Маманның пікірінше, АЭС салу елдің дамуына мультипликативтік ықпал етеді. Нақты айтсақ, әлеуметтік жағынан ғылыми-техникалық өсім болып, еліміздің жоғары білікті кадрлық потенциалы дамиды.
Келешекте болуы мүмкін энергетикалық тапшылықты жою үшін АЭС салуымыз қажет – сарапшы
matritca.kz
1,002
оқылды

Бұл туралы «Қазақстан атом электр стансасы» ЖШС  Атом энергетикасы басқармасының жетекші инженері Асуан Сиябеков айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. Ендеше, сарапшының АЭС мәселесіне қатысты отандық БАҚ-қа берген түрлі пікірін назарға алып, шолу жасап көрдік.

Батыста АЭС не үшін қолданылады?

Сарапшы Асуан Сиябек ең алдымен АЭС салудағы басты мәселенің бірі «қалдыққа» байланысты былай деп пікір білдірді:

– Атом электр стансасымен жылу электр стансасын салыстыратын болсақ, әуелі ол жердегі күл, қоқыс, басқа да элементтердің шығуына тоқталып өтуіміз қажет. Егер басқа энергетикалық қуаттан қалатын шығарынды 10 миллион тоннаға жетсе, атом электр стансасынан қалатын шығарынды өте аз мөлшерді құрайды. Еуропа елдерінде және Батыс елдерде АЭС жасыл энергетикалық бағытты және көміртекті қолдануды азайту үшін пайдаланылады, – дейді ол.

Асуан Сиябектің сөзінше, АЭС салу мәселесінде біз тек қана заманауи технологияны қарастырып отырмыз. Заманауи дегеніміз – 3 буынды, реакторлық технология. Соның ішінде су реакторлары қысымда тұр. Олар 50 жылдан басталады. Бірақ осы кезге дейін ешқандай апат тіркелмеген, демек аталған реакторлар әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. 

АЭС-тың пайдасы

Одан бөлек маманның пікірінше, АЭС салу елдің дамуына мультипликативтік ықпал етеді. Нақты айтсақ, әлеуметтік жағынан ғылыми-техникалық өсім болып, еліміздің жоғары білікті кадрлық потенциалы дамиды. Мәселен, құрылыс кезінде жұмысқа 8-10 мың адамға дейін жұмылдырылады. Жалпы, АЭС салу кезінде 1 жұмыс орынның өзі экономиканың аралас саласындағы 10-нан астам жұмыс көзін құрайды. Соның арқасында тұтынушыларды 60 жылдан астам уақыт үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Бұдан өзге парниктік газдар шығарындыларын жылына 10 млн тоннаға дейін төмендетуге жол ашылады.

«Қазіргі уақытта вендорды (вендор – меншікті брендімен тауарларын ілгерілететін немесе жеткізетін заңды не жеке тұлға) анықтау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Оны биыл анықтайтын болсақ, 10-12 жылдың ішінде жұмыс істеліп, 2035 жылы АЭС-ты пайдалануға болады деген болжам бар», – дейді А.Сиябек.

АЭС неге Үлкен ауылға салынуы мүмкін?

Энергетикалық саланың маманы, оған қоса станса салынуы мүмкін жердің ерекшелігіне тоқталып, неге бұлай болатынын айтты.

«Бастапқыда атом электр стансасын салатын 2 алаң қаралған болатын. Оның біріншісі – Абай облысындағы Курчатов қаласының, екіншісі – Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылының аумағы. Техникалық, гидрологиялық, гидрометрологиялық жағдайларын салыстырып қарағанда, екі алаңды тең деуге болады. Бірақ Үлкен ауылының аумағы инфрақұрылымдық жағынан біршама артықшылығы бар. Ол қандай? Мысалы, Балқаш жылу электр стансасының құрылысы басталған. Бірақ құрылыс тоқтап қалды. Нысан салу үшін тегістелген жер бар. Жұмысшылар кенті салынған. Салқындатқыш тоғаны, 110/10 кВт қосалқы станса, 500/220 кВт тірек қосалқы станса бар. Сондықтан дәл осы алаң қолайлы деген шешім қабылданған. Үлкен ауылының тұсына салынатын стансаға қазіргі уақытта 2 алаң қарастырылып отыр. Оның бірі ауылдан 3 шақырым, ал екіншісі 12 шақырымнан астам жерде. Шешім әлі нақты қабылданған жоқ», – дейді сөз арасында «Қазақстан атом электр стансасы» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің инженері Асуан Сиябеков.

Одан кейін Асуан қазақстандықтарды тағы да бір маңызды жайттан хабардар еткісі келеді.

 2018 жылы бізде маркетингтік бөлім жасалған. Оның құжатында қаралған басты мәселе: неше қуаттылық керек, болашақта қандай дефицит болады, АЭС-тың орналасатын ауданы мен оның жай-күйі, қандай технологиялар қаралатыны жөнінде жазылған. Осы жасаған маркетингтік бөлімді сараптамадан өткізіп, оң нәтиже алған едік. Кейін 2022 жылы маркетингтік бөлімнің жұмысы маңызды саналды. Себебі соңғы жылдары АЭС өзекті болып отыр, – деді сарапшы.

АЭС салуға ықыласты елдер

А.Сиябеков АЭС салуға қызыққан мемлекеттердің технологиялық құрылымына да тоқталып, олардың технологиялық әрі экономикалық тұрғыдан ұқсас екенін баса айтты.

– Осы уақытқа дейін 13 реакторлық технология  қаралды. Осы технологиялар да сүзгіден өткізіліп, арасынан 4 реакторлық технология таңдалып алынды. Атап айтқанда, таңдап алынған технология – Оңтүстік Кореяның, Ресей Федерациясының, ҚХР-дің және Францияның өнімдері. Барлық технология, шыны керек, технологиялық-экономикалық жағынан ұқсас. Қуаттылығы 1,2 Гб-дан 1,4 ГБ-ға дейін электр энергиясын береді, – дейді сарапшы.

Энергетикалық тапшылықты қалай жоямыз?

Жасыратыны жоқ, АЭС құрылысына қатысты қоғамда түрлі пікір, тіпті қорқыныш та бар. Оны әлеуметтік желідегі жазбалардан жиі байқап жүрміз. Десе де, маман болашақта энергетикалық дефицитті жою үшін АЭС-тан басқа дұрыс таңдаудың жоқ екеніне меңзейді.

 Кейбір азаматта өткен ғасырлардағы жарылыстардың салдарынан қалған фобия болуы мүмкін. Бірақ бұл жерде атом электр стансасын қару ретінде емес, энергия генерациялайтын нысан ретінде қарауымыз керек. Өйткені біз АЭС-тан тек энергия аламыз. Болашақта болатын дефицитті жабу үшін негізгі энергия көзі керек. Негізгі энергия көзін тек қана көмірмен жұмыс істейтін стансалардан немесе осындай АЭС-тан аламыз. Себебі олар тұрақты, сенімді және үздіксіз жұмыс істеп тұрады. Ал баламалы энергия көзін негізгі энергетикалық көз ретінде қарастыра алмаймыз. Оларға күннің ауысуы, уақыт мезгілі секілді дүниелер ықпал етеді. Сондықтан нақтылап айтайын, бізге болашақта болатын генерациялық жабдықтардың тозуының алдын алу үшін негізгі энергия генерациялайтын нысан салу керек. Ал ол – АЭС,  – деп сөзін түйіндеді ол.