Таңбаңда не сыр бар, таңбалау жүйесі?

Мемлекет басшысы осы Жолдауында Үкіметке бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұ­мыс істеуді жүктеді. Оның айтуынша, отандық бизнес­ке жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның мін­деті.

Ал бизнестің және инвесторлардың заңды қыз­ме­тіне кедергі жасау аса ауыр құқықбұзушылық деп са­­налатын болады. Осы орайда бизнес те, Парламент де­пу­таттары да Үкіметтен асыра сілтеуді және тауарларды жап­пай таңбалауды тоқтата тұруды сұрап жатыр. Мұның мә­нісі неде?

Кәсіпкер неге қапалы?

Ел Үкіметі 2023 жылғы 21 қазандағы қаулысымен, «Таңбалануға жататын тауарлар тізбесін ­айқындау туралы» 2020 жылғы 10 қыркүйектегі №568 қаулыға өзгерістер енгізді. Оған сәйкес, 2024 жылғы 1 шілдеден  барлық дәрі-дәрмекті міндетті таңбалау қолға алынды. Үкіметтің ұстанымынша, осы арқылы медикаменттердің өндірілгеннен оны ақырғы тұтынушысы сатып алғанға дейінгі «бүкіл өмірлік циклына» мониторинг жүргізіледі. Бұл – көлеңкелі нарықпен күрестің пәрменді тетігіне айналмақ.

Алматы облысының Кеген ауданындағы дәріхана провизоры, менеджері Гүлсая Асхатқызы мұның кәсіпкерлерге қандай қиындық әкелгенін айтты.

– Бұл – машақаты көп нәрсе. Оны жүргізу үшін қосымша қызметкерлер алуға тура келді. Мысалы, кез келген дәрі дәріханаға түскенде, біз олар туралы егжей-тегжейлі ақпаратты, қабылдау-тапсырудың электронды актілерін және басқасын Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесіне беріп отыруға міндеттелдік. Осыған байланысты қосарлама жұмысты атқаруға тиіспіз: біріншіден, маркаланған дәрілерді қабылдау рәсімдерін атқарып, оның бәрін әлгі жүйеде тіркеуіміз қажет. Екіншіден, халық оны сатып алғанда, дәрі-дәрмектің айналымнан шыққанын жүйеде куәландыруға тиіспіз, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, компания ақпараттық жүйеге тіркелу жұмыстарына шығындалған. Осы және басқа шығындарды дәріханалар же­лі­­­­сі дәрі-дәрмек бағасын жоғарылату арқылы өтейді. Бұдан бөлек, ауданда интернет нашарлау болғандықтан, ақаулар туындап, ақпараттық жүйеге мәлімет беру уақытылы жүзеге аспайды, кейін енгізсе, қабылданбауы мүмкін. Мұның сыртында, дәрілік препараттарды, медициналық бұйымдарды сатқанда, дәріханашылар оның әр­қайсысының таңбалау кодын кассада арнайы сканермен қосымша сканерлеуі қажет. 

«Біз ондай сканерді Қытайдан сатып алдық, бірақ онысы жарамайтын болып шықты. Қос өлшемді 2D кодты есептей алатын арнайы сканер талап етілетін болып шықты. Оны ресейлік жеткізушілер жеткізеді. Сондай-ақ әрбір дәрінің қорабы таңбаланады. Ал біздің ауданның халқы бай емес, ауылдықтар мысалы, тамақ ауруын басатын пастилкаларды, дәрі-дәрмекті қорабымен емес, пластинкамен – әрбір блистерін жеке сатып алады. Енді олай сатудан бас тартуға мәжбүрміз. Салдарынан онсыз да аз клиенттер саны тіптен кеміді», – деп тұнжырайды Гүлсая. Ол таңбалау енгізілгелі, биыл медикаменттер қымбаттағанын жет­кізді. Демек, таңбалау қарапайым бұқараға да кесірін тигізген көрінеді. 

Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орын­басары Нұралы Ергебаевтың түсіндіруінше, таңбалау саласында уәкілетті орган мен кә­сіп­керлер арасында түсінбеушілік сақталып тұр. 

– Таңбалауды енгізуден бизнес пен тұтынушылардың зардап шекпеуі маңызды. Көптеген мәселені облыстық деңгейде шешу мүмкін емес, проблемалардың шешімі республикалық деңгейге, Үкіметке барып тіреледі. Мысалы, таңбалауды барлық өңір үшін жаппай енгізгенімен, ауылдық елді мекендерді жоғары жыл­­­дамдықты интернетпен қамту проблемасын шешкен жоқ. Ауылға ұшқыр интернет келуі үшін мемлекет тиісті қаржы бөлуі қажет. Біздің тарапымыздан жарты жыл бойы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алайда таңбалау үлкен шы­­­ғындарды талап етеді. Шағын дәріханалар оны еңсере ал­май жатыр, – деді Нұралы Ергебаев.

