Десе де, жанкүйер арасында кей спорттың қорытындысына, спортшының дайындығына көңілі толмайтындар кездесті. Ел намысын қорғап, әлемдік додаға аттанатын спортшының жүлдеге жетуі үшін соған сәйкес жағдай жасалуы керек-ақ. Ал олимпиада қаншалықты әділ өтті? Қазақстандық спортшылар қандай дайындықпен барды? Осындай сұрақтар төңірегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауовпен сұхбаттасқан едік.
– Париж Олимпиадасы қазақстандықтар үшін олжалы болды дегенімізбен, «әттеген-ай» дейтін тұстар аз емес. Бұл келесі Лос-Анджелесте өтетін ойынға қандай қанат бітірді?
– Токио Олимпиадасында бұдан да төмен нәтиже болды. Ал енді Париж Олимпиадасы аяқталысымен, келесі олимпиадаға дайынбыз деп айту – әлі ерте. Жақында Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Жанар Өтешева қызметінен босатылды. Бізге, әсіресе, ҰОК-нен гөрі федерация мен министрліктің тікелей қатысы бар. Токиодан кейінгі Париж Олимпиадасында біз күткен жетістік болды деп те айта алмаймыз. Өйткені нәтиже халықтың көңілінен шыққан жоқ. Неге? Олимпиадаға қыруар қаржы бөлініп, бірқатар жұмыс атқарылды. Ел оның нәтижесін күтетіні белгілі. Осындай жағдайда «кім кінәлі?» деген сауалдың тууы да заңдылық.
– Олимпиаданың кей ойындарының қорытындысы көңіл көншітпегені рас. Медаль алған спортшылардың ішінде ұпайы ұрланғандар болды деген пікірлер айтылды. Олимпиада қаншалықты әділ өтті?
– Иә, кез келген олимпиададан кейін мұндай пікірлердің болуы – заңдылық. Кейбірімен келісуге де болады, кейбірімен келіспеймін. Өйткені бұл – спорт. Кейде шектен тыс ұпай беріп жататын тұстары бар шығар. Сондай жағдайда ғана «әділ өтпеді» деп айтуға болады. Бірақ барлық жарыс «әділетсіздіктерден» тұрмайды. Париж Олимпиадасында да «есептеу керек еді» дегендей пікірлер айтылды. Бірақ нақ ұпайын жұлып алып берген жағдайды көрмедік.
– Жазғы Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін бокс спорт тізімінен алынып тасталуы мүмкін деген ұсынымдар айтылды. Егер бокс тізімнен шығатын болса, қазақстандық бокстың жағдайына кері әсерін тигізбей ме?
– Біріншіден, боксты олимпиададан алып тастаса, бұл спорттың бірден қызығушылығы төмендейді. Екіншіден, бұл әлі нақты шешім емес. Бір жағынан олимпиаданың басталуынан жарты жыл бұрын жарыстың өтуі, жеребенің лақтырылуы, кімдердің бәсекеге шығуы жиі талқыланып, жеңетіндер үшін ақша салу сияқты әрекеттер көбейіп кетті. Бұл спортты шектен тыс коммерцияландырып жіберді. Осындай әрекет бокста көбейген соң олимпиада ойындарынан алып тастаймыз деген пікірлер айтылған шығар.
– Олимпиада кезінде ойынға қатыспай, оған дейін шығып қалған спортшылар жайында не айтасыз? Олимпиадаға аттанар алдында спортшылардың жан-жақты пысықталмағаны ма?
– Президентіміз спортқа ерекше көңіл бөліп, реформа жасап, нақты өзгерістер қажет екенін айтып, тапсырма берді. Ермек Маржықпаев Спорт министрлігі тізгінін қолына алғаннан кейін федерация басшыларымен кездесу өткізді. Жалпы алғанда, мемлекеттің бөліп жатқан қаржысы басқа елдерге қарағанда әлдеқайда көп. Мен журналистерге берген бір сұхбатымда «Елдің намысын қорғайтын, жалауы желбірейтін жерде әр адам жауапты болуға тиіс; әрқайсысы жауап беруге міндетті; федерация басшысы министрмен тығыз жұмыс атқарып, алдағы жоспарларымен ақылдасып, бөлісіп отыруы керек» деп айтып едім.
Кей спортшылардың олимпиадаға аттанып, ойынға қатыспауы, әрине, халықтың ашуын туғызды. Мәселен, ел Елена Рыбакинадан үлкен үміт күтті. Біз теннис пен бокстан алтын күткеніміз рас. Одан кейін, әр олимпиадада ел күтпеген спорт түрлерінен медаль алып жатты. Осындай сәттіліктер болып жатса, үш алтын медаль алсақ, біз үшін олжа болар еді деген ой болды. Бірақ екі спортшымыз да алдын ала айтпай, олимпиададағы жарыстан бас тартқаны халықтың ашу-ызасына тиді. Спортшы өзіне жүктелген жауапкершілікті сезіне алуы керек еді. Мысалы, теннисші Новак Джокович бес рет олимпиадаға қатысқан екен, төртеуінде жеңіліп, бесінші осы Париж Олимпиадасында чемпион атанды. Сол сияқты біз де Рыбакинадан қатты үміт күттік. Кейін не болғанын, жағдайын түсіндіріп, өзі кешірім сұрады. Негізі, олимпиада алдындағы іріктеуден бастап, жарыс кезінде спортшылардың ауырып қалмауын, жарақат алмауын федерацияның өзі қатаң түрде қадағалауы керек еді. Федерация министрліктің алдында нәтиже туралы, мысалы пәлен медаль алу жоспарда бар дегендей есеп береді. Сол кезде федерация осылай болатыны туралы айтуы керек еді.
– Бокстағы «қазақ стилін» бәсекеге қабілетсіз деп сынап жатқандар да табылды. «Қазақ стилі» деген қандай стиль? Жүлдеге біртабан қалғанда оны жұлып ала алмау боксшының әлсіздігі ме, бапкердің қателігі ме?
– Қазақ боксының мықты жағы көп болғаннан кейін өзіміз «қазақ стилі» деп шығарып алдық. Бұл жерде Мырзағали Айтжанов – Қазақстанға бұрыннан еңбегі сіңген адам. Оны ешкім өшіре алмайды, оған күмән да жоқ. Ол кісінің есімі тарихта алтын әріппен қалды. Бірақ заман күн санап өзгеріске ұшырап жатыр. Сондықтан нәтиже болмаған кезде жауапты адамды да ауыстырып отыру керек. Сол себепті еңбегі сіңсе де, артынан нәтиже болмаса, сол кезде орнын ауыстыру керек шығар. Ертеңгі күні халықтың алдында жауап беретін болғаннан кейін дұрыс шешім қабылдау керек пе еді? Ал кешегі Жазғы Олимпиада ойындарына барған спортшылардың дайындығы, бірінен кейін бірі ұтылғаны – халықтың көңілінен шықпағаны рас. Он күнде 5-6 олимпиада чемпиондарымен, жүлдегерлерімен, бірнеше еңбегі сіңген спорт шеберлерімен кездестім. Спорт мектептеріне бардым. Мысалы, Ризабек Айтмұқанның тренері күрестен тұңғыш әлем чемпионын шығарды. Ризабек бірден-бір үштікке кіруге үміткерлердің бірі еді, бірақ олимпиадаға бара алмай қалды. Не себепті тұңғыш Әлем чемпионы алты ай қалғанда кетіп қалды. Оның себебін нақты ешкім білмейді. Ол неге қатыспады? Әлде біреулер кедергі келтірді ме? Бізде бірін-бірі мойындағысы келмейтіндер көп. Сосын бізде тағы бір дүние – мектептер кеңес кезіндегі күйінде қалып қойған. Мектептерде жалпы физикалық дайындық дұрыс емес. Қазір – ғылымның заманы. Өркениет заманы. Ал біз сол өркениетке ілесе алмай келеміз. Тұрғындармен жиі кездесеміз. Сол кездесулерде көпшіліктің пікірі осыған саяды.
Эдуард есімді жаттықтырушы бар, физикалық дайындықты жақсы ұйымдастыратын. Қазір Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаевты дайындап жатыр. Одан бөлек, Ризабек Айтмұқан, Елдос Сметов, Демеу Жадыраевқа да көмектескен. Ол көмектескеннің бәрі жақсы нәтижеге қол жеткізген. Бұл Эдуардтың жаттықтыру білімінің жоғары екенін көрсетеді. Былайша айтқанда, ауылдағы жаттықтырушылардың басым бөлігінде білім жоқ. Олардың арасында семинарлар ұйымдастырып отыру керек. Күрес түрі бұрынғыдан өзгерген. Күрестің өзі физикаға көп көңіл бөлуді талап етеді. Бүгінде бізге жетіспей тұрғаны да осы – осындай мықты мамандар.
– Биыл Жазғы Олимпиада ойындарына алғаш рет еніп отырған спорт түрлері болды. Оған қазақстандық спортшылардың дайындығы жеткілікті деңгейде болды ма?
– Қазақстанда жүгіру, жеңіл атлетика, жүзу спорт түрлерінен бір ғана мықты спортшы шықса, олимпиададан үш-төрт медаль ала алатындай қауқарға ие. Бұл спорт түрлерін дамытқан жақсы. Бірақ онымен көбіне қаланың балалары айналысады. Өйткені ауыл балалары бассейнге, жеңіл атлетика түріне қатыса алмайды. Себеп – жаттығу залдары жоқ. Сондықтан ауылдағы ағайын балаларын мүмкіндігінше күрес, бокс сияқты жұдырықтасатын спорт түрлеріне көбірек береді. Әрі олар осы спорт түрінде жүргендерді жақсы таниды, соларға жанкүйер болады. Мысалы, кешегі Париж Олимпидасында гимнастикадан жүлде алғанымыз ерекше сый болды. Мұндай спорт түрін, яғни жеңіл атлетиканы шетелдіктер жоғары бағалайды. Әрі бұл – адамның денсаулығына пайдалы спорт түрі.
Бізде керісінше жекпе-жек спорт түрлеріне көбірек басымдық береді. Өйткені ондай спорт түрлері көпшіліктің назарында болады. Айтқымыз келгені, бұрыннан келе жатқан батырлар, Қажымұқан, Балуан Шолақ, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов есімдері көпшілікке жақсы танымал. Оларды да халық ерекше құрмет тұтады. Балаларының осындай тұлғаларға еліктеп, мықты спорт шебері болғанын қалайды. Мұның да ұтымды тұсы бар. Сол себепті де біз жұдырықтасу спорт түрлерімен қатар, өзге спортты да дамытуға күш салуымыз керек. Әрі насихатына да көбірек көңіл бөлінсе, құба-құп. Өйткені бір Баландиннің алтыны қаншама баланың жүзу спортына деген үмітін оятты. Бұл жағдай бізді ерекше қуантады. Келешек жүзгіш чемпиондар шықпасына кім кепіл?!
– Олимпиадаға баратын спортшыдан жақсы нәтиже көру үшін дайындық жағдайы да жақсы болуы керек. Қазақстандық спортшылардың дайындалатын, жаттығуын жүйелі түрде жүргізетін спорт кешендерінің жайы қалай?
– Тағы да қайталап айтқым келеді: біз олимпиадалық спорт түріне көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Кәсіби хоккей, футбол клубтары, велоспортқа қаражат көп бөлінеді. Керісінше, кей спорт түрлері мүлдем назардан тыс қалып қояды. Мәселен, кейбір спорт-мектептерінде бассейнге, тағы басқа спорт залдарына жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Қазір заманауи жабдықталған фитнес-клубтар бар. Сол сияқты мектептерге, спорттық кешендерге де жақсы тренажерлер неге қоймасқа?! Алматыда олимпиадаға резервтер дайындайтын бар-жоғы үш спорт мектебі бар. Сол жерден атақты олимпиада чемпиондары көп шықты. Бірақ қазір осы мектептерде жаттығуға арналған толық жабдықтар жоқ. 16 жылдан бері ауыстырылмаған қапшықтар жыртылып жатыр. Тағы бір өзекті дүние – ауылдық жерлерде жаттықтырушылар жетіспейді. Жалақы төмен. Мықты мамандар жалақы аздығынан қосымша жұмыспен айналысады. Сананы тұрмыс билеп кетеді. Ауылдық жерлердегі кадр тапшылығы да спорттың дамуына өз кедергісін келтіріп жатыр.
Сондықтан да кейбір спорт түрлерін қысқартуға қарсы емеспін. Олимпиадалық спортқа жатпайтын қанша спорт түрі бар?! Қаншама жұмыс істеп келе жатқан федерациялар бар. Ол жерде жүздеген, мыңдаған спортшы дайындалып жатыр. Бірақ ол олимпиадалық спорт түріне жатпайды. Осы жерге келгенде дұрыс шешім қабылдаған жөн шығар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сымбат БЕГіМБАЙ