Сонымен қатар фракция мүшелері Қармақшы ауданында «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін сатып алынған 50 пәтердің кілтін табыстады. Пәтер кілтін алғандар арасында көпбалалы, толық емес отбасылар, жетім, ата анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, Ауған соғысының ардагері, І-ІІ топ мүгедегі және өзге де әлеуметтік топ өкілдері бар.
Айта кеткен жөн, өңірде соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Биыл тұрғын үй құрылысына және дайын пәтерлер сатып алуға 34,1 млрд теңге бөлінген. Бұл арқылы 2,5 мыңнан астам пәтерді пайдалануға беруге мүмкіндік жасалмақ. Жыл басынан бері 600-ден астам отбасы қоныстойын тойлады.