Нарық – бюрократияның алып толқынында

«Amanat» партиясы фракциясының мү­шесі, Мәжіліс депутаты Вера Ким таңбалау фар­мацевтикалық салаға ауыртпалық әкелгенін жеткізді. Үкімет таңбалауды енгізудің негізгі мақ­­­­саты сапасыз, фальсификацияланған және контрафакт дәрілік препараттардың саудаға шы­ғуына жол бермеу екенін атады. Әйткенмен, бұрын тері бұйымдары, аяқкиім, басқа өнімдерге қатысты енгізілген таңбалау жалған, контрабандалық өнімдердің сатылуына еш тосқауыл қоя алмады. Керісінше, саудадағы заңды, түпнұс­қа өнімдердің бағасын көтеріп жіберген. 

– Дәрілік құралдарды таңбалауды және қа­да­­ғалауды енгізгенде осы жүйенің бірыңғай опе­­раторы «Қазақтелеком» шығынды ақпараттық жүйені ұсынды. Бірыңғай оператордың жү­йесінде тіркеліп, жұмыс істеу үшін нарық қатысушылары аса қымбат жабдықтарды, ІТ-фир­малардың қосымша қызметін сатып алуға мәжбүрленді. Бұл әсіресе, ауыл-аудандарда ұсақ дәріханалардың жабылуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ дәрілердің құны 27%-ға де­йін шығандады деп жатыр. Үкімет нарықта адал қызмет ететін бизнеске жаңа талаптар қойып, тәртіпті қатайтты. Сонымен бір мезгіл­де олар­ды ынталандыру немесе қаржылай қол­­дау мәселелері әлі күнге шешілмеді, – дейді депутат. 

2023 жылы қазақстандық дәрі-дәрмек на­рығында 1,38 миллиард қорап айналымда болған. Осыдан-ақ шенеуніктердің фармацевтика саласына, отандық дәріханалық бизнеске қандай бюрократиялық кедергі тудырғанын байқауға болады. Республика бойынша 8,5 мың дәріхана, 100-ден аса фармкәсіпорын мен импорттаушы компания, 500 дистрибьютор, 1 800-ден аса аурухана, клиника мен емхана сол миллиардтық қораптың әрбір бірлігін «қолмен істеу режимінде» қабылдап, босатып, жүйеден шы­ғаруға міндеттелді. Мәжіліс депутаттарының дабыл қағуынша, мұндай бюрократия проблемалары тау басынан құлаған қар жентегіндей қордалана келе, ел халқын, медициналық ұйым­дарды дәрі­­­­мен үздіксіз қамтамасыз етуге қауіп төндірмек. Тиісінше, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі ықтимал. 

Тағы бір күрмеулі проблема шешімін таппады: Қазақстанның бүкіл аумағы интернетпен толық қамтылмады. Сондай-ақ мемлекет электр қуатының тапшылығы ушыққанда «веерлік ағытуларға» көшсе, болмаса, төтенше жағдайлар туындаса, жүйеде ақаулар болса нарық қа­­­­тысушыларының іс-қимылдарын регламенттейтін, оларға жөн-жол нұсқайтын нор­мативтік-құқықтық база түзілмеген. 

Бұған қоса, шетелде өндірілген препараттарды таңбалауға байланысты «Маркировка» модуліне қатысты мәселелер пысықталмады. Қазақстан дәрі-дәрмектің шамамен 85%-ын шетелден тасиды. Сирек кездесетін ауруларға шалдыққан адамдарға бірреттік әкелінетін дәрі­лік құралдар үшін код алуға мүмкіндік жасалмағаны әшкереленді. В.Кимнің айтуынша, салдарынан дистрибьюторлық компаниялар жүйеде код берілмейтін дәрілерді сатып алып, елге әкелуден бас тартады. Азаматтарға оны заң­сыз жолдармен тасуға тура келмек. Ендеше контрабандаға керісінше, түрткі болады. Сондай-ақ халықтың денсаулығына қатер төндіреді. 

Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықованың бай­ламынша, таңбаланатын тауарлардың «өмірлік циклін», өндірістен өткізілгенге дейінгі қозғалысын нақты қадағалау үшін осы процеске қатысушылардың бәрінің септік жүйелерін бір-бірімен интеграциялау қажет болады. Басқаша айтқанда, өндірушілердің, дистрибьютор-импорттаушылардың, көтерме сауда компанияларының, дилер мен бөлшек саудагерлердің, сауда орындарының бәрінің жүйелері өрмекшінің өрмегіндей бір-бірімен тығыз байланысып жатуы тиіс. 

Бірақ бұл мүмкін емес, неге? Заңға, Кә­сіп­­­­керлік кодекске сәйкес, әрбір тауардың қоймада­­ғы қалдығы, сатып алынатын өнімнің көлемі, се­­­­ріктес-контрагенттері және басқасы «ком­­­мер­­­ция­­лық құпияға» жатқызылған. Үкі­­мет таңбалауды күштеп енгізу арқылы осы құ­­­пияларды опе­­­раторға – «Қазақтелеком­­ға» қолжетімді ет­­­­­­­ті. Депутат Сағандықова «Қа­­­зақ­­­­­­телекомның» шетелдік бағдарламалық қам­­­­тылымды пайдаланатынын айтады. Соның кесірінен, бизнестің ком­­мерциялық құпиялары шетелдіктерге қолжетімді болмай ма? Депутат­­­тар бұдан ұлттық қауіпсіздікке қатер төнуі мүм­­­­кін деп қауіптенеді. Аяқкиім, дәрі-дәрмек және басқа да халық кең тұ­­­­тынатын тауарлардың қоры мен қалдығы туралы егжей-тегжейлі ақпаратты жаттың білуі жақсылық әпермесі сөзсіз. 

