Ғылым көшбасшыларына – ғажап мүмкіндік

«Ғылым ордасы» ғимаратында Президент жан­ындағы Ұлттық ғылым академиясының жа­ңа­дан сайланған академиктерін ғылыми қоғам­дастыққа ресми таныстыруға арналған салтанатты жиын өтті.

Ғылымды дамытуға бағыттал­ған жиынға еліміздің 40-тан аса жоғары оқу ор­ны мен 40-қа жуық ғылыми зерттеу институты­ның бірінші басшылары мен өкілдері, сондай-ақ 50-ден астам жас ғалым қатысты.

Алқалы жиынды ашып берген ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев Ұлттық ғылым академиясының нақты мүшелерінің сандық құрамы көп болмайтынын атап өтті. Ол әділ сайлау негізінде еліміздің ең лайықты, даңқты ғалымдары ғана академик болуы қажет екенін, сонымен қатар академиктер қатарын жасанды «өсіруге» болмайтынын негізге алды. 

– Мемлекеттік академияның ерекшелігі ол академик атағы «мансап тәжін» білдіретін немесе зейнетке шығудың жайлы орны ретінде қарастырылып келген ерекше мәртебелі ұйым болмайды. Біз оның құрамына қоғам қайраткерлерін, саясаткерлерді,  мемлекеттік қызметкерлерді немесе табысты кәсіпкерлерді алмаймыз. Біздің міндетіміз – ғылымның белсенді көшбасшыларын, нағыз ғалымдарды, оның ішінде дарынды жастарды біріктіру, олардың елімізге елеулі пайда әкелуіне мүмкіндік жасау. Дамыған озық елдердің өзінде ғылыми потенциалы жоғары болуына қарамастан, ұлттық академиялардың толық мүшелерінің саны шектеулі. Егер біз әлемде академиктер саны бойынша алғашқы сатыға жайғассақ та, бұдан ғылымымыз өркендеп кетпейді, – деді ол. 

Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, академияның жаңа мүшелерін сайлау кезінде елдің ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындары ұсынған үміткерлер арасынан үш кезеңдік сайлау өткізілген. Сараптама нәтижелері бойынша ең көп ұпай жинаған, бағдарламаны қорғау нәтижелері бойынша ең жоғары бағалау көрсеткішіне ие болған, сондай-ақ академиктердің жалпы жиналысына қатысушылардың жасырын дауыс беруі арқылы кемінде үштен екісі дауыс берген үміткерлер академик болып сайланған. Жаңадан сайланған академиктер қатарында Ақылбек Күрішбаев, Асқар Жұмаділдаев, Серік Ақшолақов, Вячеслав Локшин, Тілекқабыл Рамазанов, Ерлан Тұрыспеков, Максим Здоровец, Сұраған Дөрбетхан, Дархан Біләлов сынды ғылым саласына сүбелі үлес қосып жүрген ғалымдар бар. Жиында оларға дипломдар мен арнайы төсбелгілер табысталды.

Ұлттық ғылым академиясының академиктеріне тағылған төсбелгі ғылым мен білімнің тұтастығын бейнелейтін, сондай-ақ Қазақстан қоғамы мен экономикасын дамытуға жоғары интеллектуалдық үлес қосуға шақыратын, көрнекті ғалымдардың академия­ға бірігуін айшықтайтын шеңбер түрінде ұсынылған. Медальонның ортасында Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасының сабақтастығын айқындайтын барельефі бейнеленген. Ұлттық ғылым академиясының академигі төсбелгісі күміс және алтын жалатылған металл негізінде әзірленген. Төсбелгі «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығында» мөрленген және әрбір төсбелгінің бірегей нөмірі бар.

ҰҒА академигі, жас ғалым, PhD доктор, Назарбаев университетінің профессоры Сұраған Дөрбетхан мұндай жиынның маңызына тоқтала отырып, қазір ғылым саласын ілгерілету мақсатында мемлекет тарапынан ғалымдарға барынша қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді. 

– Елімізде әлемдік деңгейде танылып жүрген жас ғалым көп. Бұл жиын оларға «Қазақстанда да ғалымдарға мәртебе бар екен ғой» деген ой тудырады деп ойлаймын. Қазір мемлекеттен ғылыми жобаларға үлкен қаржы бөлініп отыр. Сіз ғылымға қызығасыз ба? Өзіндік идеяңыз бар ма? Онда жобаңыз туралы жазыңыз. Ешқандай мәселе жоқ. Жобаңызды тапсырасыз, Үкіметтен ауқымды қаржы аласыз. Қазір біздің еліміз үшін нағыз ғылыммен айналысатын кезең. Егер сіз ғылым жолына жаңадан аяқ басып жатсаңыз, бұл бағытта мүмкіндік көп дер едім, – деді ол.

Ұлттық ғылым академиясына жаңадан сайланған академиктердің ғылыми жобалары алдағы бес жылда жүзеге асырылады. Олардың ғылым жолында нәтижелі қызмет атқарып, осы бағытта мол жетістіктерге қол жеткізуі үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Академиктер ғылыми жобалары мен тың еңбектерін ұсынып қана қоймай, қоғамдық ұйымдарға жетекшілік етуге де құқылы. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы