Сондықтан әр жылда диқан қауымы «Иә, Алла көктен жаудырып, жерден өндіріп бере гөр» деп Жаратқаннан ала жаздай төккен терінің өтеуі қайтқанын тілейді. Алайда жер қарайғаннан танапқа тырма салатын шаруалардың алдынан кесе-көлденең кездесетін қиындықтары аз емес.
Соңғы жылдары су мәселесі атыз жағалаған ағайынды шаршатты. Әсіресе, суармалы алқаптарға күні қараған шаруалардың мәселесі шаш етектен келеді. Бұл, әсіресе негізгі кәсібі – күріш шаруашылығымен тығыз байланысты Сыр өңірінің еңбеккерлеріне оңай соқпай тұр. Себебі күріш дақылы суды көп қажет ететін өнім. Әсіресе, вегетация кезеңінде мол суға сұранып тұрады.
Мамандар тарапынан жылма-жыл суды үнемдеудің түрлі тетігі қарастырылып келеді. Соның ішінде Сыр салысымен жан бағып отырған шаруалар ата кәсібінен қол үзіп қалмау үшін түрлі жолын қарастырып әлек. Күріштік алқаптың көлемін азайтып, оның орнына көкөніс, бақша өнімдерін егу бастамасы соған айқын дәлел.
Негізінен, бұл әдіс Сыр өңірінде бірнеше жылдан бері жүйелі түрде қолға алынды. Көкөніс, бақша дақылдарын егуге ниетті тұрғындарға оңтайлы мүмкіндік жасау бастамасына бетбұрыс жасалды. Арнайы жер телімі беріліп, басқа да мүмкіндікке жол ашты. Бірақ өкініштісі сол, «бақша өнімдерінен көл-көсір пайдаға қарық болдым» деген шаруаны әлі күнге кезіктірген емеспіз. Бұл жерде тағы да сол су мәселесі бір бүйірден тартады да тұрады. Ал сол су тапшылығы тығырыққа тірегенде шешімін кімнен сұрарыңды білмей абдырап қаласың.
Биылдың өзінде облыс бойынша барлығы 192,7 мың гектарға егін орналастырылған. Ал жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суаруға 3,7 млрд текше метр су лимиті белгіленген. Соған орай суды үнемдеуге бағытталған шаралар назарға алынып, 19,8 мың гектар жерге көкөніс, бақша дақылдары егіліпті. Ал одан алынған өнім көңіл көншіте ме? Облыстың Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасынан осы төңірегінде сұрап көрген едік.
«Соңғы жылдары өңірдегі су тапшылығына байланысты егіс көлемін өткен жылмен салыстырғанда едәуір азайттық. Нақты айтқанда, жалпы егіс көлемі 646 гектарға кемісе, оның ішінде күріш көлемін 4,8 мың гектарға төмендеттік. Есесіне егіс көлемін әртараптандыру бағытындағы дақылдардан биылға қосымша соя дақылын 135 гектарға арттырып, қант құмайы 290 гектарға, дән жүгері 1700 және сүрлем жүгері 793 гектарға жеткізілді. Көкөніс, бақша дақылдарына да басымдық берілді. Соның ішінде көкөніс, бақша дақылдарынан бүгінгі күні 3,7 мың гектар көкөніс жиналып, одан 73,2 мың тонна өнім алынды. Орта өнім гектарына 196,3 центнерден келеді. Ал бақша дақылдарынан 4,9 мың гектар жиналып, 117,8 мың тонна өнімге қол жеткіздік», – деді бұл жайында басқарманың егіншілік және өсімдік қорғау бөлімінің басшысы Асылжан Жарылқасынов.
Аймақтың басты дақылы – күріш шаруашылығына келсек, өңірде биыл күріштің көлемі 84,3 мың гектарға жеткен облыс бойынша егілген күріштің жағдайы 85,3 пайызға жақсы, 13 пайызға орта, 1,7 пайызға нашар деп бағаланып отыр.
Басқарма тарапынан бүгінде шаруашылық құрылымдары егілген ауылшаруашылық дақылдарын күтіп-баптау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай жүргізгенін айтады. Атап айтқанда, егілген күріш егісінің 63,9 мың гектары арамшөптерге қарсы гербицидтермен өңделсе, 68,2 мың гектары тыңайтқыштармен үстеп қоректендірілген.
Әр жылы несібесін жерден терген шаруалар егін егу және жинау науқанында жанар-жағармайға бас ауыртып жатады. Биылғы жылы бұл тұрғыда анау айтқандай мәселе туындамағанын айтады. Басқарманың мәліметіне сәйкес, Қызылорда облысы бойынша биылғы науқанға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қолда бар 4400 бірлік техникалары толық жөндеуден өткізіліп, күзгі егін жинау науқанына қатыстырылуда. Ал күзгі егін жинау және дала жұмыстарын жүргізу үшін биылғы науқанға жанар-жағармай қажеттілігі 8,1 мың тоннаны құраған. Дизель отынымен қамту жұмысын 4 мекеме үйлестіріп отырғанын алға тартады. Қазір арзандатылған дизель отыны шаруашылықтарға 247-250 теңгеден таратылуда екен.
«Бүгінде облыс бойынша барлығы 56,5 мың гектар күріш егісінің суы байланды. Негізгі дақыл күріштің 290 гектары орылды, ору-бастыру жұмыстарын қазанның бірінші онкүндігінен кешіктірмей толық аяқтау жоспарлануда. Қолда бар техникалар түгел күзгі егін жинау науқанына қатыстырылып жатыр. Қажетті жанар-жағармайға қатысты мәселе жоқ. Ендігі мақсат – піскен өнімді төкпей-шашпай жинап алу. Тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде», – дейді бөлім басшысы.
Осы орайда жергілікті шаруашылықтар соңғы жылдары тіршілік нәріне қатысты түйткілдер де бар екенін жоққа шығармайды. Ала жаздай атыз жағалап, атқарған тынымсыз еңбектері зая кетуден қорқып, күн кешіп отырғанын алға тартады. Берекелі күзде мол өнімге кенелу үшін суды үнемдеудің түрлі тәсілін қолданып жатқанын алға тартады.
«Күріш дақылы суды көп қажет ететіні баршаға аян. Алайда соңғы жылдары елімізде су тапшылығы сезіліп, көптеген шаруашылықтың шаруасына өз салқынын тигізіп отыр. Былтыр су тапшылығынан көп зардап шектік. Биылғы жағдай жылдағыдан тәуір. Яғни, су жылдағыға қарағанда жеткілікті деңгейде болды деп айтуға толық негіз бар. Сонда да қамсыз отыруға болмайды. Өзіміздің шаруашылық тарапынан арнайы егістік алқапқа су тартатын сорғылар алып орнаттық. Бұл бүгінгі таңдағы тіршілік нәрінің тапшылығынан алып шығатын бірден-бір тәсіл болып тұр. Сонымен қатар өңірде тұқымға қатысты түйткілдер де қылтиып көрініп қалады. Әсіресе, соңғы жылдары қолданыстағы күріш сұрыптары жиі ауырып қалып жүр. Тұқым шаруашылығымен де айналысатын серіктестік ретінде бұл қиындықты еңсеруге жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта қиындықты еңсереміз деген ойдамыз. Осы орайда айта кету керек, шаруашылығымыздың иелігінде жайқалған алма бағымыз да бар. Алғашқыда 4 гектарға еккенбіз. Биылғы қосымша 5 гектарға алма ектік. Жақсы өнім берді. Жалпы, егінжайда шешімін күткен мәселелер аз емес. Қиындықтар кезең-кезеңімен реттеледі деп үміттенеміз», – дейді «Жаңажол» серіктестігінің төрағасы Орынбасар Төлепов.
Жалпы, жылда жеңімпаз танылатын «Жаңажол» шаруашылығының жұмысы жүйелі. Күрішпен қоса, көкөніс, бақша дақылдарын өсіруге де ден қойып келеді. Биыл 3100 гектарға сыр салысын еккен. Сондай-ақ 10 гектарға көкөніс өсіріп отыр. Жақсы өнім алуға үмітті.
Қалай дегенде де, мамандар тарапынан биылғы көрсеткіш былтырғыдан төмен болмайтынына сенім білдірді. Ал жыл сайын су таппай сарсаңға түсіп, тұқым сапасына түңілген шаруашылықтар болса, түйткілдер рет-ретімен шешілсе деген тілегін жеткізді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы