Қазақстандықтар орта есеппен 307 мың теңгеден несие рәсімдейді. Қарыздың жартысынан көбі Алматы, Нұр-Сұлтан және үш облыстың тұрғындарына тиесілі. Бұл деректі Бірінші кредиттік бюро жариялады. Сондай-ақ несиені алғаш рет алып тұрғандардың саны да жыл сайын жаңарып тұрады. Мәселен, 2019 жылы 580 мыңдай адам бірінші рет несие рәсімдеп, банктерден 176 млрд теңгеден артық қаражат алған. Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, тұтыну несиесі орта есеппен 207 мың теңгеден басталса, ипотекалық қарыз көлемі 9 млн теңгеден, автонесие 3,67 млн теңгеден басталады. Бұл тұрғыда барлық несиенің жартысынан көбі (52%) Алматы мен Нұр-Сұлтанның және Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындарына рәсімделген. Осылайша былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның жалпы несиелік портфелі 25 трлн теңгені құраған. 2018 жылғы көрсеткіштен 7%-ға немесе 1,8 трлн теңгеге артық.
Ал Ұлттық банктің таяудағы мәліметінде, 2020 жылдың 1 қаңтардағы жағдайы бойынша қаржы институттары ел азаматтарына тұтынушылық мақсат үшін 4,3 трлн теңге бергені айтылды. Оның ішінде 408,2 млрд теңгесі мерзімі өтіп кеткен (90 күннен астам), яғни кешіктірілген қарызға жатады.Иә, 4,3 трлн теңге өте мол ақша және ол тұтынушылық мақсатқа берілген. Яғни, бизнеске салуға, баспана алуға, автокөлік мінуге емес – тұтынуға. Яғни, күнделікті тұрмыстық қажеттілік үшін алынған. Сарапшылардың есебінше, Қазақстанда азық-түлік сатып алуға деген шығын көлемі үш жыл қатарынан өсіп келеді. Мәселен, 2006-2007 жылдары азық-түлікке жұмсалған шығын 41,7% мөлшерінде болса, 2017 жылы – 50,3%, 2018 жылы 52,2%-ға артқан. Егер осы сандарды ЕАЭО-тағы елдермен салыстырар болсақ, соңғы бес жылда ішіп-жемге жұмсайтын қаржы Арменияда (46,2%-тен 39,5%-ке), Беларусьте (37,7%-тен 36,3%-ке), Қырғыз Республикасында (54,6%-тен 48,2%-ке) қысқарып отырған. Рас, тапқан-таянғаныңды тамаққа жұмсау жақсылықтың нышаны емес. Айлықтың үлкен бөлігіне азық сатып алу қалтаңның мүмкіндігін емес, елдегі қымбатшылық деңгейінің көрсеткішін білдіретіні белгілі. Мәселен, дамыған елдерде халықтың ай сайынғы кірісінің 15-20% азық-түлік сатып алуға кетеді екен. Ал Қазақстан тұрғындарының 11,3% ғана кірісінің 25% азық-түлікке жұмсаса, жартысынан көбі табысының 50-60%-ын кетіреді. Демек, елдегі инфляция мен айлық табыстың арасы тым алшақ екені осыдан-ақ көрініп отыр. О баста, қарыз алуды адамзатқа кім үйреткенін кім білсін?! Дегенмен біздің елге кредит алу, несие рәсімдеу түсінігі нарықпен кіргені анық. Алдымен мемлекет экономиканы көтеру үшін шетелдік несиені тартты. Кейіннен екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары сырттан әкелген қаржыны азаматтарға несие ретінде үлестіре бастады.
Алайда несиеге байланып өмір сүрудің соңы тығырыққа тірейтінін талай байқадық. Былтыр тұрғындардың қарызы басынан асып, төлем қабілеті төмендеген соң мемлекет қазынаның қаржысынан қайтарып берген. 2019 жылы 507 мың адамның 105 млрд теңге берешегі бюджет есебінен төленді. Сондай-ақ бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол бойынша енді банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың кредит бойынша қарызы 90 күннен асып кетсе комиссия есептемейді. Бұрын уақытында төленбесе әр күн сайын өсімпұл 0,5%-ға өсіп отыратын. Онсыз да несиесін төлей алмай отырған жанға бұл «жығылғанға жұдырықтай» тиетін еді. Енді оған тоқтам жасалды.Десе де, мемлекет жыл сайын халықтың несие қарызын жауып беріп отырмасы анық. Оның үстіне несие несібені көбейтпесіне де көз жеткендей. Ел тұрғындарын жаппай несие алудан құтқарудың келесі жолы – жалақыны көтеру. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ең төменгі жалақы мөлшерін көтерудің түрлі жолын іздестіріп жатыр. Ол үшін ең төменгі күнкөріс шегі қайта қаралмақ. Бауыржан БАЗАР