Таңбалаудан пайда бар ма?

Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттарға жауабында тауарларды сәйкестендіру (DataMatrix-код) кодымен таңбалау – Қазақстанның Еуразиялық одақ аясындағы халықаралық міндеттемесі екенін еске салды. Оның түсіндіруінше, тауарларды таңбалап, қадағалау Үндістан, Америка Құрама Штаттары мен Еуропалық одақ елдері ішінде де қолданылады. Ал Еуразиялық одақ аясында Ресей мен Қазақстан белсенді енгізіп жатыр. Беларусь пен Қырғызстан ішінара қосылды. Армения одан бас тартқан. 

– Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесінің (ТТҚАЖ) бірыңғай операторы «Қазақтелеком» қазақстандық бағ­­­дарламалық қамтылымды пайдаланады. Атал­­­­ған жүйеде сақталатын және өңделетін мәліметтер «Қазақтелеком» АҚ-ның Data-орта­лығында, қорғаныш контурында сақталады. Оның деректерді өңдеу орталығы жабдықтары мен инфрақұрылымының сенімділігі жөнінен халықаралық стандартқа сай. 2022 және 2023 жылғы қа­занда ТТҚАЖ-дың ақпараттық қауіп­­­сіздік талаптарына сәйкестігі сыналды. Қорытынды­сында бұзушылықтар анықталмады, – деді О.Бектенов. 

Ол тауарлардың әртүрлі тобын таңбалау ары қарай да кезең-кезеңмен ендіріле беретінін хабарлады. Бірінші болып 2016 жылы аң терісінен жасалған бұйымдар мен киімдерге, тон-ішіктерге таңба басу бастау алды. 2020 жылғы 1 қа­­­­­­­заннан – темекі өнімдеріне, 2021 жылғы 1 қарашадан – аяқкиімдерге, 2024 жылғы 1 шілдеден барлық дәрі-дәрмекке таңбалау енгізілді. 

Премьердің мәліметінше, темекі өнімдерін міндетті таңбалау қолға алынғалы олардың бар­лық түрі бойынша акциз түсімі 46,8%-ға өсті. 2019 жылғы 191,5 миллиардтан 2023 жыл қорытындысында 281,1 млрд теңгеге дейін жетті. 2022–2023 жылдары жалпы сомасы 12 млрд теңге тұратын заңсыз темекі өнімдері табылды. 

Импортталатын аяқкиімдер бойынша қосылған құн салығы және кедендік баж 2021 жыл­ғы 7,8 миллиардтан 2023 жылғы 32 млрд теңгеге дейін 4 есе өскен. Десек те, мұн­­­­да таң­­­балаудың емес, бірінші кезекте, Әді­­летті Қазақстан қағидаттарын жүзеге асыру, коррупциямен күрес аясында кеденді тәртіпке келтіру, са­лықтық әкімшілендіруді жетілдіру сияқты шаралардың жемісі басым болса керек. 

Үкімет басшысы бүгінде Қаржы министрлігінің алкогольді өнімдерді таңбалаудың пилот­­­тық жобасын пысықтап жатқанын жеткізді. Жал­­пы, ішімдіктер бұрыннан есептік-бақылау маркаларымен таңбаланады: шөлмектердің мо­йнына акциздік марка жапсырылады. Оны сканерлеу арқылы өнімнің шынайы әлде жал­ған екенін, басқа да ақпаратын білуге болады. Бұ­рын­­­ғы үкіметтер осы арқылы әрбір арақ-шараптың өндірісі бақылауда екеніне сендірді. Алай­да қазіргі Үкімет ол марканы тиімсіз деп танып, DataMatrix-кодымен таңбалаумен ауыстырмақ. 

Қорыта айтқанда, бизнесмендер таңбалау салдарынан қандай проблемаларға ұрынғанын ашық айтып отыр. Олардың бәрі бірдей шешімін тапқан жоқ. Мысалы, Үкіметтің өзінің талдауы көрсеткендей, сүт өнімдерін таңбалауды енгізумен байланысты ірі өндірушілердің шығыны 5,8%-ға дейін, орта кәсіпорындарда – 3,2%-ға, ұсақтарында – 2%-ға дейін өскен. Өйт­кені өнім өндіретін бір ғана желіні тиісті жабдықтау шығыны 9,2 миллион теңгеден асқан. Бәлкім, бизнес пен депутаттардың жанайқайына құлақ салып, әлемде сирек ел ғана қолданатын, контрафакті тасқынына тоспа құра алмаған бұл жобаны тоқтата тұрған да әділетті болар ма еді, кім білсін?

Елдос СЕНБАЙ