Фильм кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасы New Currents секциясына қатысып, жүлделі орынға бақ сынамақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Фестиваль 2024 жылдың қазан айының 2-11-і аралығында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Пусан – әлемнің түкпір-түкпіріндегі кәсіби кино майталандардың назарын жыл сайын өзіне аударып келе жатқан Азиядағы ең ірі кинофестивальдердің бірі. Фестиваль аясындағы конкурстық New Currents бағдарламасы дәстүрлі түрде жас режиссерлердің бірінші және екінші фильмдеріне баса назар аударып, айта ойы бар, көркемдік сапасы жоғары туындылардың халықаралық көрермендерге жетуін мақсат тұтады.
Елзат Ескендірдің шығармашылық жолында Пусан кинофестивалінің орны ерекше. 2016 жылы Елзаттың «Өліара» қысқаметражды көркем фильмі осы фестивальдің Wide Angle т конкурстық бағдарламасына қатысып, бас жүлде Sonje сыйлығына ие болған. Биылғы жылы да режиссер Пусанға арнайы барып, «Әбіл» фильмін халықаралық көрермендерге таныстырмақ.
«Әбіл» фильмі Кеңес Одағы құлап, колхоз-совхоз тарап, мал-мүлік бөліске түсіп, елде приватизация болған кезеңдегі қиянатқа ұшыраған қарапайым адамдар мен қараусыз қалған қазақ ауылындағы бейберекетсіздікті суреттейді. Сол арқылы кинотуынды тәуелсіздік басындағы күрделі уақыт ағымындағы қазақ халқының рухани кейпіне, психологиялық күйіне әлеуметтік талдау жасауды ұсынады. Фильмде кеңестік жүйе кезіндегі адам өмірінің құнсыздығы, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігі мен өз жерінде, өз елінде кемсітушілікке ұшырағаны, социализмнен капитализмге ауысу кезеңіндегі екіұдай сезім, сонымен қатар жемқорлықтың пайда болуы жайлы да ой қозғайды.
Фильм үлкен тарихи оқиғалар кезіндегі кішкентай адамдардың тағдырын суреттеуді негіз еткен.
Фильм халықаралық үлкен мамандардың қатысуымен түсірілген. Солардың бірі – белгілі режиссер Сергей Дворцевойдың «Тюльпан», «Айка» фильмдерінің қоюшы-операторы, Польяк киносының ірі өкілі Йоланта Дылевска.
Кинотуынды Алматы облысы Ұйғыр ауданында түсірілген.
Фильм продюсерлері Серік Әбішев, Сергей Әзімов, Ерлан Бекқожин.
Ко-продюсер Юлия Ким.
Басты рөлдерде белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы, публицист Ерлан Төлеутай, М.Әуезов театрының белгілі актерлері Нұржан Бексұлтанова, Әлихан Лепесбай, Ғ.Мүсірепов театрының актері Ұлан Нүсіпәлі ойнайды.
Фильм Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен "Қазақфильм" киностудиясында түсірілді. Кинокартинаның дистрибьюторы – Tanaris студиясы.