"Ұлы дала жорығы" халықаралық ат бәйгесінің 4-күні басталды. Жүйріктер 400-шақырымды бағындыру жолына шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Жалтыр ауылынан таңғы 7-де басталған бәйге 50 шақырымды еңсеріп түс ауа Шуское елді мекенінің маңына барып аялдайды.
Сонымен бүгінгі жарыс жолынан барлығы 14 команда шықты. Сөйтіп, Татарстан, Түркия командалары осыған дейін ойынды тоқтатса, бүгін таңертең Оңтүстік Африка елінің командасы жолға шықпайтыны белгілі болды.
Шынын айтқанда күн өткен сайын мұндағы барша жұрт демін ішке тартып, аттардың бабы мен шабандоздың сағын сындырып алмаудың айла-шарасын жасап жүр. Көмбе жақындай түскен сайын жұрт шиырыға түскендей.
Бір айта кетерлігі команда құрамын толық сақтап келе жатқан Маңғыстаулық "Суын" қыздар командасымен "Көкмойнақ" командасы. Өзге құрамалардың көпшілігінде тек 3 жүйріктен ғана қалды деп айтса болады.
Жарыс жолында барлығы 49 ат шауып барады. Бүгінгі күн де сынаққа толы күн болмақ.
Бердібек Қабай